Елімізде аштық пен геноцид туралы қандай кинолар түсірілді? (видео)

3854
Adyrna.kz Telegram

31 мамыр қуғын-сүргін құрбандарын ғана еске алу күні емес, сонымен бірге ашаршылық құрбандарын да еске алу күні.

Біздің проза да, поэзия да қасіретті жылдар шындығын жазуда әлемдік әдебиеттен бір саты да төмендеген емес.  Ал қазақстандық кино әлемінде аштық пен сол кезеңнің тарихи шындығын көркем шындықпен астастырып, көркем дүние тудырған режиссерлер кімдер? Қазақ киносы бұл тақырыпты нүктесін қоярлықтай жеткізе алды ма?   Кино әлемінде бұл тақырыпты қозғауға не кедергі ?!

Ең алдымен аштық жайлы түсірілген қазақ фильмдері тізімін ұсынамыз:

Еркін Рақышевтің «Ашаршылық» деректі фильмі «Қазақфильм» киностудиясының тапсырысымен  тарихи деректерге сүйеніп түсірілген. Фильм үш бөлімнен тұрады. Алайда туындының телеарналарда көрсетілмеу себебін режиссердің өзі бір сұхбатында : « Ашаршылық туралы фильмді Мәдениет министрлігінің тапсырысымен түсірдім. Бірақ, оны телеарналар көрсетуден бас тартты. «Бастықтарыңыздың тапсырысымен түсіріп отырмын. Неге көрсетпейсіздер?» деп едім, олар Мәдениет министрілігінен де жоғары адамдардың бар екенін айтты.» - деп көрсеткен екен.

Жандос Еспенбетовтің «Жұт» қысқаметражды фильмі «Қазақфильм» сценарийлер байқауында үздік 5 сценарийдің қатарына еніп, режиссердің дебюты болғанын атап өтуіміз керек. Кинокартинаны көруге ұсынамыз.

Болат Қалымбетовтің «Талан»  фильмі 2018 жылы жарыққа шықты. Фильм аштық кезеңіндегі қазақ халқын, басты кейіпкердің тұлғалық дамуын сипаттайды. Асан Мәжит, Ерік Жолжақсынов, Шынар Жанысбекова есімді актерлық құраммен көзге түскен фильм Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр адам»  хикаятының негізінде түсірілді. Сценарий авторлары – Болат Қалымбетов пен Ғазиз Насыров.

2019 жылы жарық көрген «Зұлмат» фильмі Жанболат Мамайдың авторлығымен түсірілген. Фильмде қазақтың зұлматты жылдар оқиғасы бір отбасының аштықпен күрескен азапты тағдыры арқылы көрсетіледі.

Міне, саусақпен санарлық кино туындыларын тізіп шықтық. Дәл қазіргі сәтте медиа дәуірін кешіп жатқанымызды ескерсек, кино арқылы талай сананы оятуға болады, тарихты түсіндіруге болады. Ал тарихын білетін адам – өз ұлтын білетін, өзінің кім екенін білетін адам.

Біз ұлт ретінде ресми тәуелсіздігімізге 29 жыл толса да, тарихымыздағы ашаршылыққа, геноцидке тарихи тұрғыдан да, экономикалық, демографиялық тұрғыдан да баға бере алмағандаймыз. Бұл режиссерлердің, сценаристердің айтары таусылды деген сөз емес. Жоғарыдағы «Ашаршылық» деректі фильмін отандық арналардың көрсетпегенін ескерсек, басқа сыры да болғаны.

Ендеше, тарихыңды таныт, қазақ режиссері ! Жаңа ғасырдың жас ұрпағының тағдыры сенің қолыңда.

Дина Бөкебай,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

филология және әлем тілдері факульетінің 3-курс студенті

Назарларыңызға "Адырна" ҰЭБ" қорының түсірген "Алаш арыстары: ұлттық дәстүр және дін" атты шағын деректі филімін  ұсынамыз.

Пікірлер