Коронавирус: Біз бірінші толқынның шырқау шегіне жеттік

5497

Еуропа елдері коронавирустың екінші толқынына дайындықты бастап кетті. Олар күз айындағы екінші толқын өте қатты болады деп қорқуда. Оған себеп те жоқ емес.

Біріншіден, вирусты жұқтырып, жазылып шыққандардың өкпесі әлі қалпына келе қоймайды. Ал олардың саны миллионнан асады.

Екіншіден, адамдардың күз айында иммунитеті нашарлайтын сәті. Сондықтан вирус адам ағзасына басакөктеп кірмек.

Енді Еуропалық қауымдастықтың арнайы жоспары бойынша барлық дәрігерлер вируспен күресуге дайындықты бастап кетті. Олар дәрігердің қандай санатта және салада екеніне қарамастан, бәрін жұмылдыруда. Вирус ошағына жылдам бару, адамдарға жедел көмек көрсетуді үйренуде. Ал тәртіп сақшылары қаланы жылдам бұғаттауды пысықтауда. Халыққа пандемия сәтінде оқшауланудың маңыздылығы жайлы ақпарат күні-түні айтылып жатыр. Маркеттер азық-түліктерді арттырып, қоймаларын толтыруда. Еуропаның мақсаты екінші толқынды тез әрі аз шығынмен жеңіп шығу. Олар бірінші толқыннан сабақ алып, қателіктерді қайталамауға тырысатынын мәлімдеді. Бірінші толқын Еуропалықтарды зар еңіретіп кетті. Естілер одан сабақ алары анық.

Бізде екінші толқын қалай болар екен?! Қазірдің өзінде жағдай қиын. Менің ойымша біз қазір бірінші толқынның шырқау шегіне жеттік. Күніне мыңға жуық адам жұқтырып жатыр. Ал халық арасында әлі вирусқа сенбейтіндер жетерлік. Бұл енді сұмдық. Не істеу керек?

Асхат Қасенғали

Пікірлер
Редакция таңдауы