12 кыркүйек күні Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында қаржыгер-меценат, халық жанашыры, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Ерболат Болатұлының «Қазақстан және мен» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітап кәсіпкердің жүріп өткен жолына үңілу, есеп беру мақсатында өзіне ыстық, өзгеге ой салар сәттермен, сөздермен фотоальбом ретінде шығарылған. Қаржысының бір бөлігін халық денсаулығына, әлеуметтік дамуына салып жүрген кәсіпкердің атқарған жұмыстары да, фотоальбомы да құрметпен қарарлықтай. Ендеше кітаптың ел үшін, халық үшін маңыздылығын депутаттың өзінен және презентацияға келген азаматтардың пікірі арқылы білейік.

"Ерболат Болатұлы-халықтың санасына сәуле құйды"Мұратхан ШОҚАН, ақын, Жазушылар одағының мүшесі: Бір соқыр адамды жолдан жетектеп өткізсеңіз сауап болады. Ал түрлі сауалдарға жауап таппай жүрген адамның санасына сәуле түсірсеңіз, соқыр адамды жетектеп өткізгеннен де артық. Шыны керек, Ерболат Болатұлының кітапханаға, халыққа жасаған қамқорлығы санаға сәуле құйған адамның ісі. Ауланы абаттандыру, қоғамдық ғимараттарды жарықтандыру, қарияларға қарайласу, жастарды демеп жіберу, қала тұрғындарына көмектесу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Жақсының жақсылығын айту керек. Ерболат Болатұлының еңбегі – ұшан теңіз.
"Жамбыл кітапханасының модернизациялануына 140 000 000 теңгені өз қалтасынан шығарды"Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕН, Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының басшысы: Мәдениет басқармасы кітапханаларды модернизациялау туралы жоба жасады. Ресейден дизайнерлер шақыртырылды. Сол кезде бірқатар шығармашылық топ «осы істі неге өзіміз жасамаймыз?» деп бас көтермек болды. Ерболат Болатұлы бұрындары түрлі қайырымдылық іс-шараларын қолға алып жүрген азамат екен. Алматы қаласы әкімдігі Ерболат Болатұлын тауып, 5 кітапхананы аралап, ішінен Жамбыл кітапханасын модернизациялау туралы шешімге келді. 2017 жылы жөндеу жұмыстары басталды. Ерболат Болатұлы 140 000 000 теңге өз қаржысын кітапханаға құйып, бүкіл жұмыстың басы-қасында жүрді. Кітапхана бюджеттік мекеме болғандықтан әлі күнге дейін жағдайымызды біліп, жетпейтіндерімізді түгендеп беріп отырады.

"Әр адам осылай есеп беруі тиіс"Темірхан ТЕБЕГЕН, филология ғылымының докторы, профессор : Әркімді өсіретін, адам ететін кітапхана дейді ғой. Мені өсірген ауылымдағы кітапхана еді. Кейін Қызылорда қаласындағы, одан кейін Алматыдағы кітапхана рухани азық алуыма себепші болды. Кандидаттықты да, докторлықты да кітапханада отырып қорғадық. Сондықтан кітапхана деген кезде елеңдеп тұрамын. Кезінде «Адамды адам еткен-еңбек» дегенді жиі оқушы едік. Ал «Қазақстан және мен» кітабында «Адамды адам еткен-кітап, адамзат еткен-кітапхана» деп өте орынды жазылған. Осы күнге дейін атқарған жұмысыңды, ғылыми зерттеулеріңді осылай кітап етіп шығару, халыққа таныстыру өте тиімді жолы екен. Ерболат Болатұлының кітабына қарап қызығып отырмын. «Қазақстан және мен» кітабында барлығы бар. Бұл кісінің жастарға, қарттарға қамқорлығы, спорттық мекемелер мен денсаулық сақтау орындарына демеушілігі үлгі тұтарлық іс. Соңғы 10 жылдықта халыққа да, өзіне де «не істеп, не қойдым» деген оймен шығарылған кітап секілді. Расында да әр адам өзіне осылай есеп беріп отыруы керек қой. Ерболат Болатұлы секілді халық жанашырлары көп болсын!
Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,
«Адырна» ұлттық порталы