Қазақстан футбол федерациясы халыққа есеп беруі тиіс

3561
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан футбол федерациясы Еуропа футбол қауымдастығы одағына (UEFA) мүше болып қабылданғалы бері осы спортты дамытуға мемлекеттік қазынадан ондаған миллиард долар қаржы жұмсап келеді.

Футбол әліппесін Бразиялияға апарып үйреткен жастарының сайда саны, құмда ізі қалмады. Кеткен шығынды өтеудің орнына тағы да миллиондар шығарып, шетелден  жалдамалы ойыншылар мен бапкерлер шақырту белең алып кеткен. Салынған стадиондардың құны өз алдына,  Премьер-лигада ойнайтын футболшыларымыз  орта есеппен 4 500 000 теңге көлемінде айлық алатын көрінеді. Бұған қарап отырып, облыстардағы бюджеттің едәуір бөлігі үлкен футболға бөлінетінін анық байқауға болады. Мәселен, Қостанай облысындағы «Тобыл» футбол клубының биылғы бюджеті 12,90 миллион еуро болса, «Астана» бюджеті – 22,58 миллион еуро.

Сөйте тұра Еуропадағы  клубтық ойындарда қарық қылып өнер көрсеткен команда болмай тұр. Мәселен, өткенде ғана Чемпиондар лигасының іріктеу сатысына қатысқан «Астана» футбол клубы Беларусьтің «Динамо-Брест» командасынан 3:6 есебімен ойсырай ұтылып, жарыстан шет қалды. Сол «Астанада» ойнайтын Марин Томасов, Дмитри Шомко, Дорин Ротариу, Иван Маевский секілді ойыншылардың құнын көрсең, төбе шашың тік тұрады.

Аты-жөні  

Азаматтығы

 

Жасы Клубы Бағасы
Марин Томасов Хорватия 32 «Астана» 2,80 млн еуро
Есеола  

Украина,

Нигерия

29 «Қайрат» 2,50 млн еуро
Яцек Гуральский Польша 27 «Қайрат» 2,40 млн еуро
Роман Мұртазаев Қазақстан 26 «Тобыл» 2,0 млн еуро
Дмитри Шомко Қазақстан 30 «Астана» 2,0 млн еуро
Дорин Ротариу Румыния 25 «Астана» 1,7 млн еуро
Сотириру Кипр 27 «Астана» 1,4 млн еуро
Дино

Миханович

Хорватия 26 «Қайрат» 1,4 млн еуро
Стас Покатилов Қазақстан 27 «Қайрат» 1,4 млн еуро
Жоао Пауло Бразилия 32 «Ордабасы» 1,4 млн еуро
Дмитрий Непагодов Қазақстан,

Украина

32 «Астана» 1,4 млн еуро

 

Байқағанымыздай, еліміздегі ең қымбат 11 ойыншының 5-еуі «Астана» командасында доп тебеді, әрі оларға алғашқы айналымнан аса алмағаны үшін миллиондап ақша төлейді.

«Астананың» сүреңсіз ойынынан кейін Михал Беликті орнынан алып тастады. Белик секілді талай бапкер келді бұл елге. Соның бірі де қазақ футболын өрге сүйрей алмады. Ал соларға кеткен шығынның өтелмейтіні екібастан белгілі.

Кеткен бапкер кетіп тынса жақсы ғой, Михалыңыз мықты екен. Ұлттық құраманың бас бапкері болып қала берді. Күні кеше осы бапкер бастаған аяқдопшылар Ұлттар лигасы аясында Беларусь құрамасына 1:2 есебімен есе жіберді. Бұл ұтылыстан Беликтің қалпағы да қисаймайды. Есесіне ҚФФ тағы бір бапкерге шығындануды бастайтыны анық.

Қазір арқаны кеңге салатын кезең артта қалды. Жалғыз біздің елдің  емес, әлем экономикасы дамуын тежетіп, кейбір елдердің аштыққа ұшырауы мүмкін екені айтылуда.

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының басшысы Дэвид Бисли: -Бізде барлық мәлімет сақталады, пандемияға дейін  тамаққа зәру болған адам бұрын 140 миллион болған. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 270 миллионға жетуі мүмкін, - депті.

Осындай қауіпті кезеңде бюджет ақшасының едәуір бөлігі өндіріске емес, отандық футбол клубтарына кетіп жатыр. Олар жетістікке жетіп жатса қуанатын-ақ едік. Қазір аяқдопшыларды жалғыз біз емес, басқа спорт түрлерінің өкілдері де жақтырмайтын дәрежеге жеткен. Оның себебі  белгілі. Әлем, Азия және халықаралық жарыстардың кейбір жеңімпаздарына берілмеген сыйақы нашар ойнайтын футболшыларымызға берілуде.

Футбол ойынына, оның дамуына қарсылығымыз жоқ. Алайда бюджет есебінен табысынан айрылған азаматтарымызға 42 500 беріп, қонаққа келіп кететін жалдамалы ойыншыларға млн-дап ақы төлеуді ақылға қонымсыз әрекет деп білеміз. Өз халқын өзекке тепкізген футбол бізге керек пе?

Сондықтан да футбол басшылығы әлем және Еуропа чемпионаттарына іріктеу кезеңдерінің финалдық сатысына шықпақ түгілі ұпай алса қуанатын жағдайға жеткізгені үшін, мемлекеттің қазынасын оңды-солды шашқаны үшін  халыққа есеп беруі тиіс.

Жанболат Сарқасқа,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер