Балтабек НҰРҒАЛИЕВ: Болат Әбішұлы маңдай терімен өз биігіне өзі жеткен тұлға!

5527
Adyrna.kz Telegram

"Елбасы-ел үшін бақ" деп жырлап жүрген танымал ақын Балтабек Нұрғалиев қалың көпшіліктің ашуын туғызып, кейбіреуін күлкіге батырып жүргені жасырын емес. Дегенмен бүкіл қазақтың көкейінде "бұл кісінің дені сау ма?" деген сауалдың да жүргені рас. "Адырна" ұлттық порталы сіздермен бірге көкейді тескен көп сұраққа жауап іздеді. Ендеше сүбелі сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

 

- Сізді жұрт Елбасына жыр арнайтын ақын ретінде ғана таниды. Бағындырған белестеріңізден хабарсыз. Осы күнге дейін қандай жетістіктерге жеттіңіз?

- Жетістіктерімді тізсем, жетерлік. Мен кино саласында, әдебиет саласында, композиторлық өнер саласында іздену үстіндемін. Алдымен театр өнері саласындағы жеткен жетістіктерімнен бастайын. Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнері» факультеті «Драма театрының режиссері» мамандығын қызыл дипломға бітірдім. Академияда оқып жүргенімде, үздік үлгерімдерім үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының стипендиаты атандым. Көптеген Республикалық және Халықаралық дәрежедегі режиссерлер байқауының бірнеше дүркін жеңімпазымын. Оқу орнының 3-ші курсында оқып жүріп-ақ, кәсіби театр сахнасында қоюшы-режиссер ретінде ауқымды спектакль сахналаған қазақтан шыққан тұңғыш театр режиссері мен едім. Бұл жетістігім ұлттық театр режиссурасы тарихында алтын әріппен жазылып қалады деп үміттенемін.

Академиядағы оқуымды бітірген бойда Мәскеуге аттандым. Ол жақтағы Ресей театр өнері университетінің (РУТИ-ГИТИС) «Театр режиссурасы» мамандығы бойынша магистратурасына емтихандарды сәтті тапсырып, грантқа оқуға түстім. Бұл жолы да мен Ресей театр университеті магистратурасына «театр режиссурасы» мамандығы бойынша оқуға қабылданған қазақтан шыққын тұңғыш театр режиссері ретінде жарқырадым. Алайда бұл жарқырауым ұзаққа созылмады. Мен бұл оқуға қабылданғаныма қатты қуандым. Алайда қуанышымды су сепкендей басқан жаңалық болды. Ондағы стипендия мөлшері өте аз болып шықты. 1600 рубльдей ғана. Бұл оқу орнына 23 жаста магистратураға оқуға қабылданған тіпті әлем театры өнері тарихындағы алғашқы маман мен екенмін, сөйтсем. Оның үстіне бұндағы магистратураға оқуға тапсырудың мәдениеті мүлде бөлек екендігіне куә болдым. Себебі ГИТИС магистратурасына сала бойынша жұмыс тәжірибесі мол, біраз мемлекеттік деңгейде жетістіктерге жеткен, «еңбек сіңірген қайраткер» деген атағы бар мамандар тапсырады екен. Менімен қатар оқуға қабылданған 5 магистранттың барлығының дерлік жастары 40-50-лер шамасында болатын. Олардың театрдағы жұмыс өтілдерінің өзі 15-20 жылды құрайтын. Академия қабырғасын енді бітірген жап-жас менің Ресейдегі мұндай жоғары оқу орнына магистратураға қабылдануым олар үшін де таңданарлық жағдай болды. Содан бір қуаныш, бір мұңмен елге оралдым. Қазақстанға келіп, Халықаралық «Болашақ» білім стипендиясына құжаттар өткізіп, барлық емтихандарды үздік тапсырып шығып, Елбасы жарлығымен лауреат атандым. Алайда менің стипендия алуыма бір ғана мәселе мүмкіндік бермеді. «Болашақ» бағдарламасының ережесіндегі «жылжымайтын мүлік кепілін жасау керек» деген сыңайлы қағида алдымнан сынақ болып шықты. Менің атымда ешқандай жылжымайтын мүлік болмады сол кезеңде. Сол жылжымайтын мүлкімнің жоқтығы қолымды байлап, мен Ресейдегі оқуыма бара алмадым. Себебі Мәскеуде жүріп-тұру үшін қаржылай мүмкіндігің болу керек. Ол жақта жұмыс жасап, табыс табудың мүмкіндігі жоқ екендігі тағы бар. Себебі ондағы білім аламын деп келген ізденушінің бос уақыты болмайды. Қысқасын айтқанда, менімен бірге оқуға қабылданған басқа да магистрант әріптестеріммен салыстырғанда, менің материалдық жағдайым мүшкіл болғандығын жасырмаймын. Білім деңгейім, жұмыс тәжірибем жоғары болса да сондай шарасыз күйге түстім. Маған ешкім көмектеспеді. Сөйтіп, мен бұл оқудан өз қалауыммен бас тартуға мәжбүр болдым. Ресей театр өнер университетіндегі (ГИТИС) басшылық, педагог-ғалымдар мені қатты уайымдап, жұбатуға тырысты. Олар менімен қимастықпен қоштасты. «Келесі жылы кел, оқуға қайтадан тапсыр, сені тағы грант иегері тізімінен көргіміз келеді» деп үміт отын жақты. Келесі жылы дәл солай болды да. Мен келесі жылы Ресей театр өнері университеті магистратурасына екінші мәрте өтініш білдіріп, барлық емтихандардан жоғары ұпай жинап, тағы да грантқа қабылдандым. Бұл әлемдік өнер тарихындағы феномендік көрсеткіш болды. Ресей театр өнері университетінің магистратурасының грантын екі жыл қатарынан жеңу тарихта бұрын-соңды болмаған. Бірақ бұл жолы да мен оқуға бара алмадым. Себебі, елге келіп, екінші мәрте Халықаралық «Болашақ» білім стипендиясына құжат тапсыруға ниеттенгенімде, ондағылар маған: «бір мәрте лауреат болған ізденуші екінші рет иегер бола алмайды» деп жауап берді. Сол жолы да қанатым қайырылып, қайғыға баттым. Алайда мен сол жылы еліміздегі Қазақ ұлттық өнер университетінің магистратурасына қатарынан құжат тапсырып қойған едім, ол жақтан да грантқа қол жеткіздім. Бір жыл ішінде екі университет магистратурасына грантқа оқуға қабылданып, ақырында елде қаламын деп шештім. Қазақстан Республикасының әдебиет саласы бойынша Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы-драматург Әкім Таразиден дәріс алдым. Әкім Тарази ағама барлық жақсылықтары үшін алғысым шексіз. Ол кісі маған қиындықта қалған кезеңде қамқор бола білді. Қазіргі таңда мен Кинотеледраматургия бойынша өнертану ғылымдарының магистрімін.

Тағы бір ерекше жетістігім – «Қазақ әуендері» АҚ (ҚР Мәдениет және спорт министрлігі) «Мемлекеттік және коммерциялық тапсырыс» департаментінде жобалар менеджері ретінде қызмет атқарғандығым. Онда Республикалық және Халықаралық дәрежедегі мәдени жобалар концепция-ережелерін, техникалық мінездемелерін жазып-дайындадым.

Ақындық шығармашылықтағы жарқын жетістігім деп 15-ші Халықаралық «Шабыт-2012» шығармашыл жастар фестивалінің «Ең үздік әдеби шығарма. Поэзия» номинациясы бойынша Гран-При иегері атанғандығымды айта аламын. «Жарық күннің жүрегі» өлеңдер жинағым Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен 500 экземплярда жарық көрді. Абай Құнанбайұлы, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Саттар Ерубаев, Бауыржан Момышұлы, Мұңал баба есімдеріне арналған жазба ақындар мүшәйраларының лауреаты екендігім де – мерейлі жетістіктерім.

- Сіздің жетістіктеріңізді айта берсек таң ататын секілді. Әңгіме арнасын сіздің өлеңдеріңіздің тақырыбына қарай бұрайық. Негізгі тақырыбыңыз ретінде Назарбаевты неге таңдадыңыз?

- Себебі мен өз елімнің патриотымын. Мен Қазақстанымды сүйемін. Мен Түркия халқының Ердоған есімді өз президентін қалай құрметтейтінін көріп, солардай болсақ қой деп армандап кеттім. Біз де Тұңғыш Президентімізді қадірлеуде, ерлік істерін дәріптеуде ешкімнен кем түспеуіміз керек деп ойладым. Мен Елбасымызға сатқындық жасаған жандарға ренжігендіктен, Тұңғыш Президентті биік бағалап, асқақтата жырлауым керек деп өз-өзімді қамшыладым. Елбасымызға арнаған өлеңдерім де бір том кітап боп тұр.

- Осы күнге дейін Елбасымен жүзбе-жүз көрісіп яки телефонның арғы жағынан тілдесіп көріп пе едіңіз?

- Жоқ. Бетпе-бет мүлде кездесіп көрмедім. Бірақ кездесуді армандаймын.

- Елбасыға өлеңдерді қанша жасыңыздан бастап шығара бастадыңыз?

- 13 жастан бастап!

- Бір сөзіңізде магистратурадан жеке меншік мүлкімнің жоқтығынан бастарттым деп қалдыңыз. Қазір басыңызда баспана, көлік бар ма?

- Жеке баспанам да, көлігім де жоқ.

- Сіздің Елбасына шығарған өлеңдеріңізді facebook әлеуметтік желісіндегі қолданушылардың біршамасы сарказм деп қабылдауда. Расымен, солай ма?

- Жоқ, сарказм емес.

- Елбасына өлең арнағаныңыз белгілі бір деңгейде орынды шығар. Десе де ол кісінің туыс-туғандарына неге жыр арнайсыз? Бұл жағымпаздық па?

- Елбасымыздың ізгіжүректі інісі, қазақтың қайсар ұлы, Алматы облысының құрметті азаматы Болат Әбішұлына «Болат ағам – Бәйтерегім» атты кітап арнағаным рас. «Салиқалы ұрпақ» атты қор құрып, халқына жәрдем қолын созып жүрген жанға жыр жазуымның ешқандай бұрыстығы жоқ. Болат Әбішұлы да өз еңбегінің арқасында, өз білім-білігінің арқасында, ақылымен, алғырлығымен, табандылығымен, бір сөзбен айтқанда, маңдай терімен өз биігіне өзі жеткен тұлға. Әр қазақ азаматы Болат Әбішұлындай болса, еліміздің абыройы биік болмақ. Ол кісі қоғам алдында қадірлі жан. Мен ғана емес, көзі ашық, көкірегі ояу кез-келген жан бұл азаматты құрметтейтіндігіне сенімім кәміл. Қаншама ізгі істерге себепкер болуда.

- Әлеуметтік желіде сізге жазған негатив пікірлерді қалай қабылдайсыз?

- Сабырмен, сәулелі ақылмен, жылы жүрекпен қабылдаймын. Оларға бір ғана нәрсе айтқым келеді... Барлығы Абай Құнанбайұлын мен секілді терең түсініп оқысыншы. Жалпы әлемдік және ұлттық әдебиеттің үздік үлгілерін оқып, жоғары мәдениетке ұмтылса екен деген тілегім бар. Әлеуметтік желідегілерге өнердің барлық саласынан мен секілді жан-жақты хабардар болуға талпыныңыздар деймін! Қазақстандық қоғамды кемелденуге, ізденіске, білімдерін жетілдіруге шақырамын. «Жақсы сөз жарым ырыс» екенін ұмытпауымыз керек. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген Абайдың сөзін естен шығармайық. Жәнібек Кәрменовтің «Ойламаңдар, жігіттер» термесін толық зейін қойып, түйсінсек, адаспаймыз.

- 17 тамыз күні докторантураға тест тапсырған едіңіз. Тест нәтижесі қалай болды? Түсе алдыңыз ба? 

- Нәтижесі әлі нақты шықпады. Дегенмен түсе алмайтын секілдімін. Себебі бақылаушылардың басым бөлігі орыс тілділерді қолдап, қуаттап отырды.

- Мемлекетімізде осындай дүниелердің бар екенін көріп ашынбайсыз ба?

- Ашынамын. Осындай бұрмалаушылықтар аяқтан шалады.

- Бірде сізден театр өнері туралы сұхбат алған едім. Бәрін жік-жігімен бөліп, сауатты түрде талдап бердіңіз. Сіз үшін қай спектакль №1?

- Театр өнерін түсіну өмірді, адамдардың тағдырларын түсінуге үйретті. Театр өнері – гуманизмге тәрбиелейтін өнер. Абай айтқандай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» ұстанымы – театр өнерінің ұстанымы болуға тиіс. Мен үшін №1 спектакль – ұлы театр режиссері Римас Туминастың Алекстандр Пушкин романы бойынша Мәскеудегі Евгений Вахтангов атындағы Мемлекеттік академиялық театры сахнасында қойған «Евгений Онегин» спектаклі.

- «Жетем саған алып-ұшып, асығып,

          Пәк күлкіңнің құдіретіне бас ұрып..» депсіз бір жырыңызда. Неге осы уақытқа дейін үйленбей жүрсіз?

- Себебі өмірлік серік болатын, жанымды түсінетін жанды әлі жолықтырмадым. Соны Тәңірден тілеп жүрмін.

-             Шәкірт тәрбиелегеніңізден хабардармыз. Арасында жетістікке жеткендері бар ма?

- Қазіргі таңда шәкірт тәрбиелеп жүрген жоқпын. Бұған дейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы коллеждінде «актерлік өнер» мамандығы бойынша дәріс бергенмін. Менің шәкірттерімнің арасында республикаға, әлемге танымал болғандары, жетістікке жеткендері баршылық. Мысалы, Азат Жұмаділ, Ақниет Беласарова, Әсемай Тұрархан, Еркемай Тойбек. Азат Жұмаділ есімді шәкіртім «Қазақфильм» киностудиясы түсірген режиссер Берік Жахановтың «Асан» фильмінде басты кейіпкерді сомдады. Бұл фильм 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінің Short Film Corner аясында көрсетілді және ІІІ Baikonyr Short Film Festival байқауына қатысып, сол байқауда Асан рөлін бейнелеген шәкіртім Азат Жұмаділ «Үздік актер» атағына ие болды. Осы фильмдегі еңбегі үшін шәкіртім Румынияда өткен халықаралық Short to the Point кинофестивалінде де «Үздік ер адам ролі» жүлдесімен марапатталды. Сонымен қатар, ол «Көкжал», «Саған сенемін», «Өзгеге жұмбақ әлемім», «Сүйе білсең», «Шлагбаум» секілді бірнеше жобаларға қатысып, республика жұртшылығына кең танылды.

Ақниет Беласарова есімді шәкіртім республика көрермендері жылы қабылдаған «Көзайым», «Мәдениет үйі» секілді телесериалдарда басты рөлдерді ойнаған. Қазіргі таңда да көптеген сериалдарға түсіп, жемісті еңбек етіп жүр. Және бір шәкіртім Әсемай Тұрархан Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы драма театрының актрисасы. Көптеген спектакльдерде басты рөлдерді сомдап үлгерді. Менің жолымды жалғап, театр режиссурасына талаптанып жүрген шәкірттерімнің бірі Еркемай Тойбекті ерекше мақтан тұтамын. Бүгінгі таңда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында студент. Мен әр шәкіртімнің жетістігіне шын қуанамын. Олар көп. Барлығына «өнерде жолдарың болып, жұлдыздарың жарқырасын» деймін. Ел өнерінің еңсесін көтеруге үлкен үлестерін қосуда зор күш-қуат, шалқар шабыт тілеймін.

-             Болашағыңызды қалай елестетесіз?

- Үлгілі отбасы құрып, балаларыма жақсы әке, жарыма қамқор азамат болғым келеді.

 

Әңгімелескен Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер