Алтын құрсақты ана 14-сәбиді дүниеге әкелді

3234
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы Кербұлақ ауданында батыр ана 14-сәбиін дүниеге әкелді. Қазақстандықтардың санын молайтуда өзгелерге үлгі алтын құрсақты ананың отбасына 2019 жылы Сарыөзек ауылынан көп балалы санатымен тұрғын үй берілген болатын.

Сәрсенбай Садуақасов пен Гүлназ Жеңісбайқызының шаңырақ көтергеніне биыл 27 жыл болған. Бүгінде үлгілі шаңырақ 10 қыз, 4 ұл тәрбиелеп отыр, 3 немере өсіріп отыр.
Кербұлақ аудандық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, мектеп қабырғасындағы бес бала оқу құралдарымен, спорттық киіммен, мектеп формасымен толық қамтамасыз етілген, үшеуі балабақша жасында. Пандемия кезінде онлайн оқуларына қажетті ноутбук те мектептен берілген. Қызы Айжан спорттың ережесіз жекпе-жек түріне қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Отағасы Сәрсенбай Садуақасов машинист, механик, дәнекерлеуші сияқты кәсіптерді меңгерген. Оның айтуынша, жігітке жеті өнер шынын да аздық етеді екен.

- Өмірдің мәні де, сәні де - бала. Денсаулығым жетсе, бала туудан қашпаймын. Қазақ «баланы жастан» дегенді бекер айтпаған. Үлкен қызым мұғалім. «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда жүреді» дейді, сондықтан алдыңғы ұл-қыздарды жақсы тәрбиелесең, соңғылары соларға еліктеп, үлгі етіп өседі деп ойлаймын", - дейді алтын құрсақты ана Гүлнәз Жеңісбайқызы.

Пікірлер