Елімізге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі осы жылдың қаңтар айынан бастап іске қосылды. Бірақ азаматтардың бәріне сақтандыру пакетіне енген қызметтер статусына қарамастан көрсетілді. «Адырна» ұлттық порталының оқырмандары шілде айынан бастап емханалардан медициналық қызмет түрлерін пайдала алмай жүргендерін айтып, шағымданды.
«Дәл осындай өмір мен өлім арпалысқан шақта денсаулық сақтау саласының мұнысы несі?Бұған дейін тіркелген емханалардан алып жүрген тегін процедуралар бойынша медсақтандыру төленбеген пациенттерге компьютерден автоматты түрде бас тартатын бағдарламаны қосып үлгеріпті! Иә, мұндай заң қаңтардан бері бар. Бірақ, іске қосылмаған болатын. Мен үш айдан бері осы емханада қаралып жүрмін, бұндай болған жоқ еді ғой десем, 1-інші шілдеден осы бағдарлама қосылды дейді. Конституциямызда әрбір азамат тегін медициналық көмек алуға құқылы деген бап бар. Конституция заңдық күші бойынша барлық заңнан жоғары. Ендеше, ҚР конституциясына медсақтандыру төленбеген азаматтарға тегін медициналық көмек көрсетілмейді деген бап енгізілсін! Дәл осындай, өмір мен өлім арпалысқан, денсаулық мәселесі бірінші орынға шыққан, ел жұмыссыз, табыссыз тығырыққа тірелген шақта бұл талапты іске қосудың ешбір жөні жоқ!»,- деді Фейсбук желісін қолданушы Ақсұңқар Ақынбаба.
«Адырна» ұлттық порталы бұл мәселенің анық-қанығына жету үшін
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» хабарласты.
Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»Алматы қалалық филиалының директоры:
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2017 жылдың шілдесінде іске қосылды. Жарнаны биылғы жылға дейін тек жұмыс берушілер төлеп келді. Жүйе 2020 жылдың 1қаңтарында толыққанды күшіне енді. Барлық санаттар жарна төлеуге міндеттелді. Дегенмен жылдың бастапқы үш айы өтпелі кезең болып жарияланып, кейін карантинге байланысты бұл мерзім тағы үш айға ұзартылды. Жалпыбұл шара азаматтардың сақтандыру пакетінің артықшылықтарын сезініп, олардың жүйеге қосылуына мүмкіндік беру мақсатында қолға алынған болатын. Жеңілдік мерзімі 1шілдеде аяқталды. Алты айда статусын анықтап, жүйеге қосылып үлгермеген азаматтар баршылық. Олар МӘМС пакетіне енген қызметтерді пайдалану үшін өткен айлардың жарнасын төлеуі тиіс. Бірақ шұғыл жағдайларда барлық азаматтарға сақтандырылса да, сақтандырылмаса да көмек көрсетілуі тиіс. Яғни, аяқ асты ауырып дәрігер көмегі қажет болған пациенттер бұрынғыша жедел жәрдем шақыртып, учаскелік маман көмегіне жүгіне алады. Оған қоса, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен созылмалы сырқаттар да көмекті тегін ала алады.Сонымен қатар, статус мәселесі бойынша Медициналық сақтандыру қорының 1406 байланыс орталығына хабарласуға болады. Орталық операторлары әрі қарай сауалды тиісті филиал мамандарына жолдайды.
Диана АСАНОВА,
«Адырна» ұлттық порталы