Шымкент: Көпқабатты тұрғын үйлердің 95 пайызы қысқы маусымға дайын

1526
Adyrna.kz Telegram

Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жолшыбек Шайхсламовтың қатысуымен басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар мен қаланың жылу маусымына дайындығы, ауыз су, табиғи газбен қамту, көшелерді жарықтандыру жөнінде брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісі барысында Жолшыбек Мұхтарұлы, ең алдымен, жылу беру жайын айтты.

– Біз күн райы мен бекітілген стандарттар бойынша жұмыс істейміз. Яғни, қалада ауа температурасы 3-5 тәулік ішінде +8 °С және одан төмен болған жағдайда жылу жүйесі іске қосылады. Жылумен ең әуелі балабақша, мектеп, аурухана және әлеуметтік маңызы бар ғимараттар қамтамасыз етіледі. Жалпы, қалада орталықтандырылған жылу жүйесіне 1896 көпқабатты тұрғын үй қосылған. Оның 1801-і (95%) қысқы маусымға дайын, – деді Ж.Шайхсламов.

Басқарма басшысының айтуынша, қысыммен тексеру жұмыстары толық жүргізілген. Мегаполистің магистралдық, ішкі орамдық жылу жүйелерін тексеру барысында кездескен ақаудың бәрі қалпына келтірілген. Сондай-ақ, қаланың жылу тасымалдаушы мекемелері «Қуатжылуорталық-3» МКК және «Нұр-Арыстан» ЖШС-і тарапынан инвестициялық бағдарламалары аясында 4,2 шақырым жылу жүйелерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы стансаның 15-сі дайын. Қалған екі стансаның жүргізіліп жатқан жұмысын жылу маусымына дейін аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар, шаhардағы 479 бюджеттік нысанның 470-сі (98%) қысқы маусымға дайын. Қалған 9 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал кіші қазандықтармен жылытылатын бюджеттік нысандарға 5940 тонна көмір, 222 тонна сұйық отын қажеттілігі анықталып, көмір мен сұйық отын жүз пайыз жеткізілген. Ал инфрақұрылым желілері мен нысандарының (электр, ауыз су, кәріз, табиғи газ) қысқы маусымға дайындық жұмыстары толық аяқталған.

Айта кетейік, Шымкент қаласы тұрғындарының қатты отынға (көмір) қажеттілігі – 73,7 мың тонна, ал тұрғындарға жеткізілгені 53,2 мың тоннаны (72%) құрап отыр. Қаланың көмір қоймаларында 45,0 мың тонна қажетті көмір қоры бар. Өз кезегінде тұрғындарға қатты отынды уақытылы сатып алу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Пікірлер