Ауылдар адамсыз қалуы мүмкін

1826

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы 2030 жылға қарай қазақстандықтардың саны 11% өсіп, шамамен 20 миллион 600 мыңнан асады деп болжам жасап отыр деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «Хабар 24» - ке сілтеме жасап.

Орталықтың болжамына сенсек, 10 жылдан кейін Алматы және Түркістан облыстарындағы адам саны 2 миллионға жетеді. Ал Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында 1 миллионнан астам тұрғын болады. Сарапшылардың болжамы осындай. 2030 жылға қарай мегаполистер саны артады. Ал ауылдардағы жағдай қалай болмақ? Болжамдарға сәйкес, он жылдан кейін қалада 13 миллионға жуық адам тұрса, 8 миллион қазақстандық азамат ауылды жерде өмір сүреді. Ал жалпы халық санының үштен бір бөлігі ірі қалаларда шоғырланады.

Ауыл халқының демографиялық жағдайына жасалған болжамға қарсы пікір айту артық, әрине. Өйткені, бұл шындық. Қазірдің өзінде Қазақстанда қаңырап бос қалып жатқан ауыл саны күн санап артуда. Алдағы он жылда ауылда тек малы бар отбасылар ғана қалуы бек мүмкін. Қала, аудан орталығына жақын ауылдардың әлеуметтік ахуалы көңіл көншітпейді. Ал пәлен шақырымдағы ауылдар өркениеттен тыс қалғалы қашан. Жол, ауызсу, жылу, жарық, интернет, байланыс сияқты дүниелер мүлде жоқ ауылдар Қазақстанда өте көп.

Мәселені екінші тараптан қарастырсақ, бір төбеде шоқиып төрт түтін отбасының отырғанынан гөрі, адам саны аз ауылдардың халқын қалаға көшіріп, жағдай жасаған да дұрыс сияқты. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта Алматы және Түркістан облыстарында 2 миллион адамнан тұруы мүмкін. Ал Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында 1 миллионнан астам тұрғын болады. Сараптамаға сәйкес, елімізде жастар көбейеді. Мысалы, Түркістан облысы 2030 жылы жас тұрғындар бойынша көшбасшы болады. Өңірдегі жастардың саны жарты миллион адамды құрайды. Сарапшылар үштікке Алматы облысы және Алматы қаласын кіргізген. Сонымен бірге мамандар ХХІ ғасырдың ортасына қарай Қазақстан жастарының үштен екісі қалаларда тұрады және ұлдар қыздардардан көп болады деп санайды.

Бұл болжамның шындыққа айналуы уақыттың еншісінде. Десек те, болжамның қандай негізге сүйеніп жасалғаны да, ашық айтылмайды. Мәселен, Қазақстанда туу көрсеткіші артты ма? Дәл осы жылы туғаннан гөрі, қайтқандар саны артты емес пе? Бұл қарқынмен кете берсе, қазіргі 18 млн адамның өзі азайып кетпесін деп тілейік.

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар