"Жұлдыздардың" иттерінің ылыққанын көреміз әлі...

3374
Adyrna.kz Telegram

Соңғы күндері "жұлдыздар" төңірегінде дау-дамай өршіп тұр. Әнебір әншінің лотерея "аферасы" шыдамның шегін үзіп жіберді-ау деймін. Бүгін бір арнада оларды жұлдыз емес, шегірткеге теңеп жатты. Жалпы, оларды "жұлдызға" теңеу дұрыс па? Ол теңеу қайдан шықты? Осыдан бес-алты жыл бұрын осы мәселеге байланысты дабыл қаққан едік. Тыңдар құлақ болмады. Оқи отырыңыздар!

"ЖҰЛДЫЗДАРДЫҢ" ИТТЕРІНIҢ ЫЛЫҚҚАНЫН КӨРЕМІЗ ӘЛІ...

-Бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенова өзін "жұлдыз " емеспін деп есептейді, -деді маған бүгін бір ағамыз, -Атағы жер жарған Роза Рымбаева да , елінің еркесі Мақпал Жүнісова да солай деп отыр. Сонда қалғандарына "жұлдыз" деген атауды кім жапсырып қойған? Өздері ме?
-Қайдан білейін,-деп иығымды қиқаң еткіздім.Шынымен де бұл мәселені ойланған жоқ екенмін. Ағам өз сауалына өзі жауап берді.
-Оны ойлап тапқан, болсын,болмасын әркімге жапсыра беретін сендер-журналистер ғой. Қаптап кеткен "жұлдызды" бағдарламаларды кім жасап жатыр екен? Сенбесең атауларын қарашы! "Жұлдызбен жүздесу", "Жұлдызбен тілдесу " "Жұлдызбен ...у" болып кете береді. Аты солай болса оған қатысқан адам да жұлдыз болып шықпай ма? Газет, журналдың атауы да солай. Енді жүріңдер олардың т...н, с...ндерін аңдып.
"Соңғы сөздеріңіз артықтау, аға! " дегім келіп тілімді тістей қойдым. Оған да жетіп қалған екенбіз ғой. Әжетхананың ішінен репортаж жүргізбесек те өзіміз ойлап тапқан "жұлдыздардың" іш киімінiң түсіне дейін біліп отыратын болдық. Сенбейсіз бе? Кешелі, бүгінгі "жұлдызды " жаңалықтарды қарай салыңыз. Әнебір әнші қызымыз әлдебір атақ алып, ұланасыр той жасапты. Жасай берсін -ау, енді тойдан түскен ақшаны суретке түсіріп, "осынша көрімдік алдым" деп мақтануда . "Түк көрмегендей" дейсің енді мұндайда . Ұят -ай! "Ойбай әнебір әнші төбетіне қалыңдық іздеп жатыр" деп жар салды бүгін тағы біреу. Бізді төбетке қаншық тауып береді дей ме екен? Ағам дұрыс айтады. Ертең біз сол "жұлдыздардың" иттерінің ылыққанын да көрсетіп жатсақ таң қалмаңыз! Өйткені ол да "жұлдызды" жаңалық қой.

Арман Сқабылұлы

фото ашық интернет көзінен

Пікірлер