Арзан қойды Құдай да қабылдамайтын болған ба?

10076
Adyrna.kz Telegram

«Құрбан шалу рәсімін ұйымдастыру шаралары» тақырыбында онлайн брифингін өткізген  Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат ЖҮСІПОВТІҢ Құрбан айтта сойылуға тиіс малдардың бағасын атап өтіпті.  Елордалық имамның айтуынша, арзан құрзан, кішкентай қойлар Шариғаттағы құбандық талабына сәйкес емес көрінеді. Апырай, сонда Құдайға мұсылманның ниетінен гөрі, қымбаттау, үлкендеу қойды құрбандыққа шалғаны аса маңызды болғаны ма, бұл қалай?

«Малға қойылатын талаптар бар. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қойдың бағасы 50 мың, ірі қараны 350 мың деп бердік. Бұл жерде қойдың жасына назар аудару керек. 6 айға жетпеген, арықтау тоқтылардың өзін 35-40 мыңға алуларыңыз мүмкін. Бірақ қой мен ешкі 1 жасар болуы керек. Ал 1 жасар қойдың бағасы үшін 50 мың өте жақсы баға», - дейді бас имам.
Яғни, түсінгеніміздей, 35-40 мың теңгенің қойлары шариғат талабына сай келмейді екен. «Бір жасқа толмаған қойлар құрбандықтың орнына жүрмей қалуы мүмкін. 50 мың теңге - елордадағы базарлардағы малдың орташа бағасы осындай», - дейді ол.

Сіз не дейсіз?

Мәулен ЖЫЛҚЫБАЙ, жұмыссыз: «Имам солай десе, демек, Шариғатта да инфляция сияқты дүниелер болып тұра ма, сонда? Әлде Шариғат та доллардың курсына байланғаны ма? Бұл қызық екен. Өз басым, құрбандыққа мал шалмаймын да, оны шалатын не малым, не малды алатын ақшам да жоқ. Шариғат бойынша саудаланған қойдың етін емес, құдайдың бере салған «окорачкасын» місе тұтамыз».

Бақытжан ҚОСБАРМАҚОВ, журналист: «Исламда «ең әуелі ниет» деуші еді. Әрине, имамдыкі дұрыс емес. Пәтуаны  аспаннан алып шығармаса керек, әуелі сол Құран, сүннет, парызға жүгінген дұрыс болар. Сонда он мың теңгесі жетпеді деп, адамның ниетін тәрк етуге бола ма? Бұл енді таза құрбандық шалуға қатысты пікірім. Негізі, діни фундаментализмнен, аңыз, әпсанадан, көзсіз соқыр сенімнен, былайша айтқанда, надандықтан арылған абзал. Білім іздейтін уақыт қазір».

Адамбек АЙДАРХАН, сатушы: «Құдай үшін сенің құрбандығың керек те емес қой. Өзің үшін шаласың. Мынадай қой бағасына құдайдың өзі бас шайқап күлген болар. Бұл қалай? Ең алдымен ниет емес пе?»

Бейбіткүл ҮСЕЙІНҚЫЗЫ, зейнеткер: «Имам айтса, бірдеңені біліп айтқан шығар. Шариғат не дейді, мұсылман соны орындауы керек деп ойлаймын. Құрбандық шалсақ деген ниетіміз бар. Алайда бірнеше ауылға дейін сұрау салып, шариғат талабына сай қой таппай отырмыз. Құрбан айтқа дейін табылып қалар».

Төртуыл ШОҚАН:  «Ислам шариғаты бойынша, расымен құрбандыққа шалынатын малдың өзіндік параметрлері бар. Құрбандыққа шалынатын мал ақсақ, соқыр, ауру болмауы керек деген сияқты. Алайда ХХІ ғасырда, ғылым мен білім дамыған заманда VII ғасырда жазылған арабтың 114 сүреден, 666 аяттан, 1,5 млн хадис болсын осылардың ешбірінен қазаққа керек ешқандай дүние жоқ. Осы елдің білімді азаматы ретінде  айтарым, зайырлы мемлекет Қазақстан үшін арабтың жәһил заманда жазылған «заңдарының» түкке қажеті жоқ. Құрбан айтта міндетті түрде мал бағасы қымбаттайды. Қалай? Ауылдан делдалдар тоқтыны 20 000 теңгеден әкеліп, қалада 50-70 мыңға сатады. Оны алатындар біздің құдайға сыйынатын қазақтар. Сол сойылған малды апарып мешітке тегін береді. Яғни, бұл еттің пайдасын көретін де негізінен молда мен имамдар. Қазір молда мен имамдар да тоңазытқыштарын дайындап, білек сыбанып, Құрбан айтты күтіп отыр. Құрбан айт өтісімен, имамдарға тегін келген еттер базарға келісіммен тонналап ақшаға өткізіледі. Сосын қайтадан халыққа сатылады. Бұл жерде ұтқан кім, ұтылған кім? Мұндайға түбегейлі қарсымын! Одан да қой алатын ақшаға науқастарға дәрі әперсін.

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер