ШАЛҚАР НҰРСЕЙІТОВ: Қоғам үшін қауіпті сигнал

836
Кеше сенат спикері М.Әшімбаев М.Тазабековті қабылдап, халықтың жайын талқылап, “егемен елімізде дінаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге және халқымыздың береке-бірлігін арттыруға зор үлес қосып жүргені үшін Мұхамеджан Тазабекті алғыс хатпен марапаттапты”.
Алғыс хаттың мазмұнына сүйенсек, қазір М.Тазабеков кем дегенде 3 салада зор үлес қосып жүр екен. Эмоциясыз әрқайсысына жеке-жеке тоқталып көрейік.
Бірінші — дінаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан ЗОР үлесі. М.Тазабектің дінаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан ЗОР үлесін қалай өлшейміз? Инстаграмдағы аудиториясы және посттарының лайк санымен бе? “Tәлім trend” атты уағыздар сериясының тындаушылар санымен бе? Н.Назарбаевты басына көтеріп мақтайтын сөздері санымен бе? Шен-шекпенділердің қолынан алған алғыс хаттары және олармен бірге түскен суреттер санымен бе?
Екінші — ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге қосқан ЗОР үлесі. Рас, М.Тазабеков патшаға бағыну мен көп әйел алуды уағыздаумен, сексологиямен айналысқанға дейін айтыс ақыны ретінде көпшіліктің ықыласына бөленді. Сол арқылы айтысты насихаттауға үлес қосты. Сол кезеңде мемлекеттен талай сый-сияпатын алды. Кейінгі жылдары Тазабековтің айтысқа қатыспайтынын, айтыстың Нұр Отанның пропаганда проектісіне айналып кеткенін ескерсек, онда Тазабеков ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге қалай үлес қосып жүр? Оның кейінгі уақыттағы іс-әрекеті ұлттық құндылықтарды дәріптеуден гөрі ұлттық құндылықтарды жамылу арқылы ел-жұртқа шүкір мен тобаны насихаттауға, режимге қызмет етуге, зомбилердің санын арттыруға көбірек ұқсайды.
Үшінші — халқымыздың береке-бірлігін арттыруға қосқан ЗОР үлесі. Полицейлерді бейбіт митингіге шыққан қазақстандықтардың құйымшағынан теуіп, “приказды орындауға” шақырып, ашықтан ашық азаматтарға күш көрсетуге үгіттейтін адамды “халқымыздың береке-бірлігін арттыруға ЗОР үлес қосып жүр” деп қалай айтамыз? Ал Тазабековке алғыс хат берген М.Әшімбаев мырза басқаша ойлайтын сияқты.
Еске сала кетейін, ҚР Конституциясы бойынша М.Әшімбаев мемлекеттегі №2 адам. Осыған дейін М.Тазабековті конституция бойынша елдегі №3 адам Н.Нығматулин қабылдаған. Енді конституция бойынша елдегі №1 адам Қ.Тоқаев және Қазақстандағы №01 адам Н.Назарбаевтың Тазабековті қабылдап, алғыс хат табыстауы қалды. Тазабеков генерал ағасы Қайрекеңнің батасы мен Б.Тілеуханның дұғасы арқасында ол күнге де жетер. Иншаллах!
P.S. Саясатта танымал адамдардың көпшілік алдында бір-біріне қолдау көрсетуі жайдан-жай жасалмайды. Бір тұлғаның екінші тұлғаға ашық қолдау білдіруі (endorsement) “Мен оның құндылықтарын қолдаймын, оның ойымен, іс-әрекетімен келісемін” дегенді білдіреді. Мәселен, АҚШ-та жақында өтетін президент сайлауы алдында республикалық партияның мүшесі болған марқұм Джон Маккейннің жесірі Синди Маккейн және бірнеше республикалықтар Трампты емес демократ Байденді қолдап шықты. Бұл — республикалықтар үшін де, сайлаушылар үшін де үлкен сигнал.
Ал авторитарлық Қазақстанда саясаткерлердің М.Тазабеков секілді пропагандистерді жеке қабылдап, алғысын білдіріп, ашық қолдау көрсетуі “режимге жасап жүрген еңбегіңді бағалаймын” дегенге келеді. Бұл — қоғам үшін қауіпті сигнал.
Пікірлер
Редакция таңдауы