Ақбоз арман

1385
(Бүгін Абайдың жасына келген талантты шайыр Светқали Нұржановтың сөз өнеріндегі алғашқы адымдары туралы кезінде қаламдас досы Амантай Шәріп те пікір жазған екен. 1988 жылы хатқа түсіп, 1989 жылы «Жұлдыз» журналында, содан соң 1990 жылы «Уақыт және қаламгер» жинағында жарияланған бұл пайымдамаларды сол замандағы әдеби дамудың контексінде қарастырған абзал. Мақаланы ықшамдап ұсындық).
*****
Қазақтың белгілі ақын қызы Күләш Ахметова кейінгі жылдардағы поэтикалық ахуалдың байыбына бойлап барған бір сәтінде:
Біздің ару сіңлілер бейнелері,
Ұлы жүрек тілінде сөйлемеді,
деген жолдарды жазған болатын.
Базына-наздың кімге бағышталғаны әбден түсінікті. Бір жағынан, негізі жоқ емес пайым. Жігіттердің махаббат тақырыбына жазған өлеңдері саны жағынан аздық етпесе де, мазмұны мен толғанысы тұрғысынан көп ретте талап деңгейінен (бәлкім, оқырман қыз-келіншектер жүрегінен) шықпай жүргені рас. Бұл – толғақты мәселе. Жұмекен айтпақшы, «Арулар деп бастасаң-ақ бір ойды, Сөз соңын жұрт төсекке әкеп тірейді». Мүмкін, адамгершілік-эстетикалық бағдарымыздан жаңылып қалдық па екен?..
Әйткенмен, мүлдем баз кешудің де жөні жоқ тәрізді. Міне, «ең нәзік» тақырыптағы олқылықтардың орнын бітейтін бір дүние – жас ақын Светқали Нұржановтың «Жалын» журналында жарияланған «Арал қызына» атты өлеңдер топтамасы. Кезінде дуалы ауыз ақсақалымыз Әбділда Тәжібаев оған қатысты жылы тілек білдіріп, ақ батасын бергені белгілі.
Оқты мылтық тұра ма, атылмай түк,
Ашылды сол құпия хатым қайтіп?!
Анам естіп қойыпты, ұйқысырап,
Жатқанымда өзіңнің атыңды айтып...
Әдемі емес пе?! «Мен сені өңімде де көрем, түсімде де көрем» деген ыңғайда жиі ұшырасатын долбарсыз төгілістерге қарағанда бұл шумақта әлдеқайда әсерлі сүйкімділік бар. Ғашықтықтың тылсым күйін айдай әлемнен көкірегінде жасырын ұстап, қастерлеп жүрген, бірақ оны ең жақын жанашыры – анасынан бүгіп қала алмаған мұңлық жанның шынайы да пәк тебіренісі аңғарылады...
Осы пафосқа қосымша биік аңсар, асқақ құштарлық – Светқалидің тырнақалды туындыларына тән етене қасиет десек қателеспеспіз («Аңсау бар жанда ес-түссіз!// Тым-тым алыста//Тек мені күтіп жатқан бір ақ әлем бардай!»).
Жас ақын қазақ ұғымында киелі саналатын ақ, боз түстерді мол қолданады. Образды суреттерді осы бояуларды араластыра отырып, қара түсті фонның аясында жасауға бейім. «Түнгі қиял» атты өлеңіндегі мына жолдар – соның айғағы:
... Қара суда қалғыған аққуға ұқсап,
Ақ көйлекпен көрінсе елесің алдымнан.
...Ақ боз атым жеткізсе алып-ұшып бір
Қара түнде қалғыған, ағарған мұратқа.
Дәстүрлі арналардан сусындаған Светқали жырларының рухы да, нақышы да қазақы. Оның туындыларындағы сахара тұрмысын әспеттейтін әртүрлі реалиялар (аруана, қара саба, тас қорым, арғымақ, т.б.), әрі-беріде өткен халықтық тұлғалар (Абыл, Сәттіғұл, т.б.) таза тарихи немесе этнографиялық дерек ретінде қалып қоймай, бүгінгі заманның тыныс-тіршілігімен сабақтастық тауып, астарласып жатады. Ақынның балаң кезіндегі аспани романтизм «өмірлік материалмен» молығып, даралығы басым жаңа бір сапа түзген. Жас қаламгердің көркем ой жүйесіне ұлттық бояулардың сіңістілігі – бұлжымас табиғи қасиеттерінің бірі. Мысалы:
Күлдір-күлдір күрең тай кісінесе,
Былдыр-былдыр күндерді сағынамын.
*****
Араласып кете барам халықпен,
Үйіріммен табысқандай қайтадан.
*****
Қаңғып жүрем қашаған бір жылқыдай, т.б.
Светқалидың шын мағынасында жан-жақты да толымды суреткерлікті мұрат тұтатындығы сезіледі. Қанжығасына бұйырған олжа-жетістіктері осының төңірегіне саяды.
Ол – көрудің ақыны:
...Торсық шеке сәбидің кекіліндей
Күн шетінде шөкім бұлт желбіреп тұр.
*****
...Аспан деген нән табақ, ал Күн болса,
Сары майдай табақтың түбіндегі.
*****
... Төбешіктің дәл үстінен Ай шықты,
Бөбешіктен шыққандайын сүт атып.
Ол – естудің ақыны:
... Гуілдейді салқын жел әлсін-әлсін,
Әлдеқайда жатқандай мыстан жылап.
*****
...Сыпсың-сыпсың жел сөйлеп кетті алдымнан.
Ол – қозғалыс-қимылдың ақыны:
Түні бойы, шіркін-ай, толғатқан тал,
Таң атқанша қойды ғой бүр жара алмай.
*****
...Жұлдыздар да тап бүгін
Көз қысудан жалыққан.
Осы секілді әдемі айшықтар Светқали өлеңдерінің тұтас мазмұнына нұқсан келтірмей, жөнімен салынған ою-өрнектей өңін ашып тұрады. Ақын фантазиясының ұшқыр әрі бай екендігін айғақтайтын басқа да мысалдар баршылық... Бір қарағанда, аулада жайбарақат қыдырыстап жүрген кәдуілгі ақ тауық пен аспандағы қасиетті Айдың арасында қандай байланыс болуы мүмкін? Сөйтсек, бар екен. Оған дәлел – Светқалидің «Алтын айдар ақ тауық» атты өлеңі. Жаңа туған Ай – жұмыртқаны жарып шыққан балапан, ал жұлдыздар – қорекке шашылған тары. Сол жемді теріп жеп толған Ай – алтын айдар ақ тауық. Бұлт шықса, күлге аунағандай, бауырын көк төсіне сүйкеп-сүйкеп алады. Он бес күн көрінбей кеткені – кетегінде жұмыртқа басып жатқандығы. Светқали осылайша бейқам тіршілік иесі мен космогониялық ұғымдарды әдемі үйлестіріп, мезгіл қозғалысының әсерлі поэтикалық суретін жасайды. Бірақ төмендігі шумақ болмаса, сурет тек сурет күйінде қалар еді:
Ақ аспанға шыққан кезде жаңадан,
Қауіп ойлап қарай берем анықтап.
Жұмыртқаны жарып шыққан балапан
Айналғанша алтын айдар тауыққа.
Бүкіл әлемдік апат қаупі төніп тұрған кезеңде өтпелі тыныштық пен қаннен-қаперсіз сұлулыққа алданбай, дүниенің мәніне үңілу керектігін меңзейтін бұл өлеңнен адамзат тағдырына алаңдаған ақынның ой-сезімі білінеді...
Амантай ШӘРІП,
1988 жыл, шілде.
Пікірлер
Редакция таңдауы