Ақын Жұма-Назар Сомжүрек өмірден өтті

5295
Adyrna.kz Telegram

Кеше, 3 маусым күні ақын Жұма-Назар Сомжүрек өмірден өтті. Бұл туралы Төлемырза Темірбекұлы Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Исатай-Махамбет батырлардың қаһармандығын жырлаған Ығылман Шөрековтың «Ел қамын жеген ерлердің сөз білген жанда хақы бар» деген сөзі бар. Осы айтылған «ел қамын жеу» - қылыш-найза алып қан майданда ерлік көрсету ғана емес, бейбіт заманда да еліне қолынан келгенінше еңбек қылу. Өз басым,  халыққа қызмет қылудың озық үлгісін көрсеткен заманауи қайраткердің бірі, тіпті бірегейі ретінде – Жұма-Назар Сомжүрек ағаны атар едім. Егер, жоғарыда аталған көсемсөзді ақиқи деп танысақ, «ел қамын жеген ер» ретінде  Жұма-Назар ағаның бізде қақы бар.  Қандай десеңіз, оның – қоғамдағы орнын, бар болмысын, қазағыма болсын деген патриоттығын, мен өлсемде ел есіне алса екен дегенді күту һақы бар. Хәкім Абай айтпақшы: «Адам өлген кезде емес, ұмытылғанда өледі» дейді. Ендеше Жұма-Назар аға өлген жоқ. Себебі оны сағынатын, іздейтін, ұмытпайтын азды-көпті өзі өмір сүрген ортады жақсылары мен жайсаңдары бар. Әз-Ағаның жоғарыдағы біз айтқан һақы  осы жақсылар мен жайсаңдардың осындай міндет-парызынан туындаса керек-ті.

Ендеше  қазағым деп оның көз алдында шыққан биігінен аласармай келе жатқан бір тұлға болса, ол – Жұма-Назар ағам еді.

Ағам, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, әр жылдарда мектепте мұғалім, жастар жетекшісі, республикалық «Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналында, облыстық «Торғай таңы» газетінде тілші болып жұмыс істеді. Өткір әдеби сындары, проблемалық, әлеуметтік тақырыптарды өзек еткен көптеген мақалалары республикалық баспасөз беттерінде жарияланды. «Көктем тынысы», «Нұрлы нысана» атты өлең кітаптары, «Сарыарқа» таңдамалы қос томдық жыр жинағы жарық көрді.

Ағаның жас ұрпақты тәрбиелеудегі сіңірген еңбегі өз алдына, бұл кісінің адамның өзін-өзі тану саласындағы еңбектерін оқысаң өрісің кеңейеді, тынысың ашылады. Естелік жазбаларынан жаның жадырайды, сұхбаттарынан санаң сергиді. Ағаның адал жармен арадағы мəмілесі бар, ұл-қыздары, немерелерімен жасайтын қарым-қатынасы бар, ағайын-туысқа үнемі көрсететін қамқорлығы бар, қысқасы қай жағынан да үлгі алуға болады. Күн өткен сайын қазынаға айналып, қадірі артып келе жатқан шын мəніндегі ТҰЛҒА еді!!!

Жұма-Назар аға мен шығарып жатқан Республикалық қоғамдық-саяси «Төртінші билік» газетінің тұрақты авторы болды. Аға бір сөзінде: «Төлемырза, сенің газетіңнің аты ерекше. Сен бұл газетті Шымкентте емес, Бас қала –Астанада шығар. Кел көп болып көмек қолын береміз...»,-деп арнайы шақырып еді. Келгеннен кейін де көп көмегі тиді. Таяуда сөйлескенімде аға: «Келелі шаруаларды көтеріп жатырмын. Жақында нәтижесі шығып қалар. Құдай қаласа сенің газетің бізге жұмыс жасайтын болады дайындала бер»,-деп еңсені бір көтеріп тастаған ағалығын бүгін қалай айтпаймын.

Амал жоқ ағамды есіме алып, сүйген жары Айзада жеңешеме айтарым, сізге Алла бәрін берді шүкір деңіз!

«Өмірге менің өкпем жоқ,

Жаманға есем кеткен жоқ.

Біреуге менде жетпедім,

Біреулер маған жеткен жоқ!» – дейді ақын Өмірзақ Қожамұратов.

Жеңеше, ағаға жете алмаған, оның істеген ісінің жарымының жартысында істей алмаған, ол кірген есікке кіру былай тұрсын ашпағандар қаншама. Сіз сүйген жарды сүйе алмай, Сүйседе танауы толып сәбиінің иісін бір құрышы қанып иіскей алмай перзентсіз өткендер қаншама?! Перзент көріп, перзенті наркоман болып, сол перзенттің күйігінен ажалынан бес күн бұрын жүрегі

жарылып өліп кеткендер қаншама?!

Ағам елдің еркесі, қалаулысы болды. Жастық, жігіттік шағы жақсы мен жайсаңның ортасында өтті. Өзіңнің бойжеткен шағыңда Жұма-Назардай жігіттің сұлтанымен табысып Ата-анаңды қуанттың. Тойларың сол кездегі үйлену тойларының алды болды. Құрсағыңыз құтты болып Алла мәртебелеріңді асыратын Баубектей ұл, Еркегүлдей қыз перзенттерімен нығыметтеді.

Сіз жеңеше өз қатарыңыздың көбінен көш ілгерісіз. Ешқашан тағдырыңызға налымаңыз.

Мәшһүр Жүсіп:

«Дүние түлкі құйрық бұраңдаған,

Бақ тайса мал мен дәулет құралмаған.

Күніне тоқсан бәле көрсең дағы,

Күдеріңді бір үзбе бір Алладан!» – демеп пе еді. Айзада жеңеше, Алладан ешқашанда күдер үзбейік. Аллаға шүкірлік жасап, тәуба дейік! Жұма-Назар ағаның Рухы шат болсын! Әумин!», - деп жазды ол.

Марқұмның туысқандарына қайғыра көңіл айтамыз!

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер