Онлайн оқытуда «омақаса құлаған» елдер

3968
Adyrna.kz Telegram

Коронавирус адамдардың денсаулық иммунитетін ғана емес, мемлекеттердің төтенше жағдайға дайындық деңгейін де көрсетіп берді. Алдыңғы мақаламызда дамыған елдер пандемия кезінде білім беру проблемасын қалай шешкені туралы жазып едік.Бұл жолы дәл осы проблеманың өзімізге етене жақын таныс көршілерімізде қалай шешім тапқанын сөз етіп көрмекпіз.Сол елдермен әлемге аты ЭКСПО, Азиада сынды көрме, жарыстар, түрлі форумдар өткізумен аты әйгілі өз еліміздегі жағдайды да жадыңызда ұстаңыз.

 Төтенше жағдайға дайын болмаған елдер

Іргеміздегі қырғыз бауырларымызға да күтпеген тұстан бүйірден соққан коронавирус індеті оңай тимепті. 16 наурыздан бастап оқушылары карантин каникулға жіберілген.19 наурыздан бастап  «Ілім Білім» телеарнасы оқушыларға арналған бейне сабақтарды таратуды бастаған. Оқушылармен кері байланыс әлеуметтік желілер арқылы, оның ішінде WhatssAPP арқылы жүзеге асырылған. Қырғыздар үшін білім берудің мұндай жүйесі бірінші рет қолданылып отыр. Бұған дейін онлайн оқыту бірнеше рет қолға алынып, жарты жолда жүзеге аспаған күйі қалып қойған. «Онлайн оқытуды тұтас білім беру мекемелеріне енгізу үшін ұзақ уақытты, үлкен қаржы мен көп еңбекті талап етеді» депті Білім министрі Чолпонкулова.

200-ден астам мұғалім бейне сабақ жасаған. КТР «Баластан» (1-4-сыныптарға), ELTR «Ілім Білім» (5-11-сыныптарға) және  «Санат», «Пирамида» мен «Пятый канал» бейне сабақтар көрсеткен. Түрлі жастағы бірнеше баласы бар отбасы бір теледидарға телміретінін ескерсек, дұрыс білім алу мүмкін бе? Қырғыздар да оқулықтардың басым бөлігін сандық форматқа өткізіп үлгермегенін ескерсек, бұл елдегі жағдайды елестету бізге өте оңай. Өйткені Қазақстанда да мұндай әбігерлік түр-түрімен болды. Қырғызстанда да интернеті жоқ, болса да жылдамдығы тартпайтын, гаджеті жоқ деген проблемалар орын алған. Айналып келгенде, қырғыз оқушылары да соңғы тоқсанды WhatsApp желісімен аяқтаған. Өйткені мемлекет халқы интернетпен тұтас қамтылмаған. Сонымен қатар білім беру мекемелері қашықтан оқытуға мүлде дайын болмаған. Ең қиыны, бұл елдегі сабақтар өзбек, қырғыз, орыс және тәжік тілінде жүргізілген. Өйткені білім алушылардың тілдік мәселесі ескерілген.

«Сырты жылтыр, іші сұмдық» жағдайлар

Өзбек елінің ішінде не болып жатқанын білу өте қиын. Бұл елдің ақпарат ағыны сыртқа шығарыла бермейтінін ескерсек, іздеген сұрағымыздың жауабын там-тұмдап әрең жинадық. Өзбекстанда да  мектептер мен балабақшалар 16 наурызда карантинге жабылған. Елдегі үш телеарнадан бейне сабақтар берілген. Карантин кезінде өзбектің интернет провайдерлері мен мобильді операторлары веб сайттарға 1 мамырға дейін тегін кіріп, сабақ оқи алатын мүмкіндік беріпті. Сонымен қатар, қарызы бар кез келген Өзбекстан азаматының телефондағы интернет  байланысы тоқтатылмасын деген.  Алайда Mobiuz, Ucell мен Beeline операторлары бұл жеңілдікті тұтынушысына ұсынбаған. Бұларда да біздегідей «Күнделік.кз»-тің «Kundalik» деген түрі өзбек оқушысы мен ата-аналарының қатаң бақылаушысына айналыпты. Орындалмаған тапсырма осы сайт арқылы анықталып отырған. Әйтсе де, интернетке байланысты бұл сайт тұтас Өзбекстанда қолжетімді емес көрінеді. Ең қиыны, бастауыш сынып оқушысының ата-анасы мен мұғалімінің иығына артылған. Сабақты түсінбей мың рет хабарласқан ата-ана мен мұғалімнің арасындағы байланыс баланы да қажытары сөзсіз.

Телеграм желісінде арнайы каналдар ашылып, бастауыштың сабақтары салынып отырыпты. Бұған дейін өзбек халқының 96 пайызы интернетті пайдаланады, мобильді интернетті пайдаланушы саны 19 млн адамды құрайды деген статмәліметтің жалған екенін пандемия ашып көрсетті. Өйткені карантин кезінде барлық оқушы интернет пен ноутбукке қолдары жетпеген. Шалғай ауылдарда оқушы мен мұғалім өзара байланыс жасай алмаған. Осыған байланысты ауқатты адамдардан гаджеті жоқ оқушыларға көмектесуді сұрау науқаны орын алыпты. Өзбек ауқаттылары оқушыларына қаншалықты көмектескенін алдағы жаңа оқу жылында біле жатармыз. Жалпы, өзбектердің басым бөлігі онлайн оқуға ондық шкала бойынша сегіз деген баға береді. Себеп интернет жылдамдығы өте әлсіз. 6 миллионнан астам оқушысы бар Өзбекстанда интернет жылдамдығы әлсіз деп айтса, жарасады-ақ. Өйткені көршілерінде жағдай бұдан да сорақы болғаны бар.

Вирусқа сенбеген елдің оқушылары қайтті?

Тәжікстан билігі коронавирус дегенге сенгілері келмеді ме, әлде басқаша себебі бар ма, әйтеуір Орта Азия елдерінің ішінде карантинге жабылмаған ел осы тәжіктер болатын. 3 сәуірде оқушылары қалыпты режимде мектепке сабақтарына барды. Мемлекет ең алдымен экономикасының жағдайына көп назар аударып, індет аса қауіп төндірмесе, карантин жариялаудың қажеті жоқ деген ұстанымда болды. Алайда індеттен қауіптенген көп ата-ана төртінші тоқсанда баласын сабаққа жібермеген. Жекеменшік гимназия оқушыларының басым бөлігі үйде интернет арқылы сабақ оқыған.

Түркіменстанда да дәл осыған ұқсас жағдай болғаны есте. «Адыраспан коронавирустан қорғайтынын» айтқан бұл елдің басшысы айды аспанға бір-ақ шығарған болатын. Түркіменстанда карантин былай тұрсын, вирус сөзін қолдануға да тыйым салынды. Алайда көктемгі каникулында оқушылар 6 сәуірге дейін демалып, бірінші сәуірде сабаққа бармады. Каникул уақытының не себепті бұлай созылғанына ресми түсінік те берілмеді. Кейінірек сабақ басталғанда әр оқушының сабаққа қатысуы қатаң қадағаланды. Әлемге «коронавирус жоқ» дегенді көрсеткісі келген түркімендер осылайша карантинсіз соңғы тоқсанын әдеттегідей оқып бітірді.

Сыртқы жауына жонын күжірейткендер де бар

Солтүстіктегі көршіміз Ресей 23 наурыздан 12сәуір аралығында оқушыларын каникулға жіберді. Бүкіл мектеп қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Сабақтар Skype және Zoom қосымшалары арқылы жүргізіліп басталды.  Интернеті мен гаджеті жоқ оқушыларға смс хабарламамен сабақтар жолданды. Ауылдық жерлерде оқушылар мектепке барып, білім алған. Өйткені, бұл жерлерде интернет жоқ. 16,5  млн оқушының 95 пайызы қашықтан білім алған. Алып елдердің алдында абыройсыз қалудан жасқанды ма, орыс көршіміз «бізде бәрі жақсы» деген кейпінен танбады. Десек те, интернет проблемасы бұл елді де айналып өтпегенін әлеуметтік желідегі жазбалардан білуге болады. Сондай-ақ әр орыс отбасында сабақ оқитын гаджеттер жеткілікті дегенге көршілері сенсе де, алпауыт мемлекеттер сене қоймасы анық.
Әзірбайжан Білім министрлігі де көршілері секілді білімді телеарналар арқылы беруді қолға алған. «Виртуалды мектеп» порталы ашылып, оқушылар мен ұстаздар осы жерде байланыс орнатқан.  Бұл елдің де интернет жылдамдығы сын көтермейтінін телеарнамен сабақ оқытуынан аңғару қиын емес.

Грузияда сабақтар үш тілде жүргізілген. Грузин, армян, әзірбайжан тілдерінде. Сабақтар телеарнадан берілген. Сабақ процесі жөніндегі EMIS  жүйесі іске қосылып, 55 мың мұғалім  білім беріп, 600 мың оқушы осы жүйеде білім алған.

Қашықтан оқытудың ырымы жасалған ел де бар екен 

Коронавирус білім алуға кедергі келтірмейді деген Украина билігі де бұл сында омақаса сүрінді. Қашықтан оқытуды проблема санамаған украиндық шенеуніктер мәселемен бетпе-бет келгенде, тіпті тосылды. Өйткені бұл елде де интернет, гаджет деген нәрсе онлайн оқытуды реттеуге кедергі келтірді. Соның салдарынан карантин оқушылар үшін мерзімі белгісіз каникулдай болған. Сабақтар электронды пошталарға жолданғанымен, оны орындай қоятын оқушы бола қоймаған. Бұл тәсіл іске аспаған соң, Viber әлеуметтік желісін қолданып көрді. Мұның да нәтижесі жемісті шықпады. Түптеп келгенде, украин ата-аналар еліндегі қашықтан оқытуды «қашықтан оқытудың ырымы» деп бағалады. Өйткені, білім алған оқушы да, шынайы білім берген ұстаз да жоқ. Екі жақ та өз міндетін орындаудың ырымын жасап, соңғы тоқсанды бітірген. 50 млн гривен бөлінген ұлттық білім беру платформасы да сол күйі іске аспай, жарты жолда қалған. Қала мен аудан орталықтарының өзінде интернет жұмысы дұрыс емес Украинаның ауылдарында интернет атымен де жоқ екен.

Коронавирус расымен де, жер планетасындағы қай елдің  жағдайының қай шамада екенін анық көрсетіп берді. Білімі мен технологиясы дамыған, халқының басым бөлігі сауатты елдердегі төтенше жағдайға дайындық пен бос аттандаумен күнін өткізген елдердің кісі аярлық халін де коронавирус аймандай етті. Жоғарыда сөз болған елдердің  көктемдегі карантинде қандай күй кешкеніне қарап, өз еліміздегі жағдаймен салыстыруды оқырманның еншісіне қалдырдық.

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер