"Әзербайжанда Пәкстанның жалауы желбіреп тұр" дейді Қуаныш Еділхан

6840
Adyrna.kz Telegram

Таулы Қарабақта басталған осы жылғы соғысқа қатысты әлеуметтік желіде құнды ақпараттармен және соғысқа қатысты өз бетінше салмақты саяси сараптама жасап жүрген азамат Қуаныш ЕДІЛХАНМЕН сұхбаттасудың сәті түсті. Facebook қолданушылар бұл азаматты етене жақсы таниды. Қуаныш Еділхан таяуда ғана жеңіс байрағы желбіреген Әзербайжан еліне арнайы сапармен барып қайтты. Осы сапар барысында өзі куә болған жайттар туралы бізбен бөлісіп, оықрманның кейбірі біле бермейтін қызықты деректері туралы әңгімелеп берді.

 Әңгімемізді Баку сапарынан бастасақ. Бұл сапарды кім ұйымдастырды? Қалай барып қайттыңыздар?

–Әзірбайжанға сапар жөнінде алғаш ұсыныс айтқан Амангелді Құрметұлы деген әлеуметтік желіде танысқан азамат болды. Мен, әрине, қуана келістім, өйткені оқиға болып жатқан жерлерді өз көзіңмен көргенге не жетсін, бірақ ол алғашында тым алыс перспективадағы нәрседей болып көрінді. Әзірбайжан елшілігінің қызметкері Fuzuli Majidli алғаш телефон соққанда мен Астанада жүргенмін. Ол оншақты адамнан тұратын топ әзірленіп жатқанын, мен де сол топта болатынымды, қазіргі кезде ӘР СІМ келісімі алынып жатқанын, көп ұзамай Алматыдан аттанатынымызды жеткізді, уақыты да айтылды. Сонымен... мен Ақтауға қайтып оралмай-ақ бірден Алматыға тартып кеттім. Келісілген күні ковидке тест тапсырып, Стамбұл арқылы Баку қаласына аттандық. Алайда көп ұзамай арнайы шақырту алып, бауырлас Әзербайжан еліне жолға шықтық.

Қонақ үйге орналасып, таңғы асымызды ішіп, ұйықтамастан Әзербайжанның стратегиялық зерттеулер институтына кездесуге бардық. Кездесуде саясаткерлер, сарапшылар, ғылым докторлары, институт қызметкерлері, Әзірбайжан Милли Мәжілісінің (Парламентінің) депутаттары болды.

Ең алдымен Расим-аға Мусабеков сөз алып, елдегі жалпы жағдайды тиянақты түрде айтып берді. Бұл кісі бірінші Қарабақ соғысы кезінде де болған, оқиғаны өз көзімен көрген. Қазіргі кезде ӘР ММ (оларда Парламент бір палатадан ғана – Мәжілістен тұрады, біздегідей Сенат деген құрылым жоқ) депутаты екен. Қазақстаннан келген қонақтар атынан Серік Малеев ("Алтын Орда.кз" сайтының бас редакторы) сөйлеп, Әзербайжан халқын тарихи жеңістерімен құттықтады, біздің туысқан әзірбайжан халқымен әрқашан да бірге екендігімізді жеткізді. Содан кейін әңгіме сұрақ-жауап, пікір алмасу дәрежесінде өтті. Осы кездесуге арнайы дайындап барған оншақты сұрақтарым бар еді, мен соларымды қойдым. Тап түбіне барып тұрып неге Әзірбайжан Қарулы күштері Ханкендіге кірмегені де, Нахчыван мен Әзірбайжан арасындағы дәліздің қалай болатындығы, өз функциянын қалайша атқаратыны туралы сұрадым.

– Неге Әзірбайжан Қарулы күштері Ханкендіге кірмеген?

– Мұсабековтің айтуынша, аз ғана армяндардың Ханкендіде қалғаны да дұрыс. Өйткені әскер өмір бойы қорғап тұрмайды ғой. Саяси стратегиялық тұрғыдан да осылай еткен дұрыс екен. Көрші елмен арадағы әлдебір соғыс отының тұтанбауына Ханкендінің сақталып тұрғаны тиімді сияқты.

Сапар барысында тағы қай жерлерге бардыңыздар, кімдермен сұхбаттас болдыңыздар?

– Түскі астан кейін бізді Әзербайжан ММ (Парламентінің) төрағасының орынбасары Әлиев Әділ Әбішоғлы қабылдады. Орынбасармен бірге тағы бірнеше ММ депутаттары болды. Кездесу негізінен ресми жағдайда өтті, дегенмен әзіл-қалжыңдар да болмай қалған жоқ. Мысалы өзінің әкесінің аты біздегі кімнің әкесімен аттас екендігіне назар аударыңыз деп күлді. Жалпы кездесулер жылы, туыстық жағдайда өтті, олар біздер тарапынан Қарабақ бойынша әрқашан да қолдаушылықты сезініп отырғандарын жеткізді.

Келесі күнгі сапарымыз Бәрдә, Гәнжә қалаларына бару болды. Бұлардың екеуі де майдан шебінен алыста, 100км-дей жерде жатқан бейбіт қалалар екен. Оларда әскери бөлімдер де жоқ көрінеді. Соған қарамастан әрмендер оларды атқылаған. Ондағы ойлары – әзірбайжан халқының ашу-ызасын тудыру, сөйтіп оларды өз үкіметтеріне қарсы көтеру, соғыстың тоқтауына ықпал етсін деген әдіс болуы керек.

Бәрдә қаласында 50 мыңдай адам тұрады екен, Бакуден 250км шамасында. Өзі аттас Бәрдә ауданының орталығы. Екі-үш жерде әскери посттардан өтуге тура келді, өйткені соғыс болып жатқан аймаққа тым жақын болуынан алынған сақтық шаралары болуы керек.

Жалпы Бакуден шыға берісте-ақ жеке үйлер басталды. Көптеген үйлер екі этажды коттедждер, бақуатты тұратындары байқалады. Былтырғы жазда Өзбекстанға барғанымызда Ташкент пен Самарқанд арасы қаптаған ауылдар екендігін көріп таң қалғаным бар еді, мұнда да дәл сол жағдай – бір ауыл аяқтала бере екінші ауылдың жері басталып жатқандай. Әрине, Өзбекстандағыдай ауылдар арасы шексіз-шетсіз егістік жерлер емес, одан сиректеу, дегенмен біздің Үстіртте Бейнеуге дейінгі жерлердей құлазып жатқан дала көрінбейді. Әсіресе түнде кейін қайтқанда көрдік – жыпырлаған шамдар далада бос жерлердің жоқтығын білдіріп тұрғандай.

Жолда алғашқы кездескен ауыл Атбұлақ деп аталады екен. Қазақша атауды көріп құлағымыз елең ете қалды.

Одан кейінгі ауыл Навахи деп аталды. Жолбасшымыздың айтуы бойынша бұл жерде осы аттас халықтың өкілдері тұрады. Шығу тегі туралы ештеңе айтпады, кейін интернеттен қарап алармын деп шештім (алайда әлі қарауға қол тимей жатыр), тек есіме түскені – дәл осы аттас халық әмірика үндістерінде бар және олар қазақтарға өте жақын. Біріншіден оларда ру бар. Қазақта әрбір адам өзінің жеті атасына шейін білуге міндетті болса, навахоларда төрт атасына шейін біледі және он бес-жиырма атасына дейін білетіндері де бар. Олар да қазақтар сияқты атқа нық отырады, біз сияқты өрмек тоқиды, ұн елейтін тас диірмендері бар. Жүн тарайтын тарақ, тіпті ұршығына шейін қазақтікі. Ендеше навахи мен навахо арғы түбі бір халық еместігіне кім кепіл? Мысалы керейдің бір тармағы – Абақ, алдындағы бір әрпі түсіп қалған навақ шығар, кім біліпті?

