Тоқаев шетелдік нөмірі бар көліктерді уақытша тіркеуді тапсырды

233

24 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік нөмірі бар көліктердің мәселесін шешу үшін оларды уақытша тіркеуді тапсырды.

- Үкімет 2020 жыл 1 ақпанға дейін Еуразия экономикалық одағы аумағынан әкелінген көліктерді бір айдың ішінде бір рет уақытша тіркеуден өткізуі тиіс. Бұл тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жарамды болады, - деді Тоқаев.

Президент мұндай көлігі бар адамдар 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығы мен утилизация алымын төлеп, көлікті тұрақты тіркеуден өткізуі қажет немесе көлікті Қазақстан аумағынан шығаруы тиіс немесе заңмен тыйым салынбаған басқа әрекетті жүзеге асыруы тиіс деді.

Тоқаев бұған қоса, бас прокуратураға бұл мәселеге құқықтық баға беруді тапсырды.

Биыл қаңтардың 14-і күні ішкі істер министрлігі "Қазақстан аумағына кірген Армения, Қырғызстан, Ресей нөмірі бар көліктерді заңға сай тіркеу керегін" мәлімдеген. Қазақстан билігінің елде армениялық, қырғызстандық және ресейлік нөмірлермен жүрген автокөліктерді заң жолымен тіркеу туралы талабы кей жүргізушілердің наразылығын тудырған.

 

Пікірлер