Абай Қалшабек. Қыз Құртқаның аты неге тарихта қалды?

2121

Құртқаны білмейтін қазақ кемде-кем. Арудың аты тарихта не үшін қалды? Осы сұраққа жырға сүйеніп жауап беріп көрейік.
Тоқтарбайға Құдай Қобландыдай ұл беріп, ол ат жалын тартып мініп, Тоқтарбайдың тоқсан құлының бастығы Естеміске барады. Естеміс Қобландыны түрлі іске баулиды. Бір күні батырдың құлағына "бір дауыс кеп шулайды. Шудың себебін Естемістен естіп, қайтсем де алтын теңгені атып түсіріп, Құртқаны ап қайтамын деп, үстіне сауыт киіп, жанына болат байлап, беліне садақ іліп жолға шығады. Қобланды бара сап, теңгені екіге бөліп ұшырып, Көктім Аймаққа сертін орындаудан басқа жол қалдырмайды. Көктім Аймақ алтынмен ішін безеген, сырты күміс ақ отаумен қоса қырық түйе қазына һəм қырық құл мен қырық күңді қоса береді.
Əлқисса, Қобланды батыр Құртқа алып елге қайтады. Жолда мынадай уақиға болады:

"Мінген аты ала еді,
Қылшық жүнді қара еді.
Қобландыдай батырың
Көшті тартып барады.
Бірнеше күн жол жүріп,
Аз ғана емес мол жүріп,
Өткен күнді санады.
Бір күндері болғанда,
Қара жолдың үстінен
Қалың жылқы жарылып,
Екі жақта қалады.
Құртқа сынды сұлуың
Күймеден басын шығарып,
Жылқыға көзін салады.
Ортасында жылқының
Көкала бие жусап тұр,
Құртқаның көзі шалады.
Тоқтатып қойып күймесін,
Ағытып тастап түймесін,
Шақырып алып "сұлтан" деп,
Қобландыдай баланы,
Биені көріп сынады:
"Мынау жатқан көп жылқы
Кімдікі?-деп сұрады.
Сонау тұрған биені
Мені берсең де алғын,"- деп,
Батырға əмір қылады."

Осы жолдарда мəн беретін бірнеше тұстар бар. Ең біріншісі Құртқаның күйеуіне "сұлтан" деп сөйлеуі. Екіншісі əлі келін боп отауға кіріп үлгермеген Құртқаның күйеуінің жағдайын ойлауды бастап кеткені. Сұлтан деп ардақтаған аруға Қобландының жауабы да лайықты болады:

"Батыр Қоблан күледі
Əзіл айтып іледі:
"Басымды оққа байлаған,
Сені берсем Қыз Құртқа,
Бір елдің малын алармын,- деп,
Езу тартып күледі.
Осы жатқан көп жылқы
Сəлімбай байдың жылқысы,
Жанындай мені көреді,
Не сұрасам береді".

Осы шумақтарда ер мен əйелдің арасындағы əзілдің ғажап үлгісі көрінеді. Расында да, ерлі-зайыпты адамдардың арасындағы əзіл өте құнды дүние дүр.

"Тағы Құртқа сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
"Тобылғы меңді торы атың
Жауға мініп шабуға
Жарамайды бұл, -дейді.
Жан серік атың, сұлтаным,
Көкала бие ішінде
Көкбурыл құлын бар, -дейді,
Жан серік атың сол, -дейді.
Құртқаның сөзін сынарсың,
Жылқысы болса ағаңның,
Ала көр бірақ сен, -дейді."

"Сұлтаным" деп ерін ардақтаған Құртқаның бұл жолдарда жарының қамын ойлаудан бөлек батырдың бағасын білетін, ат танитын сұңғылалығы қоса көрінеді. Жалпы жырдың басынан аяғына дейін Құртқаның атқа мініп, жау қайырған ерлігі көрінбейді. Оның тарихта қалуының ең түпкі сыры, бар құпиясы Құдай қосқан қосағының қамын ойлап, оны "сұлтаным" деп ардақтай білгенінде жатыр.
Сонымен, Қобланды Құртқаның сөзіне құлақ асып, Естемісті "Қырық нар қазынаны жүгімен қоса алсын да, маған көк ала биені берсін" деген сəлемдемемен Сəлімбайға жұмсайды. Сондағы Естеміске Сəлімбайдың берген жауабына қараңыз:

"Бұл жібердім қалаға,
Бұзау, баспақ, танаға.
Арнап едім балаға.
Бір тайдың несін сұрайды
Əкете бермей далада?!
Бір тай түгіл Қобланнан
Жалғыз жаным садаға!
Қалағанымды алдым деп,
Мақтанып барсын алдына,
Тоқтар сынды ағаға".

"Бір тайдың несін сұрайды, Əкете бермей"далада деген тармақтарда тарпаң мінезді қазақтың мəрт болмысы, сахи жомарттығы көрінеді. Мəрттік пе мəрттік?!

Сонымен Сəлімбай көкала биені Қобланды береді. Құртқа болса көкала бие құлындағанда басында тұрып, тонына орап бағады. Осы сəт жырда былай суреттеледі:
"Алтын тонға орады,
Аузын үріп сыпырып,
Шүкір ғып Хаққа тұрады.
Аршын басты бурылы-
Қабырғада қанаты,
Сұлтанының жан аты".

Ия Құртқа сұлтанының атына осылай қарайды...
Арада біраз уақыт өтеді. Қобланды жылқының жайын білмекке жайлауға аттанады. Құртқа сұлу Бурылды баптап, жарының жайын ойлайды. Бурылды қалай баптағаны жырда інжу маржан мына жолдармен өріледі:

"Алты жаста ақтатты,
Өзіне өлшеп бурылдың,
Алтыннан тұрман қақтатты.
Ат болар деп батырға
Бурылын мақтатты.
Құртқа сұлу батырға
Қарағай найза саптатты.
Алмас қылыш соқтырып,
Күмістен қынын шақтатты".

Бұл енді поэзияның шыңы. Өлең бе өлең?! Өлең болғанда кез келген сезіне алмайтын, үйлесіміне үңіле алмайтын тұнық жыр.
Осы екі арада Қызылбас деген жұрттан Қазан деген қағынған біреу шығып, Ноғайлы жұртына лаң салып, шаһарын талқандап, берекесін қашырады. Қараңғы түнде жұздыздар шығады, ел басына күн туғанда ерлер шығады демекші осы зорлыққа жаны шыдамай Сейілдің ұлы Қараман атқа қонады. Жолай "маған серік бол" деп Қобландыға жолығады. Қобланды атын Құртқа бағып жатқанын айтып, аттың жайын білу деп Естемісті Құртқаға жұмсайды. Осы сəттегі Құртқаның сұлулығы жырда былай өрнектеледі:

"Сонда сұлу қыз Құртқа
Сонда сұлу қыз Құртқа
Қылаң етіп , қылт етіп,
Сылаң етіп ,сылт етіп,
Шекеде шоғы бұлт етіп,
Алтынды тоны жылт етіп,
Саулы інгендей ыңқылдап ,
Күшігендей сыңқылдап,
Сүмбіледей жылтылдап,
Буыны түсіп былқылдап,
Алтын қалпақ дулыға
Шекесінде жарқылдап,
Мақпал төсек мамықтан,
Алтын иек,ақ тамақ,
Көтеріп басын,сөйлейді
Естеміс құлға былқылдап:"

Сөзбен сурет салу дегеніңіз осы шығар, сірə?!
Сондағы Құртқаның Естеміске айтқаны дейді:

"Екі саулық,бір қозы
Берер едім қырқарға,
Дүниедегі адамзат
Жан тоя ма іңкарға?
Жұмсады ма сіздерді
Үйдегі бурыл тұлпарға?
Дұғай сəлем дегейсің
Тұлпарына жұмсаған
Жұрт иесі-сұңқарға.
Жəне де сəлем дегейсің
Қарамандай құрдасқа,
Заманы бірге сырласқа,
Жылы бірге жылдасқа,
Жауы бірге мұңдасқа.
Аттың күні толмай тұр,
Зор салмасын жолбарысқа..."

Осы жолдарда қаншама өрнек жатыр. Бəрін аршып алуға шамамыз жетпейді. Құртқаның жарына деген құрметіне қараңыз: "Дұғай сəлем дегейсің
Тұлпарына жұмсаған

Жұрт иесі сұңқарға" немесе "Аттың күні толмай тұр, Зор салмасын жолбарысқа" деген жолдардағы қатынның ерге деген құрметін жүрегіңіз сезіне алды ма?! Қатыны екі сөзінің бірінде "сұлтаным, сұңқарым, жолбарысым" деп ардақтаған азамат қандай болады?! "Сорлы, сүмелектен" құлағы тұнған ердің жағдайы ше?! Бұл енді терең талдауды талап ететін тұстар. Жауға бірге шабуға шақырып тұрған Қараманды ұмытпай, оған да сəлем жолдаған Құртқаның даналығын аңғардыңыз ба?! Жырды ары қарай оқыған сайын Құртқаның күйеуіне деген құрметіне жолыға бересіз:
"Жұмсады ма сіздерді
Біздей нашар жолдасқа?" Күйеуін жолбарысқа теңеген Құртқа өзін "нашар жолдас" дейді. Төмендейді. Ер азаматының алдында төмендейді. Құртқаның төмендеген сайын биіктеп бара жатқаны байқалады. Меніңше, қазіргі əйел біткеннің түсінбей, түсіне алмай жүргені де осы. Ол төмендеген сайын биіктейтіні. Түсінетіндер бар ғой. Жоқ емес, əрине. Бірақ...
Ары қарай Құртқаны тыңдайық:

"Жолдасына жұмсаған,
Бас құрмалдық дегейсің,
Қараспан тауды жайлаған
Халық иесі жолбарысқа!
Тілімді алса сұлтаным (тағы да сұлтан)
Бұл сапарға бармасын,
Бұл олжадан алмасын.
Көп жылады дегейсің
Үйдегі нашар жолдасың!"

Өзін нашарға балап, жарын жолбарысқа теңеген Құртқа бейнесі көз алдыңызда биіктеп бара жатыр ма? Онда сіз жырды түсініп отырсыз...
Естеміс Құртқаның сəлемін жеткізіп, Қобланды Қараманға: "Аттың 43 күндіе кемдігі бар екен. Бұ сапарға бармаймын, бұл олжадан алмаймын" дегенде Қараман еркектің бəріне дерлік тəн мінезбен "Е, қатынның тілін алдың, өзің де қатын болдың дағы"деп жүріп кетеді. Бұл сөз Қобландыға ауыр тиеді əрине. Ер алдында сөзге сынық қылдың деп жазығы жоқ Құртқаның басын шауып алмаққа ауылға қарай шаба жөнеледі. Осы сəт жырда былайша суреттеледі:

"Тобылғы атқа ер салды,
Ақ алмасты қолға алды.
Қамшы басып сауырға,
Екпіні ұсап дауылға ,
Тобылғы меңді торы атпен
Қобланды шапты ауылға-
Қатуланып,қаттанып,
Буырқанып,бұрсанып,
Мұздай темір құрсанып,
Қабағынан қар жауып,
Кірпігінен мұз тоңып,
Əр жақ пенен бер жаққа,
Найзасын ұстап бармаққа,
Аттанбаққа қалмаққа.
Батыр кейіп келеді,
Еш жазығы жоқ еді
Бұлаңдаған Құртқаның,
Сөзге сынық қылдың деп,
Егер шықса алдынан,
Басын кесіп алмаққа."

Бұл еркектің көбіне тəн мінез. Қараманның сөзі себеп боп, Қобланды атын баптап отырған Құртқаның басын шауып тастауға екпіндетіп келе жатыр.

"Дарбазалы есік-ті,
Пайғамбарда несіп-ті.
Үйде отырған Қыз Құртқа
Дүбірін аттың есітті.

《Екпіні қатты кім болсын,Сұлтаным дағы》 десіпті.

Түрегеліп бұлаңдап,
Ашып көрді есікті,
Көргеннен соң қамықты.
Құс төсекте мамықты,
Арпа,бидай қабықты,
Көтере алмас кедейлер
Жылына салған салықты.
Шыдай алмай,Қыз Құртқа
Жəне де ашты жабықты,
Жабықтан көзін салыпты.
Салса,ерді таныпты,
Түсі суық көрінді,
Ерге болған секілді
Бір сөзбенен жазықты.
Батырдан Құртқа қорққан соң,
Төмен қарап жер шұқып,
Өксіп жылап қамықты
Енді Құртқа сасады,
Бетінен қаны қашады,
Оң етегін басады..."

Аттың дүбірінен иесін таныған сұңғыла Құртқа. Есіктен емес жабықтан көз салған сақ Құртқа. Қанша сұңғыла, дана болғанымен, Құртқа нəзік жанды əйел. Қорқады һəм сасады. Сасқалақтап тұра берсе Құртқа бола ма?! Ол сасып жүріп жөн тауып, ақылменен ой табады. Тапқан ойы мынау:

"Сасып жүріп жөн тауып,
Ақылменен ой тауып,
Түтікпенен су берген,
Түндікпенен күн көрген
Төрде тұрған Бурылдың
Басын шешіп алады,
Мойнына арқан салады,
Шылбырынан жетелеп,
Бурыл атты Қыз Құртқа
Қобландының алдынан
Бұлаңдап кетіп барады".

Құртқаның əдісі осы еді. Дана Құртқаның бұл тактикасының жемісін жырда былай суреттейді:

"Бурылды көзі көрген соң,
Қобландыдай батырдың
Құртқадан қайтты азары,
Бурылға түсті назары".

Əйел затына ең керек қасиет те осы дүр. Күйеуі ашуланғанда ойлап тұрып жөн табу, ақылменен ой табу. Шал ақынның "Нағыз қатын сол қатын, Əр нəрсені ойлаумен қатын" дегені осы Құртқадай-ақ болар. Осы бір ер мен əйел арасындағы қиын һəм қызық жағдайдың қалай шешілгенін жырдан оқиық:

"Қобланды сонда сөйледі:
"Қаз жайлауын саз деймін,
Наурыздан соң жаз деймін.
Ақылы жоқ мен ақымақ,
Бүйтіп жүрген Құртқамды
Шауып тастай жаздаймын...
Құртқадай болған мініскер
Жар тапқанша талай бар"

Құртқа даналықпен істегелі жатқаны ақымақтық екенін Қобландының көзін жеткізді. Сөзбен, айқаймен емес, ақылмен, даналықпен.
Құртқа батырдың ашуы басылғанын білді, сізді. Сонда да:

"Батырдың сөзін есітіп,
Батыр жанына келгенде,
Наз қылса да, қорықса да,
Құртқа сынды сұлуың
Төмен қарап, жер шұқып,
Өксіп жылап қамықты".

Шіркін-ай! Əйелге тəн болмыс, наз бен нəзіктік осындай -ақ болар?! Наз қылса да қорықса да дейді жыршы. қорқып тұрған жоқ. Құртқанікі наз. Еркек сүйетін, еркекті қақ бөліп түсіретін наз дегеніңіз осы.
Құртқаның айласынан кейін бас шаппаққа ниеттеніп келген Қобландының қалай өзгергенін қараңызшы:

"Артықшы туған Құртқажан
Атың əйел десем де,
Басқа əйел болғанда,
Қауіпсіз болып тұрғанда
Кеудеден басың кетер-ді.
Менің көзім тіріде
Ердің құнын жесең де
Құртқажан неге қамықтың
Жолбарысың мен есенде.
Мені көріп Құртқажан
қуанбасаң қамықпа.
Менің көзім тіріде
қараңғы түн ішінен
Шығарармын жарыққа.
Осы барған сапардан
Есен барып, сау қайтсам
əйел де болсаң Құртқажан
Хан қылармын халыққа"

Əйелдің даналығы ашулы еркекті қандай күйге түсіргенін қараңызшы, ə?!
Дана Құртқа сонда да :

"Сіздер -сұңқар, біз-қарға,
Сіз даладан келгенде,
Ажырайып қарарға
Жараймыз бетіңе, - деп иіле беріпті дейді...

Пікірлер
Редакция таңдауы