Бүгін жыр алыбы Жамбылдың туғанына 175 жыл толды

4471

Бүгін – шұрайлы жырдан өшпес мұра қалдырған дүлдүл ақын, жырау, Жамбыл Жабаевтың туған күні. Ол 1846 жылғы ақпан айының 28-і күні Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руынан шыққан.

Жамбыл - әрі эпик, әрі айтыс ақыны, абыз жырау hәм жауынгер жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы.

Жастайынан ақындық өнерге құмартқан Жамбыл 14 жасында жырдың пірі Сүйінбай ақыннан бата алып, сөз өнерінің даңғыл жолына түседі.

Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда , халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды. Ол жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытты.

Назарларыңызға ақынның нақыл сөздерін ұсынамыз.

Елдің серті — ер серті.

Ақын ғаріп емес пе,
Байды өтірік мақтаса.
Заман ғаріп емес пе,
Әділеттен аттаса.

Жаманға ұйқы – жолдас, тамыр – тамақ, Болмайды көңілінде басқа талап.

Шешен кісі сөз бастар,
Адал кісі – ел бастар.

Ән — халық үні, оның шындығы, оның ойы мен сезімі

Еткен еңбек, төккен тер
Қалай түкке татымас?!

Қорқақ адам қор болар,
Көлеңкеден қорғалар.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы