COVID-тің екінші толқыны басталғаны рас па?

3468

Қыс мезгілінің басталуынан ба, әлде солай ма, қазір екінің бірі түсініксіз тұмау түріне шалдығып жатыр. Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушылары да өзара пікірлесіп, «ковидтің екінші толқыны келгені ме?»  деп сұрау салуда деп жазады «Адырна» ұлттық порталы. 

Әлеуметтік желіде жазылған пікір авторларының барлығы да жақындары мен туыстарының тұмау болып ауырып бастағанын айтады. Пікірлерді соңына дейін оқып шығып, түйгеніміз, қазіргі «тұмауды түрі» ең алдымен тамақтың ісіп, ауыруынан басталады екен. Сонымен қатар бір ауырып тұрған адам, көп ұзамай қайталап ауырып жатқан көрінеді.  «Маусымдық тұмау дейін десең, мұрын бітпейді, түшкірмейсің. Тек қызу бар, әлсіздік...» деп жазады әлеуметтік желі қолданушылар. Мектеп оқушылары арасында да ата-аналар тарапынан баласы ауырып қалу себепті, бүгінгі сабағыңызға қатыса алмайды деп жатқандар бар екен.

«Түсініксіз тұмау. Тамағым ауырды. Арнайы дәрілермен шайдым. Алайда түк әсер етпеді. Кейін дене қызуым көтерілді. Дәрігерге қаралайын десем, алдын ала жазылыңыз дейді. Дәрігерге жазылып, барамын дегенше не сауығамын, не өліп тынамын ғой?! Содан әйтеуір білген ем шараларын үйде жасап, қазір тәуір болдым», -дейді алматылық зейнеткер Мәриям Асқарқызы.

Өткен аптадан бері екі кішкентай баласы ауырған Зүбайра Аманжол: «Суық тиді дейтіндей, далаға да шықпаймыз. Екі балам кішкентай болған соң, оларды далаға шығару маған оңай емес. Бірақ жылы үйде отырып сол екі балам бір күнде ауырды. Дене қызуы көтерілді, мазасы болмай,  көп ұйықтады. Үш күн солай болды да, кейін сауығып кетті. Дәрігер шақыртып едім, тамағын шая беруге кеңес берді, болды. Енді кешелі бері өзімде де сондай түсініксіз жағдай болуда. Дене қызуым бар. Әлсіздік басып тұр. Дәрігерден ковид емес пе деп сұрасам, мардымды жауап ала алмадым», -дейді.

Бұл айтылғандар расымен ковидтің түрі ме, әлде маусымдық тұмау ма, әзірге тиісті мекеме тарапынан ресми жауап берілмеді. Денсаулық сақтау министрлігі де «екінші толқынға дайынбыз» деген бір ай бұрын. Одан бері мардымды мәлімдеме жасай қоймады. Соған қарағанда, қарапайым жұртшылық өзара пікірлесіп, сұрау салған бұл ауру маусымдық тұмау болуы да әбден мүмкін. Таяу уақытта нақты ақпаратпен министр Цой ел алдына шығады деген үміттеміз. Қалай болғанда да, сақтық шараларын қатаң ұстау өзімізді сақтаудың алғы шарты екенін ұмытпайық.

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер
Редакция таңдауы