Тағы бір қызық жағдай – үлкен трасса бойы үш елдің жалауы ілінген. Әрине, Түркия мен Әзербайжан жалауы көбірек, алайда солармен қатар Пәкстанның да жалауы аз емес. Бұ қалай деген сұрағымызға жолбасшымыз Физули мырзадан мынадай жауап алдық: 1913 жылдары Пәкстанда сұмдық індет болған, малярия деген аурудан көптеген адамдар қырылған екен. Сол кезде әзербайжандық меценат Қажы Зейнелабиден Тагиев деген кісі өз қаражатына Британиядан дәрі-дәрмек сатып алып, Пәкстан халқын жаппай ектірген. Соның арқасында індет тоқтап, аурудың беті қайтқан. Содан бері Пәкстан халқы мұны ұмытпай, Әзербайжан халқының басына іс түскен жағдайда көмекке ұмтылып отырады екен. Қарабақ жағдайында да олар бірден Әзербайжан жағына шыққан, оларға моральдық қолдау білдірген. Міне, сондықтан да екі халықтың бір-біріне деген құрметі ерекше екен. Осындайда әлгі елдердің туымен қатар біздің көк байрағымыз да тұруы керек еді ғой деген көңілсіз ойлар еріксіз баурап алды бізді.

Айтқандай, сол Қажы Зейнелабиден Тагиев мырза біздің қазақ халқына да көмектесіпті. Сол 1911 жылдары «Қазақ» газетін шығарыпты және оны бір жыл бойы өз ақшасымен қаржыландырып отырыпты. Яғни, алғашқы баспа бетін көрген газетіміз әзірбайжандық меценаттың арқасында шығыпты! Бұл жөнінде Еуразия университетінің профессоры Сағымбай Жұмағұлов Әзірбайжан елшілігіне жазған хатында баяндапты. Міне, екі халықтың достығына факт керек болса! Ал біз осыны әлі күнге шейін білмей келгеніміз өкінішті-ақ. Ең болмаса тілшілер білуі керек еді, сонда көк туымыз үшін қысылмай жүрген болар едік.

Сіздер барған уақытта соғыс аяқталған уақыт еді, ұмытпасақ.  Әзербайжан бауырларымыздың көңіл күйі қалай екен?

– Біз барғанда, соғыс аяқталып, өзара келісім жасалған уақыт еді. Бір күн алдын жеңісті тойлау шаралары өтіпті. Әрине, барлығында мерекелік көңіл күйдің сарыны анық байқалып тұрды. Тағы бір ерекше назарымызға түскені, барлық тұста Әзербайжан мен Түріктің тулары қатар ілініп тұрды.  Көліктерге туды іліп қойған, тіпті транспарент етіп кигізіліп қойған тулар өте көп. Бұл да мерекелік көңіл күйді білдірсе керек, әлде бұрыннан солай ма, біле алмадым.

Біз барған алғашқы күндері ресми кездесулер өтті. Бұл сапар барысында Әзербайжанның бұл соғысқа қатты дайындалғанын, әскери жағдайын жасақтаған және ең бастысы, ақпараттық майданға да әзербайжан халқы жан жақты дайындалған екен.

Ақпараттық майданға дайындығы туралы айтып өтсеңіз?

– Мәселен, соғыс кезінде армяндар тарапы «біз қырып жатырмыз, жеңіп жатырмыз» деген сарындағы қауесетті ақпараттарды таратуға жанталасты. Кім білсін, мұндай ақпаратты армяндар халқының рухын түсірмеу үшін таратқан шығар. Десек те, жалған ақпарат армяндар жақтан көп тарағаны мәлім. Ал әзербайжандар сол ақпараттың жалған екенін әшкерелеп отырды.  Әсіресе, Әзербайжан Қорғаныс миинстрінің өзі түсірген видеоларын интернетке жариялауы көп өтіріктің бетін ашып тастағандай. Осындай жағдай өте көп болды. Сонымен қатар Әзербайжан тарапы дипломатиялық қарым қатынасты да мықты орната білді. Мысалы, Ресейден қару сатып алуы. Бәлкім, орыстың қаруын көз қылып та алған болар. Десек те, Әзербайжанның бұл тактикасы да өте сауатты жасалды. Соғыс кезіндегі армян тарапының соғыс қиымладарының бәрін дерек ретінде халықаралық ұйымдарға жіберіп отыруы да әзербайжандардың ұпайын арттырды.

