«Қазақ қандай халық?»

1125

Саналы ғұмырының жарты ғасырынан астам уақытын тіл білімі саласына арнаған көрнекті ғалым, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер, 500-ге жуық ірілі-кішілі ғылыми еңбектердің, солардың ішінде жеке кітап түрінде жарық көрген жалпы саны 60-тан астам монография, жинақ, сөздік, мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен кітапшалардың авторы, түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Әбдуәли Қайдар өзінің «Қазақ қандай халық?» атты ұлттық иммунитетімізді көтеруге бағытталған ұлағаты мол кітабында былай дейді: «Шынында да, біз кімбіз, қазақ қандай халық? Бұл сауал бүгінде өзгеден гөрі өзімізді, қазақ азаматтарын көбірек ойландыратын, толғандыратын мәселеге айналып отыр. Өйткені өз тарихында алғаш рет бүгінгідей егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болып отырған қазақ халқы үшін, әсіресе, оның өзін-өзі құрметтей білетін әрбір азаматы үшін «Қазақ қандай халық?» деген сауалға дұрыс жауап бере білудің тарихи-әлеуметтік мәні зор, рухани, моралдық жауапкершілігі мол мәселе екені сөзсіз. «Дұрыс жауап» дегеніміз – жан-жақты ойланған, ғылыми негізді, білікті де білгір қауымның зердесінде сараланған, шындықтың шынайы өзі саналатын жауап деген сөз». Автор аталмыш еңбектің «Бір сауалға – мың жауап (қазақ қауымының өз пікірі)», ««Қазақ» этнонимі қалай, қашан шыққан? (150 шақты этимологиялық, этнолингвистикалық жорамал-жоба)», «Қазақ этносының «Алашқа» қандай қатысы бар?», «Қазақ халқының құрамында Үш жүз қауымдастығы қалай және қашан қалыптасты?», «Қазақ рәміздерінің табиғатында не сыр бар? (Ен-таңбалар да қазақтанудың бір бұлағы)», «Елдің атын ер шығарар», ««Жаңа қазақ» кім?» атты тарауларында сан сала бұлақтардан жинақталып, топтастырылған «Қазақ қандай халық?» деген сұраққа байланысты түрлі авторлардың 500-ден астам пікірін көрсетіп, оларға түсіндірме берген.

Бүгінде мемлекет құрушы қазақ халқының рухани серпілуі күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Ұлттық идеологияны нығайту жолында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» және т.б. бағдарламалар аясында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ғалымның «Қазақ қандай халық?» деген сауалға байланысты ой салып, бағыт сілтеуі қазақтың этностық болмысының сау болуына, бір идея төңірегінде топтасу арқылы ортақ мақсаттарды орындауға өз септігін тигізеді деген пікірдемін. Әбдуәли Қайдар ел үшін атқарған орасан еңбегі арқылы өз халқымен мәңгі жасайтыны сөзсіз. Тарихымыздың тұғырын биіктетер дара тұлғаларымыз көп болсын!

Қуаныш ЖҰМАБЕК

«Лингвистика» мамандығы бойынша

философия докторы (PhD),

А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері

Пікірлер
Редакция таңдауы