Амангелді Кеңшілікұлы. Менің топырағым

3524
Adyrna.kz Telegram

Биыл қазақтың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденовтың туғанына 85 жыл толды. Осы орайда adyrna.kz ұжымы сыншы, әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлының Жұмекен Нәжімеденов туралы эсселер кітабын жариялап келеді.

(Жалғасы. «Жұмекенге оралу» атты эсседен)

Жұмекен - қазақтың ұлы жаны, Совет заманының көмескі тарта бастаған аспанында кенеттен жарқ ете қалған жұлдызы менің өнер әлеміндегі Темірқазығым болды. Тұңғиыққа батырған ойларымен көңілімді сиқырлап алған ақын уақыт өте келе менің мына фәнидегі ең жақын сырласыма, нағыз досыма айналды. Рухымды тереңірек тану үшін Жұмекеннің жыр жинақтарын парақтап, жұлдыздары жымыңдаған түндерде жан сырын маған ғана ақтарған ақынмен сырласқан кездерім көп. Әр оқыған сайын ол маған жаңа қырынан ашыла түсіп, мені үнемі таң қалдыра түсетін. Жаныма тыныштық бермей жүрген көптеген сауалдардың жауабын мен Жұмекеннен таптым. Ең алғаш ақын шығармаларын оқыған кездегі алған әсерімді әлі күнге дейін ұмыта алмаймын.

Бұл 1985 жылы болды. Ол кезде мен орта мектепті бітіріп, әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен едім. Оқу орнымыздың жатақханасы араның ұясындай уілдеп жататын. Жастардың бәрі де ол кезде шетінен әдебиетке жаны құмар, арманшыл болып, биік мұраттарға қолын созатын. Әдебиетке қатысты пікірталастардың көрігі қызып, әр кім өзінің жақсы көретін ақынын пір тұтып, бір-бірімізге жеңістік бермей, дауласып жататынбыз.

Сол жылдары түрлі баспалардан таяуда ғана дүние салған ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Қыран-қия», «Менің топырағым» жыр жинақтары жарық көріп, бұл әдебиеттегі ғана емес, жалпы халықтың рухани өміріндегі елеулі оқиға болды.

Әсіресе, мына біз сияқты жүрегі лүпілдеп, рухани кеңістіктегі кез-келген жаңалыққа көңілі елеңдеп, құлағын түріп жүретін жастарға Жұмекен туындыларымен танысудың тигізген шарапаты көл-көсір. Ұйқасын келістіріп, жалған пәлсапа соққан қарабайыр өлеңдерден әбден жалыққан бізге табиғаты бөлек, жұмбағы мол, тылсымы терең тұтас бір әлемнің есігі айқара ашылғандай болды.

Кеудемізде жастықтың оты жалындап, біріміздің сөзімізді екіншіміз теріске шығарып, пікірталастың оты жиі тұтанып қалатын біздің ортамызда келіспеушілік жиі орын алып тұратын. Алайда, Жұмекен поэзиясына деген махаббат біздің «бір қазанға сыймай жүрген басымызды» ойламаған жерден біріктіріп жіберді. Бәріміз де оның ұлылығын мойындап, ақын өлеңдерінің рухымен тыныстап, ләззат алдық. Біз ол жылдары «Мұқағали – бірінші, Жұмекен – екінші ақынымыз» деген сөздерді айтқан емеспіз. Ұлы ақындарымыздың бәрін де біз ол кезде халқымыздың бөлуге болмайтын жанындай аялап, ұлтымыздың ақыл-парасатындай қастерледік.

Ақынның біраз жыл баспада шаң басып жатып қалған «Менің топырағым» жинағы кенеттен жарық көргенде өз кітабымыз шыққандай көңіліміз алып-ұшып, мәз-мәйрам болып қуандық. Сырты жасыл Жұмекеннің сол бір томдығын бір-бірімізден сұрап алып, жатақхананың шағын ғана бөлмесінде курстас достарым Жұмабай, Мартбек, Мақсатпен бірге түні бойы ұйықтамай өлеңдерін қайта-қайта оқып, лекцияға бара алмай қойған бақытты күндерімді қалай ұмытамын. Жұмекен жырларын ең алғаш оқып, көңіліміз алабұртқан ол жылдарды ұмыту мүмкін бе? Бірінен бірі асып түсетін туындылары санамды сілкіндіріп, жан дүниемді теңселтіп жібергендей болған ол күндер келмеске кетті ғой, шіркін. Жұмекен әлемімен танысу маған ерекше шабыт пен қуаныш сыйлаған жоқ па еді, сол жылдары. Әттең, сол бір күндердің қайтып оралмайтыны, қандай өкінішті.

Сыңғырлаған сөздің емес, ойдың маңыздылығына зор мән берген ақын жырларынан біздің бәріміз парасаттың кенішін таптық. Жұмекен бізге рухани тереңдігімізді қайтарып бергендей болды. Өлеңдерінде қиратушы күштің қуаты шоғырланған ақын жырларын оқи отырып, ұлттық топырақтан нәр алған қазақ поэзиясының бұтақтарының биіктеп, тамырларының тереңдеп кеткеніне сүйсіндік.

Саған да керек топырақ,
Маған да керек топырақ,
топырақ керек басқаға,
тікен боп көктеу үшін де топырақ керек масқара.
Салқыны ұрып «сайтанның»,
«жынның» желі қақса да,
топырақтың киесі қақпауы үшін, жақсы аға.
үркітпеу жөн құстарын,
көбелегін жасқама!
Бөтен ойым жоқ, тегі,
бөлектігім тек менің:
мен - бала боп туғанмен,
шыбық болып көктедім.
Бір көктемде бүр шашқам,
Күн астында көгердім,
сарғайтқанда бір күз кеп
жапырағымды төгермін.
Көп шайқалдым дауылда,
зілзалар соқты үдеп,
көктем лебі – ептірек,
құйын да ұрды көк тіреп –
майысқаным болмаса,
маған қауіп жоқ емге:
бұтақтарым – биікте,
тамырларым – тереңде.

Әдебиеттің ыстығына күйіп, суығына тоңып, шындық үшін жаны талай жараланған ақынның осылай сөйлеуге моральдық құқы бар-тын. Өйткені ол елі мен жерінің, ділі мен туған тілінің тағдырын жырлаған ақын ғана емес, халықтық қасиетімізді сақтап қалу үшін күресіп, парасат биігіне көтерілген кемеңгеріміз, қиын уақытта бізді адастырмай рухани тереңдіктерімізді табуға көмектескен әулиеміз де еді. Сондықтан да біз ақынның әр сөзінің астарында терең мағына жатқан «Менің топырағым» атты жыр жинағын Алланың сөздері жазылған Құрандай басымызға жастанып оқыдық. Өлеңнің сан қырлы табиғаты арқылы нағыз өмірдегіден де терең Құдайлық шындықты қазған шығармашылық шеберлігіне тәнті болып, аузымызды ашып, көзімізді жұмып таң қалдық. .

Бәрімізге тағдыр біреу,
Бір ырғақ,
ана тілін шамамызша жұмырлап
келеміз ғой, сол тіл үшін егес қып,
сен – құрысаң,
мен – құрысам емес түк,
бірер кітап тумай қалар мықтаса,
одан ешкім ұтылмайды – ұтпаса.
Егер, егер тіл құрыса?..
Сақта, «Алла»,
тоқтығыңа,
көптігіңе мақтанба!

Астанасында бір-ақ қазақ мектебі бар халқымызға төніп тұрған рухани қауіптің күшті екенін сезіп, «Ана тіліңді асыра!» деген ащы шындықты сол заманда ең алғаш айта білген де - тап осы Жұмекен болатын. «Халқының қайғы-қасіретін бар табиғатымен, бар жан-жүрегімен, бар болмыс-бітімімен сезінгені» (Темірхан) үшін де біз оны жақсы көрдік. Бақилық болып кетсе де, рухымен желеп-жебеп, сөзімізді сөйлеп, ана тіліміздің келешегі үшін бізбен бірге күрескен қайсарлығы үшін оны ерекше құрметтедік. Ақын жырлары мәңгүрттермен болған «мылтықсыз майданда» үстімізге киіп шыққан сауытымыздай болды.

Мейлі есерлер менсінбесе қол сілтеп –
тілім тірі болсын тек!
Тілден қалып өмір сүрген жоқ халық –
шындық осы;
сол шындықты ноқта ғып
киген дұрыс – мал болсаң да – басыңа,
аштан өлсек – біз өлейік – жасыма,
Сенің еркің, бақпай қойсаң балаңды,
Асырама, - арсыз бол да анаңды –
.......................................................
айналайын,
ана тіліңді асыра!

Жастардың ғана емес, сексенінші жылдардың аяғында жалпы әдеби ортаның Жұмекен поэзиясына деген ықыласы оянып келе жатқан-тын. Қазақ поэзиясының ұлы теңізіне күркіреп аққан өзендей болып құйылған жас ақындардың ішінде сол кездері Жұмекенге еліктеп, өлең сындыруды үйренбегендері кемде-кем.
Жиырмасыншы ғасыр басында Ресейдегі күміс ғасыр ақындарының толысуына Тютчевтің туындылары қалай әсер етсе, сол уақыттағы қазақ поэзиясының жаңа жол іздеп, ойының тереңдей түсуіне Жұмекен шығармаларының тигізген дәл сондай зор ықпалы болғанын айта кетуді парызым санаймын.

Сөзіміздің шындығына көңіліңізді сендіріп, көз жеткізгіңіз келсе, сол жылдары поэзиямыздың шаңырағына бір уық болып қадалып, тырнақалды туындылары жарық көрген ақындарымыздың жырларын саралап, ой талқысынан өткізіп көріңіз. Өнерде өзіне ғана тән жолын тауып, қолтаңбасын қалдыруға ұмтылып, ізденіс жолына түскен солардың көбісінің шығармашылығына Жұмекен поэзиясының қатты ықпалы болғаны тайға таңба басқандай анық көрініп тұр. Әттең, сол уақытта поэзиямызға лек-легімен келген ақындардың өлеңдерін жіліктеп-талдап бір үлкен мақала жазуға уақыт мұрнымыздан сүріндіріп, мұршамызды келтірмей жүр. Әйтпесе, аузымыздың суы құрып «жаңалық», «құбылыс» болып мақталып жатқан талай-талай дүниелердің Жұмекен өлеңдерінің әлсіз вариациясы екенін дәлелдеп беруге шамамыз келеді деген ойдамын. Айтпақшы, өлгеннен кейін оған еліктеп жыр жазатындардың көп болатынын әулие ақынның өзі де көріпкелдікпен айтып кеткен жоқ па еді, бір өлеңінде.

Жаңбыр жаусын!
Жаумай қойсын!
Былай да
Қатысым жоқ қара бұлтқа, құдайға.
Сен – көктейсің,
тұрған шақта мен аман,
бұтақтарым, жапырақтарым, мұңайма!
Мен аманда жарқырап бір шығып қал,
Жапырақтар, ши-бұталар, шыбық-тал!

Жел, шуаққа көрген емен елеңдеп,
Құс, көбелек жазған емес мені емдеп.
Көтерілген сайын сендер биікке
жерге кіріп барамын мен тереңдеп.
Бұтақ, саған бұлбұл келіп қонады,
Сайрап отыр, сайрап отыр ол әне.
Жапырақ, сенің обалың жоқ, обалың –
шымшықты да көтеретін жоқ әлің.
Ал мен туған топырағымда тоңамын:
жауын құрты – менің жалғыз қонағым.
Жиған сөлім топырақ сорып жатып ап –
Соны, соны сен әкеттің, жапырақ!
Елеп көзге ілген емес мені ешкім,
көрінуге мен де ұмтылған емеспін.
Қалдым ақыр қан, бояудан жұтап бар,
есесіне, сен өстің, ши-бұтақтар.
Менің нәрім – желге ұшатын қаңбақ па,
Желдей тарап ап кеттіңдер жан-жаққа.
Жо-жоқ, бұлдап жатқаным жоқ оны аса –
өз бұтағым тонасыншы – тонаса!
Разымын тағдырыма!
Бұл да рас:
Тағдырластар, о, тамырлар, құрбылас,
ғұмыр бойы сорып бізді жұтатқан
бір-ақ тілек тілейікші бұтақтан,
жапырақтан шаңдақтағы, жолдағы.
Не солғанда құлақтары салбырап
не толғанда жасыл басы жалбырап
бізді есіне алып қойса – болғаны...

Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, сексенінші жылдардың аяғы өнердегі барымызды бағалап, қадіріне жетуге тырысқан әдебиетіміздің алтын кезеңі болыпты. Міне осындай «шәй ішіп, бір әдемі әңгіме соғатындай» мамыражай уақытқа танылуы тап келген Мұқағали творчествосының бағы жанып, ол өз орбитасына тез шығып кетті. Жұрттың бәрі ұлы ақынға көзі тірісінде көре алмаған құрметін білдіріп, тірлігінде қиянат жасағандарға дейін рухынан кешірім сұрап, мақала жазып жатты. Мұқағалиға табынуды сәнге айналдырып жіберген жағдайымыз да жоқ емес. Тіпті, қызғанышпен айтылған қаңқу сөздер де халықтың Мұқағалиға деген махаббатының сел-тасқынын тоқтата алған жоқ. Талантты сыншы Тұрсынжан Шапайдың сөзімен айтсақ, 80-ші жылдар – шартты түрде «Мұқағали дәуірі» болып, жырқұмар қауымның ең ыстық ілтипаты ақын творчествосына арналды.

Мен университетке оқуға түскен жылдары әдебиетіміздегі Жұмекен дәуірінің таңы енді сібірлеп атып келе жатқан болатын. Түрлі баспалардан жырымдалып, жұлымданып шыққан бір-екі жыр жинағы қолымызға тигеніне мәз болып қуанып, көңіліміз елеңдеп «Жұмекентану» кезеңінің тезірек басталуын бәріміз де асыға күткенбіз. Өкінішке қарай, тоқсаныншы жылдардың алапат дауылы жанып келе жатқан үмітімізді сөндіріп тастап, әдебиетіміз ескегі жоқ қайықтай бағытынан айырылып қалды.

Жалғасы бар

Пікірлер