 «Адырна» ұлттық порталында «Армяндар жасаған қанды қасап» атты мақала жарияладық. Бұл он сегіз жыл бұрынғы Әзербайжанның Қожалы қаласында болған қанды оқиға туралы материал еді. Қожалы оқиғасы туралы хабарыңыз бар ма?

– Иә, Кеңес одағы ыдырап, әр ел өз егемендігін алып жатқан тұста болған оқиға ғой бұл. Бір түнде армяндар Қожалы халқының қанын ағызып, қырып жойып кеткен екен. Бұл оқиға туралы сұмдық жайттар көп айтылады. Қарияларды қорлап өлтіріп, балаларды тірідей сойған деген де дерек бар. Бұл соғыста да Ресей тарапының бармақ ізі бар болуы мүмкін деген болжамдар бар. Интернеттегі кейбір деректерде Арменияда тұрған ресейлік әскери бөлім Ресейдің ішіне орналасуы керек екен. Сол кетіп бара жатқан жолда геноцид ұйымдастырып кеткен деген деректер де бар. Әскери бөлімнің басшысы орыс болғанымен, сарбаздары армяндар болған екен. Қалай десек те, кеше ғана бір одақтың құрамында болған елдер арасындағы мынадай сұмдық оқиғаның болуы әлі күнге дейін жұмбақ. Қазіргі кезде Қожалы ауданы бар. Бірақ қазіргі қайтарылып беріп жатқан аймақтардың арасында бар шығар. Алайда дәл Қожалыны Әзербайжанға қайтарды деген ақпаратты естімедім.

 

Ресми өкілдерден бөлек, қарапайым тұрғындармен сөйлесуге мүмкіндік болды ма? Армяндарға, армяндардың әрекетіне қатысты әзербайжандардың жеке пікірі қандай?

– Иә, ресми өкілдерден басқа жай ғана қарапайым азаматтармен де тілдестік. Әрине, армяндар туралы пікірлері жағымсыз. Сол жергілікті тұрғындардан естіген бір нәрсе бар. Армяндарда да Қытайдағы секілді жасырын зертхана бар көрінеді. Бұл қаншалықты рас, ол жағын білмедім. Бұл зертхана Ресейдің Армения жерінде ашып қойған зертханасы ма, жоқ армяндардың өз зертханасы ма, белгісіз. Әйтеуір білгенім, медициналық құпия бір мекеме сияқты. Міне, сол зертханада адамдарды бөлшектеп, органдарын  сатады деген әңгіме бар. Бұл әрине, әзербайжан халқының арасындағы әңгіме. Кейбірі мұны дәлелденген дерек деп те жатты. Қаншалықты шындық екенін біле алмадым.

Таулы Қарабаққа қатысты соғыс оты тұтанған сәтте Түркия тарапы өз пікірін ашық білдірді. Түркияның президенті Тайып Ердоған Әзербайжан елін жан-жақты қолдайтынын мәлімдеді. Өкінішке қарай, түркі халықтарының ішінде Қазақстан тарапынан бауырлас халықты қолдау туралы ашық мәлімдеме жасала қоймады. Тіпті, осы соғысқа қатысты Арменияны жақтайтын ақпарат таратқан отандық БАҚ та болды. Десек те, жалпы қазақ халқы әзербайжан бауырларын моральдық тұрғыдан қатты қолдады. Ресми қолдамаса да, әлеуметтік желі парақшаларында қолдау танытты. Қарапайым халықтың осындай қолдауын бауырларымыз сезініп пе?

– Жалпы, Арменя ОДКБ келісімін бетке ұстап, сол соғысқа Ресейдің араласқанын қалады. Бірақ соғыс Әзерайжан жерінде болып жатқандықтан, Ресей араласа алмайтынын білдірді. Әркім әр түрлі болжам айтылуда. Біреулер Ресей Түркиядан қаймықты дейді. Қалай болғанда да, соғыс Армяндар басып алған Әзербайжанның жерінде өтті. Түркияның бауырлас халыққа көрсеткен үлкен қолдауына әлем куә болғаны рас. Алайда Бакуге барған сапарымызда бізбен сұхбаттас болған азаматтар қазақстандықтардың қолдауы үшін де алғыстарын білдіріп жатты. Десек те, біздің елден ресми қолдау білдірілмегендіктен, бәрібір іштей қысылып отырдық та. Депутат Мұсабековтің: «Біз Назарбаевқа алғыс айтамыз. ТМД құрылатын шақта, біздің де делегация барған еді. Сол кезде әзербайжандарды көрген армяндар «бұлар неге жүр» деп шу шығарған. Сонда Назарбаевтың: «Әзербайжанды мен шақырдым» деп бәріне мат қойғаны үшін әлі күнге дейін ризамыз. Тағы бірде «Қарабақ Әзербайжандыкі. Бұған алып қосар әңгіме жоқ»,- дегені бар еді Назарбаевтың. Осы екі нәрсесі үшін Назарбаевты жақсы көреміз және алғыс білдіреміз»,- деді.

Армян Әзербайжан арасындағы соғыс барысында ақпарат беттерінде Түркия президенті Ердоғанның түспегені мәлім. Ердоғанның әрбір мәлімдемелерінен тұтас түркі әлемі бір тудың астына бірігетіні туралы сарын анық байқалғаны да жасырын емес. Қалай ойлайсыз, түркілер тұтасып, бір одаққа айналуы мүмкін бе? Егер мүмкін болса, түркілерді не біріктіруі мүмкін? Біреулер айтқандай дін бе, жоқ әлде саяси ахуал ма, бәлкім бойымызды қуалай аққан қан ба?

– Пантюркизм мәселесі қазіргі өзекті тақырыптың біріне айналғаны рас. Ресейлік саясаткер Жириновскийдің ең басты қаупі-осы. Жириновский әр сөзінде түркілер бірігіп кететін болды деп қақылдап жүр. Бәлкім, бекер де емес шығар, кім білсін. Десек те, Тұран мемлекеті болып бір елге айналмасақ та, ең болмаса әр кезде бір бірімізге кез келген жағдайда қолдау көрсетіп, арадағы экономикалық, саяси байланысымызды нығайта берсек екен. Өйткені әлі күнге дейін іргемізде отырған қырғыз, өзбек бауырларымызбен ортақ мәмілеге келе алмай отырмыз. Ал алыстағы Түркия, Әзербайжанмен бір үйдің баласындай болып кетеміз деу ақылға сыйыңқырамайтын сияқты. Орта Азиядағы түркі халқының бірігу мәселесі әлі шешімін таппай келеді. соған қарағанда тұтасып Тұран мемлекетіне айналу меніңше, қиындау сияқты. Ал әскери одақтастыққа келсек, бұл өте дұрыс идея деп санаймын. Бұл ретте Түркиядан үйренеріміз өте көп екенін Қарабақ соғысы көрсетіп берді. Құртақандай Армения қаруды қалай жинағанын осы соғыста көрдік. Танктің неше түрі, қару жарақтың түрлері қаншама. Алайда осы соғыс ендігі жерде темір терсек қару жарақтың емес, техниканың озық түрімен соғысудың тиімділігін көрсетті. Түріктің «Байрақтары» баяғы танк, пулеметтің заманы кеткенін айқындап бергендей. Сондықтан ендігі түркі әлемінің өзара байланысы осындай ғылыми, әскери, саяси, экономикалық тұрғыда нығаюы керек деп санаймын.

Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға мың алғыс!

 

Сұхбаттасқан, Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото Қ.Еділханның Facebook парақшасынан алынды.

Пікірлер