Тілі өзге, ойы оң, өзі қазақ - Олжекең 85 жасқа толды

2261

Бүгін Олжас Сүлейменовтың туған күні. Ақын, қоғам қайраткері 85 жасқа толды. Қазақстанның Халық жазушысы туралы не білеміз? "Адырна" ұлттық порталының тілшісі Қазақстанның Юнеско жанындағы тұрақты өкілі туралы толық мәліметтерді жинақтады. 

Тілі өзге, ойы оң, ұлты қазақ жазушылар көп. Бірегейі – Олжас Сүлейменов. Бір басына ақындық өнерін, жазушылық машығын, қоғаммен байланысын, сындарлы саясаттағы жолын қатар алып жүрген «қазақтың айналайыны»!

Біздің тіл әдемі. Сөздері өзгеге ұқсамайды. «Айналайынның» мәнін барша әлемге паш еткен Олжас Сүлейменов қазақ ұлтының қалыптасуына, халық жағдайының жақсаруына үлкен үлес қосты.

Бұзылмас нар қамалдай көрінген КСРО-ның құлауына «асау алпысыншылар» арқау болған. «Аз и Я» кітабының шығуы да кездейсок дүние емес екендігін сол кездегі баспасөз комитетінің төрағасы Шериаздан Елеукенов естірткен еді. Ілияс Есенберлиннің бестселлерге айналған «Көшпенділері», Мағауиннің «Көк мұнары» қазақ Отанының орағы Олжасқа орда бұзардай шабыт берген.

Арандай ақырған орыс азаматтары жиналған, бостандық жоқ заманда басы дауға қалған «Арғымағы» межеге дейін шауып, аламанға түсті.

Шаппай тұлпар кісінемес атпын деп,

Шабайықшы шаң қондырмай етіне.

Шабайықшы көп жыл тыныш жаттың деп.

Момын қырдың былш-былш ұрып бетіне.

(Әбіш Кекілбаев аудармасы)

Шаң боратып шаппаған шынайы арғымағы ақындық жолда шыңдалды. Салынған тұсау мен құрылған құрықтың көптігіне қарамай, сенім артқан «арғымағы» арқадағы ауыр жүкті жеңілдетпесе, арттырмады. Орыс ақыны, журналист Леонид Мартынов:

«Олжас Сүлейменов – орысша жазғанына қарамастан бар болмысымен қазақ ақыны»,- деп оң пікірін ағынан жарылып, сонау «Литгазетаға» жариялаған деседі.

Расымен, ұлты қазақ бола тұра неліктен еңбектері орыс тілінде жарық көреді? 1960 жылдардан бастап халықтың бас сұққан басты мәселелерінің бірі де Олжекеңнің тілі еді. 25 жасында-ақ талайды үзеңгі жырларымен таңқалдыра алған, сайманы сақадай сәйгүліктің шабыс шаңы не үшін өрмегі ұзын орыс тілінде шықты?

1731 жылы Кіші жүздің ағаттықпен Ресейге қосылуынан бері үш ғасырға жуық уақытымыз басқа елдің боданында өтті. 1922 жылы Кеңес Одағы құрылып, «рухани құлдық» сананы шарпыған кездер басталды. Адамның қай елде, кім боп туары жатырда жатқанда-ақ белгілі болады емес пе? Олжас Сүлейменовтің де өзге емес өз еліміздің, қазақ қанынан жаралған, нағыз дүдараз заманда дүниеге келуі де тегін емес. Әр пендені Алла өзіндік миссиясымен жаратады мыс. Сүлейменовтің бойындағы батылдық, сын айтуға мезгілсіз, саясат сағатына қарамастан, сергелдең жолға түсіп, жырын серік еткендегі өмір жолы - оның жалған уақыттағы шындықты шыр етіп айтқан төл миссиясы.

1992 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхат Мұртаза елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жүргізген жүйелі сұхбатында қазақ тілінің кешегі мен бүгіні, қос тілді мемлекет тақырыбындағы мәселелер төңірегінде әңгіме қозғалды. Сол кездегі Нұрсұлтан Әбішұлының берген жауабынан үзінді:

«Орысша жазатын жазушының жүрегі қазақ. Оның бірі – Олжас Сүлейменов. Ұлттық тіліміз қазақ тілі боп мәңгі қала бермек, алайда орыс тілін қолданыстан алып тастау мүмкін емес. Орысша жазып, сөйлейтіндердің барлығын жаман деуге келмейді. Керісінше, қазақты түрткіл дүниеге тәнті етіп, танытудың бірден бір жолы – орыс тіліндегі шығармалар».

Оның әр орыс тілінде жазылған жыры мен шығармасының артында қалың қазақ бар. Халқының халі мен ұлтының ұлықтауға тұрарлық іс-әрекетін орыс азаматтарына орыс тілінде жеткізу – оңтайлы әдіс. Өзгенің әр тал сөзіне қазақилықты сидыра білген от ауызды, орақ тілді Олжас Сүлейменовтің ел ұмытпас, ерен еңбек жұмсап жазылған туындыларының бірі «Аз и Я».

Лингвистикалық мәселелер мен қазақтың сонау түркі дәуірінен келе жатқан тың тарихымен қоса, Кеңес Үкіметі кезінде орын алған олқылықтарға сараптама ретінде жазылған бұл кітабы, сол кездің саяси көзқарасына сай келмеді. 1975 жылы мың данамен жарық көрген кітап – әлі күнге дейін ел аузында. КСРО қазақтарына берілген 1 пайыз тіл бостандығы болмаса да, босқындықтан қорықпай, бестселлерді дүниеге әкеледі.

«Атамзаманғы түркілер» кітабында да байырғы түркі сөздерінің қазіргі таңдағы мың өзгеріске ұшырап қолданылуы жазылады. Алайда түп төркіні түркі сөзі екенін мойындаудан жалтаратын орыс сөздігін сынға алады. Автор «Атамзаманғы түркілер» кітабында «Словарь тюркизмов», ежелгі түркі сөздерін бір мұқабаға жинақтаған адамдарға алғыс айтып, әр орыс шығармасында кездескенінен мысал келтіреді.

«Алтын ерден кощи ерге ауысып отырды», - дәл осы сөйлемдегі кощи сөзі қырғыздың – кошчы – серіктес, жалшы дегенінен шыққан. Ал ең басты аңғаратын дүние, дәл осындай түркизмдер «Игорь жасағы туралы жырды» аударушылар қолданған.

Автордың қай туындысын оқысақ та, түркі тілінің тереңге жайылған мәселесі көтеріледі. Ендеше, «Аз и Я-ға» оралайық. Кеңес одағының кезінде орыс академиктеріне ұнамаған бұл кітапқа олар да өзіндік ойын жеткізді.

Академик Дмитрий Лихачев «Слово о полку Игореве» и культура его времени» атты монографиясының бір бөлігін Олжас Сүлейменовке сын ретінде арнайды.

«…Түркі халықтарының әлемдік мәдениет тарихынан алатын орны кітапта таптық емес, ғылымға жуыспайтын тұрғыдан қаралады; орыс жерін біріктіруге шақырған патриоттық шығарма деп екі жүз жыл бойы бірауыздан бағаланып келген «Игорь полкы туралы жырдың» идеялық мазмұнын О.Сүлейменовтің қайта қарамақ болған дәмегөй әрекеті де бос әурешілік; ғылыми дәйексіз, қате қорытындылар интернационалдық тәрбие ісіне көмектеспейді; аса маңызды тақырыпқа автордың жеңіл-желпі, дилетанттық тұрғыдан қарағанын көрсетеді», деп ашу ыза аралас мін тағылады. Орыс көзқарасына қарсы шығудың арты сол кездегі қуғын-сүргінге апарып соғары анық еді. Авторға араша түскен Қонаев болатын. Кейін, «Жаздым, жаңылдым, шалыс бастым» деген орыс ғалымдарынан кешірім сұраған хаты да жарық көрген еді. Мұның өзі де кішіпейілділік, мүмкін пендешілік...

«Ұлтшылдықты дәріптеген» айыбы тағылып, тіпті кітап сатылымына да шектеу қойылған. Төркіндетіп тәуелсіздік тұғырын алғаннан кейін де кітап келеңсіз пікірлерден арылмайды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2006 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған "Слово о моем друге Олжасе" атты мақаласында кітап сатылымы туралы пікір білдірген.

"1976 жылдың маусымында өзінің қырық жылдығынан кейін ақын Қазақстан компартиясының орталық комитетінен қорлайтын хат алды. Ал кітап цензуралық ведомствоның нұсқауы бойынша кітапханалардан алынып, оны тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл одақта сатуға тыйым салынды. Қазіргі заман терминологиясын қолдансақ, бұл ең күшті PR-акция болды, кітап бестселлер болып, Мәскеудің өзінде қымбат бағаға сатылды", – деп жазды Назарбаев.

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Әмірхан Балқыбек те азаттық алған жылдардағы алаңсыз оқуға тұрарлық «Аз и я» кітабы мен Сүлейменовтың елеусіз қалған жақтарын да, қоғамдағы жаңсақ пікірлерге бір түйінмен мысал келтірді:

«Басқаң тоқтап, ғалым айтсын» де­ген қисық ұғым бар ғой. «Олжекең бар болғаны ақын, болмаса аударма­шы, ары кеткенде қоғам қайраткері. Ол неге лингвистикаға, неге арғы тарихқа барады?» деген секілді қасаң түсініктер бар. Олжекеңнің көтеріп жүрген тақырыптары өте күрделі. Адамзат тарихының түп негізін іздеу, соның негізінде түркінің де түп төркінін іздеу. Оған бара алатын ғалымдар қазақта жоққа тән».

Қорыта келе, өз қанының тарихын ғана емес, қазақтың қалыптасуына сонау түркілердің ықпалын ескеріп, елеусіз қалдырмай тілін зерттеген түрколог, ақын, жазушы Олжас Сүлейменов біртуар тұлға. Аты аңызға айналарына шүбә жоқ. Бірақ дәріптеу, ұлықтау біздің міндет һәм парыз...

Інжу ӨМІРЗАҚ,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер
Редакция таңдауы