Ұлы Жеңіске Қазақстанның қосқан үлесі қандай?

3776

Адам атаулы үшін бір-бірінің жанын алу-ең қиын іс. Бірақ, майдан даласында жауынгерлеріміз ұлттың бейбіт болашағы үшін жаудың жанын алуға мәжбүр болды. Осындай қиын әрекет тек Отанымыздың амандығы болса керек-ті.

Халқымыздың бейбіт болашағы үшін отбасын тастап майданға аттанған азаматтардың жасаған ерлігін дәріптеу жас ұрпақтың міндеті һәм борышы деп білсек қателеспейміз. Олардың төккен қаны мен қиылған жанының арқасында қолымызды кеудемізге қойып «Менің елім» деп алаңсыз гимн айта аламыз.

Ұлы Отан соғысына қазақ азаматтарының сіңірген еңбегі ерен. Мұны тіпті майдандас өзге ұлт азаматтары да растап жатады.
1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына 1 млн. 400 мыңға жуық қазақ аттанған. Сондай-ақ, әскери мекемелердің ресми мәліметтеріне сүйенсек, аталған соғыс жылдары көлемінде Қазақстанда 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы және 50 тарта полктер мен батальондар жасақталған.

Қандастарымыз Отан үшін болған соғыста, көбіне майдан даласының ең қауіпті аймақтарында жүріп жаумен айқасты. Сонымен қатар әрқашан алдыңғы шепте тұрып, аянбай күресті. Ұлтымыздың майданда жүріп өмірден озған азаматтарына «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілген.

Сондай батырларымыздың бірі - Сұлтан Біржанұлы Баймағамбетов. Соғыс даласында майдандастарының амандығы мен жеңіс үшін, герман дзотының амбразурасын өз денесімен жапты. Мұндай көзсіз ерлікті екінің бірі жасай алмайтыны кәміл. Атылып жатқан оқ өзіне тигенде өмірден озатынын анық білсе де, осы әрекетке барып, батырлықтың ең жоғарғы дәрежесіне шығып, жалғаннан мәңгілікке аттанып кетті.

Қазақ даласында туған азаматтың рухы биік, өресі кең. Әлия Молдағұлова батальонын бастап шығып, ауыр жарақат алғанына қарамастан, өзін жарақаттаған офицерді атып өлтіріп ерлік көрсетсе, Мәншүк Мәметова небәрі 21 жаста майдан аумағында қалған жалғыз қыз бола тұра бірнеше сағат бойы жауынгерлерге тойтарыс беріп, ерлік танытқан.

Ұлтымыздың ұлы қыздары Әлия мен Мәншүктің есімі тарихтың алтын шежіресіне еніп, Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Сонымен қатар, батыр-панфиловшы, жазушы Мәлік Ғабдуллин де жасағымен қоршауға түсіп, жауға тылдан шабуыл жасады. Және жауынгерлерінің барлығын аман алып шыққан. Мәскеу үшін шайқаста өзінің құрамасын үш рет жау қоршауынан аман алып шыққан Бауыржан Момышұлы да көрсеткен ерліктері үшін атақ-даңққа бөленді. Рейхстагқа ту тіккен қазақстандық Рақымжан Қошқарбаев ерліктеріне сай марапатқа ие болды.

Соғысқа Кеңес одағының құрамындағы 15 республикадан адам қатысты. Ал, «Кеңес Одағының Батыры» атағын 497 адам алды. Оның 97-сі қазақ. Яғни 5\1 қазақ. Осыдан-ақ бабаларымыздың ел үшін ерен ерлік жасағаны көрініп тұр.

Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталуында мәдени қайраткерлеріміздің де үлесі бар. Өнер адамдарынан құрылған бригада әскери бөлімшелерде, шақыру бекеттерінде, емдеу орталықтарында концерттер қойып, сарбаздарға рухани күш-жігер берді. Бұл кездері ақындар мен жазушылардың шығармалары Отанды қорғауға арналды. Соғыста жүріп көзімен көргендер Баубек Бұлқышев, Қасым Аманжолов соғысты өлеңдеріне арқау етсе, Жұбан Молдағалиев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Бауыржан Момышұлы сынды жазушыларымыз соғыс туралы кітаптар жазып, келер ұрпаққа қайталанбас мұра қалдырды.

Соғысқа жарамаған азаматтар, әйелдер мен балалар тылда жұмыс істеп, киім, ас-ауқат, керек-жарақтарды майданға жіберіп, көмек көрсетті. Қазақстанның халық шаруашылығы майдан арсеналдарының бірі ретінде соғыс қажетіне қызмет етті. Мұнда 356 млн. пұт нан дайындалған. Сонымен қатар мал шаруашылығы өнімдерін негізгі тасымалдаушылардың бірі болды.

Қазақтың қайтпас, қайсар ұл-қыздарының ерлігі жас ұрпақ үшін өшпес өнеге. Отан үшін отқа түскен батырлар ешқашан ұмытылмайды, ұмытылмауы тиіс. Отанымыз үшін аянбай күрескен әр сарбаздың есімі, тарихымыздың төрінде алтын әріптермен сақталады.

Інжу ӨМІРЗАҚ,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар