Ажарлым МАҒЗҰМ: Өнер жолы - өзіңді үнемі дәлелдеуді талап етеді

5658
Adyrna.kz Telegram

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы Ажарлым Мағзуммен сұхбат

- Танымал болу адамды қаншалықты өзгертеді?

- Танымалдылық әр кімге әр түрлі әсер етеді. Өз басым танымал болып, бойымнан кереметтей өзгерістерді байқаған емеспін, себебі өзімді танымал актрисамын дей алмаймын. Бірақ, көп жағдайда танымал адамдар өте қарапайым болып келеді. Әрине жұлдыз ауруы деп жатамыз. Меніңше, өнер адамы бұл уақыттан да өтуі керек секілді. Танымалдылық адамды өзін-өзі қамшылап тәрбиелеуге, халық алдындағы беделінің қалыптасуына да септігін тигізеді. Пенде болғасын әр адамның өз шындығы болады, ешкім өзін періштемін дей алмайды. Алайда қанша танымал болсаң да,қарапайым қалпыңда қалуың керек. Бұл сенің адам боп қалыптасуыңның белгісі.

- Сахнада не нәрседен қорқасыз?

- Кішкентай кезімде түрлі қызықтар бастан өткен ( күліді).Ең алғаш сахнаға шыққан кезім есіме түсіп отыр. Мен ол кезде барынша дайындалған болатынмын,бірақ сахнаға шыққанда қатты қобалжыдым.Ол кезде сахнада тұрған өзім емес, басқа бір адам мен үшін сахнада жүргендей сезілді. Тіпті  қатты уайымдағаннан мұрнымнан қан кеткен болатын. Ессіз ойнап шыққан кезім десе де болады, не айтқанымды да білмеймін. Сондай қызықтар да басымнан өткен.

-   Өнер адамы жеке өміріне қаншалықты көңіл бөледі?

- Өнер жолы кез- келген адамның уысына түсе бермейді. Бұл мамандыққа келген адам рухани махаббатты толықтай сезіне алмайды. Басқа мамандықтан ерешелігі де сонда. Жалпақ тілмен айтқанда өнер жолын таңдаған адам осы жолдың артынан кетеді. Сол үшін де өнер  адамы жеке өміріне толықтай уақыт бөле алмайды. Әрине, өнер жолы бір төбе десек те жеке өмірді ысырып тастауға да болмайды. Өнер жолы-ұлы жол, бұл мамандыққа жүрегінде түгі бар жандар келеді.

- Өзіңізге ұнамаған рөлді сомдаған кезіңіз болды ма?

- Мен сырт көзге момын, лирик адам болып көрінемін. Бірақ өзімнің ішкі характері бар адаммын. Кейде табиғатыңа жат рөлді сомдауға тура келетін кездер болады. Бірақ, актриса ретінде  кез-келген рөлді жаныммен қабылдап, барынша сәтті шығуына жағдай жасаймын. Сомдаған рөлімнің барлығы көңілімнен шығады.

- Көрерменнің қазіргі талабы қандай, сын қабылдай аласыз ба?

- Сын айтылған жерде нәтиже бар. Театрымызға еңбегі сіңген актрисалар, қойылымнан кейін өз ақылын айтып жатады. Бұл мені қуантады. Кейде, жұмысыма сын айтылмаса ренжимін. Көп жағдайда қателікті өз бойымнан өзім іздейтін адаммын. Әрине, сын айтылған жақсы.

Қазіргі көрерменнің талабы өте жоғары. Көрермен қойылымды алдын ала талғап, талдап келеді. Спектаклден кейін көрермендер біздің әлеуметтік желіге өз пікірі мен лебіздерін жазып жатады. Соларды оқып отырсаң, тура бір сыншы дерсің. Қазіргі көрермендердің талабы да талғамы да жоғары, біз де соған лайық жұмыс жасауға тырысамыз.

- Театрға қаншалықты көңіліңіз толады, біздің театрға не жетіспейді?

- Театр сөз өнері. Аға буынның театрдағы еңдектерін бейне таспадан жиі көріп тұрамыз. Ол кісілер нағыз өнердің сара жолын қалыптастырған тұлғалар. Бірақ, уақыт өте келе әр заманның өз талабы қалыптасады. Сол секілді де театр жолдан-жылға толығып, толысып келеді. Жақында ғана Орал қаласына іс сапарға бардық. Менің риза болған себебім, көрермендер қойылымды жоғары деңгейде қабыл алды. Қазіргі уақытта қазақ театрының жұлдызы жарық. Әкем театрға теңесіп келетін облыс театрларын көргенде жүзіңе қуаныш сыйлайды. Бұл дегенің театр өнернің құндылығы барған сайын артып келе жатқанын байқатады. Керісінше қазақ театры өз бағытын жалғастырып, құндылығын кеңінен жайып келеді.

- Сахнада сөзіңізді ұмытып қалған кезіңіз болды ма, ондай ситуациядан қалай шығасыз?

 -Кейде бойыңа сіңген сөзіңді бір мезетте ұмытып қалатын кездер болады. Бұндай жағдайда партнерың көмектеседі. Сенің көзіңе қарап, әйтеуір бірдеңені ойлап табады. Сөзге тартып, ары қарай ойнатып ала кетеді.Тіпті, ешқандай шикілік байқалмайды. Осы тұрғыда өз партнерлеріме рақмет айтқым келеді.

- Қазақ көруі керек үш спектакль!

- Әр қазақ көруі керек спектакль: "Абай"," Қаракөз", "Томирис". Кейде күйбең тіршіліктің ортасында жүріп, кітап оқуға уақыт таба бермейміз. Мен көрермендерді осы үш спектакльді  көруге шақырамын. Бұл нағыз қазақы иіс аңқыған туындылар. Барлық адамға рухани байлық сыйлайтыны сөзсіз.

-  Қыз баласына өнер жолы ауыр деп жатады, қаншалықты рас?

- Өнер жолында жүру оңай емес. Өнер жолы басқаларға өзіңді үнемі дәлелдеуді талап етеді. Бұл мамандықта артқа қарай шегіну жоқ. Бәйгеге қосқан жүйрік аттай үнемі қамшыланып тұруың керексің. Бір уақытта өзіңді босатып жіберсең, онда көштен қалдың деген сөз. Артымызда өкшемізді басып келе жатқан жас буындар жетерлік. Өз уақытым келгенше, ештеңені жоғалтпай бабымда жүруге тиіспін. Үнемі өзіңді дәлелдеумен өтесің.

- Сұхбатыңыз рақмет. Шығармашылық шабыт тілеймін!

 

Сұхбаттасқан Алгожаева Мия

( Т.Жүргенов ат. ҚазҰӨА, І курс, кинотеледраматург)

 

 

 

 

Пікірлер