"Жас Отандықтар" тарихи танымын арттырды

2129
Adyrna.kz Telegram

«Нұр Отан» партиясының Жетісу аудандық филиалында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына орай, «Алаш арыстары ұлт-азаттық көтерілісі барысында» деген тақырыппен дөңгелек үстел өтті. Бұл шараны Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымбастырды.

Онда арнайы шақырылған тарихшылар Шәмек Тілеубаев пен Рашид Оразов баяндама жасап, көптеген тарихи деректермен ой бөлісті. Мысалы, «Амангелді Иманов  Міржақып Дулатовтың қолынан қаза тапқан» деген қаңқу сөз айтылып келгені жасырын емес. Ал шындығында, М.Дулатов  А.Имановты ұстатып, түрмеге қаматтырып қойғанымен, одан белгісіз күштердің килігуі әсерінен айрылып қалдық» – деген Шәмек Тілеубаев одан әрі М.Дулатовтың жазған хатымен таныстырды. Бұл ретте ол «Алаш көсемдерінің бірі көтеріліс басшысын өлтірді» деген сөз халықты алаштықтарға қарсы қоюдың әрекетінен туғандығын алға тартты.

«Жас Отан» жастар қанатының мүшелері жиналған бұл шараға дәстүрлі әншілер Ж.Құжиманов, Е.Нұрханов, Ж.Сақайлар да белсене атсалысты. Олар ұлт-азаттық көтеріліс тұсында шыққан «Он алтыншы жыл» (Самалтау), «Алаш маршы» және «Жігіттер» әндерін әуелете шырқады. Жастар дәстүрлі әншілердің өнеріне тәнті болды. Соған орай «Бізге, жастарға, тарихымызды танып-білудің маңызы зор», – дейді «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Алмат Әсенов. Сөйтіп, бұл күні жастардың өз тарихын танып-білуге деген құлшынысын көріп, көңіліміз бір марқайып қалды.


Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ,

"АЛМАТЫ АҚШАМЫ"

 

 

Пікірлер