Наурыз айында өткен ҰБТ-да 40% түлек межелі ұпай жинай алмаған

2886
Adyrna.kz Telegram

Ақылы негізде өткен Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сынақ тестін тапсырған шамамен 40% түлек межелі ұпай жинай алмаған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы, Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қазақстанның Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғаннан бері республика бойынша 80 мыңға жуық оқушы тестілеуден өткенін мәлімдеді.

"Межелі балды 60% түлек жинады. Әдеттегідей, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде түлектердің ең көп саны тіркелді", - деді Смағұлов.

Наурыздағы ҰБТ-ға тіркелу 4 наурызда басталды. Тестілеу 2021 жылғы 10 наурыз бен 10 сәуір аралығында өтеді. ҰБТ тапсыру құны 2 242 теңгені құрайды.

Биыл межелі балл өзгеріссіз қалады (педагогикалық мамандықтардан басқа). Республикалық және жеке меншік жоғары оқу орындарына өту балы – 50 балл, ұлттық жоғары оқу орындарына және ауыл шаруашылығы бағыттары мамандықтары бойынша - 60 балл, медициналық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 75 балл жинау қажет.

Биыл ҰБТ-ны 120 мыңнан астам түлек және басқа да қатысушылар тапсырады деп жоспарлануда. Қазақстан бойынша оқушылар ҰБТ тапсыратын 51 пункт базасында сынақ тапсырады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер