Халық белгілі журналист Бейсен Құранбекті соңғы сапарға шығарып салды

2522
Adyrna.kz Telegram

Халық белгілі журналист Бейсен Құранбекті соңғы сапарға шығарып салды. Қоштасу рәсімі Талдықорғандағы журналистер үйінде өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Көрерменнің сүйіктісіне айналып, әр қазақтың жүрегіне мейірім ұялата білген Бейсен Абайұлын соңғы сапарға шығарып салуға халық көп жиналды. Бейсен Құранбектің «Айтуға оңай», «Қарекет» сияқты жобаларына миллиондар разы болса, Жетісу журналистер үйі сияқты өзі мұрындық болып салынған көп дүниесі көпшілікке беймәлім. Ал, өмірінің соңғы алты жылында басшы болған «Жетісуда» Бейсен Құранбек бір шоғыр іні-қарындасына жол көрсетіп кетті. Елдің мұңын өз мұңындай көріп, көпке қамқор бола білген жүректі азамат Бейсен Құранбекті халқы шын жақсы көрді. Іні-бауырларын «батыр» деп еркелететін арда тұлғамен ел-жұрт қимай қоштасты.

Бейсен Абайұлы жайлы жылы естеліктерімен бөліскен танымал журналист Нұртілеу Иманғали әріптестеріне бейсентану ғылымын қалыптастыруды ұсынды. Ол осы арқылы қазақ журналистикасы жаңа деңгейге көтеріледі деп санайды. Оның айтуынша, Бейсен Құранбектің өмірлік ұстанымдары да - өскелең ұрпақ үшін үлкен ғибратты дүние. «Бейсекеңді қайтара алмайтынымызды білемін. Бейсекеңді ұмыттырмаудың, есте қалдырудың бір-ақ жолы бар мен білетін. Ол - бейсентану ғылымы. Ал бейсентану ғылымының алғашқы баспалдақтарын жасайтын кім деген кезде, ол - қалың көрермен екеніне күмән жоқ. Бірақ соның негізін ұстап отырған - қаламгерлер, менің әріптестерім. Жаңа мектептің қалыптасатынына анық көзім жетеді. Бейсеннің мектебі - бөлек мектеп. Қош бол, бауырым, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын», - деді Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, журналист Нұртілеу Иманғали.

«2004 жылы Президенттің жанында бірге жұмыс істедік. Сол кезде мен Бейсеннің еңбекқорлығына тәнті болатынмын. Ол әжесін Астанаға алып келді. Бірақ үлкен кісі елорданы ұнатпағаннан кейін ол шығармашылығын тастап, үйіне қайтты. Сол кезде «Бейсеке, сіздің болашағыңыз керемет, сізді Президенттің өзі жақсы таниды, елордада қалсаңызшы» дегенімде, келіспеді. «Апам өмір бақи жанымда болмайды. Ал жұмыс табылады» деді. Бейсеннің даналығына мен әркез таңқалатынмын. Жаның жәннәтта болсын, досым», - деді журналист Александр Аксютиц.

Бейсен Абайұлы 49 жасқа қараған шағында өмірден озды. Марқұм Талдықорғанға қарасты Еркін ауылында жерленеді.

 

Пікірлер