Сөз зергері – Зейнолла Сәнік

575

 Қазақстан тәуелсіздігі қандастарымыздың атажұртқа қосылуымен бірге шетел қазақтарының әдеби-мәдени мұраларының да алтын қордан орын алуына мүмкіндік жасады. Халқымыздың тарихи-әдеби мұраларын жинастыруда Қытайдағы тарихшы, әдебиетші, шежірешілеріміз бен ақын-жазушыларымыздың еңбегі ерекше.

Зейнолла Сәнік қазақ халқының патриоты, ел мен жерге байланысты құнды деректерді, тарихи мұраларды тарихшы-этнограф ретінде мақсатты түрде қолға алып, ерекше ықыласпен, асқан қызығушылықпен зерттеген. Миллиардтар елінде халықтың беткеұстар ұлдарының еңбектерін, өнерпаздарының өнерлерін тасада қалдырмаудың абзалы жинақтау, жариялау деп ұғынған зерттеуші сол жолда тынымсыз еңбек етті. Алдымен ғылыми еңбектері де, тарихи шығармалары да мақала түрінде жарық көрген. Белгілі бір тақырыппен жұмыс істеу барысында, оны жан-жақты зерделеп, газет бетіне шағын мақала ретінде шығарып,  уақыт өте толықтырып көлемді монографияға айналдырған. Бүгінгі күні зерттеушінің еңбектері ізденімпаздық пен ыждақаттылықтың негізіндегі қажыр-қайрат, асқан төзімінің арқасында туындаған құнды мұра, мол қазына. Соның ішінде «Қаракерей Қабанбай», «Сүлеймен би», «Тұғырыл хан», «Демежан батыр» сынды тарихи эсселері мен зерттеулері тың деректерден сыр шертеді. Зейнолла Сәнік есімімен тығыз байланысты дүниенің бірі «Қаракерей Қабанбай» тарихи эссесі екені рас. Себебі бұл – Зейнола Мүбаракұлының Бейсенғали Садықанұлының ұсынысымен, берген деректерінің негізінде ұзақ жылдар бойы зерттеген тақырыптарының бірі және бірегейі. Неге Зейнолла Сәнік бұл тақырыпқа дендеп барды деген сауалдың да қылаң берері жасырын емес. «Қабанбайдан жеті ұл туады: Үмбетай, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтақ, Мойнақ, Әлі. «Жеті Қабанбай» аталуы содан. Жоңғардың соңғы ханы Әмірсана тарихынан хабары бар адамдар оның қазақты көп жағалағанын біледі. Қабанбай кенже ұлы Әліге Әмірсананың Мөней атты қызын әперген. Мөнейден – Айтқұл, Сарқұл (Сәнік аталып кеткен Үрімжіде «Қабанбай батырды» бастырған Зейнолланың арғы атасы. Ол өзін Зейнолла Сәнік деуі сондықтан)» деп жазады профессор Болатжан Әбілқасым. Қабанбайдың ұрпағы болуынан бөлек, оған байланысты аңыз-әңгімелерге, тарихи жырларды естіп өскендігі, өзі де осы негіздегі ел аузындағы әңгіме, деректерді ерінбей жинауы, қазақ тарихына ерекше ықылас қойғаны тағы бар.  Қабанбай туралы шығармалардың ішіндегі шоқтығы биік туынды Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабозы» екені анық. Сондықтан да болар Зейнолла Сәнік «Қабдеш көркемдік тұрғыда жазса, менікі деректі роман» деп  атап көрсеткен. Дегенмен, мәтіндегі  ойдың мазмұндылығы мен ақпараттылығын, жадыда сақталып қалуына назар аударып отырған. Сол үшін қайсыбір қолданыста өзінің өмірден түйгенін оймақтай ойға сыйдырып, кестелі сөзбен өрнектеп жеткізеді. Жазушы ел ішіндегі бұрыннан қалыптасқан сөз тіркестерін өз ойымен қорытып басқаша құбылтып, көркемдеп те ұсынады. Кей ділмар сөздерде негізгі ой сақталғанмен қаламгер тарапынан заман талабына сай кейіпкер аузынан түрленіп, түлеп қайтадан қанат қағады...

Қабанбай батырдың күреске толы өмірі батырлық жырларда қиял-ғажайып мазмұнға ие. Мысалы, Бұқар жырау толғауында «Жау келгенде жарағым, Басындырмас пырағым» деп суреттеуін бәріміз білеміз. Олай болса, –  Қазақ, «шешеннің тілі –ортақ, шебердің қолы– ортақ» дейді екен, осыған «елдің елдігі –ортақ, ердің ерлігі –ортақ»  деген сөзді қосқым келеді. Қабанбай батырды бүкіл ел болып көтерсе, бұл бәріміз үшін мақтаныш қой - деп білетін сөз зергері З.Сәніктің эсселеріндегі «қысқа сөзбен түйінделген бейнелі ой», ділмәр сөздерін танып байқайық.

«Хан батыр Қабанбай» тарихи эссесінде батырдың ерлік істерін былай айқындайды: «Қабанбайдың есімі өз кезінде қазақтармен қатты жауласқан жоңғарлардың жүрегінде сұрапыл күш пен сесті айбардың жойқын ізін қалдырған»; «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай атқа мінді дегенде, жұртыңды тастап қаша бер» деп жоңғарлар мәтелдеген;

«Жұдырықтай жұмылған бірлігі болмаса, қазақтың жер бетінен құрып, тындым болып етуі ғажап емес еді». Ұлан-ғайыр даланы мұра қып қалдырған ата-бабамыз  жау келгенде бірлікті ту қылып, ерлікті жыр қылып, күш біріктіріп ұмтылған. Расында да талай қилы кезеңді басынан өткерген ұлтымыз сын сағатта ынтымақ пен ауызбіршіліктің арқасында әрқашан жеңіске жетіп отырған. Жазушы қазақ боп сақталудың негізі жұдырықтай жұмылған бірлікте екенін түйіндеп жеткізеді.

«Шектеулі уақыт шешілмейтін күрмеу сияқты». Уақыт – алтыннан қымбат. Уақыттың қадірін білмеген адам санаулы уақытта аласұрып, тар шеңбердің ішінде қалғандай күй кешетіні хақ. Адамның өмірі де уақытпен шектеулі. Ал шектеулі уақытта дұрыс мақсат-мұратыңды айқындап, межелеп алмасаң кейін бәрі кеш болуы ықтимал.

«Білім дегеніңіз бұрыннан бері сұрағанға қарай сұлаған ғой». Кім үйренуге, оқуға асықса оған да білім есігіні айқара ашылатыны сөзсіз. Білсем деген ниеті бар адам үшін кез-келген нәрсе қиындықсыз келеді.

«Әке мұраты – баланың алдында кету,

Бала мұраты – әкені ардақтап жөнелту». Әке үшін баласының өзінің алдында дүние салуы қиынның қиыны. Ал бала мәңгілік сапарға ардақтап жөнелтуге міндетті. Ол сезімді тек әкелер түсіне алады.

«Асылыңды  жоғалтсаң да, нәсіліңді жоғалтпа». Нәсіл сөзінің артында ұлт, тіл жатыр. Осы киелі ұғымдардың адам баласы үшін мәні зор. Жеті атасын білу жетелілік. Онда ұлтыңды да ұлықтайсың, тіліңді де сатпайсың. Тіл сарқылмас қуат, арың мен мәдениетің.

«Дүниеде тірліктен қымбат нәрсе жоқ. Басқаны сатып алуға болар-ау, тірлікті сатып алуға болмайды». Тіршілік адам баласына берілген мүмкіндік, салауатты өмір салты, рухың да, тәнің де азбай тіршілік ету бір бақыт. Денсаулық бір аманат, соны қадірлеп күту маңызды.

«Ел аралап, білім жинаған адам егінші сияқты». Кейбіреулер сол егіннің бабын тауып, мол өнім алады. Ал енді біреулер сол бапты таба алмай, тапса да ұқсата алмай, жарытып ештеңе ала алмайды немесе құралақан қалады. Білімді алу бар, қолдану бар. Оның бәрі сол қажеттілікті сезіну мен түйсінуге байланысты.

          «Көйлектің кірі жуса кетеді,

Көңілдің кірі айтса кетеді». Ел ішінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан сөз оралымдарын жазушы орнымен пайдалана біледі. Адамның жан дүниесі үнемі жақсы сөзбен суарылып тұрады. Жақсы лебіз тыңдасаң, жаның рахаттанады. Сондай жақсы энергияны өзің де басқа адамдарға сөз арқылы жолдай аласың. Күйінішіңді сыртқа шығару түсінісу болып табылады.

«Көрген түстей қысқа өмірге – көрегендік, соның қадір-қымбатын түсінетін түйсік керек сияқты». Сана, түйсік адам баласына берілген үлкен сый, сол сыйдың арқасында қадірлеуді ұғынамыз. Уақытынан кеш келіп жататын түсінік кейде дер кезінде қадірлемей қалу жағдайларын туғызады.

«Дүниедегі нәрселерді адам сұрап біліп, түгесіте алмайды. Көріп, көзі тоймайды, естіп, құлақ құрышы қанып болмайды екен». Он сегіз мың ғаламның таңғажайыбын танып білу, оны игеру расында да мүмкін емес. Бірақ адам өзіне не қажетті екенін білуі тиіс. Қашанда пайдалы әрі қажетті нәрсені игеруі маңызды.

«Азамат адамның азаматтығы – біреудің мінін қазғылап, кемшілігін шұқылау емес, сол кемтіктің астарында жатқан артықшылықты аршып алуға болуға тиіс». Кең жүрекпен көрегенділіктің уәжі деп ойлаймыз. Саналылық, түсіністік, жақсы көрушіліктің  мүмкіншілігі екені даусыз.

«Бір адамның, бір кітаптың, яки бір оқиғаның кейде шешуші рөл атқарып кететіні де шындық». Өміріміздің әп-сетте өзгеріп шыға келуіне бір сағат таныс болған адамың да, үш сағатта оқып бітірген кітабың да септігін тигізуі мүмкін.

«Сүлеймен би» тарихи эссесінде де Зейнолла Сәнік  ділмар сөздері өзіндік көркемдігімен ерекшеленеді, образдан гөрі ойға көбірек көңіл бөлінген. Өрнектеуден гөрі салыстыруға, өз ойын дәлелдеп ақиқатын айту тәжірибесіне сүйенген. Қабанбай батырдың төртінші ұрпағы Сүлеймен би Әділбекұлы қазақ даласында шешендігімен, қара қылды қақ жарған әділдігімен әйгілі болған. Сүлеймен есімін Әсет Найманбайұлы, Сара Тастанбекқызы, Кәрібай Таңатарұлы сынды ақындар өз жырларына арқау еткен. Зейнолла Сәнік тарихи эссесінде «Сүлеймен бидің асын» соңғы ас деген екен. Оған себеп те жоқ емес. Аста үш жүз ат шапса, қырық атқа бәйге берілген. Бұл астың ерекше аталуы біраз жайттарға себепші болуымен тікелей байланысты. Мәселен Сүлеймен би асының шарапаты «Әсет пен Кәрібай» айтысының дүниеге келуіне, күні бүгінге дейін шоқтығы биік саналатын романдардың тууына, Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» романына да арақау болғанына көз жеткіземіз.

«Заманға қарасақ, астындағы шоғын тартып қойған қазанға ұқсап, бүлкілдеп, қайнап жатқан тәрізді. Бір күн болмаса, бір күн бұрқ-сарқ қайнап кетіп, асып төгіліп жата ма деп қорқасың, балапан басына, тұрымтай тұсына кете ме деп ойланасың». Бұл Найман руының ішіндегі Байжігітттің үлкені Тоғас руынан шыққан Байбарақ батырдың ұрпағы Додабақ бидің сөзі. Қаламгер билердің аузына осы сөзді сала отырып, уақыт тынысын, заман лебін аңдатады. Келешекке алаңдайды. Қазақ халқының ас беру рәсімінің маңызын әспеттейді, яғни құр ас ішіп, дұға бағыштау емес ұлт болашағы үшін алқа құрып, келелі мәселелер талқыланғанын жеткізеді. Бұқара халықтың от тілді, орақ ауызды би- шешендерінің сөзіне ұйығанын, сөз құдыретіне жүгінгенін байқатады.

«Қонақ күтудің өзі де мін шығармай күту. Орасан тапқырлық пен білгірліктің, тату-берекенің көрінісі». «Қонақ аз отырып, көп сынайды», «Құтты қонақ келсе қой егіз табады» деген халқымыз ежелден-ақ тұрмыс-салтында қонақ күтудің мәдениетін қалыптастырған. Қонақтың қас қабағынан танып, ерекше көңіл аударып, ізетпен ілтипаттың үлгісін көрсете білген. Ақ пейіл дарқан көңіліне риза болған қонақ қимай аттанған. Арада сыйластықтың алтын көпірін орнатқан.

«Ат ердің қанаты болса, бәйгеге қосқанда, салтанаттың санаты». З. Сәнік «Ат бәйгесі» деп алған тарауында Сүлеймен би асында «үш жүз ат бәйгеге қосылып, қырық атқа бәйге» берілген деген дерек келтіреді. «Үш сөз сөйленсе, соның екеуі жүйрік атқа тән болып шығады» деп қалам тербейді. Жүйрік ат иесінің беделі мен абыройын асқақтатып, салтанатын асырғанын айтады.

«Адам тоқтықтың қадірін жоқтықта, жанашырдың қадірін жаны қысылғанда барып біледі». Бұл афоризмді Зейнолла Сәнік «Түйеші үкірдай заманында» атты тарихи бөлімінде ұтымды қолданған. Әсет Найманбайұлы сияқты ақтаңгер ақынға қамқорлық көрсеткен үкірдай тұлғаланып көрінеді. Түйешінің адамгершілік қасиеттерін, ел-жұртына жасаған қамқорлығын тілге тиек ете келіп, автор соңында осындай афоризммен түйіндейді.

Тарих қойнауында өзіндік орны бар, Шыңғыс ханның өгей әкесі, әрі тәрбиесіне де тікелей қатысы бар тұлға  Тұғырыл хан. Өз кезегінде батырлықтың да, нағыз ержүректіктің де үлгісін көрсете білген тұлға. «Бастаусыз су, тамырсыз ағаш болмайды ғой, су ішкен құдығымызды қадір тұтайық, басып келген жолыңды, өрмелеп келген өріңді ұмытпағайсыңдар...» бұл Көкше әулие тәмсілі болса, «Жауыңды көбейтпе, жауы көптің– жазымы көп»  Құтылық әже даналығын есіне түсірген Тұғырылдың соңғы күндеріндегі  ой арпалысы былай беріледі: «Таң ұзарса, түс көбейетіні сияқты жол ұзарса, адам қиял  шүнетіне шөге береді ғой»

«Іс оңынан басайын дегенде адам ақыл соңына түседі». Әйгілі Темучин туралы әңгімелеу барысында оқтын-оқтын сәулелі ойлар тізбегін қолданып отырады.

«Абыройын таза ұстаған әйел – алтын қазық». Автор еріне адал, қамқор әйел образын осы бір ауыз сөзбен-ақ жеткізіп кетеді. Шаңырағы ғана емес, ел ісінде жүрген ерінің қамын күйттеп, жағдайын жасаған әйел берекенің де, бірліктің де ұйытқысы, алтын қазығы екенін меңзейді.

«Ауызбен арыстан алу оңай». Даңқты Шыңғыс қағанның аузымен Кетбұғаға қарата айтылған бұл тіркесті қағанның ұлдарына берген мінездеу, сипаттау, сынау барысында қолданады. Расында да қазақ «батырсынған жігітті жауда сына, шешенсінген жігітті дауда сына» деп аузымен орақ орғандарды ғана емес, жарағын асынып жау келгенде ерлік көрсеткендерді төбесіне көтерген. Сондықтан «ауызбен арыстан алу оңай» деп қатал талап қойған.

«Бақ пен дәулет дегендеріңіз көшпелі алтын сияқты». Басыңа қонған бақ та, дәулет те бағалай білмегенге сағымға айналып бір сәтте ұшатыны хақ. Қасиетті, киелі дүниелердің бір орында тұрақтап тұруы да қиын. Автор «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген тәмсілді көшпелі алтын сияқты айнып кететін киемен байланыстырып қолданады.

«Бөрте ханымның аяғы бұл үйге құт боп кірді. Қоңырат елінің еншісі дәулет боп орнады» деп топшылайды.

Адамның ең бірінші дұшпаны өз нәпсісі екені белгілі. Имандылық, ізгіліктен алшақтатын нәпсінің бір қаруы – ашу. Қаламгер осы ашу  туралы: «Ашудың суын ақылмен қайтарған дұрыс» деп ой қорытады.

«Алыстан айғайлап келген жауды алу оңай. Ең қатерлісі – абайсызда аңдатпай соғатын іргелі жау», деген сияқты өзіндік ой қорытып, ділмәр сөз  тізген жазушының қаламынан төгілген әр сөз өмір тәжірбиесі мен құнарлы ойдың  піскен  жемісі.

«Қайратыңды өліге емес, тіріге көрсет». Халқымыздың болмысында, ұлттық танымында ешқашан дүниеден қайтқан адам туралы теріс пікір, жаман сөз айтылмайды. Өкінішке орай, кейде тірі кезінде үндемей жүргендер, өмірден озған адам туралы пендешілікпен ғайбат айта бастайды.

«Кесек батыр кесілген басқа қоқаңдамас болар». Батырлар күш тең болғанда ғана белдеседі. Бұл жерде автор жеңіліс туралы тұспалдаған іспетті. Үнемі ізденісте жүрген жазушы ел ішіндегі көнекөз қариялардан естігендерін қойын кітапшасына түртіп алып отырғанын, кейін сол дүниелердің көп көмегі тигенін өз естеліктерінде үнемі айтып отырған.

Бес бөлімнен тұратын Демежан Кешубайұлы туралы еңбекте ұлт болашағы үшін жанын пида еткен батыр, әрі шешен Демежен өмірінен сыр шертіледі. «Демежан» тарихи эссесін оқи отырып, ұлт азаттық күрестің тек орыс империясының қол астындағы ғана емес, қытай империясына бағынған қазақтардың басынан да жанкешті оқиғалардың орын алғанын білуге болады. Бұл эсседегі ділмәр сөз  жанрлық жағынан мақал-мәтелге ұқсайды, нақтылыққа негізделген. Ақиқатты дәлелдеуден гөрі басынан өткізген өз тәжірибесінің үлгісі.

«Өткір пышақ қынға қас, артық қайрат жанға қас», «Көрген көргенін көсеу түрткенін...», «Билік ұстау оңай, біліп ұстау қиын», «Адамды түрмеде, атты кермеде... деген бұған да ерлік, төзімділік керек, оңай-оспаққа иілме... «Жайшылықта дос көп, басыңа күн туғанда жүрмесін өш боп», «Қаһарынан қан сорғалап, демінен аяз бүркіп тұрған ашулы үкімет, бұл өңір оның ашса алақанында, жұмса жұдырығында тұр», «Қашып жүрген өлімнен қасқайып тұрған өлім артық»;

Қазақ қаламгерлерінің  кез келген прозалық шығармалары билер сөзіне, шешендік арнау, толғау, афоризмдерге толы. Өйткені «Өнер алды – қызыл тіл» деген халқымыз ең алдымен тіл құдіретіне жүгінген. Сұлу, көркем, бейнелі сөздермен құнарлы ойды тоғыстырған қаламгер  оқырман талғамынан шығуға талпынған. Жалпы халық  аузынан тастамай айтып жүрген қанатты сөздер сияқты  Зейнолла Сәнік шығармашылығындағы ділмар сөздер  де халықтың керегіне жарайтын  асылына, ұрпақ мұрасына  айналар деп сенеміз.

                                                

 Акрамова Нәркес,

М.Х Дулати атындағы

Тараз Мемлекеттік Университетінің 2 курс магистранты

Пікірлер
Редакция таңдауы