Әділ АХМЕТОВ: Норвегтер мен ағылшындардың ата-бабасы – қазақтар!

3905

Бұрынғы сенатор, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов жолы болғыш жан ба, әлде шебер стратегик пе? Жан сарайын ғылымға ашып, тұтас тағдырын ғылыммен байланыстырған Ахметов ағамыз сенаторлыққа қалай қол жеткізді?  Астрономия мен болашақты болжайтын сәуегейлік, біздің қолданысымыздағы қате әзірленген күнтізбе, Мая тайпасының құпиялары туралы білгіңіз келсе, сүбелі сұхбатымызға назар аударуларыңызды сұраймыз. 

–Сұхбатымызды ең тәтті шақ–балалық шағыңыздан бастасақ. Қарапайым отбасынан, ауылдан шыққаныңызды білеміз. Бала Әділ дана Әділге қалай айналды?

–Өзің айтпақшы, қаймағы бұзылмаған қалың қазақы ауылданмын. Алаңсыз балалық шағым Хантәңірі шыңының етегіндегі Алматы облысына қарасты Райымбек ауданының орталығы Нарынқол селосында өтті. Әр адам баласы туған жерімен, табиғатымен үйлесімде болады ғой. Менің болмыс-бітіміме де, тағдырыма да сол табиғат әсер етті. Дәл екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде дүниеге келіппін. Майданға аттанған әкемізден ерте айырылып қалдық. Солай жүріп, 1948-жылы мектеп табалдырығын аттадым. Бағымызға орай, аудан орталығындағы орта мектепте ұстаздық ететін мұғалімдер өте білімді болатын. Әсіресе қазақ тілінен сабақ беретін Зақан апамыз өз мамандығының нағыз шебері-тін.

–Ал Алматыға оқуға қалай түстіңіз?

Ол – бір бөлек әңгіме. 1958-жылы мектепті бітіріп, Алматыға институтқа түссем бе деп ниеттеніп жүрген кезімде ауданда «Мектептен кейін ауылға көмек» деген бір бастама қолға алынды да, тау қырқаларының арасындағы шөп шабу науқанына мектеп бітірген мен секілді жастардың бәрі жегілді. Ол кезде техника деген мүлдем жоқ. Күллі жұмыс адам және ат күшімен ғана іске асырылатын. Сондай күндердің бірінде шөмелелерді түйреп алып, майя тұрғызатын жерге жеткізетін екі жағындағы тістері тарақ секілді төрт ат сүйреп келе жатқан ағаш құрылғымен бірге сырғанап келе жатыр едім, әлгі құрылғы  аяқ-астынан аударылып кетті. Құрылғымен бірге мен де төңкеріліп, омақаса құладым. Шаң-топырақ тұтқан  кірпіктерімді әзер ашып қарасам, әлгі құрылғының артқы тістері дәл көз алдымдағы топыраққа 30 сантиметрдей бойлап кіріп, шаншылып қалыпты. Сәл қиыс кетсе, миымды шашып кетері сөзсіз еді. Аман қалғаныма іштей қуанып жатқанымда ат үстіндегі балалар келіп, мені дереу босатып алды. Бірақ әлгі оқиға мені қатты ойландырды. Нар тәуекел жасап, сол түні жайылымда жүрген бір атқа мініп алып Нарынқолға тартып кеттім. Анама бір ажалдан қалғанымды түсіндіріп, жоғары оқуға түсуге шешім қабылдағанымды айтып едім, ол кісі бірден қолдау білдірді. Сөйтіп, қабылдау емтихандарына 3 күн қалғанда әкеммен майданға қатар атанған ағасының ер жеткен Әшір есімді ұлы екеуміз Алматыға әзер дегенде жеттік. Әуелі Әшір ағамның Талдыбай дейтін танысының үйіне барып түстік. Күй таңдайтын уақыт жоқ. Жақын маңда жоғары оқу орны бар ма десем, үйдің иесі «біз тұратын көшеден 12 минуттық жерде ҚазПИ-дің шет тілдер факультеті бар. Биыл институттың қабылдау комиссиясы талапкерлердің құжаттарын сол факультеттің ғимаратында қабылдап жатыр» – дейді. Қуанышым қойныма сыймай,   құжаттарымды сонда апарып тапсырдым. Мектепте ағылшын тілін жақсы оқыған едім, өз күшіммен оқуға түсіп кеттім. Ол кезде ҚазПИ-дің ректоры Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдуллин еді. Қабылдау рәсімі кезінде ол кісі: «Әділ сенің Алматыда үйің бар екен ғой»,–дейді. Мен аң-таң болып «жоқ» десем, «міне, мына құжатқа жатақхана қажет емес деп жазып қойыпсың ғой...»–дейді. Білместікпен жаздым, ағай, бұл жерде ешкімім жоқ, бір пәтерге түскенім рас, бірақ жатақхана керек дедім. Ректор: «Бұл жерде оқу оңай емес, шет тіліне түскендердің біразы бірінші семестрдің соңында оқудан шығып қалады. Егер жақсы оқысаң, бір орын сенікі болады»,–деді. Ректор солай деп тұрған соң жан-тәнімді салып оқып, бірінші семестрдің аяғында жатақханадан босаған бір орынға мен де ие болып, төрт-түлігім сай студент болып шыға келдім. 1963-жылы оқу орнын өте жақсы аяқтап, өзіммен курстас қызға үйленіп, екеуміз де ҚазПИ-ден бөлініп шыққан Алматы педагогикалық шет тілдері институтында 40 жылдан астам уақыт бірге ұстаздық еттік. Ғылым қуып,  кандидаттық және докторлық диссертацияларды да сол институтта қорғадым. Декандық, проректорлық және ректорлық қызметтерді де бағындырдым.

–Ежелгі Мая тайпасының тілін зерттеу қалай ойыңызға келді?

–Бірде институттың оқу жөніндегі проректоры болып жүрген шағымда ректорымыз маған тосын ұсыныс жасады: «АҚШ-тың Аризона штатында Алматымен бауырлас Тусон деген қала бар. Сол қаладағы Аризона университетінен біздің институтқа шақыру келді. Әлгі университеттің есбінен 5 айлық командировкаға 8 студентке бас болып барып қайтсаңыз»,–дейді. Мұндай мүмкіндік бола бермейді ғой. Әине, қуанып кеттім. Ең мықты деген студенттерді таңдап алып, ұшақпен Тусонға аттанып кеттік. Студенттеріміз оқуларын Аризона университетінде жалғастыратын болды, ал маған аспиранттар үйінен бір бөлме берілді. Ғылым іздеп жүрген адамға одан артық не керек, бірден докторлық диссертацияма кірісіп кеттім. Бір күні маған американдық ректор: «Біздердің бір топ жастарымыз қазақ тілін үйренгісі келеді. Сіздер осында 5 ай боласыздар ғой, өзіңізге аптасына 8 сағаттық жүктеме берейік, Сіз сол топқа қазақ тілін үйретсеңіз дұрыс болар еді»,– дейді. Осылайша, 20 шақты студентке қазақ тілінен сабақ беріп жүргенмін, бір күні менен дәріс алу үшін жасы алпыстың мол ішіндегі Диссауэр есімді тағы бір азамат келіп қосылды. Түрікше судай екен. «Қазақ тілі түркі тілдерінің бірі ғой. Түрік тілі мен қазақ тілінің арасында қандай ұқсастық, қандай айырмашылық бар екенін білгім келді»,–деп түрікше де, ағылынша да сарнап тұр. Сөзден сөз шығып, Қазақстаннан келгенімді, тау бөктерінде дүниеге келгенімді тілге тиек еткен едім, «тауды сағынған боларсыз»,–деп Тусонның айналасындағы тауларға сенбі күні барып қайтуға ұсыныс жасады. Бірден келісе кеттім. Содан Диссауэрдің көлігімен тауды бетке алып келе жатқанбыз. Бір сайға жақындаған сәтте жол жағасындағы бұрылыстағы бағанаға орнатылған “Baba Toak”  деген екі сөзден тұратын топоним көзіме оттай басылды. Диссауэрден көлігін тоқтатуды өтініп,  әлгі топонимді фотокамерама түсіріп алдым. Диссауэрдан әлгі сөз тіркесінің мағынасын сұрасам: “Жергілікті ‘үндістердің’ тілінде “Baba Toak” деген “Бақа Тау”дегенді білдіреді дейді. Демек, “Baba” дегені “бақа”, ал “Toak” дегені “тау”  болғаны ғой. Мені таңдандырған да осы болатын. Өйткені екі сөздің екеуі де біздің “бақа” мен “тау” (түрікше даг) деген сөздерімізге қатты ұқсап тұр. Сосын, байырғы американдық топонимдерінің ішінде  «tepe» немесе «tepec», яғни «төбе»; doag, thoag (тау), tonk (дөң) cекілді 300-ден аса сөздер мен сөз тіркестерін де кездестірдім. Олар туралы мәліметті 2003-жылы жарық көрген “Азия – Берингия – Америка немесе америкалық ‘үндістердің' азиялық тегі” атты кітабымда баяндаған болатынмын.

–Мұхтар Әуезов бір кітапты жазу үшін, жүз кітапты оқыдым деген екен...

–Ғұлама жазушы дұрыс айтқан. Толыққанды туындылар жазу үшін нысанаға алған тақырыптарыңа қатысты жүздеген кітаптарды сүзіп шығып, саралап-сараптауға да, зерттеп-зерделеуге де тура келеді. Мәселен, мен жазған ғылыми кітаптар негізінен үш бағытты қамтиды: бірнші бағыттың нысанасы – түркі әлемінің ырым-тыйымдары. Бұл ауқымды ғылыми арнаның объектісіне алып Азияның қиыр солтүстік шығысындағы якут/сахалардан бастап, Еуропадағы гагауздар мекенінің аралығындағы қырыққа тарта түркі халықтарының ырым-тыйымдары кіреді. Екінші бағыт – екі мың тілде сөйлейтін америкалық үндістердің түркі халықтарымен туыстығы. Үшінші бағыт – жаһандық геосаясат саласы. Көріп отырғаныңыздай, бұл оп-оңай еңсере салатын жеңіл-желпі шаруа емес.

–Ғылым қуған адамға саясат қиын емес пе?

–Бойыңда барды ешкім тартып ала алмайды ғой. Ғылыммен айналысқан адам үнемі іздену үстінде жүреді. Мен іс-сапармен қай қалаға, қай елге барсам да кітап дүкендеріне соқпай кеткен емеспін. Мына кітаптар (сөредегі кітаптарын нұсқап) менің ғылыми жұмыстарыма негіз болды. Биылғы 2021-жылы «Түркі әлемінің ырым-тыйымдары», «Колумб дәуірінен бұрынғы америкалық ‘үндістердің алтайлық тегі» және «Уроки столетия» атты үш ғылыми монографиямның тұсауын кеспекшімін. Сөйтіп, сексеннің сеңгіріне үлкен рухани қоржынмен қадам басқалы тұрмын.

–Мая өркениетіндегі аса дәлдікпен жасақталған күнтізбелер жүйесі туралы оқырман қауымға айтып беріңізші.

- Бүгінгі Мексика жерін біздің заманымыздың V - X ғ.ғ. аралығында мекен еткен майялардың биік өркениеті, әсіресе, олардың астрономия, математика және архитектура саласында қол жеткізген жаһандық мәнге ие табыстары мен күнтізбелер жүйесі әлемді әлі күнге дейін таңғалдырып келеді. Олардың өркениет тарихын 40 жыл бойы зерттеп-зерделеген көрнекті американдық ғалым, математик, тарихшы, өнертанушы әрі суретші Хосе Аргуэлльес майя ғылымы мен білімінің негізінде жазған өзінің «Майя факторы» атты құнды монографиясымен қатар басқа да елеулі ғылыми еңбектерін жариялап, жиырмасыншы ғасырдың соңына таман “Уақыт Заңын” ашты және оны бүкіл әлемге паш етті. Аталымыш ғалымның пікірінше, майялар уақыт заңдылығының қыр-сырын шегіне жеткізе меңгерген аса білгір халық болған. Олар уақыт заңын өте шебер қолдана білудің арқасында Күн жүйесне кіретін күллі планетеалардың галактикалық циклдарын да, олардың ғарыш кеңістігіндегі орны мен орбитасын да дәл анықтаған. Әлем ғалымдарының археологиялық зерттеулері дәлелдеп отырғандай, майялардың байырғы замандарда өздері мекендеген аймақта бір-бірінен алшақ орналасқан ондаған ірі қалалар салғаны белгілі болып отыр. Әлгі қалалардың басты нысандарын ғажап пирамидалар жүйесі мен тасқа ойылып жазылған иероглифтерге толы стеллалар мен тастан тұрғызылған сәнді ғимараттар құраған. Алайда майя өркениетіне тән, бірақ бүгінгі ғалымдарға түсініксіз әрі осы уақытқа дейін нақты шешімі табылмай келе жатқан «майялар неліктен өздері салған сәулетті қалалары мен әлі салынып бітпеген ірі құрылыс нысандарын күрт тоқтатып, із-түзсіз кеткен?» деген жұмбақ сыр бар. Мұның себеп-салдарын әлем ғалымдары әлі күнге дейін іздеумен келеді. Солайы солай болғанмен, біздің заманымыздың 830-жылдары іздерін күрт суытқан байырғы майялардың аман қалған мәдени мұраларын жан-жақты зерттей келе, әлем ғалымдары олардың математика ғылымына өте жүйрік болғанын бір ауыздан мойындайды. Оның үстіне майялар қазіргі заманда біз қолданып жүрген ондық жүйеге негізделген математиканы емес, жиырмаға негізделген математикалық жүйені шебер меңгерген. Бұл озық жүйені майялар өздері тұрғызған зәулім пирамидалары мен сәулетті қалаларын салу үшін ғана емес, сонымен қатар, күні бүгінге дейін бүкіл әлемнің таңдайын қаққызып отырған күнтізбелер жүйесін құрастыруға да кеңінен пайдаланған. Сосын, біздің заманымызға дейін тек үзік-үзігі ғана жеткен майялар қалыптастырған ұлы өркениет құндылықтары толығымен сақталып қалуы да әбден мүмкін еді. Бірақ, өкінішке орай, испандық конкистодорлар оларды қолдарынан келгенінше жойып жіберуге тырысқан. Мына бір мысал – әлгі сорақылықтың айқын дәлелі: 1562-жылы түн мезгілінде майялардың Мани дейтін қаласында Диего де Ланда есімді испандық епископ өз жарлығымен байырғы майялардың баға жетпес өнер туындыларын, кітаптары мен қолжазбаларын түгел жиғызып алып, түгін қалдырмай өртетіп жіберген. Бұл шектен шыққан айуандық әрекет Мысырдың Александрия қаласының Үлкен кітапханасына жасалған алапат вандализммен пара-пар-тын. Өзінің жымысқы мақсатпен әдейі жасаған қылмысын бүркемелеу үшін, әлгі епископ: «Біз өте көп кітап тауып алдық, бірақ олардың ішінде соқыр сенім мен адамды еліктіріп, шайтан жолына азғыратын дүниелерден басқа ешнәрсе болмағандықтан, оларды түгелдей өртеп жібердік. Ал үндістер бұған қатты өкінді», - деп жалған мәлімет таратқан.

Кейін анықталып отырғандай, конкистодорлар қанша тырысқанымен, майялардың қалаларын түгелдей жойып жібере алмаған. Себебі бітік өскен тропикалық ормандар майялардың кейбір өркениет ошақтарын конкистадорлардың көзінен тасалап, аман сақтап қалған. Жоғарыда суреттелген айуандықтан соң 250 жыл өткен кезде, лорд Кингсборо және Джон Ллойд Стефенс секілді әйгілі саяхатшылардың жазбалары жарық көре бастады. Осының арқасында майялардың өркениетіне деген қызығушылық қайта жанданып, тек содан кейін ғана майялардың өнер мен ғылымға иек артқан ұлы өркениетін бүкіл әлем мойындай бастады.

Стефенс ит тұмсығы өтпейтын орман-тоғайларды кезіп, олардың шырмауында қалған майя қалаларының қалың мүк басқан сілемдерін іздеп тауып, байырғы майя өркениетінің қаншалықты биік деңгейде болғанын, тіпті, кезінде әлгі өркениеттің шарықтау шегіне жетіп, алтын ғасырды да басынан өткізгенін, бірақ сөйте тұра, жасампаз майялардың тарих сахнасынан түсініксіз жағдайда ғайып болып кеткенінің куәсі болады. Стефенс жазбаларын оқыған археологтар  енді тропикалық ормандардың қалың құрсауында қалған адам танғаларлық сәнді де сәулетті сарайларға, пирамидалар мен ғибадатханаларға толы байырғы майя қалаларын біртіндеп арши бастайды. Олар майялардың жазу жүйесінің негізін құрайтын иероглифтерге де жете мән беріп, зерттеу жұмыстарын қолға алады. Бірақ, өкінішке орай, олардың сыры әлі күнге дейін толық ашылған жоқ.

Бүгінгі заманда белгілі болып отырғандай, майя халқы, негізінен, Гондурастағы Копан секілді қала-мемлекеттер мен Гватемаладағы Тикаль және Мексикадағы Паленке, Чиапас секілді ірі-ірі діни орталықтардың төңірегіне топтасып өмір сүрген.

Археолог Thomas D.H есіміді ғалымның ізденістері де нәтижелі болды. Мысалы, ол ғалым майялардың жазу мәдениетіне қатысты түрлі-түсті бояулармен көмкерілген иероглифтермен қатар нефриттен жасалған моншақтар мен алқаларды, скульптура үлгілері мен қыштан жасалған бұйымдарды, мыс пен алтыннан жасалған өте бағалы бұйымдар мен керемет өнер туындыларын да қазып алады. Бірақ олардың барлығын былай қойғанда, ғалымдарды ерекше таңдандырған ғажап дүние майялардың астрономиялық және математикалық білімдерінің соншалықты тереңдігі болатын. Мұның бұлтартпас дәлелдері майя халқының жоғарыда аталған испандық епископ әдейі ұйымдастырған өртте мүлде жанып кетпей, жұлық-жұлықтары ғана аман қалған үш кітап-кодекстен анық байқалады. Ол кітаптардың күйік шалған қалдықтары бұл күнде Мадрид, Дрезден және Париж қалаларының музейлерінде сақтаулы тұрғандықтан, олар соңыра әлгі қалалардың атауларымен байланысты Мадрид, Дрезден және Париж кодексі болып аталып кеткен.

Олардың алдыңғы екеуі астрономия мен болашақты болжайтын сәуегейлікке бағышталса, соңғысы - салт-дәстүрлер мен жосын-жоралғыларға және майя құдайлары мен астрологияға бағышталған жазба  туынды. Осы айтылғандармен қатар майялардың ғарыш әлеміндегі планеталар мен жұлдыздар жүйесін бақылайтын обсерваторияларының да болғандығы белгілі болып отыр. Мысалы, Чичен-Ице қаласында орналасқан обсерватория күмбезіндегі терезе тәріздес ойықтан майялар күн мен түннің теңелетін кезіндегі Күнді бақылай алатын болған. Астрономиялық есептерінің дәлдігі мен мінсіздігі жағынан майялар алдына жан салмағаны байқалады. Тіпті, бүгінгі заманның ең озық астрономиялық технологияларымен қатар, ең ұшқыр телескоптарымен қаруланған астрономдар да майялардың төрттік өлшемдегі математика мен астрономия ғылымдарын соншалықты терең меңгергендеріне еріксіз таңдай қағады. Өйткені майялардың Ай, Күн, Жер, сондай-ақ, Күн жүйесіне кіретін өзге планеталармен қатар, Шолпан және Үркер топ жұлдыздарының циклдарына қатысты есептерінің бүгінгі астрономдардың қол жеткізген нәтижелерінен асып түспесе, ешбір кем түспейді. Демек, майялар сомдаған өркениетке тән ғылым мен білімнің аса жоғары деңгейде болғаны күмән туғызбайды.

Бұл күнде майялардың әр қилы мақсаттар үшін пайдаланған 17 түрлі күнтізбе жүйесі болғаны ашылып отыр. Алайда солардың ішіндегі ең жиі қолданылатын үш әмбебап күнтізбесі ерекше назар аударады. Оладың біріншісі – қазіргі заманда адамзаттың басым көпшілігі қолданып жүрген 365 күндік Григорий күнтізбесіне ұқсастау келетін “Хааб” деп аталатын азаматтық күнтізбе. Бұл күнтізбе бойынша, бір жыл әр қайсысы 20 күндік 18 аймен (18х20=360) қоса, атауы жоқ 5 күннен, яғни бас-аяғы 365 күннен тұрады. Алайда соңғы бес күнді халық жаманшылыққа ұшырататын қатерлі мезгілге жорыған. Сосын, Күн циклымен сәйкестендіріп жасақталғандықтан бұл күнтізбе, негізінен, күнделікті өмірге қажетті шаруашылық жүргізу үшін қолданылған.

Майялардың екінші күнтізбесі - Цолкин деп аталатын 260 күндік күнтізбесі. Бұл жүйенің қыр-сыры да, жұмбғы да өте мол. Біріншіден, осы күнтізбе арқылы майя абыздары діни салт-дәстүрлерді өткізетін мезгілдерді белгілеп, оларды киелі саналатын осы күнтізбеге сәйкес атқарып отырған.

Майялардың 260 күндік Цолкин күнтізбесі Хааб күнтізбесінен әлдеқайда қысқа екендігіне қарамастан, мұндағы 13 ай да 20 күннен тұрады (20х13=260). Алайда бұл екі күнтізбенің бір-бірімен үндестік табатын, яғни қабысатын тұсы да жоқ емес. Мәселен, Хааб күнтізбесінің 52 циклы (52х365) мен Цолкин (Ай) күнтізбесінің 73 циклы (73х260) 18980 күнге теңеседі. Демек, соңғы сан (18980) майялар ойлап тапқан Күн күнтізбесінің 52 жылдық 365 ғасыры мен Ай (Цолкин) күнтізбесінің 260 ғасырына теңеседі. Шындығында да, майялардың бір ғасыры 52 жылмен ғана шектелген.

Үшінші күнтізбе - майялардың «Ұзын есеп» деп аталатын миллиондаған жылдарды қамтитын күнтізбесі. Бұл күнтізбе бойынша, “Ұзын есеп” біздің заманымыздан 3113 жыл бұрын басталып, 2012-жылдың соңына дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл жүйенің сөздігінде: kin (бір күн), uinal (20 күндік бір ай), tun (360 күндік бір  жыл немесе 18 uinal/ай), katun (20 tun/жыл), baktun (20 katun немесе 400 жыл) сияқты сан атауларымен қатар, олардан да үлкен ұғымдарды білдіретін: pictun, calabtun, kinchiltun және analtun сияқты терминдер де кездеседі. Мәселен, бір analtun 64 миллион жыл деген ұғымды білдіреді. Сол сияқты, айтулы бір уақиғаның орын алған мезгілін белгілеу үшін майялар сан есімдердің мына реттегі бес жүйесін пайдаланған: baktun, katun, tun, uinal, kin. Мысалы, белгілі бір стеллаға бәдізделген 9.10.19.5.11 секілді майя цифрларының мәнін былайша ашуға болады: 9 baktun (1296000 күн), 10 katun (72000 күн), 19 tun (6840 күн), 5 uinal (100 күн), 11 kin (11 күн). Бұлардың жалпы қосындысы 1374951 күнге немесе, шамамен, 3767 жылға тең. Ал майяладың тастан тұрғызған бір стелла-ескерткішіндегі «Ұзын есеп» жүйесімен бәдізделген жазулар 90 миллион жыл бұрын орын алған уақиғағадан хабар берсе, енді біріндегі таңбалар керісінше, 3000 жылдан кейін, яғни келешекте болатын уақиғаға жөн сілтейді.

Бұл орайда, 1952-жылы археолог Альберто Рус ашқан Мексиканың Паленке қаласындағы “Таңбалы ғибадатхана“ деп аталатын  пирамиданың  табанынан  30  метр   тереңдікте   жерленген майялардың атақты патшаларының бірі, сұңғыла көсем Пакаль Вотанның 20  тонна  тартатын  тастан сомдалған саркофагының 8 шаршы метрлік, төрт бұрышты, тас қақпағының бетіне бәдізделген 13 жұмбақ ақпаратқа соқпай өту мүмкін емес. Өйткені Пакаль Вотан біздің заманымыздың 631-683-жылдары  аралығында  52  жыл  бойы ел басқарып, майя өркениетіне айтарлықтай үлес қосқан мәртебелі тұлға-тын. Ол әсіресе, пирамида құрылыстарына зор мән берген және күнтізбелер мен жазу жүйелерін қалыптастыруда үлкен роль атқарған. Сонымен қатар пайғамбарлығы мен сәуегейлік қасиеті мол абыз адам болған. Дүниеден өтер алдында Пакаль Вотан халқына: “Ғарыштан хабар алып, қайта ораламын“ деген өсиет қалдырған деседі.

Археолог Альберто Рус тапқан саркофаг қақпағының сыртқы бетіне бәдізделген ақпаратты 40 жыл бойы сараптай келе, ерлі-зайыпты Хосе және Ллойдин Аргуэлльестер көптеген жұмбақ сырдың астарын ашты. Мәселен, Пакаль Вотанның саркофагы ол тұлғаның жерленген мезгілінен 1260 жылдан кейін ғана ашылған [1952 - 692 = 1260] болатын. Міне, дәл осы соңғы санды (1260-ты) Хосе Аргуэлльес бүгінгі адамзат қолданысында жүрген жасанды уақыт жиілігінің кодына, яғни 12:60-қа сілтеме деп қабылдаған. Ал жоғарыда аталған “Ұзын есеп” циклының аяқталған мезгілін, яғни 2012-жыл мен Пакаль Вотан жерленген 692-жыл аралығындағы 1320 жылды (2012 – 692 = 1320) сұңғыла ғалым табиғи уақыт жиілігінің кодына, яғни 13:20-ға балаған. Сөйтіп, саркофаг бетіндегі жазуларды Пакаль Вотанның өз халқына арнап қалдырған өсиеті деп тұспалдаған. Өйткені ғалымның бұлайша топшылауына да толық негіз бар. Себебі, төрт бұрышты тас қақпақтың оңтүстік қырындағы 8 Күн, 6 Айна деген белгілер Пакаль Вотанның туған күні мен дүниеден қайтқан күндерінен хабар береді. Сосын, бұл екі санның қосындысы – 14 немесе 28 күндік айдың тең жартысы. Қақпақтың шығыс жақ қырындағы екі топ таңбалардың бірінші тобы - 5 Жер, 7 Сарбаз, 9 Қол, 7 Күн. Мұндағы сандардың қосындысы – 28. Екінші топты 11 Жылан, 2 Адам деген белгілер құрайды және ондағы сандардың қосындысы – 13. Демек, әлгі сандар - әр айы 28 күннен, әр жылы 13 айдан тұратын галактикалық табиғи ритмге (ырғаққа) негізделген майя күнтізбесін меңзеп тұр. Қақпақтың солтүстік қырында 2 Екі дүниені жалғастырушы деген мәлімет бәдізделген. Майялардың ұғымында бұл – ажалдың белгісі. Сонымен қатар, жұмбаққа толы бұл символ - Марс планетасының да белгісі. Қақпақтың батыс жақ қырында тағы да екі топ белгілер бәдізделген. Олардың бірінші тобы – 3 Маймыл, 4 Ит. Ондағы сандардың қосындысы – 7. Бұл белгілер қақпақтың шығыс жақ қырындағы 13-ті бейнелейтін екі белгіге қарама-қарсы орналасқан. 7 мен 13 - Цолкин күнтізбесінің негізгі сандары және бұлардың қосындысы – 20. Екінші топқа кіретін 1 Күн және 13 Екі дүниені жалғастырушы деген ақпараттағы сандардың қосындысы тағы да 14-ті құрайды. Сонымен, Пакаль Вотанның саркофагындағы 13 ақпаратқа қатысты сандардың жалпы қосындысы 78 болып шығады. Бұл санды Аруэлльестер - Космос Айнасының жасырын белгісіне балайды. Бұл құпия сырды шешуге Хосе Аргуэлльес пен оның жұбайы Ллойдин Аргуэлльес 40 жыл өмірлерін арнаған-ды. Майя  өркениетін зерттеушілердің қайқайсысы болмасын майя абыздарының болашақты болжай алатын сәуегейлік қасиеті болғанын мойындайды. Бұл тұжырымның негізсіз емес екеніне жоғарыда  суреттелген құпиялы мәліметтер нақты дәлел. Сосын, байырғы майялар галактиканың ішкі сыры мен заңдылықтарын өте жетік білген сыңайлы. Сол білімнің арқасында олар сол замандарда-ақ, 2012-жылғы желтоқсан айының 21-жұлдызын бастап біздер тіршілік етіп отырған ғаламшарда тарихи бетбұрыстар мен ұлы өзгерістер болатынын алдын ала болжап қойған. Алайда әлгі құбылыстардың бүге-шігесі біздерге толық жетпей қалған. Бірақ олар біртіндеп ашылатын болар...

Ғалымдардың кейбірі әлгі бетбұрыстарды «ақырзаман» болар деп топшыласа, енді біреулері майялардың сәуегейлігін жер шарына енетін жаңа заман немесе адамзаттың рухани жаңғыру эрасының басы немесе галактикалық биік сананың басталатын мезгілі болуы да мүмкін деп болжамдады. Ал астрономдардың пікіріне келетін болсақ, біріншіден, 2012-жылғы желтоқсан айының жиырма бірі қысқы маусымдағы күн мен түннің теңелетін мезгіліне дөп келеді екен. Бұл, әрине, аса таңданатындай құбылыс емес. Алайда дәл cол күні Күн, Жер және Күн жүйесіне кіретін өзге планеталар өзіміз өмір сүріп отырған Галактиканың дәл ортасынан өтетін Құс жолының ішіндегі бір сызықтың бойына тізіле орналасқан-ды. Бұл - әрине, кімді болса да қатты ойландырған ғажап құбылыс еді.

Дәл осы арада: «Бұдан мың жылдан астам бұрын қазіргі адамзат тіршілік етіп отырған ғаламшарда орын алатын әлгіндей құбылыстарды майялар алдын ала қалай болжаған?» деген сұрақ туатыны заңды нәрсе. Өйткені майя сәуегейлері өмір сүрген замандарда не линза, не телескоп, не осы заманның космосқа байланысты қол жеткізген технолгиялық жетістіктері атымен болған жоқ қой. Жоқ әлде болды ма?

Әзірге бұл сұрақтың жауабын тағы да майялардың өркениетін түбегейлі зерттеген, жоғарыда аты аталған американдық ғалымдар Хосе және Ллойдин Аргуэлльестерден іздеп көрелік. Ол ғалымдардың пайымдауынша, бүгінгі адамзат өзі қолдан жасаған механистикалық алдамшы уақыт кеңістігінде тіршілік етіп отыр. Өйткені бүгін қолданыста жүрген Рим Папасы XIII Григорийдің 1582-жылы енгізген жасанды күнтізбесі бүкіл әлемді өзіне басыбайлы етіп алған. Ол күнтізбенің бір жылдық мерзімі кейбірі 28, кейбірі 29, енді бірі 30, және бірі, тіпті, 31 күнге де тола сала тын, ұзынды-қысқалы 12 айдан тұрады. Ол аз болғандай, адамзат уақытты ноқталамақ болып, оны кәдімгі кеңістікпен шатастырып алғандықтан, сағаттың циферблатын 12 бөлшекке бөліп, әр сағатты 60 минутқа, әр минутты 60 секундқа жіктеп, бас-аяғы 360 градус болатын дөңгелек жазықтыққа «байлап» қойғандай сезініп жүр. Мұның астарында “бір жылда 12 ай бар, оған ойдағы бес күнді қосса, толық жылды құрайтын 365 күн шығады; бір тәулікте 24 сағат бар; оларды күн мен түнге бөлсе, 12 сағаттан, ал әр сағат 60 минуттан тұрады” деген ұғым тұрғаны белгілі. Бірақ бұл күнтізбенің негізінде ғылымнан мүлде аулақ 12:60 секілді жасанды уақыт модулі немесе жасанды уақыт жиілігі тұрғанын көпшілік қауым біле бермейді. Тіпті, аталмыш күнтізбенің ешбір ғылыми негізі жоқ екенін де бүгінгі адамзат әлі күнге дейін толық сезіне қойған жоқ. Себебі, Хосе Аргуэлльес айтпақшы, бүгінгі адамзат әлгі жалған күнтізбеге қатты шырмалып, космоспен, яғни аспан әлемімен телепатиялық табиғи байланысын мүлде үзіп алған, демек, о баста Тәңір сыйлаған құндылықтардан адасып қалған. Соның салдарынан, өкінішке орай, бүгінгі таңда адамзат өзін де, өзі тіршілік етіп отырған биосфераны да жойып жіберуге шақ қалып отырғанынан мүлде бейхабар.

Дей тұрғанмен, ‘адасқанның алды жар, арты соқпақ’ демекші, бұл қатерден шығатын еш амал қалмаған екен деуге де болмайды. Мәселен, Хосе Аргуэлльес адамзатқа “уақыт - ақша“ секілді жасанды уақыт заңы мен 12:60 сынды жасанды уақыт жиілігіне негізделген күнтізбеден тез арылып, майялардың байырғы күнтізбелері мен галактикалық табиғи уақыт жиілігінің өлшемі - 13:20 екенін тезірек ұғынуды және сол уақыт модуліне негізделген әр айы тұрақты 28 күннен, әр жылы 13 ай- дан тұратын әрі ғұлама Аргуэлльестердің өздері өңдеген майялардың галактикалық мәңгі өзгермейтін тұрақты күнтізбесіне бірден көшуді ұсынады. Бірақ бұл ұсыныстың байыбына бара алмаған ғалымдар: «13 айлық күнтізбелер ескі өркениеттердің біразында, атап айтқанда, мысырлықтардың тарихында да, жалпы мұсылман әлемінде де, тіпті, Қытай өркениетінде де болып еді ғой. Олай болса, Хосе және Ллойдин Аргуэлльестердің жасақтаған күнтізбесінің алдыңғылардан несі артық?» деген сияқты уәжді көлденең тартады. Алайда Аргуэлльестер ұсынып отырған 364 күндік күнтізбенің Григорий күнтізбесінен артышылығы жетеді. Тек оны көре білу керек. Ендеше, Аргуэлльестер ашқан “Уақыт Заңына” тереңірек үңілелік. “Хосе және Ллойдин Аргуэлльестер өңдеп жақсартқан 13 айлық күнтізбенің басқа күнтізбелерден артықшылығы неде?” деген сұраққа бірден жауап бермес бұрын, ең алдымен, әлгі ғалымдардың түбегейлі ұстанымдарына назар аударалық. Олар байырғы сұңғыла математик майялар құрастырған күллі күнтізбелерді (олардың жалпы саны - 17) сараптай келе, абыз майя ғалымдарының уақытқа қатысты бірегей құнды қағидаларын басшылыққа алған. Біріншіден, Аргуэлльестер майялардың уақытты кеңістікпен шатастырмайтынын анық байқаған. Өйткені майялар кеңістіктің шегі бар, ал уақыттың шегі жоқ екенін, өте анық білген. Одан да дәлірек айтқанда, майялар уақытты үштік өлшеммен өлшеуге болмайтынына және уақыт тек сананың, яғни төрттік өлшемнің ғана еншісі екеніне түбегейлі көз жеткізген. Екіншіден, майя ғалымдары космостан түсетін кез келген галактикалық сәуленің немесе электромагниттік толқынның өз жиілігі немесе модулі болатыны секілді уақыттың да өз жиілігі мен модулінің болатынын айқын сезінген.

Үшіншіден, Аргуэлльестер уақыт жиілігінің өлшемі немесе модулі 13:20 екеніне де толық көз жеткізген. Өйткені ғалымдар әлгі жиіліктің галактикалық орталықтан бастау алып, содан соң Жерге жетіп, жетіп қана қоймай, Жер беті мен оның атмосферасына да өз әсерін үнемі тигізіп отыратынын, сондай-ақ, әлгі жиіліктің күллі космос сәулелерінің де ортақ модулі екенін, яғни галактикалық тұрақты өлшем бірлігі екенін терең түйсінген.

Төртіншіден, Аргуэлльестер космостан түсетін (негізгі құрамы 95% -тен 99%-ке дейін протондар, ал өзге құрамы, шамамен, 4.5%-тен 1.5%-ке дейін гелий ядросынан тұратын) Галактикалық сәулелер мен Күн сәулелерінің Жер биосферасындағы тіршілік иелерінің бәріне бірдей әсер ететінін де терең білген.

Міне, сондықтан да, “сол сәулелердің, атап айтқанда, адам баласы мен басқа тіршілік иелеріне тигізетін радиациялық әсерінің нақты көрінісі қайсы?” деген сұраққа жоғарыдағы ғалымдардың берген тұшымды жауабы мынаған саяды: “Космостан таралатын сәулелер тіршілік иелерінің бүкіл болмысына, әрбір клеткасына, күллі ағзасына, тіпті саусақтары мен башпайларының саны ғана емес, буындарының да саны мен сапасына тікелей себепші. Ал одан да нақты айтқанда, әлгі сәулелер тіршілік иелерінің күллі генетикалық кодына (ДНК) тікелей әсер етеді. Демек, адамзат пен адамға ұқсас жанурлардың аяқ-қолдарындағы 10 саусақ пен аяқтарындағы 10 башпай болсын, сол сияқты олардың ағзаларындағы мойыннан бастап екі тобыққа дейінгі 13 буыны және 13 мүшесі болсын, жоғарыда аталған уақыт жиілігінің галактикалық тұрақты өлшемі - 13:20 -ның нақты көріністері екенін мойындамау мүмкін емес. Тіпті, әлгі тұрақты өлшемнің кәдімгі тасбақаның арқа сауытындағы ірі-ірі 13 бунақ пен сол бунақтардың етек жағын орай оналасқан көлемі кішірек 20 бунақшаларынан да анық көрініп тұрғанын қалай жоққа шығаруға болады?

Хосе және Ллойдин Аргуэлльестер ашқан жоғарыдағы заңдылықтардың бәрін де абыз майялар өз заманында өте шебер меңгеріп қана қоймай, қатаң сақтай да білгенін әрі олардың тек табиғат биоритмімен үйлесімді өмір сүргеніне өздерінің де, өзгелердің де көздерін анық жеткізеді. Ендеше, кез келген адамның көкейіне қона кететін әлгі ғалымдардың берік ұстанымдарының еш ғылыми негізі жоқ деп кім айта алады?

Енді “Аргуэлльестер құрастырған 13 айлық күнтізбенің табиғи биоритмге, яғни 13:20-ға сәйкес келетіндігін дәлелдейтін басқа факторлар бар ма?” деген мәселеге келетін болсақ, мұның да жауабы бар. Мәселен, Ай бір жылда Жерді 13 рет айналып шығады. Бұл – еш уақытта өзгермейтін астрономиялық заңдылық. Ал мына бір дерек одан да ғажап. 2007-жылы сәуір айының 25-і күні астрономдар Күн жүйесінің сыртынан Жерден, шамаман, 200 триллион шақырым қашықтықта орналасқан Жерге ұқсас және бір планетаны ашқан-ды. Әлгі планетаның орбитасы сөне бастаған  өз  Күнінің  орбитасына  жақын  екен.  Ең бастысы, Жерге ұқсас, бірақ одан шамамен бес есе үлкен әлгі планета да өзінің карлик Күнін 13 күнде бір рет айналып шығады екен. Демек, әлгі құбылыс галактикалық уақыт жиілігінің тұрақты өлшемінің де 13 екенін La Silla атты Оңтүстік Еуропадағы әлгі обсерватория ғалымдары ашқан жаңа планета да қоса дәлелдеп тұр. Ендеше, 13-тің барша галактикалық ортақ өлшем екенін, яғни оның еш уақытта өзгермейтін тұрақты заңдылық екенін мойындамау мүмкін емес.  Сосын, тек 13 қана емес, майя күнтізбесіндегі 28 деген сан да адам ағзасында тұр. Мұның айқын дәлелі  қолымыздағы 10 саусақты құрайтын    28 (14+14) буыннан да өте айқын көрініп тұр.

Майялардың “Цолкин” күнтізбесінің өзі де  нағыз  галактикалық уақыт жиілігінің тұрақты өлшеміне, яғни 13:20-ға негізделген Ай күнтізбесі. Ол күнтізбенің ені – 13 ұядан, тігі 20 ұядан (13х20) тұратын 260 ұялы тік төрт бұрышты бейнелейді. Хосе мен Ллойдин Аргуэлльестер оны терең де түбегейлі зерттеген әрі өздері құрастырған 13 айлық күнтізбе мен өздері ашқан Уақыт Заңына тұғыр етіп пайдаланған. Сосын, Цолкин күнтізбесінің графикалық кескіндемесіне (кейде мұны «тоқу станогы» деп те атайды) жіті назар аударған әрбір адам әлгі 260 ұядағы сандардың қалай орналасқанына мән бермеуі мүмкін емес. Өйткені әлгі сандар бірден бастап, 260-қа дейін бірін-бірі қуалай, яғни әдеттегігідей, біздер қолданатын тәртіпке сай орналаспаған. Керісінше, ондағы цифрлар төрт бұрышты кестенің ені емес, бойын қуалай, жоғарғы сол жақтағы бұрыштан бастап, бірінші бағананың бойымен төмен қарай 1-ден 13-ке дейін барып, ары қарай тағы да 1-ден 13-ке дейін синусойда тәртібімен (біресе төмен, біресе жоғары) бағанадан бағанаға ауыса береді. Сөйтіп, ең соңғы 13-бағананың төменгі оң жақ бұрышындағы 260-шы ұяға келіп тіреледі. Сосын, әлгі кестенің сол жақтағы төменгі ұясы мен жоғарғы оң жақ бұрышындағы ұяшығы 7 санының үлесіне  тиеді. Бұл айтылғандар төменде келтірілген Цолкин кестесінде тайға таңба басқандай көрініп тұр. Күнтізбеге терең үңілген адам онда басқа да математикалық заңдылықтардың бар екеніне де қоса көз жеткізеді.

Майялардың Цолкин күнтізбесінің бірден көзге ілінбейтін тағы бір сыры бар. Бұл - Хосе Аргуэлльестің 13 пен 28-ге негізделген галактикалық мәңгі күнтізбесіндегі басты цифрлардың бірі – 28. Ол Цолкиннен бірден байқалмайды. Сондықтан да “неге олай?” деген сұрақ туындайды. Бірақ бұл сұрақтың жауабы да Цолкиннің, яғни 260 күндік күнтізбенің ішінде тұр. Өйткені Цолкин - сегіз қырлы, бір сырлы күнтізбе. Себебі 260 - Күн жүйесіне кіретін аспан денелерінің әмбебап галактикалық циклы ғана емес, бұл тұрақты сан - Ана құрсағында өсіп жетілетін жер жаһандағы күллі эмбрион-нәрестенің, күллі адамзаттың да киелі күнтізбесі. Мәселен, жүкті әйелдердің айлығы тоқтаған сәттен бастап, босанғанға дейінгі мерзім тұп-тура 260 күнге теңеледі екен. Бұл заңдылықтың нақты дәлелі де бар. Мәселен, аяғы ауыр әйелдерге байланысты айтылатын “Ана құрсағындағы нәрестесін тоғыз ай, тоғыз күн көтереді” дейтін қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркесі – Цолкин күнтізбесінің де нақты көрінісі десек, шындықтан алыс кетпейміз. Себебі әлгі сөз тіркесіндегі тоғыз айды Аргуэлльестердің 13/28-ге негізделген күнтізбесіндегі 28 күнді 9-ға көбейтсек, 252 күн шығады, ал оған және тоғыз күнді қоссақ, тұп-тура 261 күн шыға келеді. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген осы болар, сірә. Бірақ ‘бір күні артық кетті ғой’ деушілерге де жауап дайын: Ана құрсағында 260 күнде пісіп-жетілген нәресте анасының толғағы жеткен күннің ертесіне, көбінесе, Ай толған мезгілде дүниеге келеді екен.

Демек, халық аузындағы тоғыз ай тоғыз күннің біреуінен басқасы Цолкин күнтізбесіне толық сыйып тұр. Сосын, халық аузындағы тоғыз ай тоғыз күннің Григорий күнтізбесіндегі ұзынды-қысқалы 12 айға еш қатысы жоқ. Өйткені күнтізбесі жасанды. Ондағы орта есеппен 30 күннен тұратын тоғыз ай мен тоғыз күн 279 күнге теңеледі. Ендеше, арғы тегі Кіндік Алтайда жатқан ежелгі майялардың күнтізбесі мен түркі халықтарының күн санауының арасында да нақты сабақтастық бар екені дәл осы жерден сыр береді. Өйткені «13- те отау иесі» дейтін қыз балаға қатысты айтылатын тұрақты тіркес пен «13  –  мүшел» деген  біздің  төл  мәдениетімізде қалыптасқан аксиома пікіріміздің дұрыстығының нақты дәлелі. Сосын, дәл осы тұста тілімізде қалыптасып қалған “12 мүшем сау болса...” дейтін тұрақты сөз тіркесінде мүлт кеткен бір қателік барын айтуды парыз деп санаймын. Өйткені адам ағзасында да 13 буын және 13 мүше бар. Екі иық пен екі тобыққа дейін алты-алтыдан 12 буын және 12 мүше болса, мойнындағы 13-буын мен ағзамыздағы ең басты 13-мүшесін, яғни адамның басын қалайша есептен шығарып тастауға болады? Әрине болмайды. Олай болса, қажет болғанда айтар уәжімізді әлгі тұрақты тіркесте кеткен қателікті қайталамай, “13 мүшем сау болса...” деп бастағанымыз ләзім. Галактикалық тұрақты өлшем жиілігінің 13:20 екендігіне басқа аспан денелерінің циклдары да дәлел. Мысалы, Үркер топ жұлдыздары жылдың белгілі бір мерзімінде көкжиектен қылаң берген сәттен бастап, өз орбитасымен күн санап баяу жылжи отырып, аспан күмбезінің төбесіне көтеріледі. Содан соң баяу еңкейіп, белгілі бір уақыт өткен соң, қарсы көкжиектен асып, батып кетеді де, көпке дейін көзден таса болады. Бұл құбылысты кезінде майялардың да өте жіті бақылағаны байқалады. Бақылап қана қоймай, бас-аяғы төрт жүзге тарта жұлдыз шоғырынан тұратын Үркер тобының келесі рет көкжиектен қайта қылаң беретін сәтіне дейін 260 (13х20) күн өтетінін ғана емес, оның ұзын есепке жататын 26000 жылдық циклін да дәл есептеп шығарған. Демек, Үркер топ жұлдыздарының циклы да галактикалық тұрақты өлшемге, яғни 13-ке тікелей тәуелді екені айқын байқалып тұр. Сонымен қатар, адам ағзасында жоғарыда аталған 13 пен қоса 20 да, 28 де өз орындарын тапқан. Мысалы,  адам денесіндегі он саусақ пен он башпай (10+10) 20-ға теңелсе, 10 саусақтағы буындардың саны (14+14) 28-ге теңеледі. Демек, кез келген жас бала болсын, ересек адам болсын аспан денелерінің галактикалық циклдарын бұлжытпай қайталайды.

Тіпті, әйел затына тән ай сайын бір рет, жылына 13 рет қайталанатын физиологиялық құбылыстың қазақ тілінде “айлық“ деп аталуы да жайдан-жай емес. Себебі дана халқымыз бұл тылсым құбылыстың тікелей Аймен байланысты екенін анық білген. Сосын, бұл күнде ғылым дәлелдеп отырғандай, Ана құрсағына баланың бітетін мерзімі мен өмірге келетін мерзімі, сондай-ақ, бүкіл әлемдегі аналар толғағының басым көпшілігінің Ай толған мезгілге сәйкес келетіні күллі адамзат тағдырының космос кеңістігіндегі Жерге жақын тұрған планеталар мен жұлдыздар жүйесімен де, олардың галактикалық  циклдарымен де, Күннен ұшып шығатын альфа, бета, гамма сәулелерімен де, Жердің биосфера ырғағымен де тікелей байланысты екенін толық айғақтап тұр. Мұның сыртында ана тілімізде күні бүгінге дейін сақталып келе жатқан “13-те отау иесі”, “13 - мүшел” секілді аксиомаға айналған тылсым фразалық тіркестердің де 13 айлық жаһандық мәңгі әрі тұрақты да табиғи күнтізбемен тікелей байланысты екені еш күмән туғызбайды.

Дәл осы тұста жоғарыда сөз болған Аргуэлльестерді Уақыт Заңын ашуға жетелеген де Пакаль Вотан саркофагының қақпағына ойылып жазылған 13 өсиет белгі немесе тылсым таңбалар екенін атап айту парыз. Өздері ашқан “Уақыт Заңының” нақты формуласын Аргуэлльестер былай түйіндейді: T(E) = ART. Мұндағы Т -“Уақыт“ (Time), Е - “Қуат“ (Energy), ал ART - “Өнер“ деген ұғымдарды білдіреді. Демек, “T(E) = ART” деген формула - уақыт өлшемімен үйлесе отырып, өзгеретін қуат көзінің өнер туындысына айналатынын айшықтайтын әмбебап заңдылық. Ал бұл заңдылықтың өмірдегі, яғни адамзатты қоршаған ортадағы көрінісі де алуан түрлі. Мәселен, ғарыштан келетін Галактикалық сәулелердің қуаты суды буға айналдырса, бу бұлтқа айналады. Ал бұлт жаңбырға айналып қайта жауса, “Безендірген жер жүзін Тәңір шебер” деп ұлы Абай ғұлама айтпақшы, Жер бетін көк майсаға,  ну орманға немесе мың түрлі гүлге орайды. Демек, бүкіл биосфера, оның ішінде адамзат та, фауна да, флора да, тіпті, жер қойнауындағы элементтер де Уақыт Заңының тікелей жемісі әрі олардың бәрі де қайталанбас өнер туындылары. Тіпті, ең дарынды деген қылқалам шеберлерінің қолдарынан шыққан небір әсем туындылардың өздері де 18000 ғаламның иесі – Жаратқанның әмірімен жасалған ғажап дүниелердің көшірмесі ғана десек, шындықтан алыс кетпейміз. Ендеше, осы құбылыстар мен табиғи заңдылықтардың бәрін де өз ғылымы мен біліміне іргетас еткен байырғы майялардың сәуегейлігі мен ғажап өркениетінің негізі болып саналатын күнтізбелер жүйесіндегі 13 деген киелі өлшем бірлігі туралы тұжырым мынау: кіндігі о баста Алтайда кесіліп, Көк Тәңіріне сыйынып, бөрілі байрақ желбіреткен ежелгі көк түріктер өркениетінде сақталып қалғаны, сақталып қана қоймай, бүгінге дейін аман жетіп, қазақ тілінің сөздік қорынан орын алған 13-пен байланысты тұрақты сөз тіркестерінің, тарихи сабақтастықтың куәсіндей болып, әлі де қолданыста жүргені ғажап емей немене?

Аға, сіздей саясатта жүрген, ғылымға бас қойған адамға ақ сөйлеп, адал жүру қиын тірлік емес пе?

–«Сауалыңның астарын түсініп отырмын. Алайда сын түзелмей мін түзелмейтінін ескерсек, ақ сөйлеп, адал жүру - әр азаматтың парызы. Сосын, ‘Тура айтқан туғанына жақпайды’ демекші, мінезі тік әрі шындықты бетке айтатын адамды өзге емес, ең алдымен өзіңе етене жақын туыстарыңның өзі де жақтырмай қалатыны өтірік емес. Өйткені, мұның нақты дәлелдері сөздік қорымызда тұрған «басқа пәле тілден», «тілім менің – жауым менің», «аңдамай сөйлеген аурмай өледі»  секілді мақал-мәтелдерден де анық байқалады және ол нақылдардың астарында ‘тіліңе сақ бол’ немесе ‘абайла’ секілді тыйым қағидалары тұр.  Ал ғылым тілінде ырым-тыйым атаулының халықаралық терминге айналған бірегей ортақ атауы – табу. Міне, сол табу, яғни  ырым-тыйымдар - әлем халықтарына, оның ішінде күллі түркі халықтарына да тән әмбебап этно-мәдени әрі этно-лингвистикалық құбылыс. Сосын, жоғарыда атап өткендей, бұл тақырып - менің ғылыми-зерттеу нысаналарымның бірі болғандықтан, ұзақ жылдар бойы жүргізілген терең ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Түркі әлемінің ырым-тыйымдары» атты ғылыми монографияма «Жаһандық тыйымдардың қайнар көзі киелі кітаптарда» деген және бір тарау енгіздім. Мұның өзіндік объективті себебі бар. Өйткені, шындығында да, тыйым атаулының түп төркіні Тәурат, Библия, Інжіл және Құран сынды киелі кітаптарда жатыр. Мәселен, өтірік айтпау, ұрлық жасамау, ешкімнің ала жібін аттамау, кісі өлтірмеу, қылмыс жасамау, жақының мүлкіне көз салмау, біреуді даттамау, іштарлыққа жол бермеу, ысырап жасамау секілді адамзатты әділеттің ақ жолына үндейтін өзге де тыйымдар мен әмбебап әдеп қағидалары жүздеп кездеседі. Бір сөзбен айтқанда, тәлім-тәрбиелік құндылықтардың бәрі де киелі кітаптарда жіпке тізгендей тізулі тұр. Тіпті, кез келген мемлекеттің саяси билік жүйесінің қандай болу керектігі де, оның ішінде әсіресе сот жүйесінің әділетті болуына да ерекше назар аударылған.  Міне, дәл осы тұрғыдан келгенде, киелі кітаптарды тек қана діни кітаптар деп ұғатын болсақ өте қателесеміз. Өйткені  ол кітаптар ең алдымен  – Алланың мәңгі өзгермейтін тұрақты әрі ешқашан өзгермейтін әділетті ілімі, яғни адамзаттың әмбебап рухани діңгегі немесе кез келген пенденің күнә жасаудан сақтандыратын әй дейтін ажасы мен қой дейтін қожасы.

Ағылшын тілін қалай тез үйренуге болады?

–Кез келген тілді өте тез үйренуге болады. Ол үшін тек әр азамат ең алдымен өзінің ана тілін өте жетік білуі керек. Әсіресе, өз тілінің грамматикасын жақсы білген адамға кез-келген шет тілін оп-оңай үйренуге болады. Бұл пікірді мен қазақ, орыс және ағылшын тілдерін тең меңгерген кәсіби маман ретінде айтып отырмын.

Қазір немен айналасудасыз?

–«Викингтердің ізімен» деген ғылыми-гипотезалық кітап жазу үстіндемін. Мұның басты себебі мынада: тек қана ағылшын-саксондықтар ғана емес, тілдері герман тобына кіретін Скандинавия халықтарының да түпкі тегі сақтардан бастау алатыны бүгінгі таңда анық байқала бастады. Сосын, бұл жай ғана құрғақ сөз емес. Өйткені бұл гипотезаның астарында антропогендік ғылымдар тобына жататын лингвистикалық, археологиялық, генетикалық және ДНҚ-генеалогиялық ғылымдар саласында әлем ғалымдары жүргізіп отырған  ғылыми-зерттеу жұмыстарының соны нәтижелері жатыр.

-Әділ аға, терең мазмұнды сұхбатыңызға алғысым шексіз!

 

Сұхбатты жүргізген Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы