Дәурен Берікқажыұлы. Біздің осы болмысымызды кешір...

383
Дәурен Берікқажыұлы - 1974 жылы 15 мамырда Семей облысы, Мақаншы ауданы, Қарабұта ауылында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы) дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университетінің (қазіргі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті) түлегі.
 
Біздің осы болмысымызды кешір...

Айта алмаған сөзім өлді ішімде,
Төзім мені айналдырды мүсінге.
Көргеніме сені әлі күн сенбеймін,
Ғажайыптай ғайып болған түсімде.

Көңіліңе салмайын деп дық артық,
Күн өткіздім үнсіз ғана құмартып.
Іштен тынған бейшарадан беймезгіл
Оқта-текте жылап алар құл артық.

Ұмытам деп күнім құрсын ышқынған,
Гүлдей солған ғұмыр қалды күшті ұлдан.
Көздеріңе қарап әлі отырмын
Өмірімді бір-ақ сәттік түс қылған.

 

***

Кіжінуден шаршадым...
Дат айта алмас дәті жоқтар жан-жағым.
Гүж-гүж етіп айтысады асүйде
Ақордасы тыңдамайтын арманын.

Сөйлегенмен ірірек,
Өз шындығын қорғамаған бір рет.
Фейсбукте ұлыс отыр ұран сап
Сүйегіне өтіп кеткен сужүрек.

Жүр десеңіз көшеге,
Сылтау айтып шаршатады ол нешеме.
Көрсе дағы көрмегендей болады
Көздің жасын тамып кеткен кесеге.

Өзін-өзі алдаған
Осы жерге жиналғандай сор тәмам.
Ең оңбаған ақынымын мен сірә,
Мемлекеттің бұрын-соңды болмаған.

***

Осы елге ел деп сенген менде ес жоқ,
Көрсоқыр боп тусамшы ештеңе көрмес боп.
Жәлап біткен көрмей шала шабылып,
Жала жапты білмей жатып жармес көп.

Осы жерде тусам дағы, осы елде,
Зарымды ұғар таппай кеттім дос емге.
Замның бәрін зәлімдерден жинап ап,
Заңның бәрін беріп қойған есерге.

Пиғылдары ауаны да тарылтқан,
Мұнда қазір әрбір сөйлем, қаріп қан.
Қоятұғын жер таппаймын жанымды
Жер бетінде өмір сүріп жалыққан.

***

Қаңыраған қаладай той-ән бітіп,
Ұйықтап кетсем келмейді оянғым түк.
Көңіл сынды толмаған үкіметке,
Көкіректе қалған бір қаяу қатып.

Күнім күнге ұқсамай, түнім түнге,
Қаратаудай қабағым бұлт ілген.
Не айтарым білмеймін заманыма -
Ұлыс ұлып, ұлт іріп, ұры күлген.

Қайта-қайта жанымды отқа малып,
Түрім құрсын отырған жоққа налып.
Тобыр болмай не болдық обырды да
Өмір сүре беретін боқтап алып...

Нәлет біздің бүйткен жүріске!

 

***

Құлақкесті құлының пұл - өлшемі,
Өлмесіңе қоймайды бұл ел сені.
Ұлтым деген ұрғашы құлқын үшін
Жарқыратып желіде тұр емшегін.

Сөздің нілін жоғалтқан, көздің нұрын -
Тас обадай мелшиіп тоздым бүгін.
Өз обалым өзіме - сұрап жүрген
Ел деп сенген телегей ездің құнын.

Ар деп ұққан аға да тайқып күнде,
Той біткендей отырам ай біткенде.
Өзім көрген жалғанда шындық осы,
Өтірігімді берейін айтып кімге?

 

***

Тірі қалу күнә сынды бұл елде,
Еш құлқым жоқ жыларға да, күлерге.
Барлығына басын шұлғып шаршатты
Мойынсұнып үйренгендер шідерге.

Күннен күнге сөз түсінер жан кеміп,
Жалғандағы мән атаулы қалды өліп.
Ыңыранып пәтуа айтты қазаққа,
Қайдағы жоқ бләткілер бәлденіп.

Есек тілдеп, есер жүндеп, ез күндеп,
Басым ауған жаққа қарай бездім кеп.
Көсем біткен көкке атып қалпағын,
Шешен біткен мәз болсыншы оздым деп.

 

***

Адамнан гөрі әруақ жақын бұл күнде,
Зор шемен жатыр зорланып шыққан күлкімде.
Қар басып қалған қараша да бір, мен де бір,
Қап-қара шашы ағарып кеткен бір түнде.

Өсімдік сынды хошы жоқ өскен дәрімен -
Көңілім қалған жақсы дейтіннің бәрінен.
Тұрпатым мынау ызалы қасқыр сияқты
Қорқау біткеннің зәресін алған зәрімен.

Таңқалып елге жақсы күндерден дәмелі,
Сәт сайын менің ішімде бір үн өледі.
Бүгінгі қыртпен өмірім өтті-ау алысып,
Ертеңгі құрт пен құмырсқалардың қорегі.

 

***

Бірін бірі шаршататын бос күндеп -
Телефонды қосқым жоқ.
Айта алмайтын жасқа келдік, о тоба,
Бір адаммен доспын деп.

Құса менен тола мұң -
Өзімді алдап өлең жазған боламын.
Ажал дейтін әумесерлеу о да бір -
Күтіп жүрген жалғыз менің қонағым.

Жүйке бырт-бырт үзілген,
Түн шошиды әлемтапырақ жүзімнен.
Бір албасты солқ-солқ етіп жылайды
Тамшыларға қосылып ап тізілген!

 

***

менің сұрағаным көп пе еді:
неге уақыт өтпеді?
неге аквариумдағы балыққа жеткен оттегі
халыққа жетпеді?
неге зорлық мәңгілік,
неге өрлік өтпелі?
неге мені қинайды болашақ,
неге оны қинайды өткені?
неге, неге терезе өкпелі?
қар неге жасқаншақ,
бар неге болады адамдар жоқ мені?
қараймын бұлттарға көктегі...
қарайды жапырақ үзілген от демі,
неге сүлесоқ жанардың әттеңі
сені емес,
оны емес,
қажайды тап мені?
жоқ әлде ар деген дүние,
біз байғұс бар деген дүние
әуелден жоқ па еді?

 

***

Сенің атың - От!
Отқа қарап тұрудан асқан ләззат жоқ.

Лап-лап етесің жалының шарпып,
Менің жарығымнан сенің зарығың артық!

Көбелек билеп тұрғандай қанаты көркем,
Сен деген...
сен...не деген әдемі дерт ең!

Сені көргенде ес ауып...
қолым созамын,
Айналып кеткен ғажапқа менің азабым!

Түптің түбінде мені қылатын жоқ,
Сенің атың – От!

 

***

Бір күні жоқ боласың,
Өмірде болмағандай.
Сағатың тоқтағасын,
Жылайды тоқтай алмай

Кітаптар үнсіз ғана,
Кітаптар шаңға бөккен.
Мөңіреп мұңсыз қала,
Еңіреп бала көктем.

Әркім өз тірлігімен,
Ұмытар сені жылдам:
«Шаршатқан шындығымен,
Біреу деп құдай ұрған».

Бір күні жоқ боласың,
Өмірде болмағандай.
Ең арсыз бақталасың,
Боқтайды тоқтай алмай.

Жоқтаса, жоқтайды тек,
Ескірген кітап қана.
Мінберде оттайды көп,
Бір жерде жұтап мола...

 

***

Сәуірдегі сәттей бір сөгілер сең,
Есім шығып кетеді сені көрсем.
Мендей жынды жоқ шығар сонда дағы
Көріп өлсем дейтұғын, көріп өлсем.

Ойран салып жүрсе де обыр өңшең,
Қайран қалып тұрамын сені көрсем.
Менде де арман болмас ед, беу, дүние,
Сол сөзіме сен дағы сеніп өлсең!

 

***

Міскін жандай тілі жоқ қор пішінде,
Көрген сайын бірдеңе өлді ішімде.
Өлген сайын бірдеңе...қылығым да
Қалып қойған адамдай өрт ішінде.

Байқамаған адамдай соның бірін,
Көңіл жырын айтасың, өмір жырын.
Тау қозғалып кетердей біз қозғалсақ,
Қозғалмайды сенің де орындығың...
Қозғалмайды менің де орындығым.

Еркін жүріп-тұратын, еркін күліп,
Сені көрсем әйтеуір еркім құрып...
Мағынасыз әңгіме айта берем
Дертім біліп қоярдай, өртім біліп.

Міскін жандай тілі жоқ қор пішінде,
Көрген сайын бірдеңе өлді ішімде.
...әнтек қана жымиып сен отырсың
Жанып жатқан адамға өрт ішінде.

 

***

Нәзік жаны сонша құмар жеңіске,
Менен басқа жұрттың бәрі – періште.
Пыш-пыш етіп жиналып ап барлығы,
Мені күнде шығаратын теріске.

Өзін-өзі жақсы көрген қылаусыз,
Қарғыс айтып періштедей жүр-ау қыз.
Кім көрінген соттап жүре беретін
Ібілістің жанымын мен сұраусыз.

Қасиет деп қулық пенен сұмдығын,
Құдайшыл да періште боп жүр бүгін.
Барлығына тек ібіліс кінәлі,
Барлығының көріп қойған ұрлығын.

Арсыздау бір атақ үшін болмайтын,
Адамдар-ай бірін-бірі алдайтын.
Разымын мен даңқ пенен дақпыртқа,
Қыр соңымнан өле-өлгенше қалмайтын.

Нәзік жаны сонша құмар жеңіске,
Менен басқа жұрттың бәрі – періште.
Пыш-пыш етіп жиналып ап барлығы,
Мені күнде шығаратын пейішке.

 

***

Сығымдалған оттегідей тереңде,
Сығымдалып бітті әбден жан мына.
Біражола кеттім деп ап келем де,
Көргім келіп отырады тағы да.

Осынау бір жынды адамның тірлігін
Өзге түгіл, өзім де ұқпай барамын.
Тозақ болып бір күнімнен бір күнім,
Ғажап болып ішкен сайын арағым.

Бұл мінезден қажып кетті барлығы,
Өжет дейтін азып кеттің сен де әбден.
Ғашық болған саған есі бар күні,
Бір есуас доп ойнайды шалдармен.

Сығымдалған оттегідей тереңде,
Сығымдалып бітті әбден жан мына.
Күте-күте кеудеде анау шер өнген,
Көздің жасы қалды ма?

 

***

Күн өтті терезеге қарауменен,
Түн өтті қабаты көп, қанаты жоқ.
Жан бар ма мені осы өмірде бар-ау деген -
Жарығы азаймаған, бала жүрек?

Құлаққа ұрған танадай жым-жырт бәрі,
Күлкісі сөніп қалған қала сұлық.
Бір тамшы жас үн-түнсіз сырғып тағы,
Түніменен шығасың аласұрып.

Бір түн емес, өткендей ғасыр тұтас,
Бір күн емес, кеткендей өмір көшіп.
Жасым да тас бұл күнде, басым да тас,
Темір етіп жіберген темір есік.

Күн өтті терезеге қарауменен,
Түн өтті қабаты көп, қанаты жоқ.
Сағатын сырт-сырт соққан санауда өлең,
Сағатын санап отыр қара жүрек.

 

***

Нью-Йоркті еске алу

И.Бродскийге

Құдай бәрін көрсетіп, жадымды өшіріп тастады:
Есімде жоқ Манхэттеннің аспаны,
Есімде жоқ қай метроны тосқаным.
Есімде тек көшелердің тастарын
Бродскийді ойлап басқаным...

Бесін ауып кеткен кезде, бес терлеп
жеткен Бродвей, Уолл-стрит та есте жоқ!
Есімде тек жынды ақынның өлеңін
Лонг-Айлендте еске алғаным кешке кеп.

Авенюде табан тозып даңқы әйдік,
Атышулы скверлерде шалқайдық.
Үш-ақ күнде тозып кеттім елді ойлап,
Жиырма төрт жыл шыдады екен ол қайтіп?

Ұстағандай сол ұстаған тұтқаны,
Қайда барсам сол есімнен шықпады.
Осындай да жерде адам тұра ма,
Ауырмайтын түк жаны?

Самбырласып бір ойыммен бір ойым,
Ұшты дағы жүрді осылай үрейім.
Осыны да ең керемет шәр дейді-ау,
...қайдан білейін?

 

***

                                      Молдабек Сағымбек ағама

 

Ескіріп кеткен сияқты сөз де, бақ түгіл,
Не болса да бәрін жақсылап құдай атты бір.
Албасты көргендей жападан жалғыз отырам,
Жақыныма да жақындай алмай, жат түгіл.

Малдағы үйдей адыра қалды барлығы,
Кеңсайға тартам көңілімнің хошы бар күні.
Кездессе біреу ішкім келеді өкіртіп,
Ұшқым келеді ойламай мүлде арғыны.

Кешегі көп ит мүритке бүгін айналып,
Көтіңді қыс та адам бол дейді қой бағып.
Осындай ақыл естіген сайын таңқалып,
Ауру жандай қоямын тағы ойланып.

Жақын дегеннің шаршадым бәрін аралап,
Қинайтын өстіп құдай да шіркін шебер-ақ!
Молдеке, келші Мақатаевтың бойына,
Тағдырымыз үшін ішейік бірге сәл олақ.

 

 

***

Көзім алды отыратын буланып,
Көне Бабыл, әттең сенде тумадық!
Таң атқанша шумерлермен шуылдап,
Духанада жататұғын уланып.

Өз-өзіңе көңіл толмай қойған шақ,
Қайықпенен Эфратта сайран сап.
Алты айналып жүрер ме едік Иштарды,
Асау аттай болып қалған айналшақ.

Бәлкім тіпті тамсандырған жас тәні -
Амитистің бағында қап аспалы,
Жыр оқыр ма ек Ассирияны адақтап,
Көзге ілмейтін бір өзінен басқаны.

Мінәжат қып Мардук құдай алдында,
Кипаристей батар ма едім сәл мұңға.
Ғимаратта салынған тек күмістен,
Зиккуратта малынған тек алтынға.

Со бір болған думан қалып, ду қалып,
Мыңжылдықтар бойы адамзат тулады!
Бабылды айтса ұрпақтары Қабылдың
Шарап ішем енді көзім суланып...

Е, дүние-ай!

 

***

Бәрі де ұмытылады...
Ұждансыз ұлды уақыт ұлы қылады.
Ескерткіштерге сатқынның қашалып аты,
Кеңсайда аппақ мәрмәр боп ұры тұрады.

Халық па? Халық
қол соғудан басқа не істейді ол есінеп алып?!
Елім деп өткен ағекем еңіреп тағы
Беткейде қалды түспейтін төсіне жарық.

Айтқың келмейді...
Күн өткен сайын аярдың аты өрлейді.
Ұры мен қары тұрғызған мемлекет осы,
Маған десе асылып, я атылып өл мейлі!

 

***

Афродита оянып кеткен сынды,
Ұйықтай алмай өткіздім өткен түнді.
Қарадым да отырдым суретіңе,
Менен, сірә, жоқ шығар өткен жынды?!

Тумасаң да теңіздің көбігінен,
Сезімдерді ояттың өлі кілең.
Сені көрген еркекте ес-ақыл жоқ,
Сені көрген шайырдың соры түмен.

Сұлулық құдайындай аңыздағы
Жымиясың жандай бір жаны ізгі әрі.
Өмір аңқып ана бір мұңайғаның,
Өлең аңқып суретің тамыздағы.

Тал бойыңда бұралған мін жоқ тегі,
(десем біреу қалады-ау тілдеп мені).
Жарты әлемнің оятар қызғанышын
Көз алдымнан көздерің бір кетпеді.

Осы өлеңді жазбай-ақ қоям деп ем,
Сені көріп жап-жарық оянды әлем.
Сені көрген армансыз Арес шығар,
Сені және көрмеген Хайям менен.

 

***

жүйкелері тозып кеткен адамдар
өз-өзінен безіп жүрген дәуір
тыныштықтан мезі болған салондар
күрсінеді ауыр

көктем күтіп күн санаған терек
мұнарасын мұң тонаған мешіт
бұлттар анау –
бөлек-бөлек-бөлек
бара жатыр көшіп

бұйығыңқы мұз құрсанған Есіл
селт етпейді сыз жастанған көңіл
біздің осы болмысымызды кешір
...өмір
…өмір
…өмір

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы