Тасбауыр әке-безбүйрек ана: Сәбидің жазығы не?

5048
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық порталының 13.09.2020 жылы жариялаған «Жаңаөзенде жаңа туған нәрестені көшеге лақтырып кеткен» атты ақпаратына бей-жай қарамай, асырап алу ниетімен хабарласқан жандар көп болды. Жат өз қамқорлығына алғысы келгенде, туған ана мен әкенің баланы көшеге тастап кетуіне не себеп? Кім кінәлі? Халық бұл жайында не дейді?

Кіндігін жұлып, тұрғын үй маңына тастап кеткен кішкене шарананың аянышты жағдайын қоғам әртүрлі мәселемен байланыстырады. Facebook желісіндегі «Айтарым бар», «Жұрт не демейді» топтарының оқырмандарының бәзбіреулері  мұндай жайдың көбеюіне қызға қырық үйден  тыйымның жоқтығы себеп десе, енді біреулер балаға жыныстық сауаттылық жайлы ерте жастан ашық түсіндірілмейтіндігінен дейді. Кейбірі бұл мәселеде тек қыз балаға кінә артуға қарсы. Олардың айтуынша, баланы далаға тастап кеткенде, тек анасы ғана жауапқа тартылып, жігіт істеген ісіне жазасын алмағандықтан, тайраңдауын ешқашан тыймайды. Көпшілігі осындай қатыгездіктердің алдын алу үшін заңды қатайта түсу керек деген пікірде.

Сағира БАЙҰЗАҚОВА: Әке-шешесінің бетіне қарай алмайтын, ол да біреудің алданып қалған қызы шығар. Оны алдаған еркекті бірге тауып жауапқа тарту керек.

Салтанат ҚАРАМОЛДАЕВА: Анасынан бөлек осы баланың әкесін тауып, екеуін бірдей соттау керек.

Мая ТАСЫБЕКОВА: Періштенің тумай жатып не кінəсі бар еді? Қандай жағдай болмасын, обал жасап, бұлай істемеңдерші. Əрнəрсенің обал, сауабы бар. Лақтырғышты ұстап қатаң жазалап, жария ету керек. Сабақ болатындай.

Қалдыгүл САРМАНОВА: Расында, ер кісілердің кінәсі ме деп қаласың. Қазір не көп жалғыз басты әйел көп. Тағдыр талқысына түстім, байым алқаш деп ажырасып кетеді де, сүттей ұйып отырған отбасылы еркекке жарасып, өйтіп-бүйтіп өзіне қаратады. Соңында еркек есінен алжасып баладан бас тартады, әйел балаға бас салады. Не болмаса жас қыздарды алдап-арбайды, соңы осылай. Сондықтан ер азаматтарға Алла иман берсе екен. Асылған әйелге: «Жөніңе жүр», - деп тыйып тастаса, осындай сорақылықтар болмас па еді? Бұл менің жеке пікірім.

Баланы тастап кеткен ананы ғана емес, оның жауапсыз әкесін сынаушылар өте көп. Мәселен, Баққон ӨТЕШОВА да баланың әкесін де жауапқа алу керектігін айтады: Анасымен бірге əкесін де жауапкершілікке тарту керек.

Оның бұл пікірін Клара НҰРМАХАНОВА: Өте дұрыс айтасыз. Егер сондай заң болса, мүмкін азаяр ма еді. Жас қыздарды екіқабат етіп, тастап кете салады, әкеге еш жауапкершілік жоқ, сосын не істейді, тастамай? – деп құптайды.

Бұдан бөлек, баланы қоқысқа тастамаудың жолдарын өкімет арнайы қарастыру керек дейтіндер де табылды.

Жазира НҰСҚАБАЕВА есімді оқырман: Өкіметтегілер ақшаны жымқырмай әр облыстарда және қалаларда жәшік (бокс) салуы керек. Сонда қоқысқа, дәретхананаға, арыққа лақтырмайды, - деп ұсынысын білдіріпті.

Оқырмандардың кейбірі тастанды балалардың көбеюі жыныстық сауатсыздықтан деп есептейді.

Күлпаршын БАЙХАДАМОВА: Не деген надандық десейші, жауыздық қой мынау. Біз мектепте жыныстық сауаттылық турады сабақ өтуге қарсы шығамыз, міне, соның салдары.

Айнұр БЕКМОЛДАНҚЫЗЫ: Ұл бала екен обал-ай! ... Жас қыздардың ісі ғой, қызға қырық үйден тыйым деген бар емес пе қазақта. Осындайды болдырмау үшін анасы қызымен неге әңгіме құрмайды?  13 жастан асқан соң анасы қызына нені болады, нені болмайды ашық әңгіме жүргізуі керек. Сонда мұндай іске бармайды. Ал жүкті боп қалдың ба, оны да анаңа айтып, бір шешімін қабылдау керек. Үйленбеймін деген жігітті байлап болсын үйлендіру керек. Мынадай жантүршігерлік іске бармай,- деп пікірін білдірген.

...Бауыр еті баласынан бас тартып, осындай қатыгездікке барып жатқан жағдайлар өте көп. «Алматы облысында әжетханада жаңа туған нәресте табылды», «Ата-анасы баланы көшеге тастап, иттер талап өлтірген», «Атырауда қоқыс жәшігінен бала табылды», «Оралда жаңа туған сәбиді қоқыс жәшігіне тастап кеткен» сынды жаңалықтарды лек-легімен өте жиі еститін халге жеттік. Аң екеш аңның өзі баласын қорғап, айбат шеккенде, саналы Homo sapiens-тің өз қағынан жерінуіне не себеп? Расымен, адамнан мейірім қашқан ба? Сәбилердің обалы кімге? Кім кінәлі? «Қазақ – бауырмал, балажан» деп кеуде керетін халық арасында мұндай қатыгездіктер неліктен көбейіп барады? Бәлкім, заңды қатайту керек? Мүмкін байырғылардың дала заңын қайта жаңғырту керек пе? Бұл да бір қоғамның асқынған жарасы іспетті.

Сіз не дейсіз, оқырман?

Фото ашық дереккөзден алынды

Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер