Саясы бар бәйтерек

3090
Adyrna.kz Telegram

(Алақандай азасөз)

Аманжол Қошанов... Көрнекті экономист-ғалым. Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі. Классикалық үлгідегі зерделі зерттеуші. Ілгерідегі құнары қалың ғылымның көрігінде шыңдалған айбарлы академик.
Тым жақын араласпай-ақ жүріс-тұрысынан, іс-қимылынан, болмыс-бітімінен, сөз саптауынан өнеге алатын көшелі кісілер болады. Біз, ғылымның кейінгі буын өкілдері, Аманжол ағаны осылайша таныдық. Ойланбай сөйлемейді, тиянақтамай тұжырым жасамайды, тексермей тәуекел етпейді. Қысқасы, әр қадамын анық басады. Бір шаруаны бастамас бұрын елеп-екшейді, байқап-безбендейді. Сондықтан әрбір сөзі мірдің оғындай, әрбір ісі дұрыстық жолындай боп шығады. Зиялылардың зиялысы деген ұғымға толық сай келетін қадірлі қазақтың бірі сол еді. Ғылым академиясы басшыларының бірі болған тұста, гуманитарлық ғылымдардың өркендеуіне айрықша үлес қосты. Жас буынды барынша қолдауға тырысты.

Елдің алдына жарқылдап көп жүрген жоқ. Сәт сайын сұхбат беріп, өзі туралы мақала жаздыруға әуестеніп, журналистердің миын жейтін дағдыдан мейлінше аулақ болды. Интернетті жақсылап сүзіп көріңізші, оны шектен тыс дәріптеген мардымды бірдеңе табар ма екенсіз. Өйткені, ол өз саласында лайықты орны бар беделді ғалым болса да, үнемі қарапайымдылық қағидасын берік ұстанды. Былайша айтқанда, әдемі қартайды.

Біздің білетініміз, Аманжол аға – әйгілі Шал ақынның ұрпағы. Кәдімгі «Саясы жоқ бәйтерек, Саздауға біткен талмен тең. Жақсы ағаңыз бар болса, Алдыңда сары белмен тең» деп жырлаған Шал Құлекеұлын айтып отырмыз. Шынында да, жақсы ағамыз еді, көпке саясы мол еді.
Кеше ғана атақты академик өмірден озды. Сол баяғы Шал ақын айтқандай:
Өттің бір дүние өттің-ай,
Теңселе басып кеттің-ай...

Бақұл болыңыз, ардақты азамат!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер