Қыдырбек Рысбек. Қазақ боксының атасы

1212
Тек қазақтың ғана емес, бүкіл Қазақстан боксының атасы, оның негізін қалаушы саналатын Шоқыр БӨЛТЕКҰЛЫНЫҢ есімі Ұлы Отан соғысы басталардан 4 жыл бұрын естілген еді. Ол өмірге 1916 жылдың 29 қазанында Маңғыстау облысының Жармыш ауылында дүниеге келген.
1937 жылдың мамырында Қазақ ССР-інде тұңғыш рет бокстан Алматы қаласының біріншілігі 8 салмақ категориясы бойынша өтеді. Оған 3 спорт қоғамынан 50 боксшы қатысады. Алматы кино техникумын жаңа ғана бітірген, бокспен айналысқанына 5 жыл болған, оның 3 жылын секция басқаруға арнаған 20 жасар Шоқыр - айналымдағы екі кездесуінде және финалдағы бірінші орын үшін тайталастың барлығында қарсыластарын нокаутқа жібереді.
1975 жылдың ақпанында Алматы дене тәрбиесі институтының конференц-залында Ұлы Отан соғысына қатысқан, Қазақстан бойынша бокстан тұңғыш СССР спорт шебері атанған Шоқыр БӨЛТЕКҰЛЫМЕН студенттердің, қала жұртшылығының кездесуі өтті. Өзімнің соған қатысқан 300-ден астам адамның бірі болғаныма өмір бойы ризамын. Ол кісі әңгімені жүйелеумен түсінікті етіп жақсы айтады екен. Мені таң қалдырғаны – адамдардың атттарын, тектерін, қызмет-шендерін, ондаған жыл бұрынғы оқиғаларды күнімен баяндайтыны.
- 1942 жылдың 8-қаңтарынан 20-сәуірге дейін мен құрамында соғысқан Батыс майдан әскерлері (қолбасшымыз армия генералы Г.К.Жуков) Москвадан бар болғаны 250 шақырым жердегі Ржев қаласын ала алмай, шабуылдауын тоқтатып үзіліс алды. Августың 26-да Жуковты генерал-полковник И.С.Конев ауыстырды.
Майданда ара-тұра спорттың кейбір түрлерінен жарыстар өткізіліп тұрғанын көпшілік білмейтін тәрізді. Мысалы дивизия саяси бөлімінде спорт және дене тәрбиесі жөнінде нұсқаушы бар-ды. Әр армия жанында спорт клубы жұмыс істеді. Мен майданда 31-армия әскери советіне тікелей бағынатын резервтік гаубицалық артиллерия полкында болдым. 1942 жылдың қаңтары аяғына таман дивизионымның комиссары:
-Сен боксшы көрінесің, разрядың қандай, жетістік-көрсеткіштеріңді айт!, - деді.
-Бірінші разрядым бар, әскерге дейін Алматы қаласының, облысының чемпионы болдым, әскерде округ біріншілігінде 2 орын алдым, - дедім. Комиссар қуанғанынан қолымды қайтадан алып, арқамнан қағып:
-Ертең таңертең осында (дивизион штабы) кел, сосын полк штабына барамыз, - деді.
Айтқанындай келесі күні мені полк комиссары Лазаревке ертіп барды. Василий Захарович біздің полкке келгеніне дейін 40-шы армияның саяси бөлімінде аға нұсқаушылықты атқарған сыпайы адам екен. Қызыл Армия құрылғанының 24 жылдығына орай Батыс майданы әскери советі спорттың бірнеше түрінен армиялар арасында майдан біріншілігін өткізуді жоспарлапты. Оған дейін майдан құрамындағы 12 армия өз біріншіліктерін өткізіп, командаларын жасақтайды екен. Біздің полктан разядты екі боксшы табылыппыз. Украин жігіті екеуіміз 3-4 күн бірлесіп жаттыққасын армия штабына жіберілдік. Дивизиялардан, бригадалардан, дербес полктардан 16 боксшы жиналып, 4 топқа бөліндік те, финалға жолдама беретін топтың жеңімпазын сарапқа салдық. Былғары қолғап 4 пар ғана болғандықтан әр топқа бір пардан берілген. Кезектесіп киеміз. Бәріміз де қарайып қалған екенбіз, бастапқыда олқылықтарымыз ә дегеннен байқалды. Үш қарсыласымды айқын басымдылықпен жеңіп, финалға шықтым. Салмақ категориясынсыз, абсолюттік түрде күш сынастық. Финалда да үш адаммен қолғап түйістіріп, бәрін тізе бүктірдім, екеуі нокаутқа кетті.
Екі күннен кейін қанаттас Калинин майданы құрамындағы 4-армия құрамасымен жолдастық кездесу өткіздік. Екі жақтан бес-бестен боксшы қойылды. Мен 31-армия командасының 1 нөмірлі капитанына қойылдым. О, ғажап! Аналардың капитаны – СССР чемпионатының 3 дүркін қола жүлдегері (1937, 1938, 1940-жылдардың - Ж.Д), спорт шебері Федор Климов! Оның сонымен қатар Бүкілодақтық «Спартак» қоғамының 5-6 алтын медалін иеленгенінен хабардармын. Біз алаңға бесінші жұп болып шықтық. Бұған дейінгі есеп – 2:2.
Әрқайсысы 5 минуттан 3 раунд тағайындалды. Климов менен 12 жас үлкен де, 15 келі жеңіл. Соққымның ауыр екенін сезген тәрізді, қашып жүріп ұрыс салды. Жылдам. Алдыңғы екі раундта жұдырығымды дарыта алмай ызаға булықтым. Үшінші раундтың бір минуты өткеннен кейін ол өзгеріп сала берді. Қимылы баяулап, аяғының пружинаша ойнақшуы басылып, шаршағандық сыңай танытты. Одаққа танымал әккі спорт шебері, мүмкін мені алдап жүруі мүмкінін есептеп, жарты минут бойына тым тақалмай, сақтықпен қимылдадым. Ол енді мұрынды қойып, аузымен демалуға көшкенде – шынымын шаршағанын анық байқадым да, жаспын ғой, демімді ішіме молынан тартып алып, қос қолыммен сериялаған қимылдар жасап едім, азулы қарсыласымның керемет қорғанысы ашыла кетті! Тағы ауа жинап, осымды екінші рет қайталағанымда – Климов қаша алмай кілт тұрғанынан, тізесімен жер тіреп отыра қалды. Нокдаун! Төреші созғылаумен онды санағанында – қарсыласым айқасты жалғастыруға дайын екенін білдірді. Мен оны тағы төпелей ұрумен қуалай жөнелдім. Осы кезде төреші кездесу аяқталғанын жария етті. Ринг сыртындағы үш төрешінің екеуі жеңісті Климовқа берді. Бірақ мен еш өкінбедім, СССР чемпионатының 3 мәрте қола жүлдегерімен қолғап түйістіргенімді бақытым санадым.
Кездесуден кейін ол менімен оңаша сөйлесіп, соққымның ауырлығын мойындап, «соғыстан тірі шықсақ кездесерміз, боксты тастама, спорт шебері атанасың, қаласаң – жаттықтырушың болайын, техника бойынша көп еңбектенуің керек» деп, хош айтысты.
Майдан біріншілігі маған жұмбақ себептермен 23 ақпанда өтпей, 1-ші мамырға қалдырылды. 20 сәуірде бүкіл Батыс майдан бойынша соғыс қимылдары тоқтатылғанын естіп едік, 3 күннен кейін армия штабына шақырылдым. Бірнеше аға офицермен кездескеннен кейін, армия саяси бөлімі бастығының орынбасары полктық комиссар (полковник – Ж.Д.) Иванцов Иван Филиппович қабылдады. Бұл – қатардағы жауынгер мен үшін үлкен лауазым иесі еді. Иванцов 1-2-мамырда бокстан майдан біріншілігі өтетінін айтып, соған 31 армия атынан екі адам қатынасатынымызды, негізгі үміт маған жүктелететінін, яғни 12 армияның 24 өкілі арасынан үздік төрттікке ілігуіме тілектестігін білдірді. Сондықтан жаттығуға бірден кірісуді міндеттеді.
28 сәуірде Москваның батыс жақ шетіне орналасқан майдан штабына келіп жеттік. Жарыс бір мезгілде 4 мектептің спорт залдарында салмаққа бөлінбестен абсолюттік түрде өтіп жатты. 8 топқа үш-үштен бөліндік. 43-ші және 61-ші армиялардың өкілдерін қиналмай ұтып, сегіздікке іліктім.
РСФСР-дің 4 дүркін чемпионы, Одақ чемпионатының 2 рет қола медалін алған Николай Карцев, СССР біріншіліктерінде 1939-жылы күміс, 1934 жылы алтын, 1940 жылы қола медаль алған Виктор Степанов, Совет Одағының 1940 жылғы чемионы Николай Беляев, РСФСР-дің 5 мәрте чемпионы Евгений Киреев, Одақтың 1938-жылғы 73 келіге дейінгі жеңімпазы, Әзірбайжан ССР-інің 3 мәрте чемпионы Николай Китасов. Жарыс афишасының сәнін келтіріп, көрермендерді ынтық қылған бұл бес мықты түгелімен сегіздікке шыққан еді. Финалдық төрттікке жолдама үшін төрт жұп бір реттен кездеседі. Осы бесеудің бірімен айқасатыным айқын еді. Кіммен? Осы ой мені мазалай берді. Төрттікке ілігуіме тілек білдірген полковой комиссар Иванцов бейнесі көз алдыма келе береді. Ақыры кім екені жарияланды. 3 танк армиясының өкілі, танк командирі, кіші лейтенант Николай Китасов. СССР чемпионатының 1936 жылғы қола медалін алса, 1938-жылы алтынын алған. Салмағымыз шамалас, 30-да, яғни 4 жасқа үлкендігі, спорт шебері деген атағы бар.
Ол ә дегеннен шабуылға шықты. Ең болмағанда республикадан жүлделі орын алмаған, 1 разрядты мені менсінбей, танкіше тапап өтпек ойын сезе қойдым да, бірінші раунд бойына шегіне бердім. Мақсатым бірден нокдаун, не нокаут алмау мен шаршату. Екінші раунд та солай өтті. Анда-санда қарсы шабуыл жасаймын да, қашқақтаймын. Соңғы раунд. Китасов өзінің жеңіске жеткеніне сеніп қалған тәрізді, енді мені ұрып құлату үшін жұдырығын аямастан оңды-солды сілтей берді. Секундантыма бір жарым минут қалғанын сездіруді айтқанмын, ол өз белгісін берген бойда, Китасов үшін күтпеген жай – танктерді атқылаған зеңбірекшімін ғой, сериялы соққыларымды бастап келіп жібердім. Екі «снарядым» - «танк башнясының» қос самайына тигенде – қарсыласымының үлкен көздері одан сайын кеңіп, алаң-құлаң етті. Маған керегі осы, екінші сериям да сәтті болды. Бұрышқа тығылған қаҺарлы қарсыласым жүрелеп қалды да, нокдаун ашылды. Зал толы әскерилер қол соғып, шулап қоя берді. Спорт болса да ефрейтордың - офицерді, 1 разрядтының - спорт шеберін ұрып құлатқаны жақсы емес. Китасов төреші саусақтарын түгел бүгіп бітірместен алға тұра ұмтылды. Мен шегінбестен қарсы тұра қалдым да, бір соққысын қағып жіберіп, ашылып кеткен көкірегіне оң жұдырығыммен бар күшімді сала қатты ұрдым. Ол аяғын аспанға ербеңдеткен күйде акробаттарша құлап түсті. Көрермендерге қызық керек, құлағымды тұндыра айқайға, ысқырыққа басты. Китасов тұрмақшы болып, басын көтергенімен, қайтадан сылқ етті. Жеңіс! Сенейтін бе, сенбейін бе, СССР чемпионы атанғанды нокаутпен жеңгеніме?!
Жартылай финалға есімі беймәлім бір қазақ - менімен бірге, СССР чемпионы тұғырынан әлі түспеген Н.Беляевты ұтқан экс-чемпион В.Степанов және атақтары Совет Одағына танылған Н.Карцев, Е.Киреев шықты.
Шынымды айтайын, ақтық сын – финалға шығуға үміттенген жоқпын. Сонда да іштей Степановпен қолғап түйістірмеуімді тіледім. Ол тілегім орындалмады. Нокдаун алмастан ұпаймен ұтылғаныма қуандым. 3 орын үшін Киреевпен жұдырықтасуым - менің пайдама шешілді. Батыс майданының 1942 жылғы абсолюттік чемпионы атағын Виктор Степанов - Н.Карцевті екінші раундтың ортасында нокаутқа жіберумен иеленді.
Жартылай финал мен финалдық кездесулерді көруге майдан мен оның құрамындағы армиялар басшылары қатысты. 1 орын алған В.Степановқа диплом мен кубокты майдан қолбасшысы, сол кезде Совет Одағының Батыры, армия генералы Жуков тапсырса, 2-ші және 3 орындардағы Н.Карцев пен мені – майдан әскери советінің мүшесі Булганин мен майдан штабының бастығы генерал Голушкевич марапаттады.
Майдан артиллериясының қолбасшысы генерал-лейтенант Иван Павлович Камера мені зеңбірекші ретінде өз кабинетіне шақырып шай берді. 31-армия әскери советінің мүшесі бригадалық комиссар Русских, осы армия штабының бастығы полковник (бір аптадан кейін генерал-майорды алды) Глуздовский дастархандас болды.
Сол түні шаршағанымды ұмытып, таңға дейін кірпігімді іліндіре алмадым. Мына жарыс бейне 1942 жылдың СССР чемпионаты тәрізденіп кетті. Өмірімде алып мемлекет - Совет Одағының екі чемпионымен жұдырықтасам деп ойлап па едім?.. Соғысқа дейінгі Одақ біріншіліктерінде қазақ түгілі, бір қазақстандық медаль алып көрген емес. Қазақтан тіпті оларға қатысқан боксшы жоқ...
Ж.Доспановтың анықтамасы
СССР чемпионаттарының 3 дүркін қола жүлдегері Федор Климов – Шоқыр ағамызбен бокстескенінен кейін араға екі апта салып, 1942 жылдың 13-ақпанында Смоленск облысы аумағында қаза тапқан.
20 жасында 1934 жылы СССР чемпионы атанған Виктор Степанов соғыста аға лейтенант шенін алады. Ол Батыс майдан жеңімпазы атанғанынан кейін 1943, 1944 жылдары Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясының чемпионы болады, араға 3 жыл үзіліс салып өткізілген 1944 жылғы СССР чемпионатында екінші рет алтын медальды иеленеді. Ол 133 рет жеңіске жеткенінде, 30 қарсыласын нокаутқа жіберген. Өмірден 1970 жылы озған.
СССР чемпионатының 2 мәрте күміс жүлдегері (1933, 1937) сержант Евгений Киреев 1942 жылдың 1-желтоқсанында ауыр жараланудан көз жұмады.
Лейтенант Николай Карцев майданнан аман шығып, 1946 жылы РСФСР-дің 5-ші рет чемпионы атанады. 1964 жылы дүние салған.
Совет Одағының 1938 жылғы чемпионы Николай Китасов соғысты танк ротасының командирі, аға лейтенант болып аяқтайды. 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденін омырауына тағады (2.04.1945). Ш.Бөлтекұлынан нокаутпен ұтылғанының салдары шығар, майданнан оралғасын бокс қолғабын қайта кимейді.
Ауыр салмақта (81 келіден жоғары) 1940 жылғы СССР чемпионы ленинградтық Николай Беляев майданда сержант шенімен автоматшылар бөлімшесінің командирін атқарып жүріп 1942 жылдың қазанындағы шайқаста хабарсыз жоғалады.
1942-жылдың 4 тамызында біздің артиллериялық полктың құрамындағы батареяның мен бар 2 взводына Калинин облысының Зубцовск ауданы аумағындағы Сновидово деревнясына 3 күннен бері шабуыл жасаушы, бірақ оны ала алмай жатырған жаяу әскерлерге көмек беру жүктелді. Деревняның өзі мен маңына фашистер мықты бекініпті. Зеңбіректерден, минометтерден, станокты пулеметтерден атқылап, қызыләскерлерді жарты шақырымнан әріге жақындатпай жерге жапсырып тастаған. Деревняның бергі шетіне 3 ДЗОТ жасақталыпты, пулеметтер солардан оқтарын төгуде. 3-4 жауынгер жақындап, граната лақтырмақшы болған, бірақ олардың барлығы да орта жолда нысанаға ілініп, көз алдымызда жан тапсырды.
Взводымның командирі қарағандылық қазақ жігіт, кіші лейтенант Фазыл Хамитов зеңбірегімді барынша қарсыласқа жақындатып, сол ажал оғын жаудырушы 3 нүктені жоюға бұйрық берді. Менің басқаруымдағы зеңбірек 76 миллиметрлік болатын. Онымен дәл тигізгенде танкті қиратуға, ДЗОТ-ты бұзуға болады.
Содан зеңбірегімізді минометтен атқылау астында әупіріммен алға шығардық. Расчет мүшелерінің екеуінен айрылдық, бірі - басына тиген мина жарықшағынан бірден о дүниеге аттанса, екіншісінің оң қолы күл-парша болып, медсанбатқа кетті. Қалғанымыз зеңбірек қалқаны тасасында барымызша сақ қимылдаумен жаудың көрініп тұрған ДЗОТ-тарына снарядтарымызды жеделдетіп жіберумен болдық. Ақыры, 30-40 минут ішінде 3 ДЗОТ-ты талқандап, жаяу әскердің шабуылға шығуына жағдай жасап бердік. Зеңбіректегі үшеуіміз түгелімізбен «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталдық.
Ж.Доспановтың анықтамасы
1221-дербес гаубицалық артиллерия полкы құрамындағы зеңбірек взводының командирі Фазыл Хамитов 1918-жылы Қарағанды облысының Ульяновск ауданында туған. Қызыл Армияға Шоқыр Бөлтекұлымен бірге – 1939 жылдың қазанында Алматы қаласының Фрунзе аудандық әскери комиссариатынан аттанған.
2 мәрте 2-дәрежелі «Отан соғысы» (9.07.1944, 1.08.1986), 2 рет «Қызыл Жұлдыз» (16.08.1943, 18.11.1944) ордендерімен, «Өжеттігі үшін» (13.08.1942), «Москваны қорғағаны үшін» (1.05.1944) медальдарымен марапатталған.
Соғысты аға лейтенант шенімен аяқтаған.
Залдан бір адам:
-Шоқыр аға, сізді «соғыста 4 неміс солдатын қарусыз ұрып жығып, тұтқын еткен» деген сөзді естігенмін, соның ақиқат, не жаңсақ екенін өзіңізден білгім келеді? - деді.
-Иә, ол болған оқиға. Тек тұтқындап әкелгенім - төртеу емес, үшеу. Шоқаң әңгімесін одан әрі жалғастарды.
-1942-жылдың тамызы аяғында Жуков Москваға Жоғарғы Бас Қолбасшының ставкасына алынды да, оның орнына Батыс майданның қолбасшысы болып генерал-полковник Конев келді. 9 қыркүйекте біздің майдан әскерлері Калинин облысының Ржев қаласына шабуылды бастап кетті. Айдың орта шенінде полкымыз шабуылдаушы бөлімдер қатарында қала іргесіне жетті. Жақсы қорғаныс құрған жау қасарысып, қалаға кіргізбей қойды. Екі жақтың адам және қару шығындары өте көп болды. 20-сы күні полк командирі подполковник Никитин келіп, дивизионымызды сапқа тұрғызды да қалаға кіру үшін 2-гвардиялық мото-атқыштар дивизиясының дербес автоматшылар батальоны жауынгерлері тым аз болғандықтан, біздің артполктан автоматты жақсы ататындардан бір ротаны уақытша жасақтап беру керектігін, соған өз еріктерімен барғысы келетіндердің үш адым алға шығуларын өтінді. Мен бірден атып шыққанымда взводымның командирі Фазыл бауырым «неге бара жатырсың?» сыңаймен қарап қалғанында - жанарымыз түйісіп қалды. Еріктілер бөлек бір рота құрап, сол күні және ертесіне жаттығулар жасадық.
22-сінің таңында біздің автоматшылар батальоны 2 гвардиялық мото-атқыштар дивизиясының танкілеріне еріп, қаланың солтүстік-шығыс шетіне жете бергенімізде – танктердің жартысынан көбі өртеніп, не шынжыр табандары сөгіліп, одан әрі жылжи алмай жолда қалды да, 7-8 ғана танктың артына 300-дей автоматшы тығылып, түске таман Ржевке кірдік. Қалаға дейін-ақ дүние астаң-кестең болған. Жау оғының қарша борағаны – «аттылы боранды» елестетеді. Ол боранда денеңе қар ұрып, жармасса, мына «боранда» қорғасын оқ қадалады, не тесіп өтеді...
Қала ішіндегі ұрыстың қатты жүргені соншалық, жарты сағат ішінде танктеріміздің біреуі аман қалмады, түгелімен жойылды. Автоматшылар сол төрт ротамызды сақтаумен қалаішілік картаны бағдар етіп, 4 кварталды фашистерден тазартуға кірістік. Орнымыздан қозғала бергенімізде батальон комиссары ротаны тоқтатып, сапқа тұрғызды да дивизия командирі мен комиссарының кіші сержант Бөлтековты рота комиссары етіп тағайындағаны туралы бұйрығын паш етті. Маған дейінгі рота комиссары қалаға жетпестен оққа ұшқан еді. Кварталдардығы әр үй, әр пәтер үшін шайқас қою қараңғылық түскенше созылды.
23-қыркүйекте Күн шығысымен кварталдарды жаудан тазартуға тағы кірістік. Үш қабатты бір үйдің ортаңғы қабатында қасымдағы екі жауынгеріммен ұрыс салып жүргенімде екеуі де қаза болды. Қаралмағаны 2-3 пәтер, жалғыз болсам да соларды сүзіп шықпақшы болдым. Біріншісінен ешкім көрінбеді, есігі жоқ екіншісіне кіре бергенімде оқ атылды да, ұрысқа кірісіп кеттім. Тыныштық орнағасын бөлмелелерді жайлап қарап шықтым, екі фриц өліп жатыр. Енді соңғы пәтерге бас сұқтым. Дәлізден ішке өте бергенімде төрт фашист алдымнан шыға келді! Мен олардан бұрын кезенудегі автоматымның шүріппесін басып қалып едім, атылмады. Тағы бастым – оғы таусылған! Олар масайрап, бір-бірімен жырқылдасып, қолымды көтеруге ымдады. Мен автоматымды жерге қойдым да, арқамды есік жақтауына тіреп, қолдарымды жоғары көтердім. Олар автоматтарын арттарына ығыстырып мені тінтуге тақала бергендерінде, қос жұдырығымды бет-жақтарына жан дәрменмен екі-екіден қатты сілтеп үлгердім. Екі-ақ секунд ішінде төртеуі мұрттай ұшты. Дереу төрт автомат пен ұзын сапты гранаталарын жинап алдым да, 3-4 қадам кейіндеп, техникумда оқыған неміс тілін пайдаға асырып: «Зу стеллен сик!» деп айқайладым. Аналар сүйретіліп тұра бергендерінде: «Арме нах обен!» деп және ақырдым. Біреуі еңкейе бергенінде қысқа қонышты етігінен пышақ сабын байқап қалдым да, өздерінің «шмайссерінен» атып жібергенімде – бетімен еденді сүзе сұлады. Зәрелері ұшқан қалғандарын қойша айдап төменге түстім.
Түстен кейін арттағы әскерлер келіп жетті. Сол күннің кешінде ауыр жараланып, есім кіресілі-шығасылы жағдайдағы мені госпитальге жөнелтті. Бұл менің соңғы шайқасым екен. 9 ай госпитальде жатып емделгенімнен кейін, әскерге жарамсыздығыма байланысты елге қайтарылдым.
Ж.Доспановтың анықтамасы
1942 жылдың тамызында 1221 дербес гаубицалы артиллерия полкы 31 армиядан 30 армияға беріледі. Ал, Ш.Бөлтекұлы 20-23 қыркүйекте ерікті ретінде осы армия 2-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының дербес автоматшылар батальоны құрамында Ржев қаласын алуға қатысқанында оны рота комиссарына тағайындаған генерал-майор П.Г.Чанчибадзе (1901-1950) Ұлы Отан соғысын 120 атқыштар полкының командирі, полковник шенімен бастағанынан Екінші дүниежүзілік соғысты 2 гвардиялық армияның қолбасшысы, генерал-полковник, Совет Одағының Батыры болып аяқтайды.
Ол кезде Бөлтеков болған Шоқырды 31 армия қолбасшысы, Совет Одағының Батыры (1940), генерал-лейтенант Д.Д.Лелюшенко мен армия әскери советінің мүшесі дивизиондық комиссар Дорониннің 1942-жылдың 12 қарашасында «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденіне ұсынғаны қолдау тауып, 25-желтоқсанда осы жоғары орденмен марапатталады. Бірақ орден иесіне тапсырылмастан қалады. Госпитальдан мүгедек болып 1943 жылы Алматыға оралған қазақ батыры сол жылы фамилиясын Бөлтекұлына ауыстырады.
1984 жылы, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанының 40 жылдығы қарсаңында Шоқыр Бөлтекұлын Алматы қалалық әскери комиссариатына шақырып, онымен сөйлескен комиссардың орыс ұлтты орынбасары: «Сіз соғыста Бультеков деген фамилияда болыпсыз, ереже бойынша «Отан соғысы» орденіне ұсынуымыз үшін сол фамилияны тездетіп қайта алыңыз, әтпесе құр қаласыз» дейді. Сонда Шоқыр ағамыз: «Сіз не деп отырсыз, бір орден алу үшін өмірлік фамилиямды өзгерте алмаймын» деп кесіп айтады.
Бауыржан Момышұлының: «Алматыда екі қазақ тұрамыз. Бірі - мен, екіншісі – Шоқыр» деген сөзі халық арасына лезде тарап кеткен.
Шоқыр Бөлтекұлы денсаулығын түзегесін, 1945 жылы бокс қолғабын қайта киіп, жаттығуын бастайды. 1946 жылы бокстан Қазақ ССР-інің бірінші чемпионаты өткізілгенде – соның тұңғыш абсолюттік жеңімпазы атанады. Бұл атақты тағы екі жыл қатарынан өзінде сақтап қалады. Сол 1946-жылдың күзінде Москвада ірі халықаралық турнир өткенде соған өмірінде бірінші рет қатысқан Ш.Бөлтекұлы 81 келіге дейінгі салмақта рингке 4 рет шығып, барлығында қарсыластарын айқын басымдылықпен тізе бүктіреді. Олардың ішінде СССР-дің 1945 жылғы чемпионы, 1944 және 1946 жылдардағы күміс жүлдегері Левон Гудушаури да бар еді. Гудушаури танымал емес қазақтан жеңілісіне намыстанып, дереу жаттықтырушылыққа ауысып кетеді. Бөлтекұлы 1946-1960 жылдары республика құрама командасының аға жаттықтырушысын атқарғанында - сол құрамаға қазақ жігіттерінің енуіне еңбектеніп, күш салады. Алғашқы нәтиже – 1947 жылғы Совет Одағы біріншілігінде 51 келіге дейінгі салмақта Махмұт Омаров қола медальды иеленеді. Осы чемпионатқа жаттықтырушылығымен қатар спортшы ретінде өзі де қатысады. Бірінші орта салмақта ол 1945 жылғы СССР чемпионатының қола жүлдегері Г.Кациді (Донецк), 1946 жылдың біріншілігінде қол медальды мойнына таққан Г.Степановты (Москва) ұтып жартылай финалға шыққанында - алдыңғы жылғы Одақ чемпионы москвалық А.Степановқа ұтылып, қола медаль үшін тартыста соңғы раундта А.Пичугинге (Ленинград) есесін жіберіп алып, 16 боксшы арасынан құрметті 4 орынды иеленеді. Осы жерде айту керек, Г.Степанов өте намысты екен – біздің Бөлтекұлынан жеңіліс тапқаннан кейін, 1948, 1949 жылдары СССР чемпионы атанса, және 2 рет финалға шығып (1950, 1951) күміс медальды олжалады.
Осылайша Шоқыр ағамыз соғыста жүріп Совет Одағының маңдай алды-медальды боксшыларын тізе бүктірсе, 5 жылдан кейін сонысын тағы қайталап, 1947-жылдың аяғында Қазақстан тарихында бірінші болып бокстан СССР спорт шебері атанды. Бұл атақты 1960-жылға дейін алу – өте қиын болғанын мына көрсеткіш дәлелдеп береді.
Қазақ ССР-і бойынша СССР спорт шебері атағын алдымен алған 10 боксшы:
1.Бөлтекұлы Ш. (1946 ж. халықаралық турнирдің жеңімпазы, 1947-ж. СССР чемпионатында – 4-ші орын) – 1947;
2.Рожков Г. (1953 ж. СССР чемпионатының күміс жүлдегері) – 1953;
3.Иванов И. (СССР чемпионаттарында күміс - 1954, қола - 1957) – 1954;
4.Омаров М. (1953 ж. халықаралық турнирдің жеңімпазы, СССР чемпионаттарында күміс -1959, қола -1947, 1957, ІІ СССР халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері, 1959) – 1954;
5.Кадетов А. (1953 ж. халықаралық турнирдің жеңімпазы) – 1954;
6.Каримов В. (1954 ж. халықаралық турнирдің жеңімпазы, І СССР халықтары спартакиадасының және СССР чемпионатының қола жүлдегері, 1956 ж., СССР чемпионы - 1960) – 1954;
7.Тычинин Б. (1954 ж. халықаралық турнирдің жеңімпазы) – 1954;
8.Хайрутдинов М. (1955 ж. халықаралық турнирдің жеңімпазы) – 1956;
9.Гильдин И. (1955 ж. халықаралық турнирдің жеңімпазы) – 1956;
10.Нұрмаханов Ә. (1956 ж.халықаралық турнирдің жеңімпазы, СССР чемпионаттарында күміс – 1957, қола - 1959, ІІ-СССР халықтары спартакиадасының қола жүлдегері, 1959) – 1956.
Ш.Бөлтекұлы 800-ге тарта разрядты боксшылар дайындаған. Олардың 100-ден астамы - СССР чемпионаттарының, СССР халықтары спартакиадаларының, ірі халықаралық турнирлердің, спорт қоғамдары одақтық және республикалық біріншіліктерінің жүлдегерлері
Шоқыр ағамыздың бокста салған сара жолына түскен тек қазақ ұлттылардан Олимпиадалық ойындардың 5 жеңімпазы (Б.Саттарханов, Е.Ыбырайымов, Б.Артаев, Б.Сәрсекбаев, С.Сәпиев), әлемнің 7 чемпионы (С.Сәпиев – 2 мәрте, Б.Жұмаділов, Е.Жаңабергенов, Б.Жақыпов, С.Ақшалов, Д.Елеусінов, Ж.Әлімханұлы), әлем кубогының 2 дүркін иегері С.Қонақбаев, әлем кубогының тағы бір иегері А.Топаев, Азия, Африка, Латын Америкасы ойындарының чемпионы Ә.Нұрмаханов, осы бәсекелердің ондаған жүлдегерлері, Еуропа, Азия чемпиондары шыққандары зор мақтаныш.
Қазақ ССР-інің еңбегі сіңген жаттықтырушысы Шоқыр БӨЛТЕКҰЛЫ – Киев көркемсурет академисында оқыған, Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтын бітірген. «Қазақфильм» киностудиясында суретшілікті де атқарған. 1994 жылдың 6-сәуірінде Алматы қаласында өмірден озды.
Зайыбы Нұрсұлу Елубайқызы ТАПАЛОВА 1923-жылдың 13 қыркүйегінде Ақтөбе облысының Ойыл ауданында туған. Қазақтың тұңғыш балеринасы. Қазақ музыкалық театры жанындағы студияда оқыған (1936-1939). Қазақ академиялық опера және балет театрына балет бишісі болып 1936-жылы, 13 жасында қабылданған. Қазақ ССР-інің еңбегі сіңген артисі атағын 24 жасында – 1947 жылы алған. «Құрмет белгісі» орденінің иегері (1957). Алматы қалалық советінің депутаты (1947-1949). Қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Хиуаз ДОСПАНОВАНЫҢ ұзақ жылдар ең жақын құрбы-құрдастарының бірі болған Нұрсұлу Елубайқызы 1998 жылы дүние салды.
Атырау қаласында бір көшеде тұрған сыйлас құрдасым болған марқұм Қайыржан ХАМЕНОВ көп жылдардан бері Қазақстанның батысындағы танымал, сондай-ақ, елеусіз қалған ірі тұлғалар туралы мәліметтер жинаумен айналысып келген болатын. Келесі жылы Беріш руының Құлкеш бөлімінен шыққан алыптар туралы кітабын жарыққа шығаруды жоспарлап жүрді. Сол алыптардың ішінен барша қазаққа ортақ Шоқыр БӨЛТЕКҰЛЫ-да салмақты орынын алатын еді. Қайыржан марқұмның ісін жалғастыратын бір шежіреші шығар әлі... (Соңғы азаттық жол автордың рұқсатымен өңделеген).
Жұмабай ДОСПАНОВ,
«Алтын ғасыр», №40, 2015-жыл
«АЛТЫН ҒАСЫР» РЕДАКЦИЯСЫНА
Жарық көргелі жіберместен оқып келе жатқан «Алтын ғасыр» газетінің 2-қазандағы 40-санында «Қазақстан боксының атасы» деген үлкен мақала мерейімді бір көтеріп тастады.
Бала кезімде бокстан әйгілі жаттықтырушы атанған Шоқыр Бөлтекұлының естілмей қалғанына 50 жылдай болып қалған шығар. Дүниеден қай уақытта өткенін де білмей қалдым.
Мен оның Ұлы Отан соғысына қатысқанынан хабарсыз едім, мына мақаладан оның нағыз ержүрек майдангер екеніне тәнті болдым. Қарулы төрт неміс солдатын ұрып жығып, тұтқынға алуы – адам сенер-сенбес жай. Осы ерлігін барша қазақтың балалары – кейінгі ұрпағымыз білсе екен.
Енді редакцияға, мақала авторына сұрақ қойып, өтініш жасағым келеді.
Мақаланың 7-беттегі жалғасында «2-ші және 3-орындардағы Н.Карцев пен мені – майдан әскери советінің мүшесі Булганин мен майдан штабының бастығы генерал Голушкевич марапаттады» деп жазылыпты. 1950-жылдары бір Булганин Кеңес Одағының басшылығында болған-ды, мақаладағы Булганин сол ма, әлде басқа ма? Осыған анықтама берілсе.
Өтінішім – газеттің 8-бетінде «Шоқыр Бөлтекұлының қолына тимеген «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденінің марапаттау бетшесі, 1942-жыл» деген бетшенің фотокөшірмесі басылыпты. Көшірменің кішкентай болғандығынан шығар, ондағы жазудардың бір сөзін де оқи алмадым. Мүмкіндік болса, бетшені А-4 көлемінде үлкейтіп қайта жарияласаңыздар – менен өзге оқырмандар да разы болар еді.
Әліп БИБОСЫНҰЛЫ, зейнеткер,
Ақтөбе облысы
РЕДАКЦИЯДАН: Ақтөбелік газет оқырманы Ә.Бибосынұлының сұрағы мен өтініші бойынша Н.А.Булганиннің қысқа өмірдерегін қайта жариялап отырмыз.
БУЛГАНИН Николай Александрович (11.06.1895, Нижний Новгород қаласы, РСФСР – 24.02.1975, Москва қаласы)
Әлемдік дәрежедегі мемлекеттік қайраткер. РСФСР Халық Комиссарлары Советінің Председателі (1937-1938). СССР Халық Комиссарлары Советі Председателінің орынбасары (1938-1944). СССР Министрлер Советі Председателінің орынбасары (1947-1950), бірінші орынбасары (1950-1955). СССР Қорғаныс Министрі (1947-1949, 1953-1955). СССР Министрлер Советінің Председателі (1955-1958).
Ұлы Отан соғысында Шоқыр Бөлтекұлы құрамында болған Батыс майдан әскери советінің мүшесі (12.07.1941 – 15.12.1943), СССР Қорғаныс Халық Комиссарының орынбасары, Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің, Жоғарғы Бас Қолбасшы Ставкасының мүшесі.
1947-жылдың 3-қарашасында Совет Одағының Маршалы атанған. Н.С.Хрущевке қарсы шыққаны үшін 1958 жылдың 26 қарашасында генерал-полковникке төмендетілген шені қайта қалпына келтірілмеді.
Пікірлер