«Елімізге білімсіз этникалық мигранттар келуде»,- дейді Әшімбаев

6822
Adyrna.kz Telegram

Ресей үкіметі Қазақстаннан, Белоруссиядан, Молдовадан немесе Украинадан көшіп келгендер үшін азаматтық алу рәсімін айтарлықтай жеңілдетуді жоспарлап отыр.Азаматтық алуды барынша жеңілдеткен көршімізге ендігі жерде өз қандастарымыз үдере көшіп кетпей ме деген қауіп те жоқ емес. Осы мәселеге байланысты StanRadar.com тілшісі қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаевпен сұхбаттасыпты деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Мемлекеттік Думаның қарауына енгізілген жаңа заң жобасында азаматтық алу үшін Ресейде бес жыл болу туралы талапты алып тастау ұсынылады. Сонымен қатар, мұқабада екі басы бар бүркіті бар паспортқа үміткерлер өздерінің қаржылық жағдайын дәлелдеудің қажеті жоқ және жоғарыда аталған елдердің бірінің азаматының паспортынан бас тартудың қажеті жоқ.

Бұл өзгерістер орыс тілді азаматтардың Қазақстаннан одан да көп кетуіне әкеліп соқтырмай ма және олар Нұр-сұлтан мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынасты бұзбай ма деген тілшінің сұрағына саясаттанушы: «Жаппай көші-қон кезеңі баяғыда аяқталған. Кім кеткісі келсе, ол 90-шы жылдары кетіп қалды. Қазақстанда тұратын орта жастағы өкілдер бұл жерге жақсы бейімделген. Ал өзін мемлекеттік қызметте де, ірі бизнесте де көрмейтін жастар, оның ішінде этностық қатыстылығына байланысты адамдар басқа елдерге кетуі мүмкін»,-деп жауап берген.

Сонымен қатар саясаттанушының пайымынша Қазақстанда инженерлік немесе жаратылыстану-ғылым саласында білім алудың қиындай түсуі де жастардың жаппай шетелге білім іздеп кетуіне түрткі екен. Білім рейтингі бойынша төменгі орынға жайғасқан елімізде білімсіз қалу қаупі де басым екенін алға тартқан Әшімбаев Ресейге қарай жастардың білім алуға ағылатынын заңды құбылыс санайды. Ал оқуға кеткендер сол елде қалып кетуі бек мүмкін.

«Жастардың елден кетуінің бір себебі білім саласындағы реформалардан және әлеуметтік мәселелерге тікелей байланысты. Осыдан кейін, әрине Ресейге кеткендер елге қайтқысы келмейді. Бұл Ресейдің емес, Қазақстанның кінәсі. Соған қарамастан миграция мәселесі бізде жаман емес. Десек те, Қазақстанға ешкім жетіскеннен келмейді. Елімізде негізінен этникалық миграция басым. Ал бұл адамдар көбінесе орта білімді адамдар. Осыдан кейін тепе-теңдік бұзылады, болашағы бар, білімді жастарымыз кетуде, білімсіз, тәжірибесіз, мемлекет есебінен өзінің материалдық мәселесін шешуді көздеген этникалық мигранттар көптеп келуде. Расын айтсақ, Қазақстан өмір сүруге аса қолайлы емес елге айналып барады»,-дейді саясаттанушы өз сұхбатында.

Орыс тілінен аударып,

дайындаған Рауана ДИМАШҚЫЗЫ.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер