Алмас Жүнісбай.Бүгінгі жемқорлық пен парақорлық, ашкөздік пен тойымсыздық, надандық ашаршылық кезден тамыр алады

11321
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың болмысы мен тек қорын өзгертіп, жадысы мен бойына сіңіп кеткен ашаршылықтың қасіретін саясиландырмау үшін, бұл мәселені тәуелсіздіктің басы мен 30 жылдығында ғана көтермеу керек еді. Осы аралықта ашаршылықтың тарихын не қажет етпеді, не көңіл аудармады, не зерттеуге мүмкіндік жасамады. Ал енді келіп, сабыр сақтап, саясиландырмайық дейді.

 

Солақай саясаттың салдарынан ашыққан қазақ ата жерінен ауа көшіп, Қытай, Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан жерлерінде панасыз бен қорғансыз босқынның күнін көрді. Бас сауғалап қашқан қазақты шекарада кордон қойып, ОГПУ мен НКВД, Қызыл әскердің отрядтары аяусыз қырып, бүкіл мал-мүлкін тартып алды. Көрші елдерде де бұларға тыным болған жоқ, көрші республикалардың басшылары қазақтың малын тартып алып, сол арқылы ет салғыртын төлеп, өздерін теңтіретіп жіберді. Қазақ өз жерінде де, көрші бауырластардың жерінде де, Батыс Сібірде де ешкімге керек болмай қалды. Аш-жалаңаш қазақты ит пен малға теңеп, жұмысқа да алмады, бір үзім нан да бермеді. Қазақтарды ұры, жалқау деп, әлеуметтің ең төменгі сатысына жатқызып, әбден қорлады. Өліп жатқан қазақты санауды да қойған, оларды ешкім көмген де жоқ. Аштан бұралған, әбден әлсіреп қажыған қазақ өз бауырын жер қойнауына тапсыруға күші де болмады.

 

Тек 1932 жылы ғана Қазақстанда панасыз қалған балалардың саны 80 мыңнан асты. Бұл балалар үшін арнайы үйлер құрғанымен, оларға азық берілмеді. Кішкентай балалар сол жерде аштан бұралып, қырылып жатты. Ашаршылық ең алдымен осы балалар мен жасы келген қарияларға ауыр тиді. Бұлардың арасында ашаршылықтан аман қалғандары өте аз.

Ашаршылық тарихын зерттеген шетел тарихшылардың барлығы да 90 жыл бұрынғы Үлкен ашаршылық қазақтың дәстүрлі шаруашылығы мен қоғамын ғана жойып қоймай, оның болмысы мен мінез-құлқын толықтай өзгертіп жіберіп, оны момын "кеңестік ұлтқа" айналдырды деген пікірге келген. Осыдан кейін қазақ инерциямен бас көтерсе де, бұрынғы қауһары да, қайсар мінезі де аз қалды. Ашаршылық қазақ халқының психикасын өзгертіп, қасірет пен нәубет жылдарындағы қорқыныш пен үрей, шарасыздық пен түңілушілік сияқты кері тұстар біртіндеп жады мен бойға сіңе бастады.

 

Бүгінгі қазақ қоғамының дертіне айналған жемқорлық пен парақорлық, ашкөздік пен тойымсыздық, көргенсіздік пен немкеттілік, надандық пен көнгіштік, шарасыздық пен бойсұнышылық сол кезден тамыр алады.

Тіпті 1931-1933 жылдары қайта ораламын деген қазақты біздің сол кездегі билік қабылдағысы келмеді. Көршілер мәжбүрлеген соң ғана, амалсыздан жер жерге өкілетті адамдарын жіберіп, елге оралыңдар деп үгіт-насихат жүргізіп, жарылқаймыз деп өтірік ұран тастады. Үстіндегі жыртық-жамау киімінен басқа түгі жоқ, темір жол бекеттеріне жиналған қазақты билік тағы да алдады. Апталап эшелон күткен қазақ сол жерде жүздеп өліп жатты.

 

Состав келгеннің өзінде жолға азық, тіпті су да бермеді. Ал жіберсе, астыққа құм араластырып, көмек көрсеткендей болды. Ол аз болса, арасында антикеңестік элементтер бар деп, бірнеше күн шекарада ұстады. Азықсыз тексеруді күткен қазақ тағы қырылды. Осындай ауыртпалықтан өтіп елге оралған қазақты тағы да ешкімге керек етпеді. Оларды өз ата жері мен туған ауылдарына емес, шекарадан шалғай жерлерге ішкі далалы өңірлерге апарып колхоз етіп орналастырмақшы болды. Кейін Қытайдан 100 мың бас мал сатып алып, мал шаруашылығын көтермекші болды. Соны қалпына келтіруге кеңес өкіметінің 30 жылы кетті. Қазақ жылқысы, қазақ қойы, қазақ тазысы деген сол кезде құрып біткен. Өйткені 1928-1932 жылдары Қазақстанда бүкіл мал басының 90 пайызы жойылған. Ал қалаларда және кәсіпорын орталықтарында мысық пен ит қалмаған кез еді.

 

Қазақтың бұл қасіретті тарихы әлі де жүйелі түрде зерттелмей келе жатыр. Оның ашылар тұстары мен қырлары өте көп. Мұны зерттегенде де, тек тарихшылардың мойынына іле салуға болмайды. Бұл кешенді салалы ғылыми зерттеуді қажет етеді. Өйткені ашаршылық қазақтың да, оның басты азық көзі - малының да тек қорын тұтастай өзгертіп жіберген.

Бұл зерттеу бір жылдың да, не бір зерттеу институтының да көтеретін жүгі емес. Әруақты сыйлаймыз десек, ашаршылық құрбандарын еске аламыз десек, науқаншылдықты қойып, бұл нәубетті жоспарлы, сатылы, кезең-кезеңмен зерттеуіміз керек.

Ашаршылықпен айналысатын мамандардың есімдері белгілі. Ашаршылықтың тарихын аша алатын сол кеңестік кезеңнің мамандары да белгілі. Біздің елде тарихты жаза алатын кәсіби маман көп емес. Ашаршылықтың тарихына кедергі мен тосқауыл болып тұрған нәрселердің барлығы да белгілі. Біздің архивтерде құжаттар жетіп артылады, ашаршылықтың тарихын жазып шығамын деген адамға. Бұл байқұс архивтердің жағдайы да белгілі. Тиын үшін зерттеумен айналысып жүрген тарихшы-ғалымдардың жағдайы да белгілі. Еш құпия емес.

 

Осы мәселелердің шешімін тапқанда, біз, ел ішіндегі және сырттағы қазақтарға, көпшілік жұртқа ХХ ғасырда қазақтың басынан өткен ең қасіретті тарихты көптомды ғылыми туынды ретінде ұсына аламыз. Бұл тарихтың қазақ үшін ең бастысы - тағылым алу және оны болашақта болдыртпау. Олай істей алмай ма қазіргі билік, онда жұрттың басын қатырмай, шулатпай, ұрандатпай, қоя салу керек.

 

Алмас Жүнісбай

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер