Жазушы Стивен Кингтің жетістікке жету формуласы

2784
Adyrna.kz Telegram

Фэнтези, мистика, триллер, детектив, ужас, хоррор қазақ әдебиетінде де , кино өнерінде де кенжелеп қалған жанрлар. Тіпті, кейбір жанрға қатысты мысал табудың өзі мүмкін емес. Әйтсе де, оқырман қауым өз қызығушылығы мен талғамына қарай шет ел әдебиетін ақтарып, осы бағыттағы қаламгерлерді іздеп жүріп оқиды. Мәселен, әлемдегі оқырманы көп, жазудың арқасында байлыққа қол жеткізген, әрі шығармалары жиі экранизацияланатын әйгіліқаламгерлердің бірі америкалық Стивен Кингқазақ жастарының көпшілігі қызыға оқитын жазушылардың бірі. Ол таланты арқылы мол табысқа кенеліп, Forbes тізімінен түспей келе жатқан қаламгерлердің бірегейі. Өмірінің мәні жазу деп білетін, сондай-ақ осы жолда жанкешті еңбектенген қаламгер бұл биігіне оңай көтерілген жоқ. Ол талант пен табанды еңбекті ұштастырып, танымалдыққа иә болды.

Лев Толстойдың  «Жазбауға болмайтын кезде ғана жаз,» – деген әйгілі сөзін америкалық жазушы Стивен Кинг те берік ұстанғанын шығармаларының кітапсүйер қауымның арасына кеңінен таралуынан-ақ байқауға болар. Оның қаламынан барлығы 200-ге жуық әңгіме, 56 роман, псевдонимімен 7 роман, сондай-ақ ғылыми-көпшілік жанрдағы 5 кітапжарық көрген. Өндіріп, молынан жазса да, ол табынушыларын жалықтырып алмады. Оқырман жүрегінен ол өзінің логикаға сыймайтын оқиғалар желісіне құрылған, кейіпкерлерінің психологиялық әлеміне терең бойлай алған, қорқыныш пен үрейге толы ужас жанрындағы шығармалары арқылы ойып орын алды. Оқырман қауымның оны «Ужас жанрының патшасы» санауы да тегіннен тегін емес.  

Алғашқы қадам

Стивен жазуға бала кезінен ден қоя бастаған. Оның екі жасында әкесі «темекі алып келуге шығып», қайта оралмайды. Отбасын тастап кеткен әкесінің айыбын жабу үшін анасы балаларына: «Әкелеріңді марстықтар алып кетті деп,» - деп жұбатады.

Стивен бала күнінен тым аурушаң, төсек тартып жатып қала беретін әлжуаз болады. Олтөсектен тұра алмағандықтан, өз уақытын өзі көңілді өткізбек ниетпен қолына қалам мен қағаз алып қиялынан әртүрлі қызықты оқиғаларды құрастырып, жаза бастайды. Баланың жазуға бет бұруына әкесінің шатырда сақталған жазбаларының да септігі тиген-ді. Кіпкішкентай қаламгер сол кезден-ақ тастап кеткен әкесі мен өзіне қамқор болып отырған анасын таңқалдырып, солардың мақтанышына айналғысы келеді.

4 жасында оның бүкіл өміріне әсер ететін қанды оқиғаға куә болады. Ең жақын досы көз алдында жүк көлігінің астына түсіп көз жұмады. Досының өлімінен кейін Стивен қатты есеңгіреп, уақыт өткен сайын бұл ой оған маза бермейді. Ол өзінің ішіндегі үрейді басу үшін қолына қалам алып, қорқынышты әңгімелер жаза бастайды. Алғашқы туындыларын ол анасына оқытады. Анасы да баласының қабілетін байқап, оны қанаттандыра түсу үшін әрбір жазған әңгімесіне ақша ұстатады. Бұл –Стивеннің жазушылық жолындағы ең алғашқы қаламақысы еді.

Болар бала кішкентайынан-ақ өзін мойындата аларын осы бала Стивеннен аңғаруға болатындай. 13 жасында ағасы Дэвидпен бірлесіп, өзінің «Дейв парақшасы» газетін шығаруды қолға алады. Газет бетіне жаңалықтар, кинофильмдер рейтингі мен қысқа әңгімелерді түсіреді. Әрқайсын 5 центтен көрші-қолаңға таратады. Баланың ұшқыр қиялы мен табанды еңбегінің арқасында 14 жасында Крис Челсимен бірге «Адамдар, кеңістік пен заттар» атты 18 беттік алғашқы жинағын шығарады. Бұл шағын кітапты өз достарына 10-25 центке сатады.

Бір жылдан кейін  Роджер Корманның «Құдық пен маятник» атты бейнетаспасын кітапсүйерлерге арнап бейімдеп, 40 данасын шығарып,  0,25 долларға бағалайды. Бұл Стивеннің ең алғашқы «бестселлері» еді.

Колледжге түскеннен кейін Стив қосымша жұмыс іздей бастайды. Алғашында ол тоқыма фабрикасында ораушы болып жүреді. Фабриканың іші өте лас, тіпті, егеуқұйрықтарға дейін болады. Сәл қолы қалт еткенсе, ол сол егеуқұйрықтарды қинап, оларды келемеждеп ойнаған да екен. Бір күні, Тәуелсіздік күні қарсаңында, фабрика басшысы  қызметкерлерінен бір түнге қалып, ғимаратты тазартуды сұрайды. Стивен келіспей, ал әріптестері қалып қояды. Кейін олар жазушыға сол күні өздері куә болған қорқынышты түн жайында баяндап береді. Қаламгер мұндай керемет идеяны пайдалана кетіп, «Түнгі ауысым» повесін жазып шығады. Бұл әңгіме 1970 жылы «Cavalier» атты журналда жарияланады. 1978 жылы шыққан жинағына Стивен Кинг осы шығармасының атауын береді. 1990 жылы «Ауысымды» экранизациялайды.

Танылу жолында

1966 жылы ағасы екеуі Мэн штатындағыуниверситетке оқуға түседі. Ол ағылшын әдебиетін оқуды қалайды, сонымен қатар сабақ беру үшін мұғалімдер курсына да жазылады. Сол жерде болашақ жары Табитаны кезіктіріп, көп ұзамай басқосады. Екеуі үш баланы өмірге әкеледі. Кингтің мардымсыз жалақысы отбасын асырауға әрең жететін. Осы кезеңде ол өзінің танылуына жол ашқан «Кэрри» романын жаза бастайды. Алайда, Стивеннің бұл шығармасын отыздан астам баспа жарыққа шығарудан бас тартып, әбден үміті үзілген қаламгер де бұл шығармасын шетке ысырып қояды.Бәлкім, жары Табита романды тауып алып, соңына дейін аяқтауға дем бермегенде, Стивеннің бүгінгі жетістігіне жетуі неғайбыл  еді.  Ол романға қайта түзетулер енгізіп, аяқтап, америкалық 74-ші «Doubleday» баспасы кітапты шығаруға келісім береді. Кинг осы шығармасы үшін алғаш рет 2,5 мың доллар көлемінде қомақты қаламақы алады. Содан кейін бұл баспа жариялау құқығын NAL-ге 400 мың долларға қайта сатады. Кинг бұл соманың 50% алып, мұғалімдікті біржола тастап, өзін тек жазуға арнайды.

Ричард Бахман

Кинг өте күмәншіл еді. Ол «Кэрридің» сәттілігін енді қайталай алмаймын деп күмәнданып, бойын қорқыныш билейді. Кинг жетістіктің қайталанатынын өзіне дәлелдеу үшін«Ричард Бахман» псевдонимімен бірнеше еңбекжариялауды ұйғарады. Олардың қатарында: «Жол жұмыстары», «Жүгіруші адам», «Ұзақ серуен» және «Ашу» атты туындылары бар. Белгісіз автордың қаламынан туған бұл туындылар да тез таныла кетеді.  Осыдан кейін автор өз қорқынышының негізсіз екенін ұғып,  сәттіліккездейсоқ емес екендігіне көз жеткізеді. Әдеби талантын сезіне бастайды.

Дүкендегі кітап сатушының көмегімен Ричард Бахманның атын жасырып, өз танытуд бастайды. Сатушы оқырмандарға екі жазушының стилі ұқсас екенін айтып, жарнамалайды. Осылайша қысқа мерзім ішінде оның атағы әлемді шарлай бастайды.

1982 жылы әйгілі «Қара мұнара» циклінің бірінші томы жарық көреді. Дәл сол жылы Кинг 10 күн ішінде ғылыми фантастика жанрындағы үш жүз беттен тұратын «Жүгіруші адам» романынжазады. 1989 жылы Стивен Викинг баспаханасымен келісімге қол қояды. Келісім бойынша ол 4 кітапқа 35 миллион доллар көлемінде сыйақы алды. Алайда 1997  жылыСтивен Кинг 17 миллион долларлық   «Сүйек салынған қапшық» кітабын дайындап жатқандықтан, баспагермен арадағы келісімшартын бұзуына тура келді.

1996 жылы автор талай жанды бей-жай қалдырмаған «The Green Mile» шығармасын аяқтайды. Әлі күнге дейін ыстық ықыласқа ие бұл шығарма 1999 жылы экранизацияланды. Бұл фильм әл күнге дейін әлемдегі үздік экранизациялардың көшін бастап тұр.

Тосыннан болған жол апаты

1999 жылдың жазында жазушы қаланы аралап жүрген сәтінде оны кенеттен көлік қағып кетеді. Кінәлі жүргізуші көліктің артында отырған роттвейлердің кедергісінен көлікті игере алмай қалады. Кинг ауыр халде ауруханаға жеткізіледі. Оң аяғы тоғыз жерден және 4 қабырғасы сынған. Сынған қабырғадан өкпесіне де зақым келген, сонымен қатар омыртқасында 8 жарықшақ пайда болып, иығы зақымданып, басы да жарақаттанған. Кинг ауруханада бір ай жатып шығып, содан кейін үйінде тағы 1 ай төсек тартып жатады. Төсекке таңылған Стив бос жатпай, тағы да қолына қалам ұстайды. Тіпті, оның күніне 40 минут қана отыра алатындығы да жазуына кедергі келтірмейді.Сырқаттығына қарамастан «Кітаптарды қалай жазуға болады» атты автобиографиясы мен«Қараңғы мұнара» циклінің 7 бөлімін жазып шығады. Романда Кинг өзі апат болған жыл – «99»бен оқиға күні «19» сандарын көрсетеді.

2001 жылы Кинг оңалып, сол жылы әлем оның«Dreamcatcher» романын қолына алды. 2003 жылы автор Американың беделді «Әдебиет дамуына қосқан үлесі үшін» марапатын иемденді. Ал 2004 жылы «Қара мұнара» романының ең соңғы бөлімін жариялады. Автордың өткінші күйзеліс-тоқырауы салдарынан ба, бұдан кейін өзінің әдеби мансабын аяқтағанын жариялады. Баспасөз конференциясында ол бұл әлемге бәрін жеткізгенін және бөлісетін ештеңе қалмағанын айтты.

Қайта шарықтау

Оқырмандарының қуанышына орай 2 жылдан кейін Стивеннің су жаңа туындылары кітапсөрелерінде қайта пайда бола бастады.

2009 жылы автор өзі 40 жыл бойы ойланып, толғанып, қағаз бетіне түсірген «Күмбез астында» атты туындысын жарыққа шығарды.

2017 жылдан бастап жазушының шығармалары негізінде «Castle Rock» атты көп сериялы, екі маусымды психологиялық ужас түсіріле бастаған. Киносериялдағы оқиғалар мен мекендердің барлығы тек Кингтің шығарамасында бар, ойдан шығарылған дүниелер. Киносерия көрермен тарапынан қолдау тауып, жоғары рейтинг көрсете алды.

2020 жылдың 13 шілдесінде америкалық Deadline.com веб-сайтында Стивен Кингтің If it bleeds (2020) жинағындағы үш әңгімесін экранизациялау құқығын 3$-ға (әрбірі0 1 $) сатқанын жариялады. «Мистер Харриганның телефоны» атты әңгімесі негізінде Netflix платформасы қайтыс болған көршісімен баланың достығы туралы фильмін Райан Мерфидің режиссерлігімен шығарады. Ал «Тышқан» әңгімесін экранизациялау  құқығын Бен Стиллер сатып алса, ал «Чактың өмірі» новелласын Даррен Аронофский сынды танымал режиссер түсіреді.Бұл экранизациялар жазушының атағын одан әрі аспандата түсері сөзсіз.

Бала күнгі тағдырдың тәлкегі мен аурушаңдыққа қарамастан, кейінгі тұрмыс тапшылығы мен түрлі сәтсіздіктер, сондай-ақ тосыннан болған жол апатына қарамастан жазушы тынбай еңбектенуінің арқасында әлемге танылып, миллиондаған оқырманның талғамынан шығатын туындыларды ұсына алды. Ол дәйім жазуға асқан ыждахаттылықпен қарайды. Жазушы күніне 2000 сөз жазу мен 4-6 сағаттан кем емес шығармашылыққа уақыт арнау дағдысынқалыптастырған. Ол өзінің дәйім өз жетістігінің себебін осы табандылығынан деп біледі.

  Айжан Құрманбай, “Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер