Ақ жауын шайған дүние

2831
Adyrna.kz Telegram

Әсем ән мен тәтті күйдің «құ­лақтан кіріп бойды алар» тылсым табиғатын бар болмысымен сезіне білген хакім Абай күй құдіретінің эстетикалық мәні мен қуатын терең пайымдап,  «Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, Тыңдағанда көңілдің өсері бар» деген еді.akzhauyn

Шебер туған өнер туындысы кез келген ет жүректі пендені елең еткізері хақ. Сонау 1980 жылдардың жуан ортасында кеңі­­нен таныла бастаған күйші-композитор Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» еңкейген кәрі­ден еңбектеген балаға дейін құлақ түріп тыңдай қалатын күйге ай­налған еді. Бұдан кейін іле-шала туған «Боздақ», «Өкініш», «Бесік күйі» (Балауса), «Аруана», «Ақ жауын» сияқты күйлерінің әсері «Көңіл толқынынан» бірде-бір кем соққан жоқ. Секен шығар­машылығы ет жүректі пенденің алпыс екі тамырын иітіп, денеге жан бітіреді, қаныңды қыздырып, жүрегіңді тербейді, демалдырады.

Қазіргі уақытта Секен шы­ғар­машылығы жеке орын­дау­шылықтан асып, әуелі 1990 жылдардан бастап өзі қолға алған «Секеннің саз отауынан» «Ақ жауын» ансамбліне  ұласты. Мұның бәрі оп-оңай қаз-қалпында көктен өзі түсе қалған жоқ. Бұл – талмай еңбек етудің, ұзақ жылғы ізденістің, қабілетті жастарды маңына жинап, ерінбей үйретудің нәтижесінде жүзеге асқан абыройлы іс.

«Секеннің саз отауы» осы ғасыр басында отыз шақты адамнан тұратын құрамамен Алматыдан Астанаға біржола қоныс аударып, әуелі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің жанында болып, кейін­нен Президенттің мәдениет орталығына ауысады.  Осылайша «Құрманғазы», «Отырар сазы» сияқты академиялық оркестрлерден кейін «Ақ жауын» мем­лекеттік камералық (шағын) оркес­трінің негізі қаланды.

«Ақ жауын» оркестрі алғаш құрылған кезден бастап он төрт облысты аралап, Қытай, Жапония, Франция, Германия, Моңғолия, Қытайдағы ішкі Моңғолия және жақын шетелдерде концерт қойған С.Тұрысбектің, әсіресе  Токио мен Үрімжіге барған сапары есте қалған. Әр күйді ойнар алдында шығу тарихын айтып отыратын Секен «Көңіл толқынына» келгенде сәл бөгеліп, дағдарып қалғанда, сол тұстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, топ жетекшісі Жұматай Әлиұлы дереу микрофонды жұлып алып, «Семей-Невада» – «Хиросима-Нагасаки» деп хабарлап жіберіпті. Ешқандай аудармасыз жеткізілген осы сөзден кейін «Көңіл толқынына» тебіренген жапондар жылап отырып күйді екінші рет орындатқан екен. Бұл – көкірегінің көзі, құла­ғының саңылауы бар адамға аударманы қажет етпейтін күйдің ға­жайып құдіреті.

Ал Үрімжіге барғанда қы­тай­лардың «Сакң, Сакң» деп айғайлап, орындарынан тұрып қошемет көрсеткені сонша, әрбір күйді қайталап ойнауға тура келіп­ті. Мұны сол өлкедегі қандас бауырларымыз әлі күнге жыр ғып айтады.

Қазіргі уақытта Үрімжідегі қытайша-қазақша берілетін ауа айы мәліметінде экраннан тыс (фонында) Секеннің «Ақ жауын» күйі орындалып тұрады екен. «Ақжауынның» авторын білмесе де Қорқыт заманынан келе жатқан күй сарынының тылсым құпиясына бой алдырғаны байқалады. Тіпті, домбыраны телесериалдарына да енгізе бас­тапты.

Аспан тұтастай бір ғана қо­ңырқай түске еніп, арасында күн шуағы жылтырап жылт еткенімен, сібірлеп тоқтамай жауып тұрып алатын ақ жауын мен адам көңілінің үндесуі, қу тіршіліктің күнделікті күйбеңінен шайылу, көңілдің ағаруы, жанның тазаруы, аспан мен жердің, рухтың тілдесуі, кеңістіктің тұйықтығы – міне, бұл Секен әкелген жаңалық, бұл – құлақпен есту арқылы ғана түйсінетін күйдегі психологиялық параллелизм.

Секен шығармаларының тақы­рыбы сан қырлы. 1986 жыл­ғы «Желтоқсан төңкерісіне» арналған «Боздақ» деген күйі туралы автордың өзі 1994 жылы шыққан «Көңіл толқыны» жи­нағында: «Сол күндері менің көз алдымда бұл ғана емес, үнемі құрбандықтан тұратын бүкіл қазақ тарихы, адамның қанымен салық төлеп, өзіне тіршілік-тыныс алып отырған кезең оқиғалары, әр заманда ел үшін, жер үшін шейіт болған қазақтың қисапсыз ұл-қыздары елестеді» дейді.

«Аруана» күйінде де сары даланы желмаясымен қақ жарып, белден бел, қырдан қыр асып, бірі ботасын аңсаған, бірі «тірі шейітке» айналған ұлын іздеген шерлі көкіректегі зар тұнып тұр. Бұл өткен күннің елесі емес, мұнда халық тағдырының нақты сорабы бар. Мұның астарында желмаясымен Асан қайғының жерұйықты іздегені сияқты келмеске кеткен көшпенділер өмірі мен ел болашағы бой көрсетеді. Бұған Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы қаһарман ананың көзсіз ерлігі әсер еткені анық. Ал «Ақжүністе» батырлар жырындағы жар сүю мотиві сақталынған. Бұл күйден жайнамазын құбыладан түсірмей, ешкімге таптатпаған қазақ әйе­лінің тектілігі, адалдығы, естілігі, көрегенділігі желдей есіп тұрады. Ат бауырынан қан кешкен жойқын соғысқа ат­танған сүйген жарының жолына мінәжат айтып, екі көзі төрт болып телміріп тосуы, аман-есен оралуына тәуап етуі, ауыл-аймақтың қамқоршысы, жарылқаушысы, отбасының пірі болған әжелеріміздің асыл бейнесіне табыну – адамның жан дүниесін тебірентеді.

«Көк бөрі» күйі – бөрілі бай­рақ көтеріп, көк бөрі киесімен күн кешкен қадым заманнан бергі ержүректіктің символы. «Төле­гетай» күйі  – ата-баба рухына тағзым.

«Бесік күйі» (Балауса) балалық шақпен қоштасу іспетті. Мұнда ойын баласының ақ қағаздың бетіндей кір шалмаған көңілі, аңғалдығы, жан шуағымен қатар жігіттік кезеңге аяқ басу, өмір табалдырығын аттау сияқты сана ағымы көрініс береді.

Халқымызда  «Ер туса, ел үшін» деген  дана сөзі бар. Бес қаруын асынып, тұлпар мініп ту ұстаған сол  даңқты тұлғалардың ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге қалдырған ең негізгі мұрасы –  осыншама кең көлемдегі қасиетті қара жер. Бұл тұрғыдан бағалағанда «Ұлы дала» күйінің құндылығы күмәнсіз.

Секен күйлерінің біршамасы арнау жанрының даму фазасын көрсетеді. Мәселен, «Өкініш» атты күйінде жұрттан бұрын талантына бас иіп, бар ықыласын төгіп бата берген қоғам қайраткері Екейбай Қашағановтың образы сомдалса, «Мәлгеждар» атты күйінде өзін өнерге баулыған ұстазы Мәлгеждар Әубәкіровтің тұлғасы шебер сипатталады. Ал «Дарабоз» күйі  Қабанбай батыр сияқты идеал-қаһарманның бейнесін ашатын тұңғыш музы­калық шығарма екендігімен ерек­шеленеді. «Дарабоз» сияқты «Күлтегін» күйі де тарихын тас­қа қашаған көне заман қойнауы­нан терең сыр шертеді.

Секен күйлерінде халықтық өнердің сілемі сақталғанымен, ол шертпе күй мен төкпе күйдің арасын жымдастыра отырып, шертпе күйде болмаған үлкен сағаны қосты. Бұл – күй әле­міндегі жаңалық. Секен күйлері ешкімге ұқсамайтын өзіндік қағыс ерекшеліктерімен, оң қол басбармақтың беретін дыбыс бояуларымен, заманауи үн ұй­қасымен, әр ғасырдың, әр заманның өзіне тән саз иірім­дерімен айшықталады.

«Ақ жауын» оркестрі қазақ­тың атақты күйші-компо­зитор­ларының шығармаларын да шебер орындауымен ерек­шеленеді. Мысалы, Құрманғазы, Дина, Тәттімбеттен бастап, Нұр­ғиса, Төлеген, Кенжебек, Ма­ғауия, Мәлгәждар сияқты өнер тар­ландарының шығармаларын тыңдаудың өзі бір ғанибет.

Секен әндерінің өзі бір төбе. Айталық, «Отаным – Қазақ­станым», «Асыл ана», «Ер­ке құ­сым», «Қоңыр жел», «Ша­ғала», «Тарбағатай», «Өсиет», «Бауы­рым, сонау күн қайда?», «Аяулы арман, дүние» «Айхай, заман», «Қос жұлдызым» «Аққу сазы», «Қарлығашым», «Қоңырқаз», «Көктемім менің, көктемім» әндері мен «Мен бір жұмбақ адам­мын» романсы, «Аяқталады бәрі де», «Жанымнан тәтті өмір» сияқ­ты толғаулары жұрт­шылыққа кеңінен таныс.

Ұлттық музыка арнасында Секен салған алтын сарай уақыт жылжыған сайын биіктеп, жар­қырай түсетіндігінде шәк жоқ.

 Руда ЗАЙКЕНОВА,

филология ғылымдарының

докторы

Пікірлер