Ашынған жұрт малын әкімдіктің алдына айдап апарды

3462
Adyrna.kz Telegram

Павлодар облысы, Қалқаман ауылының тұрғындары  жалғыз жайылымның кәсіпкерлерге беріліп, мал жаятын жер қалмағанын айтып, әкімдікке сиыр табынын айдап әкелген. Ашулы тұрғындар наразылық акциясын осылай ұйымдастырудан басқа амалдары қалмағанын айтады. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, жылдар бойы мал жайып жүрген жалғыз жайылымды аумаққа қазір аяқ басу мүмкін болмай тұр. Себебі, ол жерге жергілікті кәсіпкерлердің бірі бау-бақша егіп тастаған. Малды қолға ұстау қымбатқа түседі.

"Ал, сиырлар, жайылыңыздар! Сендерге жер жоқ, сендердің аттап шығатын жерлеріңнің бәрін алып қойған! Енді ертеңнен бастап осында жайылып қайтасыңдар!" - дейді ашынған ақсақал.

Сиырлар жергілікті жердегі қоқыс алаңында жайылып, сол жерде қалдықтармен уланып, сүтін жоғалтады екен. Бұрын ауылда 200-ден астам сиыр болған, қазір мал басы үш есеге азайып кеткен.

"500 мың теңге алып екі сиыр алған адамдар бар. Енді сол малды өсіретін мүмкіншілік келтірмей отыр. Қалқаманға бір әкім келеді. Сөзбен "жөндейміз-жөндейміз" деп шығарып салады. Мал бағатын жер жоқ", - дейді ауыл тұрғындарының бірі.

Бірнеше күн бұрын бір ауыл тұрғынына оның сиыры мектеп ауласындағы гүлді жегені үшін мал иесіне 50 мың теңге айыппұл салынған.

Ал әкімдіктегілер жағдай жанжал шығаратындай емес, тек 50 гектар жер жалға берілгенін, қалған жердің бәрі бос жатқанын, әрі заңды берілгенін айтуда.

"Жайылым бойынша мәселе жоқ, жалғыз мәселе – суару. Суару кезінде барлық мал осы атыз арқылы жүреді. Енді біз алдағы бір апта ішінде кәсіпкерлерге өз аумағын қоршауды ұсынамыз", – деді Қалқаман ауылының әкімі Нұрбұлан Мұсабеков.

Жергілікті тұрғындар ескі жайылымды қайтаруды талап етті. Олай болмаған жағдайда сиырларды күн сайын әкімшілікке қарай айдайтындарын айтып отыр.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер