"Қазақфильм" мемориалды кешенін қалпына келтірмек

677

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов қазақ киносының көрнекті қайраткерлерін еске алуға арналған мемориалды жаңарту үшін жеке инвестиция тартты. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында мәлімдеді.

Естеріңізге салсақ, киностудияның кіре берісінде орналасқан мемориалды кешен қазақ киносының негізін қалаушы Шәкен Аймановтың ескерткіші, ҰОС жылдарында Біріккен Орталық киностудияда жұмыс істеген қызметкерлердің есімдері жазылған мемориалды тақта және 30-ға жуық киногерлердің есімі жазылған жұлдыздар аллеясынан тұрады.

- Өткенсіз болашақ жоқ екенін мен қашан да айтып жүремін. Сондықтан да осы қызметке келгелі бері қазақ кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан киногерлердің есімдерін жаңғыртуға, олардың еңбегін дәріптеуге ерекше көңіл бөлемін. Біраз жыл бұрын құрылған бұл кешен уақыт өткен сайын әбден ескірген. Шәкен Кенжетайұлы ескерткіші тұғырының беткейлері мен жұлдыздар аллеясына қараған сайын жаным ауырады, – деді киностудия президенті Арман Әсенов

Осылайша киностудия басшысы мемориалды кешенге қатысты ойымен белгілі бизнесмен досымен бөліскенде, ол бұл мәселе бойынша көмектесуге дайын екендігін білдірген. Бүгінгі таңда жаңа кешеннің жобасы дайын, оны жақын арада көпшілікке ұсынады.

- Мемориалдық кешенді жаңарту барысында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай майдангер-киногерлерге де құрмет көрсететінімізді жеткізгім келеді. Бүгінде ұйымдастыру тобы олардың тізімін жасауға кірісіп те кетті. Оған қоса қазақ киносының тарихында өшпес із қалдырған, құрметке лайық көптеген қайраткерлердің есімдерін ұмытпауымыз қажет, – деді Арман Әсенов

 Киностудия басшысының айтуына қарағанда жақын арада Жұлдыздар аллеясы Кәукен Кенжетаев, Павел Зальцман, Құман Тастанбеков, Михаил және Федор Аранышев, Жамбыл Құдайбергенов, Юрий Померанцев, Нұрмұхан Жантөрин, Михаил Колбасовскийлердің есімдерімен толығады...

Сондай-ақ, «Қазақфильм» президенті барлық қазақстандықтарды мемориалдық кешенді жаңғырту идеясын талқылауға шақырды. Жұлдыздар аллеясына қатысты ұсыныстарды (қазақ киносы майталмандарының есімдерін толықтыру бойынша) kense@kazakhfilmstudios.kz поштасына жіберуіңізге болады.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы