Соғыс және еңбек ардагері Жарқынбек Кұлжанысовпен сұхбат: Тірідей көмілген бала

2743

- Жарқынбек аға, сіздің ғұмырнамалық естелігіңізді бұрын да жазып алғанбыз, «есіме түссе тағы да бір оқиғаны айтып беремін» деп едіңіз?

- Иә, айтып берейін. Сол заманда қанша тағдыр болса, соншама қиындықтар болды ғой. Мен өзбектерге жақын болдым, өйткені, зайыбым - Парақат Мұратқызының ұлты өзбек. Дәм-тұзымыз жарасып, отау құрдық. Құдайға шүкір, қазір жасым тоқсаннан асты, өлген жоқпын, одан басқаның бәрін көруге тура келді. Жетімдік, ашаршылық, соғыс - осының бәрі менің басымнан өтті. Бүгінгі күнге ризамын 5 балам, 16 немерем және 22 шөберем бар. Аңсаған арманымның орындалғаны осы емес пе?

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне ғана тоқталып өтейін. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Ташкентке әйелімнің туысқандарына барып жүріп, өзбек болып кеткен бір қазақтың әңгімесін естіп едім. Ол кісінің аты-жөні Қалибек еді. Оның айтуынша, 1932 жылдың қаңтар айында әке-шешесі, бірге туған іні-қарындастары бір түнде аштықтан, суықтан опат болған. Олардың тұрған жері қазіргі Тараз қаласынан 10 шақырымдай қашықтықта орналасқан ауыл екен. Жалғыз өзі ғана тірі қалады. Алла тағаланың бұйрығы шығар, ол аштықтан аман қалып, соғысқа да басынан аяғына дейін қатысып елге (Өзбекстанға) төрт мүшесі түгел оралады.

9 жасар Қалибек аштыққа ұрынып, тоз-тоз болып кеткен ауылынан бір үзім нан іздеп, Әулие-Ата қаласына шұбырған босқындармен ілесіп келеді, бірнеше күн нәр татпай қаңғып аш-жалаңаш жүргенінде аяқ астынан бір өзбек кездесе кетеді. Қалибек қалада жетім қалған бір баланы тауып алып, сонымен бірге қайыр тілеп жүрген екен. Озбек балалардың алба-жұлба түрлерін көріп, аяп кетсе керек.

- Өлмеймін десеңдер, менімен бірге жүріңдер, маған көмекші боласыңдар, - деп таза қазақ тілінде балаларға тіл қатады.

Жетімдер үндеместен бастарын ғана изейді. Сөйтсе, бұл кісі саудамен айналысады екен. Балалар оның айтқанын бұлжытпай орындайды. Саудагер тандыр пешке нан пісіріп, әйелі екеуі оны сатуға базарға шығарып тұрған. Оларға ертеңнен қара кешке дейін көмектескені үшін күніне бір күлшеден ғана нан беріп отырады, соған риза болып көктен іздегені жерден табылғандай қуанып, балалар тынымсыз еңбек етеді. Өзбектің әйелі өте мейірімді жан болыпты, күйеуі базарға кеткенде жасырып Қалибекке жарты күлше беріп жүреді. Соны жанындағы бала екеуі қосымша қорек еткен.

Сөйтіп жүргенде бір күні Қалибек қатты ауырып, ауруханаға түсіп қалды. Оның қасындағы бала күн сайын артынан барып, өзіне тиетін күлшенің жартысын беріп жүреді. Сарттың бір бөлмесінде толған ұн, оған ешкімді кіргізбейді. Тіпті, әйеліне де сенбей ұн сақталған бөлмені құлыптап, кілтін қалтасына салып жүрген. Үй иесінің көңілінен шықпай қалды ма, әлде басқа біреуді тапты ма, ол жағы белгісіз, бір күні сарт әлгі баланы үйінен қуып жібереді...

Бейшара бала өзінің қаңғырып қалғанына қарамастан, Қалибектің халін білейін деп ауруханаға барса, сол жердегі қызметкерлер оның өліп қалғанын, түнделетіп көмуге алып кеткенін айтады. Өзбектің қарамағында Қалибекпен бірге күнін керген бұл баланың аты - Ақбар екен. Алла тағаланың құдіретімен тірі қалған Қалибек кейін Ақбармен күтпеген жерден кездеседі, сонда ол:

- Сені өліп қалды дегенде, тұрған орнымда сай-сүйегім сырқырап, еңіреп тұрып жыладым. Өзіңді қайда көмгенін ешкім білмейді, далбасалап зираттың басына да бардым... - депті.

Қалибек өзін өлді деп, қалай жерлегенін кейін аурухана қызметкерлерінен біліп алады. Оқиға былай болған екен. Ол ауыр науқастың салдарынан жаны қиналып есінен танып қалады, сонда дәрігерлер өліп қалды деп молаға апарып, оның бетін топырақпен жұқалап жаба салып, кетіп қалған...

Бір кезде топырақтың астында жатқан Қалибек бір нәрседен шошығандай болып басын жұлып алады. Жан-жағына қараса далада, молада кеп өліктің ішінде жатыр. Қаптаған өлік, әр жерде қазылған шұңқыр. Таң біліне бастапты. Сол жерде жүрген адамдар Қалибектің тіріліп кеткенін керіп, қатты қорқып бет-бетімен қаша жөнеледі. Ол басын көтеріп, топыраққа белшесінен батып отырады. Әлгілер қашып біраз жерге барған соң сабасына түсіп, қайтып келген. Үш адам екен, ақырын ғана жақындап келгенде Қалибек оларға жалынып: «Ағалар, мені тастап кетпеңдерші, суық өңменімнен өтіп барады» дейді. Олар мұның сөзін түсінбейді. Өздерінің де түр-келбеттері адам шошырлық, сақал-мұрттары өсіп кеткен, тілдері де басқа, қазақтарға ұқсамайды. Үшеуі Қалибектің қасында тұрып өздерінше сейлеп тұрады. Нақ осы сәтте екі ат жеккен арба молаға қарай салдырлатып келе жатады. Аттылы арбаны көрген әлгі үшеуі жанұшыра жан-жаққа безіп кетеді. Ешнәрсеге түсінбей Қалибек біресе қашқандарға, біресе арбадағы адамдарға жалтақ-жалтақ қарап отыра берген. Біреуі арбадан түсе салып, қашқан адамдарды қуа жөнеледі де, бір-екі рет бастарынан асыра мылтық атып, арбасына қайтып келеді. Сонда ішіндегі егделеу келген кісі Қалибекті танып қалып:

- Қарағым-ай, сені тірідей көмген екенбіз-ау. Қалай ғана білмей қалдық. Құдайдың алдында қылмыскер бола жаздадық қой! - деп өкінішін білдіреді.

Сөйтіп, Қалибекті көрден шығарып алып, ауруханаға қайтадан алып келеді. Содан ауруханада екі ай жатып, жазылып шығады. Одан шыққан соң баратын жері жоқ, қайда барарын білмей ары-бері ойлап, баяғы Ақбар екеуі жалданған саудагер өзбектің үйіне қайта келді. Үйдің дарбазасын қағады, еікті ашқан сарт өліп қалған Қалибектің тіріліп келгенін көріп, есі ауып, алды-артына қарамай қаша жөнелген....

Бұл үйде ол көп түрақтамайды. Өзбектің қол астында бірге жұмыс істеп, туысындай болып кеткен Ақбарды іздейді. Осылайша қаңғып жүріп Шымкентке, одан әрі Ташкентке өтіп кетеді.

- Ол күнкөрістің қамымен Ташкентке шұбырған қазақтармен бірге ілесіп келіп, жалданатын жұмыс іздеген шығар?

- Иә, отызыншы жылдары Өзбекстанда ашаршылық болған жоқ, аштыққа ұшыраған қазақтар солай қарай ағылды ғой. Сондықтан Қалибек те аштықтан қашқан елмен бірге Ташкентке келген екен, - деді Жарқынбек қария.

- Сол түні аурухана қызметкерлері оны өлдіге санап, молаға апарып бір шұңқырға бетін жұқалап жаба салып кетіп қалғаннан кейін, қабірдегі өлікті тонауға келген ұрылар Қалибектің жатқан жерін қаза бергенде ол кенеттен тіріліп кетіпті. Егер сол түні өлікті тонаушылар келмесе, онда ол о дүниеге аттанар еді. Бұл да бір Алланың құдіретімен болған жағдай ғой.

Отыз үшінші жылы қыс айларының бірінде Қалибек Ташкент базарында нан сатып тұрған бір кісіні байқап қалады. Бұл кісінің түрі таныс сияқты көрінді, ол оған қарап бір орында тапжылмай тұра берді. Ол да Қалибекке қарамай аузы-аузына жұқпай өзбекше сөйлеп, нанын сатуды тоқтатпайды. Сатушыны қайдан көргенін сәл уақыттан соң есіне түсіріп:

- Ей, мені көрден алып шыққан сен емес пе едің? - дейді. Ол сұқ саусағын ерніне апарып, үндеме деген белгі көрсетеді де, аз ғана үнсіздіктен кейін:

- Менің көр қазғанымды әйелім естіп қалмасын, ешкімге айтпашы, - деп жалынады. Қазақша да таза сөйлейді екен. Қалибек кейін білді, оның ұлты - украин, есімі - Никола екен.

- Аузымнан сөз шығармаймын, сенің айтқаның болсын.

- Қандай жұмыс істеп жүрсің, егер жұмысың жоқ болса, менде тұра бер, шамам келгенше көмектесейін, - деп мейірімділік көрсетеді, оны ажалдан алып қалған қарсы алдында тұрған көр қазғыштардың біреуі.

Сол сәтте Қалибек іштей қуанып кетеді, бірақ қуанышын сыртқа шығармайды.

- Жарайды, қамқорлығыңа рақмет, қалсам қалайын, - деп бірден келісе кетеді.

- Алыс елден келген жігіт Қалибекке Әулие-Атаға, одан әрі Ташкентке қалай келгенін айтып берді ме екен?

- Иә, бір күні ол Қазақстанға қалай келгені жайында Қалибекке айтып беріпті. Ташкентті шарлап жүріп жұмыс тауып алғанша 15-20 күндей Никола оны асырады. Отызыншы жылдары Украинаға да аштық келген екен. Әке-шешесі сол ашаршылық кезінде қайтыс болады, сөйтіп, ол жастай жетім қалады. Жас бала қаңғырып жүріп, әкесінің айтқаны бойынша, 1905-1906 жылдары оның туыстары Патша өкіметінің жер аударуымен Әулие-Атаға келгенін есіне түсіреді. Соны әкесінен естіген Никола қазақ еліндегі туысқандарын іздеуге бел буады, жол бойында небір қиындықтарды басынан кешіріп, осы қалаға өліп-өшіп жетеді. Бірақ туыстарының мекен-жайы белгісіз болғандықтан ешкімді таба алмайды. Бір айдай Әулие-Ата көшелерін кезіп, әрбір үйдің есігін тоқылдатып қайыр сұрайды. Сөйтіп жүргенде бір бай өзбек кездесіп қалып, соған жалданады. Бір жылдай соның қарамағында болып өлместің күнін көреді, одан кейін де күнкөрістің қамымен әркімнің жұмысын істеп жүреді...

1932 жылы Әулие-Ата өңірінде ашаршылықтан елдің жағдайы қиындап, қырыла бастаған. Енді жалданып бір үзім нан үшін жүмыс істейтін жерде табылмады. Ертеңнен кешке дейін базар аралап жүріп, әр жерден қалған-құтқан қалдықтармен қоректеніп жүреді. Бір күні Никола күн ұясына батып бара жатқанда базардан қайтып келе жатып екі жігітті кездестіреді. Екеудің біреуі оны тоқтатып алып:

- Бізбен бірге жүр, аштан өлмейсің, - депті. Ашығып жүрген Никола ешнәрсеге түсінбесе де бірден келісе кетеді. Үшеуі қараңғы түскенге дейін бір ағаштың түбінде жатады да, кешке тура тартып молаға келеді. Арыққа жасырып қойған кетпен-күрегін алып, қабірдің жаңа жабылған топырағын қаза бастайды.

- Күрекпен сен жатқан жердің топырағын ала берғенімде, сен басыңды жұлып алдың. Мен қатты қорқып кетіп, жүрегім тоқтап қалғандай болды. Үшеуміз жан-жаққа жанұшырып қаша жөнелдік те, біраз жерге барғаннан кейін есімізді жиып, молаға қайта келдік. Сен тапжылмай беліңнен топыраққа батып отыр екенсің. Бірдеме деп тіл қаттың, бірақ бізге түсіну қайда өлген адамның тірілгенін көріп әлі де өз-өзімізғе келе алмай тұрдық. Осы кезде екі ат жегілген арба бізге жақындап қалды, арбаның үстінен біреу түсе қалып мылтық атып, бізді қуа жөнелді. Әрең қашып құтылдық. Сол оқиғадан кейін бұл пәлелерден қашып кетуді ойластыра бастадым, - деді Никола.

Сөйтсе, олар өлгендердің жарамды киімдерін алып сататын көр қазушылар екен. Никола өзінің алданып осындай адамдардың қолына түсіп қалғанына қатты қиналып жүреді. Содан бір амалын тауып Ташкентке қашып келеді. Өзбек елінде әркімге жалданып жүріп, бар ынта-жігерімен тыңғылықты жұмыс істейді. Оның адамгершілігі мол, пысық жігіт екенін байқаған өзбек қызы Николаға көңіл аударады, қыздың әкесі де қарсы болмайды. Сөйтіп, ол ала шапан, ала тақия киіп, сол қызға үйленеді.

Алыс елден келіп, аш-жалаңаш қаңғырып жүрген Никола көр қазғыштарға қосылып, Қалибекті қалай аман алып қалғаны туралы осы естен кетпес окиғаны айтып берген екен.

- Мен де Никола сияқты өзбек болып кеттім, - деп Қалибек сәл мұңайғандай күйде болды. - Анда-мұнда жүріп аштықтың ажалынан өзбек ағайындардың арқасында аман қалдым. Соғыстың алдында өзбектің қызына үйлендім. Қан майданнан аман оралдым, бүған да шүкір, қазір бір ұлым, бір қызым бар. Олардан 5 немере сүйіп отырмын. Ташкентте тұрып қалдым, бірақ елдегі ағайындарды тауып алып, қарым-қатынас жасап тұрамын. Тоқсаныншы жылдардың басында қазақтар тәуелсіздік алғанда жүрегім жарылып кетердей, шексіз қуанышқа белендім, - деді бейнетті көп көрген Қалибек қазіргі өміріне риза болып.

- Қалибек, екеуміз құрдас эрі әйелдеріміз өзбек болғандықтан бажа екенбіз, жетімдікті, аштықты, соғысты бірдей көріппіз.. Бүкіл елдің, сондай-ақ өзіміздің басымызға түскен ауыртпалықтар енді болмасын, - деген тілек білдіріп Жарқынбек ақсақал ажалдан аман қалған құрдасымен қоштасқан екен.

«Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық» кітабынан

Пікірлер
Редакция таңдауы