Министр мәлімдемесі: ақпарат саласында үлкен жаңалық орын алды

2369
Adyrna.kz Telegram

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері біріктіріліп, дербес «Егемен Қазақстан» акционерлік қоғам ретінде құрылғаны туралы жаңалықты бөлісті. Бұл туралы министр Facebook желісінде жазды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Бүгін отандық ақпарат саласында тағы бір үлкен жаңалық орын алып отыр. Еліміздің ең басты басылымдары – «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері біріктіріліп, дербес «Егемен Қазақстан» акционерлік қоғам ретінде құрылды. Оның Басқарма төрағасы лауазымына – елімізге белгілі зиялы азамат Дархан Қуандықұлы Қыдырәліні тағайындадым», – деп жазды Балаева.

Министр қос газеттің біріктірілуін отандық медианың даму бағытындағы кезекті маңызды қадам деп санайтындығын да айтып өтті.

«Өткен ғасырдың басында бір-біріне қанаттаса, бірінен соң бір жарық көрген жүз жылдық жылнамасы бар қос газет – халыққа ақпар жеткізуде өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқара білді. Десе де, бүгінгідей ақпараттық технология қарыштап дамыған интернет дәуірінде дәстүрлі баспасөзді заман көшіне сай жаңғыртып отыру – уақыт талабы. Сондықтан Үкіметтің Қаулысымен қабылданған бұл өзгеріс отандық медианың даму бағытындағы кезекті маңызды қадам деп санаймын», – деді ол.

Сонымен қатар министр екі газетті біріктіру – оның біреуі өз жұмысын тоқтатады дегенді білдірмейтіндігін тілге тиек етті. «Казахстанкая правда» газеті өзінің қалыптасқан брендтік атауын сақтайтын болады. Сондай-ақ басылымды мемлекеттік ақпарат тапсырысы аясында қаржылық қолдау жалғаса бермек. Ең бастысы бұл журналистердің шығармашылығына ешқандай кедергісін келтірмейді екен.

«Қайта бір орталыққа біріккен қос басылымның елді ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан қамту аясы бірізденіп, оқырман алдындағы тартымдылығы мен сапалы контент ұсыну әлеуеті одан ары артады деп ойлаймын. Біріктіру барысында тек әкімшілік-шаруашылық ресурстар қысқарады. Бірінші кезекте әрине қаржы үнемделеді. Бұл өз кезегінде, шығармашылық ұжымның табысын арттырып, сапалық құрамын күшейтуге тың мүмкіндік болмақ. Ең бастысы, республикалық бас басылымдардың мазмұн-контенті жаңа сапаға көтеріліп, бәсекеге қабілеті күшейе түседі деп санаймын», - деп жазды министр.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер