Коллажды жасаған Алмас МАНАП, EQ
Әлемнің 50 тіліне аударылған ғылыми-танымдық монографиялардың қай-қайсысы болсын Хараридің есімін күллі әлемге танымал еткен-ді. Өйткені бұл еңбектердегі тұшымды пайымдар мен құнды пікірлер адамзаттың есте жоқ ескі замандардан бастап, бүгінгі таңға дейінгі эволюциялық даму үдерістеріне тек тарихи тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар антропологиялық, биологиялық, философиялық, экономикалық, ғылыми-технологиялық және саяси-идеологиялық тұрғыдан жүргізілген терең зерттеулердің негізінде түйінделгенін айғақтайды. Бұл біріншіден. Екіншіден, аталған туындылардың өзегіне өрілген жасампаз ойлар мен заманауи идеялар күллі әлемге ұйқыашар қоңыраудай дабыл қағып, тек оқырман қауымның ғана емес, ақпарат құралдарының назарын да өзіне бірден бұрған болатын. Сондықтан да шығар, The New York Times, The Economist, Financial Times, The Guardian, New Statesman, The Times немесе әлемге танымал өзге де ондаған басылым терең ойлы тарихшыға тамсана таңданып, Ю.Н.Хараридің заманауи зерттеулерінің көкейкестілігі мен маңыздылығы туралы бір-бірімен жарыса жазған болатын. Дәл сондай түйінді пікірлердің бір парасы төмендегідей:«Біз әлдеқашан игеріп алдық деп жүрген адамзат әлемінің тарихына Харари бұрын-соңды кездеспеген мүлде тосын көзқарас танытады әрі өз пайымдары мен түйінді пікірлерін дәлелдеу үшін ғылымның әр саласынан өте нанымды дәйектер мен қисынды дәлелдер келтіреді. Сондай-ақ талантты автордың кез келген ғылым саласының айдынында балықтай еркін жүзе алатыны еріксіз таңдандырады» – Financial Times.«Sapiens – жарық жұлдыз секілді cанаға сәуле шашатын әрі кез келген оқырманның қызығушылығын оятып, оқуға деген құлшыныс сезімін ұялататын туынды» – Sunday Express «Homo Deus – өте сирек кездесетін әрі оқырман қауымды еріксіз ынталандыратын кітап» – Observer «Харари – тек тарих саласының ғана қас шебері емес, оның биология, эволюциялық антропология немесе экономика саласынан келтірген ой-түйіндері де сондай анық әрі өте тұшымды... Автордан көп дүние үйренуге болады» – Daily Telegraph «Харари – нағыз қаламы ұшталған жазушы. Алайда оның жазушылық қырлары өзге авторларға мүлде ұқсамайды. Өйткені оның ойы қандай өткір әрі тұнық болса, астары терең метафораларға деген тапқырлығына да құрық бойламайды» – The Times «Харари шығармалары өте тартымды... ондағы салыстырмалы әрі ауқымы кең философиялық, ғылыми, тарихи және экономикалық параллельдер мен тарихи шындықтар кез келген оқырманның көкжиегін кеңейтіп, таным түйсігін тереңдете түседі» – New Statesman «Харари – сан қилы ғылым саласынан сүзіп алған теориялар мен дерек көздерін шебер үйлестіріп, солардың негізінде адамзаттың кешегі және бүгінгі таңдағы болмысы мен болашақ заманда қайда бет бұратыны жөнінде өте мәнді әрі тереңдігі жағынан теңдесі жоқ ғажап зерттеулер жүргізген интеллектуалдық сауысқан» – Evening Standard «Харари тек адамзат тарихының сабақтарын ғана саралап отырған жоқ, сонымен қатар ол мета-тарих сабақтарын да жіті сараптап отыр» – Washington Post. Айтса айтқандай-ақ, сұңғыла ғалымның туындыларына деген әлем оқырмандарының қызығушылығы күні бүгінге дейін еш толастаған емес және солай бола беретіні де күмән тудырмайды. Дей тұрғанмен, бір мақаланың аясы кең арналы әрі терең мазмұнды үш кітапты талдауға мүмкіндік бере қоймасын ескере отырып, автордың заманауи туындыларымен жете танысуды оқырмандардың өз құзырына қалдырып, ендігі жерде олардың өзегіне өрілген ең көкейкесті мәселелерді ғана тілге тиек етсек, аздық етпес. Мәселен, Sapiens атты бірінші монографиясында автор адамзат тарихын қалыптастырған теңдесі жоқ жаһандық үш революцияны ерекше атап өтеді. Олардың біріншісі – адам танымындағы революция болса, екіншісі – ауыл шаруашылығындағы революция, ал үшіншісі – ғылым әлеміндегі революция. Хараридің пайымдауынша, бір-бірімен тығыз байланысты аталған революциялардың біріншісі адамзаттың таным-түйсігінде шамамен 70 мың жыл бұрын басталса, екіншісі 12 мың жыл бұрын, ал үшіншісі осыдан 500 жыл бұрын ғана басталған. Солай бола тұрғанмен, Харари үш революцияның жер бетіндегі адамзаттың болмыс-бітімін ғана емес, табиғи ортасын да, сол ортада қалыптасқан өзге тіршілік иелерін де үлкен өзгерістерге ұшыратқанын атап өтеді және әлгі
Новости по теме
Демек, адамзат тарихының тамыршысы деуге лайық Ю.Н.Хараридің ғылыми-танымдық шығармаларының басты сипаты мен көздеген мүддесі – әлі күнге дейін қалың ұйқыда жатқан адамзаттың санасын оятып, күллі әлемге оның ең қатерлі жолайырықта тұрғанын ескерту десек, артық айтқандық емес.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі