Талдықорғандық шаруалардың тірлігін мемлекеттік бағдарламалар өнімді етпек

1453
Фото @uacouncil.org сайтынан алынған
Фото @uacouncil.org сайтынан алынған

Биыл Талдықорғандық шаруалар көктемгі егін егу жұмыстарын жылдағыдан он күнге кеш бастауға мәжбүр. Бұған ауа райының қолайсыздығы себеп. Мәселен, қант қызылшасын себу үшін топырақтың ылғалдығымен қатар жердің жылу температурасы 6 градустан жоғары болуы шарт дейді мамандар. Осыған байланысты біз Талдықорған қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Абзал Зейнулдаға жолығып, аймақтағы егіс науқанына дайындық және диқандардың жер, су, тұқым, тыңайтқыш мәселелеріне қатысты біраз сауалдарға жауап алып қайтқан едік.

— Абзал Секенұлы, қазіргі уақытта жалпы Талдықорған қаласы бойынша қанша егістік жер бар, оған қандай дақыл түрлері себіледі?

– Биылғы жылы талдықорғандық шаруалар егін егуге тиісті жер көлемі 6500 гектарға жуық. Оған арпа, бидай, жеміс-жидек, басқа да  майлы дақылдармен бірге өңірдің төл өнімі – қант қызылшасын себу көзделген.
Соның ішінде 2716 гектар жерге майлы дақыл, 937 гектар алқапқа күздік бидай, арпа, жүгері, рапс сынды дәнді дақыл себу және 350 гектарға қант қызылшасын егу жоспарда. Сонымен қатар картоп 620 га, мал азығы 676 га, көкөніс пен басқа да бақша өнімдері 1158 гектар жерге өсірілмек. Сондай-ақ, аймақта Талдықорған қаласына қарасты 360-қа жуық шаруа құрылымдары бар. Олардың басым көпшілігі мал және егін шаруашылығымен шұғылданады. Жыл сайынғы мал санының арту қарқыны да жаман емес. Бүгінгі күні өңірде 3300-ден астам жылқы, 7000-ға жуық сиыр, 27 мыңнан астам қой-ешкі,  30-ға тарта түйе,  1,7 миллион басқа жуық құс өсірілуде. Мұндағы төрт түлік малға арналған арнайы жайылымдық және жем-шөп өсіретін шаппалық жерлер бар. Осы арқылы әр шаруашылық иелері малын бағып, шаруасын дөңгелетіп келеді.

— Ал шаһардағы шаруалардың көктемгі егін науқанына дайындығы қалай? Тұқым, тыңайтқыш, су мәселелерінде қиыншылық жоқ па?
—Иә, көктемгі егіс – жылдық ырыс қой. Қазір аймақта дәнді дақылдар оның ішінде күздік арпа, бидай мен мал азығы егулі тұр. Енді шаруалар жүгері және майлы дақылдар мен қант қызылшасының тұқымын сіңіруге қам жасауда. Бұл жұмыстарды негізі ертерек қолға алу көзделген. Бірақ биылғы  құбылмалы ауа райының әсерінен он шақты күнге кешігіп басталғалы тұр. Себебі қант қызылшасын себу үшін жер ылғалды, топырақтағы жылу жоғары болуы шарт. Бүгінгі күнде шаруалардың жер жыртуға қажетті техникалары дайын, тұқым, тыңайтқыштары толық, қажетті арзандатылған жанар-жағар май тегіс бөлінген. Мәселен, наурыз айына – 45, сәуір айына – 70,  мамыр айына – 40 тонна дизель отыны беріліп отыр. Ал, қалаға қарасты қант қызылшасы егілген аумақ өткен жылы 318 гектарды құраса, биыл 350 гектарға ұлғайтылды. Оған шаруалардың қандай тұқым түрін қолдануы өздерінің еркінде. Негізі қант қызылшасының отандық және шетелдік 17 тұқым түрі бар. Кейбір егіншілер Франция мемлекетінің сапасы ең жоғары «Ардан» атты қызылша тұқымын пайдаланса, кейбіреулер отандық қызылша тұқымын себуге ниетті. Су мәселесі бойынша аймақтағы ауыл шаруашылық құрылымдары «Қазсушар» РМК Алматы филиалымен ағымдағы жылы 44 млн. текше метр су алуға келсім шарт жасасты.

– Талдықорған аумағында биыл ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен халықты сапалы азық-түліктермен қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар жасалып жатыр?
– Қазіргі уақытта Талдықорған қаласында 22 қайта өңдеу кәсіпорыны бар. Оның ішінде 6 шағын наубайхана, 1 шағын диірмен, 2 шұжық, 1 макарон цехы, 3 сүт зауыты, 1 құс фермасы, 4 мал азығын дайындайтын орын, 3 мал және құс сою алаңы мен 1 мал сою пункті жұмыс жасайды. Олар елдегі індетке байланысты сақтық шараларын қатаң ұстану арқылы жұмыстарын жалғастыруда. Мысалға, 2021 жылдың қаңтар-наурыз айларында тірі  салмақтағы  824 тоннаға жуық мал мен құс сою орындарына жіберілсе, 760 тонна сиыр сүті зауыттарға өткізілген. Сондай-ақ, 91877,4 дана тауық жұмыртқасы сатылымға шығарылған. Осыған сай, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, қаладағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша көрсеткіш 101 пайыздан асып,  3881,7 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар соңғы бірнеше жылдан бері Талдықорған тұрғындарын табиғи да таза азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында қаладағы «Жерұйық» әлеуметтік сауда орнында үнемі апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Оған өңірдегі басқа да аудан, қалалардың шаруалары өз өнімдерін әкеліп, күнделікті базар бағасынан 15-20 пайыз арзан саудаланады. Бұл біріншіден, халықты сапалы да табиғи өнім түрлерімен қамтамасыз ету болса, екіншіден,  шаһардағы азық-түлік бағасының беталды шарықтап кетуінің алдын алуға мол мүмкіндік беруде.

– Шаруаларға үкіметтен бөлінетін қаржылай қолдау, басқа да  атаулы көмектер қалай беріледі?
— Үкіметтен ауыл шаруашылығына бірқатар қаржылай қолдаулар бар. Олар  «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында түрлі өнім өндірушілер мен кәсіпкерлікті қолдауға, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламалары арқылы мал санын көбейтіп, мал тұқымын асылдандыруға бағытталған. Мұндай қолдаулар бұрынғыдай емес қазір облыстық ауыл шарауашылығы басқармасы арқылы беріледі. Қалалық бөлім тек диқандардың құжаттарын реттесіп тиісті өтініштерін жеткізеді. Сонымен қатар, Жетісу жерінде жаппай  қызылша өсірілетіндіктен шыққан өнімді қант зауыттарына өткізген соң жасалған келісім бойынша қызылшаның әр тоннасы бағаланып, жарымы мемлекет тарапынан субсидияланады.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен: Айдын КӘЛІМХАН

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар