Қыс шанаңды жаз сайла

2147
Adyrna.kz Telegram

Жылумен қамтамасыз ету

       Әкімдердің уәдесі әрдайым назарда. Осы орайда өткен жылы Түркістан облысын жылумен қамтамасыз ету жұмыстары өз орнымен жүзеге асып жатқанын байқадық. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласын газдандыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Соның ішінде табиғи отын тарату мақсатындағы құрылыс жұмыстарын 2020 жылы толық аяқтауды міндеттеген еді. Өз сөзінде қыс маусымында қатты отын тұтынатын көпқабатты тұрғын үйлердегі қою қара түтіннен арылтып, табиғи газдың шарапатын көруге үндеді. Бұл жөнінде қала әкімі Р.Аюпов қала тұрғындарымен әрбір өткен кездесулерінде айтып келеді.

       Сонымен бұған дейін қаладағы «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Қазақстан Республикасы Үкіметінің және қала әкімдігінің қаулылары негізінде әр жылдың 1 қараша айынан бастап қазандыққа от жағып, жылу кезеңінде І және ІІ мөлтек ауданындағы 75 көпқабатты тұрғын үйлеріне, жер теліміндегі – 28 үйге, әлеуметтік 60 нысанға, 60 коммерциялық ғимаратқа жылу энергиясын 1 сәуірге дейін қамтамасыз етіп келді. Қыс маусымында жылу мекемесі 16 000 тонна қажетті қатты отын пайдаланып отырған екен. Бұл дегеніңіз қаланың экологиясына кері әсер етіп келді. Қыс мезгілінде Түркістанның төбесін қарасаңыз, қара түнекке айналып кетеді дейді қала тұрғындары. Бұл жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып, жазылып та жүр. Осы олқылықтың алдын алу мақсатында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес шұғыл шаралар қолға алынуда.

       Қала басшысының бұйрығымен осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Қала әкімдігінің ұйытқы болуымен қалалық инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі тарапынан тиісті қаржы бөлініп, қуаттылығы 42 МВТ қазандық отын түрі табиғи газға алмастырылатын болды. Қазіргі таңда табиғи газбен жұмыс жасайтын қазандықты салу құрылысы басталып кетті. Құрылыс жұмыстарын жүргізуді Алматылық «ASI Building» ЖШС мердігер компаниясы жеңіп алып, білек сыбана кірісіп те кетті. Құрылысқа республикалық бюджеттен 750 млн. теңге қаржы бөлінген.

        Сонымен биылғы, яғни 2020-2021 жылғы қысқы жылу маусымына жоғарыда аталған көпқабатты тұрғын үйлер толық табиғи газбен қамтылатын болады. Қазандықтың құрылыс жұмыстарын 2020 жылдың 1 қазанына дейін бітіру жоспарланған. Жылу жүйесі бойынша магистралды жүйе 6,1 шақырым болса, ішкі орамды таратушы жылу жүйелері 17,990 шақырымды құрайтын болады. 2010 жылы өндіріске қосылған жылу жүйесі құбырларының тозығы жетіп жарамсыздығына байланысты ішкі таратушы жүйелерінің 16,3 шақырымы ауыстырылады.

        Түркістан қаласында 2 жылу қазандық жұмыс жасайды. Бірінші қазандық 1,2 мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлерге жылу берсе, ал екінші қазандық жаңадан бой көтерген Отырар мөлтек ауданындағы 12 көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етуде. Отырар мөлтек ауданындағы жылу қазандығы оның қуаттылығы 8 МВТ бүгінгі таңға дейін жылу маусымында табиғи газбен қамтамасыз етіп, қала тұрғындарына жылу беріп келеді.

Ауыз су мәселесі

       Бірнеше жылдан бері ауылдағы ауыз су мәселесінің түйіні тарқатылмай келген Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылының тұрғындары жуырда тілек-шағымдарын айтып, Жетісай ауданының әкімі Жамантай Қанайұлының қабылдауында болды.  

       Айтылған өтініш бүгінде орындалды. Аудан басшысының тікелей тапсырмасымен 2000-ға жуық тұрғыны бар Ынтымақ ауылына ескі мұнараның орнына сыйымдылығы 25 мың тонналық жаңа су мұнарасы орнатылып, іске қосылды. Сағатына 40 текше метр су шығаруға қауқарлы насостар орнатылған су мұнарасы енді ауылдағы 1000-ға тарта түтінді ауыз сумен қамтамасыз етеді. Бұған дейін ауылда 1000 түтінді қамтамасыз ететін су стансасы тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған.

       Айта кетейік, бүгінде Жетісай ауданына қарасты 113 елді мекеннің 101-і орталықтандырылған су құбырымен қамтылған. Өткен жылы Жетісай топтасқан су өткізгішіне қосылған Жылы су ауылдық округіне қарасты 5 елді мекенге 100 млн теңге, Ынтымақ ауылдық округіне қарасты бір елді мекенге 79,9 млн теңге қаражат қарастырылып жөндеу жұмыстары жүргізілген. 51 елді мекеннің 10-ы «Мембрана», 41-і «Омега» құрылғылары арқылы ащы суды тұщы суға айналдырып пайдаланып отыр.

 

Аяулым ӘБІЛДА, “Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер