Қазақ радиосының эфирінен майдангер ақын-жазушылардың Алтын қордағы дауыстары беріледі

848

Қалам мен қаруды қатар ұстап, қанды қырғынға қатысқандардың ішінде қазақтың ақын-жазушылары аз емес.  Жеңіс күні қарсаңында майдангер ақын-жазушылардың қаламынан туған шығармаларды дәріптеп, Алтын қордағы дауысын тыңдарманға жеткізу мақсатында «Қазақ радиосы жаңа жоба ұсынбақ.  «Батырлар рухына тағзым» атты он күндік бағдарламалар топтамасы аясында 1-10 мамыр аралығында күн сайын сағат 17:45-те Қазақ радиосының әуе толқынынан арнайы хабарлар беріледі. Бұл туралы өзінің фейсбуктегі парақшасында «Қазақ радиолары» ЖШС Бас редакторы – «Қазақ радиосы» радиоарнасының директоры Дулат Абибуллаев жазды.  

«Батырлар рухына тағзым» хабарынан қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш ұшқыш Хыйуаз (Хиуаз) Доспанованың, поэзия мен соғыс қаһарманы Хамит Ерғалиевтің, отты жылдарды өлеңмен өрген Сырбай Мәуленовтің, майданның алдыңғы шебінде ән салған Роза Бағланованың, қырыққа жуық кітап жазған соғыс ардагері Қалмұқан Исабаевтың, Мәншүк жайлы жыр авторы Әзілхан Нұршайықовтың  сыр-сұқбаттарын, соғыс жайлы өздері айтқан естеліктерін тыңдай аласыздар. «Мен қазақпын» деп жырлаған Жұбан Молдағалиев пен әйгілі партизан Қасым Қайсеновтің де ертеректе Алтын қорға жазып алынған үн таспалары әуе толқынынан таратылады. Әйгілі «Солдат соғысқа кетті» автобиографиялық романының авторы, жазушы, соғыс ардагері Кемел Тоқав туралы Әбілфайыз Ыдырысовтың Алтын қордағы естелігі  мен  Әбу Сәрсенбаевтың майдан жырлары эфирден беріліп, батырларымыз тыңдарманмен қайта қауышады,- деп жазды Дулат Абибуллаев.

Жеңісті жақындатқан жандардың ерлігін құрметтеп, рухына тағзым ету ұрапаққа жүктелген зор міндет. Айта кету керек, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл  75 жыл. Осынша уақыт өтсе де қан майданның сұрапыл күндері талай жүректерде сызат қалдырып, қаншама шаңырақты ортасына түсіргені ешқашан ұмытылмайды.  Соғысқа аттанған 1 миллион 200  отандасымыздың жартысына жуығы ұрыс даласында қаза тапты, елде қалғандары тылда еңбек етті, 500 ден астам қазақстандық Кеңес одағының батыры атанды делінген радиоарна директорының желідегі жазбасында.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы