БЕКБОЛАТ ҚАРЖАН: Отарсызданбаған қоғам санасы ұлттық идеяға қызмет ете алмайды

914

Қазақтан дәл қазір Кенесарыдай көш бастайтын қазақ азаматы шықса, оны ішіміздегі сатқындар жүндей түтетініне, соңынан шырақ алып, жолын кес-кестейтініне күмәнім жоқ. Біздің ғасырлар бойы отарсызданбаған санамыз қандай көшбасшы шықса да, соңынан шырақ алдырып жүгіртеді. Отарланған санада жалтақтық, сатқындық, ашкөздік — опасыздықтың барлық түрі болады. Бұл ғасырлар бойына жалғасып келе жатыр. Бұл жағына келгенде біржақты ғана билікті кінәләған дұрыс емес, қоғамды да сау деу — абсурд. Бізді марксизм мен ленинизм идеологиясы құл-құтандар мен большевиктерге айналдырып, санамыз бен рухымызда сау тамтығымызды қалдырмаған. Осының салдарынын бір руды бір өзі басқарып, бір руды бір өзі асырап отырған талай бай-бағландырымыз бен тектілерімізден, бекзат болмысты асылдарымыздан айырылып қалдық. Бұл біздің басымыздағы өте өкінішті жағдай. Қазақтың ішінен елін ойлайтын, жұртын жолдан қалдырмайтын бай-бақуытты, ауқатты, нағыз кәсіпкер азаматтардың өте көп болуы жамбасымызға қисық келе ме? Адал, бай-бақуатты адамдар көп болған сайын ұлт та сауыға түседі. Малайзияның көреген басшысы Мохаммад Махатхир малай ауқаттыларын көбейтіп, басқа ұлттардан кәсіптің барлығын тартып алып, малайлықтарды тауға шығарған. Ал бізді кім шығарды? Назарбаев па? Кезінде біздің ауқаттыларды елден бездіріп, барлығын құртты, жойды. Тарихтағы кез келген империя ішкі жаулардың кесірінен қираған. Кез келген тарихи эпоха мұны айғақтайды. Сондықтан да мен қытай мен орыстан гөрі ішіміздегі алауыз рушылдар мен антиқазақшылдардан әлдеқайда қауіптенемін. Бұлар ұлтты іштен ірітіп, іштен жойып жатыр. Мұның барлығы кешегі текті Кенесарының әруағына қарата айтылғаннан туындап отыр. Кенесары періште емес. Мұхамед пайғамбар да періште емес. Толстой мен Кеннеди де періште емес. Абай мен Шәкәрім де періште емес. Кенесарының тарихи жеңілісі де қазақ арасындағы шонжарлардың сатқындығы мен алауыздығынан болды. Қазақтың дәл сол кездегі ресейшіл шонжларларының ортақ идеяға жұмыс істей алмауынан Кенесары сатқындықтың құрбынына айналды. Өмірдегі барлық дарындылардың жолын бақталастық пен зұлымдық қана кеседі. Биліктегі бақталастар мен зұлымдар о бастан санасы отарланған адамдар. Санасы отарланған адамдар қандай эпоха болса да, қандай форма болса да қоғамның мүддесіне қарсы жұмыс істей береді. Сатқындық, опасыздық, жемқорлық, жағымпаздықтың барлығы осылардан шығады. Елді, мемлекетті жойып жіберу де осылардың қолынан келеді. Сондықтан да кешегі Кенесары мен Ахметтерге, Әлихан мен Әлімхандарға жасалған сатқындықтың жалғасы біздің қоғамның, әсіресе қазақтың санасы отарсызданбай жалғасын таба беретініне күмәнім жоқ. Сананың отарсыздануы ұзақ мерзімді тарихи процесс. Біз одан әлі өте алмай жатырмыз. Кешегі Кенесарының әруағына қарата сөйлегендер мұны тағы да айғақтап берді. Отарланған сана ешқашан да ортақ ұлттық идеяға жұмыс жасай алмайды. Ондай шіріген қоғамда ғылым да, білім де, өркениет те жоқ. Ортақ ұлттық идеяға жұмыс жасау үшін біздің қазақтың әрбірі әрбірінің пікірін сыйлап, жағызым деген идеологияға топтасуы керек. Рулық деңгейден ұлттық деңгейге шығуы керек. Бұлай болмай қазақтың санасына отарсыздану процесі ешқашан да келмейді. Бұл жүйені онсыз өзгертеміз деу біздің ұлттың қазіргі жаһандану дәуіріндегі үлкен қателігі болып кетуі де әбден мүмкін. Сондықтан сіздердің әрбіріңіз ұлттық ортақ идеяға жұмыс жасау, жол табу деген не екеніне қазіргі реали өмірде көз жеткізгендеріңіз дұрыс. Көзіміз жетпесе, артта қала береміз.

Бекболат ҚАРЖАН

Пікірлер
Редакция таңдауы