Жұмадағы ізгілік

1014

 Мұхаммед Пайғамбар: "Арайлап атқан күндердің ең қайырлысы - Жұма күні. Адам ата осы күні жаратылды", дейді. Жұма күнінің қадір -қасиетіне тоқталған Құран Кәрімде " Жұма" деп аталатын арнайы сүре бар. Хадистерде Жұма күні жуынып , тазарып, мешітке барып, уағыз  тыңдап, намаз оқыған кісінің сол күн мен өткен жұма арасындағы барлық күнәләрінің кешірілетіні айтылады.
Жұма күні - күндердің ең абзалы әрі мұсылмандардың мейрамы болып есептелінеді. Сонымен қатар, бұл күні жұма намазы оқылады. Егер мұсылман бұл күнді және жұма намазды қадірлеп, әдептерін ұстанса, Алла оның сауабын арттырып, күнәларын кешіреді.

" Жақсылыққа жақсылық - әр кісінің ісі,
Жамандыққа жақсылық - ер кісінің ісі"
демекші бүгінгі таңда жақсылық жасауға жаны құмар адамдардың саны артып келеді. Солардың бірі өзіміздің Ақтөбе облысындағы Қандыағаш қаласының қарапайым тұрғыны - Темірбек Кұсайынов. Жаны таза Темірбек мырза біраздан бері қалалық қоғамдық көлік жүргізушісі болып жұмыс істеп  келеді. Екі  жылдан бері мейірімді азамат қала тұрғындарын әр жұма сайын тегін тасып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүр. Сондай – ақ,  әр күн сайын " Манас" азық - түлік дүкені арқылы 11 бөлке нанды халыққа тегін таратуда.
Осындай ақ,  ниеті ақ адал жанға риза болған тұрғындар "Жыл адамы " атағын беруге ұсыныс жасады. Ел тілегі қабыл болып басшылар тарапынан ескеріліп,  2019 жылдың 16 желтоқсаны күні Темірбек Дәуренбекұлына " Жыл адамы" атағы берілді.
Осы атақты алғанда қандай сезімде болдыңыз? - дегенде " Мен не істесем де Алланың разылығы үшін істеймін. Адамдардың риза болып, жаудырған алғыстарын естігенде жұбайым Айдай екеуміз ет жүрегіміз елжіреп, бақытқа бөленеміз. Шынымды айтсам, әр жұманы асыға күтемін. Өйткені, алғыс алу - бір ғанибет" - деп ағынан жарылды. Осындай елге шапағатын тигізер адал да жомарт адамдар көп болсын! «Темірбек Дәуренбекұлы, кәсібіңізден берекет тауып, Алланың назарында жүре беріңіз!» дейміз шын жүректен.

 

 Аманжолова Аружан,

Ақтөбе облысы

Қандыағаш қаласы

11- сынып оқушысы

Ғылыми жетекшісі: 

Әбдіжәділқызы Жидегүл

                                                                                                                                            ф.ғ.к, доцент

Пікірлер
Редакция таңдауы