Заман сөздеріне жауап беретін маман - журналист

416

Уақыт өткен сайын, ғылым мен технологияның дамуына байланысты жоғалып бара жатқан мамандықтардың саны артуда. Дегенмен, бағзы заманнан келе жатқан журналистика – екінші көне мамандық атанып, әлі күнге дейін өзекті болып қала бермек. Оның бірден бір сыры – заман талабына сай жаңа платформаларға көшіп, өзгерістерге тез бейімделуінде. Мәселен, қазіргі таңда мерзімді басылымдардың орнын интернет-БАҚ пен желілік басылымдар басуда. Тіпті роботтар да бұл мамандыққа қауіп төндірмейді деуге болады, себебі тек адам ғана халыққа әсер етіп, қоғам санасына ықпал ете алатын жаңалық, ақпаратты жаза алады.

Журналистің басты мақсаты – халықтың қамын ойлап, халықтың сөзін айту. Қандай өзекті мәселені көтермесін, журналистика соның бәрін халықтық тұрғыдан қозғауға, халықтың сөзін сөйлеуге күш салады. Орыс публицисті Николай Михалковский айтқандай: «Журналистика қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстайды. Қоғам тірлігінің тамыры қиылса, журналистика да бітіп тынады». Басқаша айтқанда, тілші кәсіби міндеттерін атқаруда шектеулерге тап болғанда немесе ақпарат тым аз болған кездегі қиындықтардың бәріне шыдап, адал еңбек етеді. Әрине, барлық журналистер кәсібіне адал болып, шындықты жеткізе жаза бермейді. Дегенмен, ұлтжандылық пен отансүйгіштік қасиеттерімен ерекшеленетін, арын жанынан биік ұстайтын тілшілер де әркез табылады.

Дэвид Рэндалл да өзінің «Әмбебап журналист» атты еңбегінде де осы жайлы айтады. 1982 жылы әлем бойынша тоғыз журналист қайтыс болса, кейін жыл сайын бұл көрсеткіш тұрақты өсіп отырған екен. Солай 2018 жылы бір жылда дүниеден өткен журналист саны 80 жетті. Оның негізгі себебтері – тілшілердің мемлекеттік бақылауға бағынбауы немесе орынсыз жәбірленушілердің өміріне алаңдап, құқықтың тапталуына жол бермеуі арқылы тоғышар басшылықтағыларды, пайдасы қара басынан аспайтындарды жөнге саламын деуінен туындауда.

Әділеттікті қалағаны үшін «жазаланған» репортерлердің арқасында «мүмкін емес» көрінген өзгерістер орын алып, ескірген заңдар жетілдіріліп, зиян үкіметтер құрдымға кетті.

Қазақ журналистикасы үшін, XX ғасырдың басында ұлттық мәселелерді шешу мақсатында Алашорда үкіметін құрумен қатар, «Қазақ газетінде» тілшілердің жұмысын атқарған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов,  Міржақып Дулатов сынды қоғамдық-саяси қайраткерлер – темірқазық, бағыт-бағдар болып қала бермек. Өйткені «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» деп ант беріп, қазақтың жарқын болашағы үшін біржола күреске түсіп еді. Газет бетінде жер, тіл, тарих, біліммен байланысты мәселелерді талқыға салып, жұрттың пікірімен санасып, ауызбіршілікпен шешкен. Газетте қазақ өмірінің шынайы көріністерін суреттеп, сансыз әділетсіздіктерді тізіп бердіп отырды. Мысалы, 1913 жылы Ресейдегі құрт ауруына қарсы жамиғат дертті емдеу үшін қазақ жерінде қымызхана ашуды жоспарлаған еді. Алайда, бұл қымызхана Ырғыз уезіндегі бес мың десятина жерді құрайтын, 13 үйдің қыстауы бар, басқа қазақтардың жайлауы бар аумақта салыну қажет болды. Қазақ жерін мұжық, басқасы да тартып алып жатқанда, өз халқының қиналып жатқанын көріп тұрып, рұқсатсыз жер алуын бұрыс көрді. Сондықтан, Қазақ газетіне Ахмет Байтұрсынов қымызхананың пайдасы мен зарарын атап өтіп, 13 үйдің адамдарының сол жерді алуға разы болса қол немесе таңбаларын қойып, ауылнай, би не болыс сықылды адамдардың бірі мөрін басып келісімін жібергенін жөн санады. Яғни, газет басқармасы халық пікірін маңызды санап, мәселені әділ шешуге талпынды. Оқырмандарына алаңдап, өз елінде және әлемде орын алып жатқан жаңалықтарды айтып, талдау арқылы дұрыс бағыт-бағдар ұстануына сеп болып отырды. Бұл тілшінің ұлы мақсаты.

Тұтастай алғанда, жақсылықпен жамандықтың қатар жүруі заңдылық болғандықтан, әділетсіздік әрқашан орын алып отырады. Ал оны ашық, еркін айтып отыратын батыл, көкірегі ояу тілшілер керек. Британдық драматург, Том Споппард тілші мамандығы жайлы өз ойын былай өрбітеді: «Егер сіздің басты мақсатыңыз әлемді өзгерту болса, журналистика бұл үшін ең тиімді және жылдам қару болатындығына сенімдімін». Демек, журналистика заман талаптарына жауап беретін, ең керек мамандықтардың бірі.

Қымбат МҰРАТ,

Алматы қаласы ХББ НЗМ

12 сынып оқушысы

Пікірлер
Редакция таңдауы