Қасымхан Әубәкірұлы. Қылмыскердің құпиясы

1399

 Қытайдың Шинжияң өңірін мекендейтін қазақтардың ұзақ та күрделі тарихы, бай мәдениеті мен әдебиеті тұтас қазақ руханиятының бөлінбес бір бөлшегі екені айдан анық. Ол жақта ғасырлар бойы жасалған бай қазынаны ұлттық мәдениетімізге қосу – басты міндеттеріміздің бірі болмақ. Осыған орай, adyrna.kz ұлттық порталы да игілікті істер жолында өз үлесін қоспақ.

Атажұрттан жырақта жүрген көптеген жазушылардың денін кейінгі толқынның түстеп тани бермейтіні белгілі. Біз де «Талант арманға табынады»  деп Әбіш Кекілбаев тәмсілдегендей,  өз аймағында көпке ерте танылып, пайғамбар жасынан асса да ұрпақ алдындағы борышына адалдығын сақтап, қасиетті қаламды жанына серік етіп жүрген     зейнеткер жазушының әсерлі  әңгімелерін  қалың оқырманмен қауыштыруды құп көріп отырмыз.

    

«Таудай талап бергенше, тарыдай бақ бер» деп тілейді екен бұрынғылар. Сонау баяғыдағы бала кезім. «Мәдениет төңкерісінің» дүлей тоқынының тегеурінінде арыпталасып жүргенде кездейсоқ кездескен сол бір іс шынында маған бақ болып қонды. Тек сол істен кйін ған көз аям кеңіп, кейінгі беталысым оңала бастады.

*  *  *

Үйсін тауының күн беті. Жаға-жеңі жинақы тау шоқыларының етегі, шалдардың кең шалғайлы шекпеніндей көлбеген көк бұйратпен жалғасып жатыр. Бұйраттың етегін керлей ор қазған қара нөпір қалың адам киіз үйдің белдеу арқаны секілденіп, шұбалаңдай созылып, күн сайын батыс тұсқа беттеп келеді.

Жаздың жылы шуағы мен жомарт жаңбырында жетіліп желкілдей қалған құлынқұйрық құрақтар мен бұйра бетегелер, қызылды-жасылды қыр гүлдері бұрқылдаған боз топырақтың астында тапталып тағдырдың тәлкегіне налып жатыр. Бұл күндері бұл өлкенің жабайы аң-құстары да мазасыз күйге түскен. Өмір бойы осы бір тыныш ортаны мекендеп, ұрпақтарын өрбіткен қыр қояндары мына қанжілік болған қалың топтың аяғының астынан әрең құтылып, жандарын аузына тістеп, алыс мекенге ауып кетті. Сары шымшық, шақшақайлар топ-топ өскен үкілі бозамық шилердің түбін паналап қипылдаумен әлі де жан сақтап жүр... Жұмыс басындағы күркелерден созалаңдаған сұрғылт түтіндердің қатары молайып, көк жүзінде шеп жайып алып ыдырап барады.

Қалың жұмысшының батыс шетіндегілер – «қылмыскерлер» тобы. Осылардың ең бергі құйрық ұшындағы он үш-он төрт жастар шамасындағы талдырмаш денелі, аққұбаша «бала қылмыскердің» аты – Бақтияр. Қозғалыспен қарсыласқан тоңмойын әкесі өлген соң шешесі жынданып кеткен дейді. Ал, бұл бұзақы, қанқұйлы әкесінің қабірін құшып жылап отырған жерінен ұсталып, еңбекке салынғанына үш күн болды. Қасындағы дембелше қара секілді қарымды қайратпен күректі көмейлете көсіп топырақ тастай алмағанымен, тышқаншылап болса да тыным таппайды. Сағалданған самай шашынан айғыздала аққан терін жеңімен сүрткен әредікте, дала табиғатына таңырқай ма екен, айналасына аңырая қарай берді. Бұлардан таяқ тастамдай жердегі беттің безеуі іспеттенген құйтымдай төбешікте көз алдымдағы құбылыстарды  қалт жібермей, бақылаушылық істеп мен отырмын.

Ол күндерде бақылаушы деген төңкерісшілердің ең дөкейінің қолынан әрең келетін ерекше маңызды жұмыс есептелетін-ді. Он күннің алдында біз осылай аттанарда Қастар деген төңкеріс комитетінің бастығы маған:

–  Сен сонау аймақ орталығынан мына кең-байтақ ауыл-қыстаққа қайталай тәрбие алуға келдің. Қазіргі бейнең де жақсы. Тәрбиені жақсы қабылдап жатырсың, – дей келіп барлай бір қарап, сөзін онан ары сабақтай жөнелген, – Өндірісті ілгерлетудің қажеті бойынша жайылым қоршау үшін қазылатын орға жұртшылықпен бірге қыстақтағы барлық қылмыскерлер түгел апарылады. Соларға бақылаушы болып белгілендің. Бұл қырағылықты қатты талап ететін жұмыс!

«Жақсы сөз жан семіртеді» деген рас екен. Мына мадақтау мен қалтқысыз сенімге көп-көрім марсиып қалдым.

... Орталауды тауысатын жылы мәдениет төңкерісі басталды да, жатсам-тұрсам көкейімнен кетпейтін жоғарылап оқу арманым жол ортада жоққа шықты. «Суға кеткен тал қармайдының» кебін киіп кешегі аймақтағы айтулы орта мектептің үміткер оқушысы мына шалғайдағы «Кеңқоныс» қыстағынан бір-ақ шығайын! Әйткенмен мұнда да болашақ нұрлы, үміт мол көрінді. Енді міне басшылық маған зор сенім артып отыр.

Жалпы көлемге Балғабай жауапты екен. Қырықты аттап мосқал тартқан осы бір адам біз Кеңқонысқа алғаш келгенімізде:

- Сендер кедей, төмен, орта диқандардың тәрбиесін алуға келсеңдер, алдымен мынаны үйреніңдір! – деп күлге көміп пысырған картоп жеуді үйреткен. Бұл істі төтенше бір ыждағаттықпен салтанатты өткізуге тырысып еді. Сол Балғабай бастықтың көңіліндегідей қолғабыс етуім қиынға түсіп тұр. Мына қалың топтың шетіндегі бір шоғыр бұзақыларға сасықкүзеннің айғырындай шақылдап тұруым керек екен. Күрес жиындары болса ғой бір жөн, көптің дүрмегінде қалай көстеңдесеңде келіп тұр. Ешнәрсенің қара-құрасы жоқ жалғыз өзің шаптыға берудің де жөні келмейді. Оның үстіне ел қу жанын қуырдақ етіп, арыпталасып еңбек етіп жатсын, ал, сен екі қолыңды артыңа ұстап алшаңда да жүр... Апыр-ау, қалай мандырап барам, елің не осы деймін өзімді-өзім күстаналап. Бұрнағы күнгі Балғабайдың «таптық майданда табанды болуың тиіс» деп сындағанның да жөні бар-ау! Бұлар қайдан ел болсын, ымыраласуға келмейтін тап жауы дегеніміз осылар емес пе?! «Ұйым ұйғарған міндетті ойдағыдай орындауым жөн ғой» деп тиянақтаттым ойымды.

Төбе басында әлі отырмын. Үп еткен жел жоқ. Түске таяған күннің аптабы жер-әлемді қуырып барады. Ор шетіне таяу қоралана өскен бір топ шыралжын қурайдың тік төбесіндегі көк жүзінде бозторға шырылдап тұр. Бірде ашық сыңғырлы тұнық әуенге басса, бірде тұншыға былдырлап барып, қайта көтеріп шығандатады. «Әттең, нотадан хабарым болса, мына бір сазды, ойнақы әуенді айнытпай қағазға түсіріп алар едім-ау!» деймін дәрменсіздігімді еске алып. Қайдағы бір ойлармен отырып көз жазып қалған екенмін. Жаңағы торғайдың үні өлеусіреп, жүні бобырап, өрмекшінің торына маталған көбелектей жанталасып жерге жақындай қалыпты. Белгісіз бір сыртқы күштің ықпалы бар ма, қалай? Құтылуға құлшынса да халы кетіп төмендей берді. Арғы жағындағы ордың шетінде қалтиып тұрған Бақтияр да осынау құбылысты бақылап тұрған көрінеді, шыралжын қурайға қарай ұмтылды. «Не боп қалды» - деп бер жағынан мен де жүгірдім. Бақтияр бара сала-ақ топ қурайдың түбін төпештеп жатыр. Төмендеген торғай жібі үзілген батпырауықша жерге жалп ете түсті. Мен жеткенде Бақтияр әлдеқашан мылжаланып өлген, білектей қарашұбар жыланды әлі төпештеп жатыр екен.

- Сорлы торғайды жылан арбаған екен ғой.

- Апыр-ау, қалай байқап қалдың?

- Құс болса да құдай жаратқан мақұлық қой. Марқадам тап балам, - деп күңгірлеген «қылмыстылар» қаумажалай келіп Бақтиярға сүйініш білдіріп жатыр.

Құрық бойындай жерде ғана алдымда далиған сұрбөрте қанатын жинауға халы келмей аузын ашып алқынып жатқан бозторғайды көріп жаным ашып кетті. Бала кезімнен қалада өскендігімнен қыр-даланың табиғатындағы мұндай тағылықты көзбен көру емес, құлақпен де естімеген екенмін. Көмейіме келген көп сұрауды қасымдағы «қылмыстылардан» сұрап ұғудың жөнін таппай кібіртіктеп тұрдым да, торғайға қарай төніп едім.

- Уа, тиіспесеңші балам, қолыңның табы өтеді. Онсызда өлгелі қапты, есін жиған соң өзі-ақ ұшып кетер, - деп жақ сүйегі шодырайған, шоқша сақалды сары шал саңқ ете түсті. Мен кілт тоқтап қалдым. Мына ғажапты көріңіз. Бақылаушы басыммен бұзақы шалдың бұйрығына бойсұна қалғаныма таңғалам. Ой-тілегімізді ортақтастырған торғай тағдыры шалға тойтарыс беруге мені шындап жіберер емес.

Өкінерлігі, торғай тағдыры мұнымен оңалмады. Ту сыртымыздан шыққан Балғабайдың тарғыл дауысы шырқымызды бір жолата бұзып жіберді.

- Қарашы, өңкей бұзақының тап бір тойға келгендей топтасып салтанат құруын, неге тоқтатасыңдар жұмысты, – деп байбалам салған оған, мен де істің шын себебін түсіндіруге тырыстым.

- Мына торғайды жылан жұтып... жо, жоқ, жұтып емес-ау арбап, сонан Бақтияр байқап қалып, жыланды өлтіріп... бұлар соған айланып қалды, - деп торғайды нұсқап едім. Мұным тіпті де тиымсыз болды. Балғабай қамыт аяғымен теңселе басып торғайға жақын барды да:

- Жерден алтын тапқандай желігіп тұрғандарың осы ма? Міне ендеше! – деп қонышы қатпарланған көнетоз етігінің сырты мұжылып қисайған өкшесімен торғайдың қанын шашырата таптап жіберді. Бейшара торғайдың шиқ етуге шамасы келмеді. Балғабайдың қаперіне де келер емес. «Қайт, қайттың» астына алып қодыраңдап жатыр. Қипыжықтаған «қылмыскерлер» құныперен болып орға қарай ұмтылды. Өлген торғайдың қасында үнсіз мұңайып мен тұрмын. Әлгінде ғана жыланның аузынан арашаланған байқұс, енді міне ішек-қарны ақтарылып алдымда жатыр. Балғабай анандай жердегі бір шоқ сары қурайдың түбіне шаптырды да, ышқыр бауын байланып тұрып мені шақырды. Мен солай бұрылғанда:

- Қазір нақ балапан басатын кез ғой, бейшараның балаларына да обал болды-ау – деген қыли көз кемпірге:

- Оған не шара, әуелі өз күніңді ойлашы, - деп күңк етіп жатты қасындағы бурыл сақал.

Балғабай мені ауаша ертіп шыққан соң малдасын құрып, темекі орай отырып:

- Пәле-е, бақылаушылық істегеніңе болайын. Мен келмесем әуелі оларды еркіне жіберіп, ойнауға айналыпсың ғой, - деді көзін сығырайтып. Мені мазақтап та, баласынып та отыр. Мына сөзге мен де төтесінен кеттім:

- Сөйлей береді екенсіз, сіз де. Жылан өлтіру ойын ба екен? Ол да зиянкестің бірі ғой. Өзіңіздің бейкүна торғайды таптағаныңызды қай жөнге сиғызар екенсіз, қане? – дедім әлгіндегі торғайдың халі көз алдыма келіп. Балғабайды жек көріп жиркеніп отырмын. Балғабай темекісін тұтатып алған соң, үңірейген талпақ танауынан көк түтінді созақтата будақтатып жатта келіп қарқылдай күлді. Жайшылықта ғой әдеп үшін болса да қосыла жымияр едім. Ал мынаның қарқылдағаны жынымды түршіктіріп, езуім күлкіге иземей қойды. Әлден уақытта күлкіден бе, жоқ темекінің көк түтінінен бе, сұрғылт көзі жасаурай қалған Балғабай мешпетінің жеңімен көзін сүртті де:

- Әй, баласың-ау! Қарағым Қастер, бір торғай үшін сонша томсарып, онсызда күніне сан мыңдап қырылып, ителгіге жем болып жатпай ма? Мына бұзақыларды тәубеге келтіру үшін осылай қатыгез болмаса да болмайды. Бұл деген төңкеріс, төңкерістің қажеті... – деді сөз соңында жаттамалы сөзбен жалтарып.

- Ителгі жесе, ол деген көк тағысы, жыртқыш мақұлық. Ал сіз деген адамсыз ғой. Адам атыңыз бар ғой. Соншама таптамасаңыз да не етер еді? – деп мен де көгеріп отырмын. Балғабай тартып болған темекісінің тұқылын табанына сүркеп тез өшірді. Өкшесіне жұққан торғайдың қаны әлі толық құрғамапты.

- Жә, балақай, - деді ол сұрғылт көзін сығырайтып, - дауды доғарайық, енді көз алдындағы жұмысқа келейікші, - деп маймөңкелеген ол, баяғы бір сарынды сарсүзек болған сөздерді ұзақ сапырды. Қасарысқан ой-қиялым оның сөздерін қоныс бермей қайта қуалап жатты. Әйткенмен Балғабай «үлгілі зиялы» деп менің іс-іздерімді таныстырып жоғарыға жолдау ойының бар екендігін; осы реткі жұмыс аяқтасымен солай ететіндігін; сондықтан құлшына істеп қызмет көрсетуімнің қажеттілігін аңғартқанда барып көңілім жібіді.

- Жүр енді жұмыс басына, - деп орнынан тұрған Балғабайға ілесіп солай жүрдім. Түскі демалысқа қайтуға қамданған қылмыскерлерді тоқтатып алған Балғабай, Бақтиярды тергей жөнелді. Бірақ, қаншама зіркілдеп, кәрлене төнгенімен Бақтиярдың да оғар ығар түрі жоқ. Ұшқын шашақан қоңыр көзімен Балғабайдың бетіне бағжиып, безере қарап үнсіз тұр. Кенет көзі Балғабайдың қисайған өкшесіндегі торғайдың қанына түскенде кемсеңдеп барып күрсініп жіберді. Менің одан ары тұруға шыдамым жетпей сырт айналып шатырыма беттедім.

*  *  *

... Шіркін-ай деші, Балғабайдың айтқаны келіп бағым ашылды. Мен міне аудан бойынша үлгілі зиялы болып аймаққа кетіп барамын. Кереметтерімнің куәсі болған Кеңқоныс қыстағы бұлдырап көз ұшында қалды. Автобус жүйткіп келеді.

Шуылы жаныңа шуақ болған туып-өскен көркем қалаға да келдім. Көше жиегіндегі көк теректің саясында, қайшалысқан қалың топтың арасымен үйге бет алып барамын. Ақпарат тараулары мені мұнда әбден үгіттеген көрінеді. Бірен-саран кездескен таныстар бастарын изеп, қуанышымды құттықтап жатыр. Тіпті бейтаныс біреулер де мені нұсқап бірдемелерді айтқандай болады. Қақпамыздың алдында бір топ адам тұр, араларында шешем бар екен. Әне, әкем де көрінді. Шешем мені бауырына қысып аймалап жатыр. Екі танауым шым етіп көзім боталап барады...

Қабырғалары зәулім кең жиын залына көк жұлдызындай самсаған электр шырағы ерекше сән беріп тұр. Құжынаған қалың адам мені ду қол шапалақ соғып, сөзге ұсыныс етіп жатыр. Мен сахнаға көтерілдім. Сансыз жұп көздер маған ынталана қадалып, сөйлеуімді күтіп тұр. Шаттығыма сүйінген мен еріксіз көзімді жұмдым. Сөзді қай жерден бастауым керек, нені айтам санда, селт етіп көзімді қайта аштым. Баяғы беттің безеуі іспеттенген төбешіктің үстінде отырмын. Күн еңкейіп қалыпты. Көз алдымдағы қылмыстылар күйбеңдеп еңбек істеп жатыр.

Балғабай рас айтса болы. Қиялдың іске асуы қиын емес те шығар. Ол үшін қызмет көрсетуім қажет. Сондықтан бақылаушылықты күшейте түскем. Кеше ымырт үйірілген алакеуім кез болатын. Бұлар күркелерінің алдында тамақтанып жатқан, арт жақтарынан көрінбей баспалап келсем, қашан да Бақтиярды қасынан тастамайтын әлгі Мардан деген дембелше қара көпті аузына қаратып алыпты. Гу-гу етеді.

- Құрөзектен бастап қаздық қой, - дейді төңірегіндегілерге, - содан бергі жерді мөлшермен он бес шақырым десек, ордың ені ғой екі метр, сыртқа тасталған топырақ үш метр жерді алып жатыр. Ал, Бақтияр сен есептеп көрші, жалпы ауданы қанша му болар екен, - деп Бақтиярға есеп істетіп жатыр. Апыр-ау, мұғалім-еке, сен әуелі бұл баладан емтихан алайын дедің ғой, - дейді төңірегіндегілердің біреуі.

- Мардан мұғалімнің ойы тура, оқығандарын үмытып қалмасын дегені ғой, енді қайтсын, - деді әлгі «торғайға тиіспе» деп маған ақырған шоқша сақалды сары шал. Қайсы біреулердің қараңғыда сырпылдатып көжені сораптағаны естіліп тұр. Аз үнсіздіктен кейін:

- Мұғалім, мөлшермен бір жүз он мудан аз асады екен, - деді есептеп болған Бақтияр.

- Е, міне! Текке кеткен еңбеккүшті есепке алмай-ақ қояйық, сонда қаншама жайылымның қыртысын бүлдіріп керектен шығарып жатырмыз. Бұлр мұны неге ойламайды, - деген дембелше қараның даусы түтігіп барып тоқтады. Аз тыныштықтан соң:

- Мархұм атамыз баяғыда көне жұрттан көшерде қара жердің де киесі бар, деп қазықтарды суыртып, ат ағаш пен жерошақтың орнын толтыртып, тегістетіп отыратын жарықтық, - деген қыли кемпірдің даусы күрсіне тоқтады. Тағы да тыныштық орнай қалды.

Салқын түн. Алыста тарылдаған тартардың даусы құлаққа талып естіледі. Бұлар жатуға қамдана бастады.  Мен өз шатырыма қарай жылыстадым.

Балғабай әлі жоқ. Түннің қай кезінде келерін құдай білсін. Күндегі әдеті осы. Қиял құшағында жалғыз жатырмын, «Әлгілердің сөздері-ай!» деймін аунап түсіп, - көрінеуде үндемегенімен оңашада қалай-қалай қақсайды өздері. Қыстақ халқы болып аттанысқа келіп істеп жатқан игі істі теріске шығаруға қайтып батылы барады бұлардың. Қозғалысқа қарсы шығу деген осы шығар, сірә да... Былайынан қарасаң ақылға да қонымды. Анау қара жігіт есеп көрсетіп бұлтартпас дәлел тастап отырмай ма?! Ой, тәубе, түсінсем не қылсын. Мұны Балғабайға мәлімдесем тақ бір жоңғар шапқандай-ақ жінігіп әбігерлікті бастайды деші. Жоқ, қазірше айтпай тұрғаным жөн секілді. Әліптің артын бағайын. Бұларды әлі де байқап көрейін» деп қорыттым ойымды ұйықтар алдында.

...Оңаша отырған адамның ойы таусылған ба? Мен орнымнан тұрып керіле бастадым. Күн ұясына таяды. Қылмыстылар күркелеріне қарай беттеді. Бақтияр тағы да бұлардан бөлініп артта қалып қойды. Кешелі бері аржақтарындағы әнеу бір топты қалақайдың арасына бара бергіштеп жүр. Міне бұл сұмпайы тағы солай беттеді. «Бұл не істеп жүр, мұның құпиясын ашу қажет». Ол жүрген бойы қораланған қалақайдың арасына кіріп көрінбей кетті. «Япыр-ау, мына бұзақы бірдемені бүлдіріп жүрмесін». Мен енді солай қарай ұштым. Қалақайға жете бере ақырындап алқынымды басып, аңдуға кірістім. Ол ары қарап алып, қалың қалақайдың түбіндегі шалғын шөптің арасында жүгініп отыр екен. Қашықтау болғандықтан не істеп жатқанын байқай алмадым да, мысықша басып, жақындай түстім. Іске құлшына кіріскені соншалық менің келгенімді сезбеді. Желке тұсынан келіп үңіле қарасам шалғын шөптің арасындағы ұяда бозторғайдың сарыауыз балапанынан төртеуі жатыр. Әлі темір қанат бола қоймапты. Көздері жүдеулі, халдері нашар көрінеді. Тарыдай талқандаған нанның уағын бетіне салған көк жапырақты олардың аузына ұстаған Бақтияр жылап отыр. Екі иығы қозғалып солық-солық етеді. «Ал Қастер, ұста қылмыстыны» деген бір мысқыл ой-жүрегімді қарып өтті. Көңілім бұзылып, өксік дендетіп барады. Ақыры шыдамым таусылып шиқ етіп кетіп едім. Селт етіп артына қараған Бақтиярдың көзі Бағжаң етіп, шошына шыңғырып жіберді де:

- Таптамашы ағатай, - деп аяғымды құшақтап жатып алды. Мен де жетісіп тұрғам жоқ. Аяғыма айқасқан қолы тастай қатып қоя берер емес, егіліп кетіп еріксіз еңкейіп, оның мойнынан құшақтадым.

*  *  *

Содан бері талай жылдар өтті. Балалықтың бал дәурені озып қырықтың қырқасына іліндім. Қазір қаладамын. Келіп-кеткендерден сондағы ел-жұртты сұрастырып тұрам.

Мардан мұғаліммен өткен жылы «үлгілі ағартушы» болып аймаққа жиналысқа келгенде кездестім. Самайын қырау шалғанымен дембелше денесі әлі мығым екен. Көзі күлімдеп жайнаң қағады. «Қазір қатты байыды» деп Балғабайды мақтайды, «Мектебімізге бес мың доллар көмек қосты» дейді. «Замана шуағы оның да көр кеудесін жылытқан екен-ау!» деймін өткенді ойлап. Айтпақшы Бақтияр қазір Үрімжіде тұрады, жайылым маманы. Жуырда кәсібінен диссертация қорғаған екен, өте сәтті болыпты. Құттықтап хат жаздым.

Өткен бір күндерден ұмыт болып бара жатқан осынау бір істер есіме оралып, қолыма қалам алған едім...

 

Автор туралы: Қасымхан Әубәкірұлы  1949 жылы Қытай Халық Республикасы,  Шынжаң ұйғыр автономиялы ауданының  Құлжа қаласы,  Іле асыл тұқымды  жылқы фермасында дүниеге келген.  1976 жылдан бастап күні кешеге дейін ұстаздық қызметтен қол үзбеген қаламгер ауылдық  орта мектепте әдебиет, физика, математика пәндерінен дәріс береді. Сол тұстарда тырнақалды туындылары  «Іле айдыны», «Алтай аясы», «Тарбағатай» сынды газет-журналдарда жарық көріп,  оқырман қауымның оң бағасын алып, әдеби ортаның назарына ілінеді.

 

Пікірлер
Редакция таңдауы